Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6540 0 пікір 28 Наурыз, 2012 сағат 06:47

Есбол Өміржанов. Шеттегі қандастарға абыздың аманаты

 

 

Соңғы кездері шет елдерден елге оралушы қандастарымыздың саны жыл санап азайып бара жатқаны жөнінде мәліметтер бұл саланың кейбір шешілуі тиіс мәселелерінің қордаланып қалғандығынан хабар бергендей. Тәуелсіздік алған уақыттан бері шет елдердегі қандастардың отанға ат басын бұруы сол қандастарымыз үшін де, оларды құшақ жая қарсы алған еліміз үшін де тиімді шара болғанын көпшілік мойындары сөзсіз. Дегенмен, ұзақ жылдар бойғы арман-мақсаттардың нәтижесі болған ата қонысқа оралудың соңғы кездері саябыр тартуы көңілге күдік ұялатады. Бұл көштің үдеудің орнына саябырлауы шет елдегі қандастардың елге көп оралуынан емес екендігі баршаға аян. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашевтың мәлімдеуінше,  өткен 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы Атажұртқа оралып, бұрыннан керегесі кең, бүгінде өзгелермен терезесі тең тәуелсіз еліміздің халқы 1 миллионнан астам қандастарымызбен толықты (www.kazaktar.kz/makala/32-makala/216-2011-09-19-02-36-41.html). Алайда, қазақ елі сияқты жоғалтқаны көп мемлекет үшін шеттен келген бір миллион қандастар мәселенің шешілгенін білдірмейді. Әсіресе, қазақтар үшін өмір сүру ұлттық мүдде тұрғысынан қолайсыз елдерден қандастарды көшіру мәселесі ең өзекті мемлекеттік бағытқа айналуы тиіс.  Сонымен қатар, енді елге оралған қандастарымыздың өз еліне кірігіп, сіңісіп кетуіне қатысты мәселелер туындауда, мұндағы ең басты назар аударатын жайт олардың жаңа ортаға бейімделуі, ата-бабасынан бері айналысып келе жатқан мал шаруашылығымен айналысу үшін қажет жерге қол жеткізуі болып отыр. Елге оралған қандастарымыздың арасынан жаңа жерге тұрақтамай қайта қайту сияқты жайттардың кездесіп жатуы әлі де жылы орнынан қозғалмаған шет елдегі қандастардың ойының сан саққа жүгіріп, көшіп келуге батыл қадам жасаудан бас тартуына септігін тигізіп жатқаны да жасырын емес. Кезінде ұрпағын сақтап қалу үшін өздері білмейтін елдерге бас сауғалап көшіп, ашаршылықты да, жоқшылықты да, әртүрлі басқыншылықты да бастан өткерген батыр қазақтың ұрпағы үшін өз елінде кездесетін кейбір қиыншылықтарға  бола ата жұртқа оралу арманынан бас тарту болашақ ұрпақ алдындағы үлкен күнә екендігін өмірін қазағым деп өткерген абыз ақсақал Жағда Бабалықұлы жиі айтып отыратын еді. Ол бүкіл қазақ ата мекенге біріккен кезде ғана Қазақстан шын мәнінде қазақ мемлекеті бола алатынын, қазақтардың бірігуі тек мемлекеттің көмегіне сүйену арқылы емес «қазақ идеясы» негізінде жүзеге асырылуы тиіс екендігін, қазақтың дербес, ешкімнің көмегінсіз елге қайтуы үшін олардың ауылшаруашылғымен айналысуына қажет жерді мемлекеттік резрвтен беру қажеттігін алға тартты. Жағда Бабалықұлы қазақтың елге көшуі тек мемлекеттік квотаға байланып қалмауы қажет, қазақтар мүмкіндігінше өз еліне келудің сан түрлі жолдарын қарастырып, ұрпақты қазақ арасына қосуды басты мақсат етіп қоюы тиіс деген ұстанымда болды. Абыз атамыз бүкіл қазақты бір ту астына біріктіруге қарсы болғандарды осындағы болсын, иә болмаса сырттағы қазақтар болсын сатқын деп атаған болатын.

