Тұран жолбарысының тағдыры
«...Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан не тамаша күндер кешкен...»
М. Жұмабай
Арыстан, жолбарыс дегенді естігенде "Қазақ осы жыртқыштарды қайдан білді екен?" деген сұрақ еріксіз туатыны рас. Қазір өзіміз National Geographic Channel, Nat Geo Wild секілді арналардан ғана көретін жануарлардың көбі орта ғасырларға дейін Азия аумағында да тіршілік еткен, олардың арасында аң патшасы да бар – десек балаларға ертегі айтқандай боламыз. Бірақ, ертеде Тұран бертін келе Түркістан атанған қазір Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қазақстан секілді бес мемлекет сыйып жатқан алып территорияда жыртқыштың түр-түрі болғаны рас. 1917 жылы осының бәріне иелік етіп қалу үшін Түркістан автономиясын құрған, болашақта "Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты" ұрпақты көксеген арыстар большевиктер күш алған 1932 жылы да қазақтың әр тасын, әр аңын сақтап қалуды көкесіп жағырапия пәні оқулығына Балқаш барысы туралы мәліметтер енгізген. Азия арыстанының жұрнағы Үндістандағы ұлттық бақтарда әлі кездеседі. Ал жолбарыс Сыр мен Амудария бойында, Балқаш-Алакөл ойында, Тарбағатай жонында бертінге дейін жортып жүрген. Содан болар бұл хайуан туралы ауыз әдебиетінде дерек молырақ. "Қамбар батыр" жырындағы:
Сол уақытта жолбарыс
Түгінің бәрін жатқызып,
Құлағын жымып жапырды.
Көріктей ашып ауызын,
Ырылдап жаман ақырды.
Даусы жерді көшіріп,
Нар маядай бақырды.
Бүркіттей жазып тырнағын,
Тұлпарға барып асылды... – делінсе, Мұхтар Мағауиннің "Шақан-шерісіндегі" Шақан-түркістандықтың трагедиясы тұтас қазақтың зарын айтты. Мысал көп, өте көп. Жолбарыс жайлы дерек отарлау саясаты кезінде қазақ даласын барлаған ресейлік экспедиция мүшелерінің жазбаларында да кездеседі. "Верненский гражданин", И.Ф.Бларамберг, Л.С.Берг, А.К.Гейнстердің жазбалары тұран жолбарысының тарихын зерттеймін дегендерге бағыт беріп келеді.
(Каразин Н.Н. (1842-1909 ж) салған сурет. Тұран жолбарысы атылған сәт)
"Верненский гражданин" деген бүркеншек есіммен тарихта қалған Карпов Бонифатий Архипович деген (1825-1892) есаул екен. Қап тауы мен Қиыр Шығыста, Түркістанда әскери қызмет атқарған, аңшы болған Карповтың "Мантық – жолбарыс жоюшы" деген очеркі бар, патшалық ресей заманында "Природа и охота" журналына басылған, ал 1967-жылы дәл осындай атаумен шыққан арнайы жинаққа енген (50-бет). Карпов ХІХ-ғасырдың орта шенінде Сыр бойына әскери қызметке келген казактардың қалай жолбарыс аулауды кәсіп еткендерін баяндайды. Оқиға Арал теңізінен жетпіс шақырым жерде, Райым көлі бойына бекініс салып, (кейіннен ол бекіністі генерал-губернатор Обручев Қазалыға көшірді), хиуалықтар мен дала қазақтарының ортасын бөліп тастаған казак жасағының басынан өткен. Бекіністе 1500 әскери болыпты, Карповтың айтуынша солардың арасында нағыз мерген, орал казагы сапына қосылған Мантық деген қалмақ жігіті де қызмет еткен. Сол Мантық он екі жолбарыс алыпты, он үшіншісін қамыс ішінде қамағанда өзі де, жанындағы серіктері де ауыр жараланады.
