Бейсенбі, 22 Сәуір 2021
Әліпби 2547 15 пікір 24 Ақпан, 2021 сағат 12:53

Біреуді Құдай қаңғыртады, біреу өзі қаңғырады...

Й мен у-дың мәселесі шешілмеген соң алтын жалатқан әліпби болса да бәрібір келер ғасырға жететіндей проблема өмір сүре береді. Біздің ел реформаға келгенде өзінің түрік екенін ұмытып кетеді. Қазақтың дауыссыз й дыбысына y, і дыбысына і, ы дыбысына I (нүктесіз) алса, әңгіме сәл жеңілдер еді. Ал дауыссыз у-ымызға w-ды алса деген ұсынысты да ескермепті. Бұл қабылданған әліпбидегі й-i, ы-y, у-u болып бекітіліпті. Осы үш әріп ендігі ғасырдың жырына айналуы мүмкін. Осы жолы көкейге қонымды екі әріп ш мен ң ғана. Ал ф мен в-ға арнайы таңба беріп, төрге шығару – болдырған сыйыр әр түрлі б.... т... дегенге келеді. Біздің елдің әдеті сол – өздері проблема жасайды, сол проблемамен ұзақ уақыт айналысады.

Шын мәнінде осы латын әліпбиіне көшудің қажеті де жоқ еді. Мықты ұлттық мемлекет боламын деген ел төл әліпбиіне көшеді. Жаһанданудың тасқынына ағыза жөнелетін ғаламдық ортақ әліпби болған латынға емес, өзінің ұлттық тілінің таза дыбыстық төл қасиеттерін бейнелейтін әліпбиге көшеді.

Қазақ көне түрік әліпбиіне көшуі керек еді. Туыстас түрік текті 40 шақты ұлттың ішінен көш бастап дайын тұрған көне түрік әліпбиіне көшсек, ғаламда түркілік рух жаңғырып, қағанаттық (империялық) сана қайта қалыптасып, шын мәнінде азат ел болып, ұрпақтар ешкімнің алдында бүгежектемейтін еңселі болар еді. Себебі, жазуда ұлттың мың жылдық тамырында сақталған рух болады. Яғни жазу сол кезеңдегі адамдар рухының таңбасы.

Ал, қазірше көне түрік әліпбиіне көшудің мүмкіндігі жоқ деп танысақ, онда Алаштың айбозы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуына көшу керек еді. Себебі, көне түрік әліпбиінен кейін мың жыл бойы араб жазуын көп санды мұсылман түрік жұрты түгелдей қолданды. Мың жылдық мұрамыз сол әріппен таңбаланды. Ұрпақтар бабалар аманатын төл әліпбиден оқыса рухтанады. Енді, басқасы аз болғандай, өткен ғасырдың алғашқы қырық жылында үш рет ырықсыз түрде ауыстырған әліпбилердің кесірінен бүгінгі ұрпаққа үш жазудағы қазақ кітаптарын аударып, алдына әкеліп беріп жүрміз. Оған бүгінгі төртінші әліпби қосылды. Ойлаңызшы, осыдан 80-100 жыл ғана бұрын өмір сүрген өз атаңның не айтып, не жазғанын аударма арқылы оқисың. Тіптен, жазуын танымаған соң, оқуға да ниет танытпайсың. Соның қасіреті аз болғандай, тәуелсіздік алғаннан кейін, ірі ел болуды ойлағанымыз былай тұрсын, айдаладағы латынның құйына баттық та қалдық. Жығылған күреске тоймайды деген осы да. Ал латынға көшсе де ұлттық тілінің иісін шығарып, көшіп алған елдер бар. Дегенмен, олар да мың жылдық мұраларын аудармашысыз оқи алмай келеді. Оған мысал Түркия, Өзбекстан, т.б. Ал, бабаларының төл әліпбиіне адал болып, сол құпия жазуының рухымен өсіп, әлемде алдыңғы қатарға өткен елдер бар: Қытай, Жапон, Кәріс, Араб, Үнді,т.б. Басқасын қойшы, 60 миллион иероглифі бар қытайлар дамуға ілесе алмаймыз деп, латынға көшті ме? Арабтың компьютері латыншаға көшпегендіктен арабқа өкпелеп пе? Біз технологияға емес, технология бізге қызмет етуі керек. Латын жазуы – компьютер тілі деген не сөз? Тайландтың иір-қиыр жазуын компьютер итеріп шығарып тастап па? Төл жазу – жаһанданудан сақтайтын қалқан. Біреуді құдай қаңғыртады, біреу өзі қаңғырады.

Біз жетпіс жеті атамызбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ағылшыншылмыз. Осы ағылшыншылдық пен заманғасайшылдық бізді ұлт ретінде жойылып кетудің апанына бастайтын жол болуы да мүмкін.

Латынға көшпесек болмайтындай болып бара жатса, профессор Әлімхан Жүнісбектің нұсқасына дау-дамайсыз бірауыздан көше салсақ болар еді (үшінші сурет). Ахметтің әліпбиіне көше алмасақ, емледегі ұстанымына мұрагер бола алмасақ, біз өзі тәуелсіз елміз бе?

Жүз жылда төрт рет әліпби ауыстырып, үш жылда төрт әліпби нұсқасын талқылап, ғаламға күлкі болу жағында алда келе жатырмыз. Ұлттың қамын, ұрпақ болашағын ойлайтын ел келешекке басынан мұң арылмаған қойыртпақ жазуды қалдырмас болар?!

Әділет Ахметұлы,

ақын, гуманитарлық ғылымдардың магистрі

Abai.kz

15 пікір