Оралмандар кімдер, олардың барлығы дерлік кешегі кеңестік үкімет тұсында шетке қашқан байлар мен бас көтерушілердің ұрпағы ма деген сұраққа жауап іздер болсақ, ең алдымен тарихи деректерге сүйену қажет болар. Қазақтардың шет ел ауып бас сауғалауына кеңестік саясаттың тікелей ықпалы болғандығын, жанын сақтап қалу мақсатында қазақтардың көршілес мемелекеттерге үдере көшіп барғанымен сол жерлердің тұрғылықты халқының оларды бауырына баспақ түгілі есігінен сығалатпағаны салдарынан қоныс аударушылардың көпшілігінің мың-мыңдап өзге елде көмусіз қалғанын көпшілігіміз білеміз. Ал барған жерлерінде жанын сақтап қалған қазақтың көбінің сол жерлерде сандаған ғасыр бойы мекен еткен қазақтарға қосылып, соларға арқа сүйеп ел болғанынан көпшілік хабардар емес. Бүгіндері оралман десе кешегі қашқындардың ұрпағы деп қарайтын замандастарымыз сол көршілес Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Түркіменстан жерлерінде қазақтардың кеңестер билігі орнамастан бұрын да мекен еткенін біле бермейді, соның салдарынан да шеттен келген қандастарға қатысты үстірт пікірлер туындап жатады. Осы тақырыпта қалам тербеп жүрген авторлардың бірі М.Исахан «демография ғылымы бойынша өз елінен өзге жерлерге қоныс аударған шашыраңқы немесе топ болып отырған этносторды диаспора деп атайтын болсақ, ал ирредент деп өзге мемлекетте тұрғанмен, өзінің тарихи  атамекенінде отырған ұлт шоғырын айтамыз. Ендеше өзінің байырғы ата қонысында отырған Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор, Самара, Челябі, Қорған, Омбы облыстарымен бірге, Таулы Алтайдағы Қосағаш ауданын мекен еткен қазақтар диаспора емес, ирредент болып табылады» деген пікір білдірген еді (Мұхан Исахан. Ресейде Қосағаш деген жерім бар! | Abai.kz ...abai.kz/node/6972).

Қазақ оқығандарының арасынан алғашқылардың бірі болып К. Асанов қазақ халқын қырғынға ұшыратып, тоз-тозын шығарып санын өсірмеген компартияға қатысты ашық пікір білдіріп, кеңестік саясаттың қазақты жарылқамағанын жария еткен болатын (К.Асанов Суверенность или самостоятельная государственность? Газета Алаш №2, июнь 1990). Тәуелсіздік алған уақыттан бері қазақ тарихшылары бұрындары көпшілік үшін құпия болып келген жайларды ғылыми айналымға енгізіп, кеңестік дәуір тарихын жаңаша көзқараспен зерттеу үстінде. АҚШ мұрағат материалдарымен жұмыс істеу арқылы жаңа мәліметтерді өзінің еңбегіне арқау еткен Б.Аяған кеңестік билік орнаған уақыттан соңғы кезеңде қолындағы барынан айрылып аштық құрсауында қалған қалған қазақтардың әлімжеттік жасап, жергілікті халықтың ерекшелігін ескерместен қисынсыз саясат жүргізген қызылдарға қарсы болып, өз мүдделерін қорғау мақсатында жер-жерде бас көтергендігін алға тартады.  Автор 1929-1932 жылдары қазақ даласында 400-ден астам бас көтерулердің орын алғанын, олардың көпшілігін қызылдардың әскері аяусыз қырып-жойғанын, кейбір бөліктерінің жан сауғалап көршілес мемлекеттер аумағына өткенін, онда ауып барған қазақтардың көпшілігінің бөтен елдің босағасында аштан қырылғанын, қаңғып қалған қазақтардың кейбірін қызылдардың кері қайтарып колхозға жұмыс жасауға мәжбүрлегенін нақты деректерге сүйене отырып баяндайды (қараңыз: Б.Аяган. Красные и черные. Алматы, 2005, 24-31 беттер). Қазақ шаруаларының қолындағы малын жергілікті халықтың ерекшеліктерін ескерместен  ішкі ресейдегі ұжымдастыру нысанына сай колхоздастыру,  ірі өнеркәсіп орындары мен әскери мекемелерге азық етіп даярлап беру салдарынан мал басының азайып қазақ халқы 1931-1933 жылдары ашаршылыққа ұшырағаны жайлы белгілі ғалым Т.Омарбековтың еңбектерінен толымды мәлімет алуға болады. Мұрағат деректеріне сүйене отырып тұшымды пікір бере білген автордың пайымдауынша 1931-1933 жылдары аштан және осыдан туындаған жұқпалы аурулардан өлген қазақ саны 2 млн. 277 мың адам. Осы автордың берген мәліметіне сай ұжымдастыру жылдары шет елдерге қоныс аударып сонда орнығып қалған қазақтың саны 120 мыңдай болған екен. Т.Омарбеков қытай қазақтарының төрттен бірінің ғана Кеңестер Одағынан бас сауғалап көшіп барғандар екендігіне де тоқталып өткен (қараңыз: Т.Омарбеков. «Қазақтар шыбындай қырылып жатыр» Егемен Қазақстан, 13.07.1991ж. 4-бет; Т.Омарбеков «Қазақ неге шыбындай қырылды» Егемен Қазақстан, 01.08.1992 ж. 5-бет).