"Мантық екі шүріппені бірден басты... Қақ маңдайдан атпақ болғанда көзі алдады ма, әлде қолы қалт етті ме екі оқ та жолбарыстың кеудесіне, тамағынан сәл төмен тиіп, жаралады. Жеңіл жарақатқа долдана түскен жыртқыш Мантықты алып ұрып, қанжарын суыруға мұрсат бермей шайнай бастады. Бақырған дауысқа тез-ақ жеткен өзге аңшылар жолдастарын құтқаруға дәттері бармай қорқақтап тұрып қалды. Жандалбаласаған Мантық тізеге көтеріліп, жолбарысты артқы екі аяғынан орай тартып құлатты-ақ, бірақ қаһарлы шері қайта күш алып, жұлмалай берді. Осы кезде Мантықтың:
– Бауырлар, құрыдым, атыңдаршы! Маған тисе де ата беріңдер, атыңдаршы! – деген жан даусы шықты". Верненский гражданин. "Мантык – истрибитель тигров", (аударған – С.Ә.)
Жолбарыс жұлым-жұлым еткен Мантық көп азап шегіп, бес күннен кейін көз жұмған. Осы тұста Мантық деген Масақбай деген қазақтың прототипі, орыс офицері қасақана бұрмалаған, - деген де пікір барын айта кетейік. Масақбай Меңгілтаев деген аңшының болғаны да рас екен. Мысалы 1860 жылы Сырдария қазақтары жайлы берілген есепте жергілікті халықтың аңшылығы туралы, ит жүгіртіп, қақпан құрып, құс салатыны айтыла келіп, жолбарысты қалай аулағаны да баяндалыпты. Аңшылардың атақтысы деп төртқара Масақбай аталған: Из тигровых же охотников известен только один дюрткаринец Масакбай Менглитаев, да и тот состарился ли, или потому, что последний из убитых тигров немного помял его, отказался от опасного забавья. В прошедшем году убито было киргизами тигров — 10, пораненных тиграми в прошлом году было всего 6 человек, из них трое умерло. (ЦГА РК, ф. 383, on. 1, д. 166, лл. 9-16 об.)
Мантық қаза табады, ал Масақбай Меңгілтаев қартайып, аңшылықты қойған? Екеуі екі кейіпкер де болуы мүмкін немесе Бонифатий Карпов көркемдеп жіберді. Патшалық Ресейдің үлкен және кіші шенді офицерлердің бұндай жазбаларында казактардың жолақты жыртқыш аулағанынан бөлек те, аса қызықты там-тұмдағын тарихи мәліметтер баршылық. Бір кеште қамалдан ұзап барып 80 қырғауыл ататынбыз, бір апта жортып 50-60 қабан ататынбыз, – дегендей мысалдар сол заманда Сыр бойының аң-құсқа өте бай болғанын білдіреді. Білтелі шитісі ғана бар жергілікті қазақ аса қажеттілік болмаса аң атпаған. Қамыс ішіндегі жолбарыс пен қарапайым қазақ арасы тыныш болып, оқта-текте адамға, малға шауып маза бермегенін ауыл азаматтары қақпан құру, кереге құрсанып жаралап, ашулы аңды найзалап алу секілді тәсілдермен жойып отырған.
"Киргизы также боятся зверя и только в редких случаях (когда хищник принесёт особенно большие убытки) решаются охотиться на него. Прежде, когда хорошие ружья были у них редкостью, практиковалась охота с клеткой, устроенной из надёжного материала; в неё заходили несколько охотников и, передвигая её, направлялись к логовищу. Зверь обыкновенно кидался на клетку, садился на неё, и в это время его убивали. Позже, с появлением ружей, стали убивать зверя и пулей, иногда же употребляли отраву".
"Полное географическое описание нашего отечества. XVIII-том. Киргизский край. С.-Пб. 1903"
Бұл жердегі "клеткасы" кәдімгі киіз үй керегесі, ол тәсілді "Шахан-шеріде" жалайыр жігіттері қолданады. Қазақта жолбарыс аулаудың мұнан да басқа бірнеше амалы бар. Орыс офицері Е.Т.Смирнов 1875 жылы "Журнал охоты" деген басылымның 1-2 санында шыққан "Охота на тигров на Сыр-Дарье" деген әңгімесінде: Іле мен Шудың қалың қамысынан жолбарыс байқап қалса қара-қырғыздың жүрек жұтқан аңшылары түскі ыстықты тосып, еңбектеп барып білтелі мылтықпен атып алады. Ондай батыл аңшылар Түркістанның оңтүстігінде жоқ, – деп жазылған. Бұны қазақты кемсіте отырып өштестірудің тәсілі деуге болар, себебі Сыр бойында да жолбарыс аулаған батырлар жайлы аңыз-әңгіме көп. Мәселен, жоғарыда айтылған "Қамбар батыр" жырын Жетіасар мәдениетіне жатқызады. Өзін жолбарыстан аман алып қалған батырға қызын қосқан Алтыасар хан туралы да аңыз бар.