Жалпы шет елдердегі қандас бауырларды елге қайтару мәселесі еліміз тәуелсіздік алған тұстарда көтеріле бастады, сол кездері халық арасында үлкен беделге ие болған азаматтық Азат қозғалысының қайраткерлері де шет елдегі қандастар тағдырына алаңдаушылық білдіріп өз тараптарынан ұсыныстар жасаған болатын. Солардың бірі Мақаш Тәтімов алғаш рет «Қазақстан Республикасының көші-қоны  туралы» миграция заңының жобасын жасап Азат газетінің 1991  жылғы қыркүйектегі №16 санына жариялаған еді. Осы заң жобасының мәтінінде ол егеменді Қазақстанға өзінің ата мекені ретінде шет елден біржола көшіп келген репатрианттарды «майтабандар» деп атауды ұсынған болатын. Дегенмен, бұл ұсыныс еліміздің көші-қон саласындағы заңнамаға енгізілген жоқ. Қазақстан Республикасының қолданыстағы көші-қон заңнамасы 1990 жылдардың басы мен ортасында қалыптаса бастады. Сол жылдары осы саладағы негізгі заңнамалық актілер қабылданды. 1991 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заң, 1992 жылы «Көші-қон туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.  13 желтоқсан 1997 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы»  заңына сәйкес алғаш рет репатриант (оралман) ұғымы ресми айналымға енгізілген болатын.  2002 жылы "Халықтың көші-қон" туралы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, онда оралман атауы заңдағы "репатриант" терминімен қосарланбай дербес қолданылады, әрі жаңа түсінік, анықтама беріледі. Ол анықтама төмендегідей: "оралмандар" - Қазақстан Республикасы егемендігін алған кезде оның шегінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатында келген ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар. 22 шілде 2011 жылы қабылданған  № 477-IV ЗРК «Халықтың көші қоны туралы» заңға сәйкес, оралман - Қазақстан Республикасы егемендігін алған кезде оның шегінен тыс жерлерде тұрақты тұрған, балаларының ұлты қазақ және Қазақстан Республикасы егемендігін алған кезде оның шегінен тыс жерлерде туған және тұрақты тұрған, Қазақстан Республикасына өз тарихи Отанында тұрақты тұру мақсатында келген және осы заңға сәйкес белгіленген тәртіпте сәйкес мәртебеге ие болған этникалық қазақ. Соңғы нұсқадағы оралман түсінігі қазақтан өзгенің оралман мәртебесіне ие болмайтындығын тағы да нақтылай түскен, бірақ, анықтама көңілге қонымды болса да сол оралман атауына қатысты пікірлер әлі де болса осы атауды  қайта қарастырудың қажеттігін көрсетеді. Оралман атауына қатысты осы уақытқа дейін баспасөз беттерінде жарияланған материалдардан, интернетте жарық көрген пікірлерден түйіндейтін басты пікір - «оралман» атауының шет елден келген бауырларымызға мүлдем ұнамайтындығы, сонымен қатар, осы атаумен тек кеңестік режимнен бас сауғалап шет ел асқан қазақтардың ұрпақтарының байланыстырылуы. Жалпы, алғанда ресми айналымдағы осы терминнің сол санатқа жататын адамдардың көңілінен шықпауы оны өзгертудің қажеттігіне меңзейді. Себебі, әркімнің өзінің көңілінен шығатын атауды иеленуге құқығы бар емес пе? Тіпті, жеке тұлғалардың есейе келе өзіне ұнамайтын, өз намысына тиетін есімін өзгертуге абсолютті құқығы бар. Ал бұл жерде тек жекелеген адамдар турасында емес жалпы қоғамның бір бөлігінің қалауы жайлы сөз қозғалып отыр. Осы мәселені ескеріп, мемлекеттік биліктің бұл атауға балама табуы тиіс. Осы уақытқа дейін шет елден оралған қандастар өздеріне қатысты  «қандастар», «бауырластар», «елге оралған бауырлар» сияқты сөздерді қолдануды ұсынды.  Бірақ, оралман атауы ресми айналымда да, қоғамда да берік орнығып, осы атауға қатысты айтылған сыни пікірлер қаперге алынбауда. Біздің пікірімізше, оралман атауына байланысты әлі де болса орнын ауыстырар жақсы атау табуға болатындай. Мысалы, біз «аталас» сөзін  ұсынғымыз келеді. Себебі, оралман сөзі белгілі бір топтың құқықтық мәртебесін айқындағанымен, халық арасында әсіресе, қандас қазақтар арасында бөлінушілік сезіміне итермелейтін ұғымға айналып үлгерді. Оралман сөзі қандас қазақтардың бірлігін, туыстығын ойға салмайды, тек елге оралған адамдардың құқықтық мәртебесін айқындайды. Мұның өзі психологиялық тұрғыдан елге оралған қандас бауырларға елге келушілер, кезінде елден кетіп қалып қайта оралған адамдар сияқты көзқарасты қалыптастырады. Бұл тұрғыдан алғанда атаудың өзі қазақтарды біріктіретін, бір-біріне бауырластық сезімін тудыратын сөз болғаны жөн секілді. Шеттен келген қандастардың жақында белгілі бір әншінің оралманның тауығы жайлы айтқан әңгімесіне қатысты пікірлерін оқып отырып көзімнің жеткені, қандастарымыздың оралман атауына намыстанатындықтары, оралман сөзін қабылдамайтындықтары (www.serke.org/node/247?page=1). Мұның өзі біздерді ойға жетелеуі тиіс, яғни оралман атауынан бас тартып «аталас» сөзін (болмаса басқа бір ұтымды сөзді) ресми айналымға енгізу қажет. Мұндағы басты мақсат қандас туыс қазақтарды жақындастыру, олардың бөлінушілігіне тосқауыл болу. Тағы бір мән беретін жайт терминнің айтуға оңай, құлаққа жағымды болуы, яғни жалпы қазақстандық азаматтар үшін  айтылуы қиын болмайтын, жақсы ойға жетелейтін сөз болуы шарт. Аталас сөзі қарға тамырлы қазақтың барлығының бір атадан тарағандығын, бір-біріне бауыр, туыс екендігін білдіретін термин сөзге айнала алады деген пікірдемін.