Қазақтардың тағы бір тәсілі жемтікке қақпан құрып, ол қақпанды жуан дөңбекке, бөренеге байлап тастау екен. Аранға ұрынғанып, ашуланған аң қақпанды дөңбегімен сүйрей жөнеледі. Аңшылар ізімен жүріп отырып, сілесі қатқан жыртқышты не ұрып, не шаншып, не атып алады. Бұл әлі де қасқырға қолданылады, аяғын шайнап тастамасын деп сүйретпе байлап қойып әлсіретеді.
Ең қорқынышты және қазақ халқының жаужүректігін дәлелдейтін бір амал – сол қолды арқанмен орап, оң қолға қанжар ұстап жолбарыстың жатағына барып, қасқайып тұру. Жыртқыш тырнақпен осып жібермеуі үшін аңшының денесіне өгіз терісінен қабаттап көбе кигізеді екен. Аң атылғанда арқан оралған қолды тосып, шайнатады. Сонда қанжармен жарып жіберуге болады. Жыртқыш салмағына шыдамай бара жатса серіктері жедел жетіп селебе сілтеуі керек. Бұл – тәуекелді көп керек ететін айла. Сыр бойынан жолбарыс аулап жүрген сарбаздарынан қазақтардың бұл өлермендігін естігенде губернатор Александр Перовский қатты қайран қалыпты. Жолбарысқа шыққанда жолдасың сенімді болуы керек. Әкем Әбікен Сарыбайұлы "Аюда қырық адамның күші, бір адамның жүрегі бар, жолбарыста бір адамның күші, қырық адамның жүрегі болады. Жолбарысты жалаң қолмен ағайындылар ғана ала алады екен. Бөтен адам саған атылған аңның сұсынан қорқып, қашып кетеді", – деп бір аңыз бастаушы еді... Қазақтың тарғыл мысықтан қаймықпағанын қаламгер Молдахмет Қаназ ағамыз "Тағдыры тәлкек тұран шерілері" деген мақаласында да айтып: ...көзге түскен деректерге жүгінетін болсақ, жолбарыс соққан қазақтардың тізімі былай болып шығады: 1848 жылы 63 жастағы Орынбай Сүгіров Райымда бір жолбарыс өлтірген. Жолбарыс бір қолын шайнап тастап, сол жарақатынан өлген. 1858 жылы асан руының 30 жастағы жігіті Тортай Құндызов бір жолбарыс жығып, осы арпалыста оң қолын шайнатып алған. 43 жастағы төртқараның сейітқұлы Сәбит Әлібеков 1 жолбарыс алған; 31 жастағы төртқараның сейітқұлы Қойшыбай Шыныбаев 1 жолбарыс; 32 жастағы Баянов 1 жолбарыс; 1853 жылы 63 жастағы кішкененің құттығы Үркінбай Сүгіров 1 жолбарыс соққан; 1853 жылы 33 жастағы кішкененің асаны Төлеп Құндызов 1 жолбарыс алған; 20 жастағы кішкененің құрманайы Мақан Қойшыбаев 1 жолбарыс; 1861 жылы Жыланды деген жерде керейт Ескен Өсербаев 1 жолбарыс; 1860 жылдың 20 ақпанында Тоғанаев Барлыбай Райымның Талдарық деген жерінде 15 адам болып қаумалап, 1 жолбарыс алған; 1860 жылдың 18 желтоқсанында Еркінбай Дүрмәнов 1 жолбарыс алған; 1862 жылдың 8 наурызында Райымда Қадырберген Тасболатов 1 жолбарыс соққан. Аңшылардың барлығы да әр жерлерінен жарақаттанған, - деп жазған. Жетісудың Ақсуындағы "Жолбарыс соққан" аталған жердің тарихын Сәкен Шәріпов қағазға былай түсіріпті.