Соңғы жылдары еліміз тәуелсіздік алып еңсеміз көтерілуімен қатар қазақтың өзіне ғана тән кейбір жағымсыз сипаттары да дами түсуде. Осының ең бастылары жүзге бөліну, руға бөліну, жерлесшілдік десем қателеспеген болар едім. Ұстазым С.Өзбекұлы «ХХІ ғасырға аяқ басқан Қазақ халқының санасында сіресіп тұрған рушылдық пен жүзге бөліну еліміздің болашағына, оның өркениеттілікке көтерілуіне тосқауыл және нұқсан келтіретін рухани дерт болып тұр» деп қазақ зиялылары арасындағы жүзшілдік пен рушылдық жайлы ашына жазған еді (Сәкен Өзбекұлы. Рушылдық һәм қазақ зиялылары | Abai.kz ). Онсыз да рушылдық дертінен арыла алмай отырған қазақ жұрты үшін өзара оралмандар мен жергілікті қазақтар болып бөлінудің қажеті шамалы. Қазіргі кезде ұлттың басын біріктіретін жалпы қазақтық идеологияның жоқтығы да ұлттық нақты мәселеде ұтымды шешімдердің қабылданбауына негіз болуда. Бұл ретте Абай тілімен айтқанда «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» болып тұр.