...Сап етті Саурық қолы нақ тамақтан,
Білінді қуанбағы оң қабақтан.
Тік тұрды, жығыспады, көп алысты,
Қапсырып жолбарыста сол қол жақтан.
Оң қолымен езгіледі кеңірдекті,
Жуасып жолбарыстың реңі кетті.
Сонымен Саурық батыр жауын жеңді,
Ел көңілін шошып қалған тыныш етті... Бұл да шашамен 19 ғасырдың аяқ шеніндегі оқиға, Саурық малға шапқан жыртқышты алыпты. Қазақ халқы жолыққан аңды ғана соғып, арнайы қырмаған. Ал, өздерін жабайылар әміршісі сезініп, соңғы үлгідегі мылтық ұстап келген отарлаушыларға бәрі таңсық еді, аңды қынадай қырыпты, одан басқа ермек те жоқ еді. Шерінің тағдыры сол кездегі шерлі қазақтың тағдырына ұқсас. Дәл осы жазалаушы әскерлер кіріп, оларға ілесе келген мұжықтар орнығып алғанда жер тарылды. Осы ғасырдың екінші жартысында Түркістан маңында 25 деревня пайда болып, 1300 отбасы көшіп келіпті. Әр отбасыда бестен адам бар десең алты жарым мың қарашекпенді қазақ даласын қаптап, 10 десятинадан жер алды. Доңыз аулады, құсын атты, жерін жыртты, қамысын өртеді. Әр тұсқа форпостар салды. Қарашекпенді жылдан жылға көбейді. Қазақ жайылымсыз қалды, шерінің азығы азайды. Сөйтіп ауылдарды торып, ұсақ мал, иттерді алып кететін болыпты. ХІХ ғасырдың басында-ақ батыс пен шығыс, солтүстікке тұмсық сұғып алып қазақ руларының өрісін тарылтқан отаршы жыландай жорғалап Ақмешіт, Тәшкен маңына иеленіп жатқан 1848-49 жылы 28 адам жолбарысқа жем болыпты. Оны губернатор Перовскидің 1849 жылы қарашада әскери министр князь Долгоруковқа жазған хатынан білеміз.
Управление Отдельного Оренбургского корпуса 2 октября 1851 г. № 5606
Милостивый государь князь Василий Андреевич!
Исправляющий должность начальника Аральского укрепления майор Дамас в конце 1849 г. донес предместнику моему, что с приближением на зимовку к сему укреплению киргизских аулов, в окрестностях оного появились тигры в большом противу прежнего числе. Кроме истребления лошадей и другого скота, встреча с сими хищными зверями всегда почти оканчивалась смертию кого-либо из киргиз, которых, как оказалось по собранным сведениям, в течение 1848 и 1849 гг. заедено тиграми до 28 человек. В ноябре 1849 года киргизы, кочевавшие в 4-х верстах от укрепления, обратились к майору Дамасу с убедительною просьбою избавить их от огромного тигра, который еще накануне увлек и заел одного из них. Майор Дамас решился сделать облаву и зверь, окруженный в густых и высоких камышах охотниками из солдат и казаков в числе 40 человек, был изранен и убит; однако же прежде того он успел поранить рядовых: Харчевского и Константинова и казака Хусаимова. Двое из сих нижних чинов при пользовании в лазарете укрепления совершенно выздоровели, а рядовой Константинов по случаю более тяжелых ран лишился левой руки, которая при лечении его в лазарете отнята выше локтя, и по медицинскому освидетельствованию при инспекторском смотре в прошлом году Константинов назначен в 4-й разряд неспособных с причислением на казенное содержание и по разрешению дежурного генерала Главного штаба е. и. в. от 1-го февраля с. г. за № 1251 уволен от службы. По возвращении Константинова в Оренбург и пред отправлением его на родину я приказал выдать ему из сумм Корпусного штаба 25 р. серебром в награду за оказанную им неустрашимость, а о сем довольно замечательном событии довожу до сведения вашего сиятельства, потому что о нем своевременно господину военному министру донесено не было...