Қазақтардың басын бұрынғыдан да біріктіретін, олардың өзара кірігуін қамтамасыз ететін ұлттық баспасөз екендігіне ешкім шүбә келтіре қоймас. Десек те, кейінгі кездері ұлттық баспасөзде оқыған, тоқыған қазақ азаматтары шеттен келген қандас турасында әртүрлі мақала жариялап, халық арасында белгілі бір пікірдің қалыптасуына септігін тигізіп жүр.  Жарияланған мақаланы оқитын халықтың барлығының бірдей нақты мәселеге қатысты өзіндік ұстанымы болады десек қателесер едік, сәйкесінше, осындай мақалалар халықтың кейбір бөлігінде автордың ойларына ұқсас пікірлердің туындауына себеп бола алады. Екінші ақпан 2012 жылы Егемен Қазақстан газетінде  Сейфолла Шайынғазының «Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?» атты мақаласы жарық көрді, оған жауап ретінде қаншама мақала жарияланып үлгерді.  Ал, 16 ақпан 2012 жылы Ж.Шәкеннің «Ақсүйек пен құл һәм оралмандар» атты мақаласы интернетте жарияланды. Авторлардың жазғандарына қарап отырып олардың ең басты мәселені, қазақ бірлігі идеясын естен шығарып алғандығын өкінішпен айтуға болады. Әрине, қазір демократия заманы, әркімнің өз пікірін дербес білдіруге құқығы бар, дегенмен, қазіргідей жалпықазақтық идеология қалыптаса қоймаған тұста осындай мақала жазу арқылы қоғам ішінде әртүрлі пікірлердің тууына мұрындық болудың өзі үлкен қателік деуге болады. Менің айтқым келгені қазақты қазақтан басқа ешкімнің дәл өзіндей қабылдап, дәл өзіндей жақсы көре алмайтындығы, ал қазақтың ішінде де кейбір жағымсыз элементтердің болуы табиғи заңдылық. Арамызда кездесетін сол азшылық үшін жалпы қазаққа топырақ шашуға болмас, осы тұрғыдан алғанда жергілікті болсын, шеттен келген болсын жазғыштар өздерінің басында жүрген, бірақ, баспасөзде жариялау артықтық ететін пікірлерін алға тартпай-ақ қойғаны абзал болар еді.

Жалпы алғанда, қандас бауырлардың шет елден ата мекенге оралуы ұлтымыздың өз елінде көпшілікке айналып, ана тіліміздің қолданыс аясының кеңуіне септігін тиігзді. Көп қорқытады, терең батырады демекші, қазақ санының өз елінде арта түсуі ұлт үшін тек жақсылыққа бастар жол ғана. Уақыт өте келе сан жағынан өсе түскен ұлтымыздың тілі, ділі, діні басымдыққа ие болып, өзге қазақстандықтар үшін қазақтар аға ұлт дәрежесіне көтерілері сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда қазақ санының өсуі біздер үшін ауадай қажет, сондықтан ұлы көштің тоқталмауы үшін мемлекет те, әрбір қазақ та өз үлесін қосуы шарт. Шеттегі қазақ арасында үгіт-насихат жүргізіп, олардың елге қайтуына ықпал жасау, елге келген қазаққа жылы шырай танытып, оның өз еліне келгенін сездіру жүрегі қазақ деп соққан азаматтардың қасиетті  міндеті. Кезінде Сталин қуғынға ұшыратып, аш-жалаңаш қалпында қазақ даласына әкеліп тастаған жапа шегуші ұлттарды бауырына тартып, өзінің аузындағысын жырып берген бауырмал қазақ үшін шет жерде өгейлік көріп, өзім деп келген қандас туыстарға оң қабақ таныту қиынға соқпасы айқын. Осы жерден сөзімізді тамамдап, ойымызды өмірін «қазақ идеясына» арнаған, кезінде ел басқарған, қазақтың ата мекенге ұлы көшін ұйымдастырған, көзі жұмылғанша қазақтың қасмын ойлаған абыз Жағда атамыздың аманат сөзімен қорытындылағымыз келеді, «Сендер, яғни келген ұрпақ қанша қиындық көрсеңдер де сендердің балаларың осында өседі, осында тәрбие алады, олардың келешегі жарқын болады, ертеңді ойласаңдар елге қайтыңдар!».

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970