Прошу ваше сиятельство принять уверение в истинном моем почтении и преданности.
Василий Перовский
Тұран жолбарысының терісіне осы дала губернаторы Перовский қатты қызығыпты, арнайы пәрмен беріп, әр теріге 25 сомнан сыйқы тағайындаған. Бұның қандай ақша екені түсінікті болуы үшін мынадай мысал келтірейін: ХХ ғасыр басында Ресей империясын генералдары айына 500-1000 сом, солдаты небары 1 сом жалақы алған. Киер киім, ішер асы мемлекет мойнында болғандықтан осыған көнген. Яғни, тұрмыс қажытқандар сарбаздыққа жазылып, жан баққан. Ал, 25 сомға ол заманда бақандай 30 тауық, немесе, 27 үйрек сатып алуға, отбасыңды біраз уақытқа жоқшылықтан құтқаруға болатын еді. 30 тиынға асханадан тойып ас ішесің. Сондықтан крепостнойлықтан құтылып, жанын бағу үшін солдат болып қиырға аттанғандарға жолақты шеріні атып, терісін өткізу үлкен табыс еді. Қауіпті екеніне қарамастан жолбарыс аулаушылар командасына тіленушілер көп болды. Оның үстіне сұраныс та сұмдық еді. Құлпырған терілерді Орынборға, кейін Петерборға дейін алдырған. Ресей ақсүйектері: Әр батыл киргиздің төрінде ілініп тұрған аңның терісі неге біздің табанымыздың астында жатпайды?! – деп екіленеді.
(Л. Барщевскидің түсірген суреті. "Команда охотников на тигров" деп аталады.1894 жылдың 4-қаңтарынан бастап бір ай бойы Арал, Қарақалпақстан аумағында жолбарыс аулаған поручик Колушевтің командасы. Суретте сарбаздардан бөлек 32 иттің ішінен аман қалған"Цыган", "Жучка" деген мақұлықтардың да аты жазылған.)
Биолог-эколог Виталий Прохоров "Туранский тигр – точка поставлена" деген ғылыми зерттеуінде 1810-1940 жылдар аралығында ауланып, тіркелген жолбарыстар туралы жазады, оған Кавказ, Қарақалпақстан, Түркменстан секілді елдерден атылған жыртқыштар да енген, соның арасында Өскемен бекінісін салуға келген отаршылар шығыстан аулаған 13, Сырдария-Түркістан маңынан 7, Іле аңғарынан атылған 9 жолбарыс бар.Ескерте кететін мәселе, тізім патшалық Ресейдің жазалаушы әскері орныққан кезден ғана бастап жүргізілген. Мысалы Шығыстағы ауланған жолбарыс есебі 1810 жылдан, Сыр бойы 1849, ал Іле-Қаратал 1891 жылдан жүргізілген. Осы арқылы-ақ отаршының қазақ даласын қалай сатылай басқанын байқауға болады. Жарайды, бұл басқа әңгіме. Жоғарыдағы мәліметтерді қырылған аңның азы ғана деп қабылдау керек, өйткені Мантық мергеннің өзі бір жылда он үш жолбарыс аулағаны туралы куәгерлер жазбасы бар, оған қазақ аңшылары атып, орыс көпестеріне терісін сатқан жыртқыштарды қосыңыз. Осындайда "Тұран жолбарысы қандай болды екен?" – деген сұрақ туатыны орында. Биологтар оның терісі қызғылт емес, ашық сары, қара жолақтары ұзын болғанын жазады. Ал, ұзындығы мен салмағын Карпов жазып қалдырған. "Когда я приехал в форт, тигр уже лежал посредине площади. Это был один из самых больших зверей: он весил 11 пудов 22 фунта и имел в длину от хвоста до ушей 2 аршина 14 вершков. Более крупных тигров я в жизни не видал". Қазіргі есепке шақсақ жолбарыстың салмағы 181 келі, ұзындығы 2 метр 20 сантиметрге жуық! Салыстытрамылы түрде айта кетейін тұрандық жолбарысқа ұқсайды делінетін бенгал жолбарысының тұрқы 275 см, орташа салмағы 225-230 келі, амур жолбарысы 180-250 келі, құйрығының ұшына дейінгі ұзындығы 3 метрден асып жығылады. Жыртқыштың қай түрі болсын салмағы жағынан 20-30 келіге ауытқи береді екен. Сондықтан есауыл Карпов көргенін тұран жолбарысын да сол заманда қамыс арасынан күндей күркіреген жолақтылардың орташасы деп есептеу керек. Оның үстіне Балқаштың жағасында, Қараталдың сағасында отырған Көпбірлік ауылында Сәдуақас Отарбайұлы деген адамның 1939 жылы жолбарыс алғаны туралы мәлімет бар. Өлкетанушы Қараша Қараман ағамыздың 2010 жылдың 12 наурызында "Егемен Қазақстанға" жарияланған "Жолбарыс соққан Сәдуақас батыр" деген мақаласында ол шерінің салмағы 210 келі, құйрығының ұшына дейінгі ұзындығы 4 метр 10 сантиметрге жеткені келтіріліпті. Жолбарыстың терісі мен Сәдуақас батырды Алматыға алдырып суретке түсіріпті. Сурет "Қасиетті Қаратал" кітабында жарияланған екен.
(Сәдуақас Отарбайұлы мен жолбарыс терісі.)
1866 жылдың тамызында Перовскке (Ақмешіт) небары 3 күнге келген Г.Гейнс "В форте Перовском" деген жолжазбасында он тоғызы күні аңға шыққандарын, сол кезде қамыс арасынан жолбарыс жолығып, жеті итті жаралағанын, жыртқыш тек сегізінші оқтан кейін сұлап түскені жайлы жазады.
1852 жылы Ақмешітті алғашқы болып шабуылдаған, орыс басқыншылығына қарсы соғысқан атақты Марал ишанды "жалған әулие" атаған, генерал-лейтенант Иоганн (кейіннен Иван) Бларамбергтің мемуарында «Приключения с тигром на Яксарте» деген тарау бар. Ол Сырдарияны көнеше Яксарт атағанды жөн көрген екен. "Біз хиуалық, қоқандықтармен ғана емес, өте жиі кездесетін қатыгез дұшпанымыз жолбарыстармен де соғысуға мәжбүр болдық", –дейді Бларамберг. Нақты санын айтпаса да өте көп аң қырғандарын жазыпты.
Атақты жиһангез Семенов-Тян-Шанский де 1856 жылы Барнауыл, Семей, Қапал, Верный бекінісі арқылы Ыстыкөлге аттанған сапарында Талғар шатқалынан бір жолбарыс атып алғандарын жазады. Жолбарыс бір казактың сол қолын шайнап, бір итті жарып тастайды. Әлгі казак мүгедек болып қалады. 2017 жылы Петерборда «Пётр Петрович Семёнов-Тян-Шанский – географ, статист, жиһангез» деген көрме өтті. Шара ғалымның туғанына 190, Тәңіртауға экспедиция жасағанына 150 жыл толуына орайластырылған екен. Орыс географиялық қауымдастығы ұйымдастырған көрмедегі көп сурет пен жәдігерлердің арасында елең еткізгендердің бірі ғалымның кабинетінің экспозициясы еді. Аяқ астында азуы ақсиған жолбарыс терісі жатыр. Қазіргі Алматының дәл түбінен, Есік көлінің маңынан ауланған тұран жолбарысының терісі...
(П.П. Семенов-Тян-Шанскидің кабинетіндегі тұран жолбарысының терісі)
"Осы сәтте жолбарыс казакқа атылып, құрбандығын иығынан жұлқа тістеп алға сүйрей жөнелді, мұны ит ілестірген үшінші казак байқап, алдын кес-кестей жүгірді. Үлгермегендей еді, жолбарыс екі соқпақтың қиылысар тұсынан өте бергенде ит жетіп, жотасынан ала түсті. Шері аузындағы жемтігін тастай сала, арқасындағы бәлекетті шайнап тастамаққа шыр айналды. Итті жарып тастады. Осы кезде ажалдың қос оғы қатар тиген, осыған қарамастан жыртқыш етектегі өзенге дейін барып, судан бір-екі жалап, жағаға созыла жатып дем шығарды". П.С. Тян-Шанский "Тян-шанға саяхат" 69-бет. Міне, ғалым жазбасында осылай сипатталған түз тағысының терісін казактар жиһангезге тарту етіп, ол қазақ даласынан естелік есебінде кабинетінің еденіне төсеп жүрген екен.
Жалпы, қазақ даласында жыртқышқа соңғы пана болған – Жетісу өңірі. Осындайда жолбарыс – қазақ азаттығы болып елестейді екен, өйткені орыс отаршылары дәл осы өлкенің қазақтарын ең соңынан бағындырып, ұлтымыз бен жеріміз тұтас бодан болды. Шудың бергі беті, Іле-Қаратал өңіріндегі шеріге қатысты мәлімет баршылық. Ол жайлы айтпас бұрын қай өңірде жолбарыс шамамен қай жылдары жойылғанын тізбелейік. 1966 жылы "Наука" баспасынан атақты биолог-зерттеуші А.А. Слудскидің "Владыка джунглей" деген кітабы шықты, соның "Распространение и численность тигра в СССР" деген тарауында Қазақстандағы жолбарыстар туралы мәліметтер былай келтіріледі:
– Қызылорда маңындағы жолбарыстар 1945 жылы толық жойылған, аңшылардан құтылғандары Торғай, Сарысуға қарай ауып кеткен.
– Талас пен Шу өзені бойындағы жыртқыштар шамамен 1937 жылы құрып бітіпті.
– Павлодар, Көкшетау, Ақмола бекіністері маңындағы, Тарбағатай, Зайсан, Қара Ертіс бойындағы аңдар ХІХ ғасырда-ақ құрыған.
– Жетісуда 1894-1899 жыл арасында әр жылы 10-16 жолбарыстан атып отырған. Соған қарамастан Балқаш-Алакөл аумағындағы жыртқыштар 1935 жылы да кезігіп тұрған. Ғалым ақырғы жолбарыстың ізін Балқаштың оңтүстік жағалауынан 1948 жылы да көріпті.
Осы тараудағы бір фоторсуретті атап өтпесе болмайды. А.А. Слудский 1960 жылдың 5 маусымында Іле бойындағы Желтораңғы деген жердегі тоғай арасынан жуырда өткен аң ізін байқағандай болады. Үміті ақталмайды. Содан "Жуырда жолбарыс жортқан жер" деп әлгі жиде мен тораңғы тоғайын суретке тартып алыпты. Мүмкін. Балқаш маңында Мұстафа Әбдірахманов деген бір қазақ 1957 жылы да жолбарыс атып алған деген әңгіме бар. Кім білсін, Сарыесік-Атыраудың ұшы-қиырсыз құмының ортасында адам аяғы баспаған тоғай, қамысы қалың көл көп. Ол жерге ат түгілі осы заманның мықты техникасымен жетудің өзі азап. Мүмкін, сол тоғайдың ішінде жалғыз-ілік жолбарыс жолығып та қалар? – деген үміт шырағы әлі сөнбеген. 2008 жылы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет желі арқылы: «Ғажап! Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері керемет жаңалықты хабарлады. Қорық аумағында қабылан пайда болды», – деп сүйіншіледі емес пе, жолбарыс секілді мысықтұқымдасқа жататын қабыланның (леопард) суреті фотоқақпанға түсіп қалыпты, бұл да біздің мемлекетте жойылып кеткен аңдар есебінде еді. Оның үстіне қазірде Ресейдің Орталық Азияға арналған WWF бағдарламасы аясында 415 мың гектар жерге Іле-Балқаш резерваты құрылып, жиырма жыл шамасында қалың арасында қайта жолбарыс жортып жүретіндей етеміз деген бастама жүріп жатыр. Амур жолбарысы Бетпақтың азынаған бораны мен аптабына шыдай ма, бұрынғыдай емес халық қалың, қоныс көп, қамыс арасы өрген мал, қалай болады? Деседе бір күндері Балқаштың қалың нуынан, Сыр мен Талас, Шуыңнан, Қара Ертістің бойынан, Тұранның тұтас ойынан құйқаңды шымырлатар күркіреген үн естілсе қайран қалуға болмас.
Серік Әбікенұлы, журналист
Abai.kz