Жұма, 23 Сәуір 2021
Билік 2350 2 пікір 2 Наурыз, 2021 сағат 13:04

Астананың ауысуы геостратегиялық маңызды шешім

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында біз өткен тарихқа көз тастап, дұрыс және бұрыс шешімдерді саралаймыз. Үш ондықтар қандай жұмыс атқарылды деп өзімізге есеп береміз. Атқарылған жұмыстарды бағалаймыз. Сөзсіз маңызды әрі ең ауқымды шешімнің бірі Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру болатын.

1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Қазақстан Республикасының астанасы туралы” Заң күші бар Жарлығы жарияланды. 1997 жылы 20 қазанда Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады.  Астананы ауыстыру бірнеше геостратегиялық мәселелерді шешуге бағытталған болатын.

Біріншіден, еліміздің солтүстік және орталық бөліктерін қазақыландыру саясаты өткір тұрды. Ақмола қаласында 1991 жылғы мәліметке сай халықтың 17% ғана қазақтар еді. Қалғаны өзге ұлт өкілдері болатын. Бұл тек қана Ақмола емес, Қызылжар, Кереку, Қостанай, Қарағанды қалаларына да тән көрініс болатын. Аталмыш жағдайдың болашақта ұлттық қауіпсіздікке кері әсері барын пайымдаған билік, ел астанасын орталық бөлікке ауыстыруды жөн деп тапты. Бұл шешім өз нәтижесін берді және көп ұзамай орталық, солтүстік Қазақстан облыстары қазақылана бастады. Қазіргі таңда ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында 79% қазақтар тұрады.

Екіншіден, солтүстіктегі неміс, орыс, украин және басқа ұлт өкілдері КСРО құлағаннан кейін өз тарихи отандарына кете бастады. Тұтастай солтүстік өңір халықсыз қалу қаупі артты. Елде ол аймақтың жанданатынына үміті аз болатын. Дереу арада нақты шешім қабылданып, солтүстікке жан бітіру мақсатында осы бір тарихи шешім қабылданды.

Үшіншіден, барлық аймақтардың басын біріктіріп, батыс пен шығыс, солтүстік пен оңтүстік өзара бас қосуы тиіс бір қала болуы керек еді. Алматы елдің оңтүстік-шығысында жатыр. Сондықтан ол қаланың рөлін сомдауға географиялық орналасуы мүмкіндік бермеді. Әсіресе солтүстік бөліктің саяси, экономикалық процесстерден бөлек қалу қаупі болды. Астананы ауыстыру арқылы барлық облыстағы халықтың басын бір ордаға жинау, ал орданы орталыққа орналастыру міндеті нақты шешілді. Аймақ жұртшылығының өзара бір-бірімен тығыз араласуы маңызды. Астананы ауыстыру арқылы ол міндет шешілді.

Төртіншіден, кез келген елдің астанасы шекаралық аймақтан алыс жатуы тиіс. Бұл мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан да астананы орталық бөлікке қою ұйғарылды.

Бесіншіден, астананы ауыстыру арқылы солтүстік аймақта орын алуы мүмкін түрлі сепаратистік көзқарастар тыйылды. Қазақстанда әлемдік стандарттарға сай келетін әсем де әрлі қала пайда болды.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін тойлау үстінде. Отыз жылда атқарылған істердің ішінде, астананы ауыстыру ең маңызды шешім екені сөзсіз.

Ал, 2019 жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана атауын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ауыстырды. Мұны Елбасының еңбегіне лайықты құрмет деп бағалады.

Бүгінгі таңда қаланың негізгі экономикасын байланыс, өнеркәсіп өндірісі, құрылыс,көлік, сауда салалары құрайды. Ал, елордадағы өндірісінің негізін құрылыс саласы құрайды. Одан бөлек, машина жасау мен азық-түлік өнімдерін шығару да жолға қойылған. Бүгінде елорда еліміздегі құрылыс заттарын шығаруда жетекші орынды иемденген. Сонымен қатар, бүгінде қалада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары өз жұмыстарын нәтижелі жүргізіп отыр. Ал, қаладағы ірі кәсіпорандар қатарына “Тұлпар-Тальго” ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауытын, “Цесна Астық” концернін тағы басқа ірі зауыттарды жатқызуға болады.

Ал, елорданың бойтұмарына айналған “Бәйтерек” кешені бас қаланың басты символына айналған. Аталған кешеннен бөлек, сәулеті жарасқан бірқатар ғимараттардың авторы британдық сәулетші Норман Фостер. Бүгінде Фостердің қолтаңбасы қалған Хан-шатыр сауда ойын-сауық орталығы, Думан орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы тағы басқа сәулеті жарасқан ғимараттарды атауға болады.

Одан бөлек, қалада отандық білім беру саласының жетекші оқу орындары да орналасқан. Олардың көшбасында Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті секілді бірқатар іргелі оқу орындары бар.

Сонымен қатар, соңғы жылдары елордада түрлі халықаралық форумдар мен шаралар, маңызды жиындар өтіп келеді. Сол арқылы Қазақстан астанасы бірнеше рет барша әлем қауымдастығының басты назарында болды. Қалада Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьездері, сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен ИЫҰ-ның саммиттері, ЕҚЫҰ саммиті өткен болатын.Одан бөлек, елорда 2011 жылы VII Қысқы Азия ойындарының қонақтары мен қатысушыларын қабылдады.

Лорда үшін ең маңызды шараның бірі 2017 жылы өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі болды. Аталған шара үшін Есілдің сол жағалауынан ЭКСПО қалашығы бой көтеріп, қаланың сәулетіне сәулет қосқандай болды.

ЭКСПО көрмесінің символына айналған кешен Нұр-Әлем деп аталады. Оның биіктігі 100 метр, диаметрі 80 метр болады. Ғимарат сегіз қабатты. Оның әр қабаты су, жел, кинетикалық энергия мен биомассаға арналған. Ал, ең үстіңгі сегізінші қабат Астана болашақтың қаласы 2050 атты экспозициясына арналған.

Сонымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы негізінде іргетасы қаланған жаңа қала Астана қазіргі Нұр-Сұлтан аз уақыт ішінде тарихи маңызға ие болған бірегей қала. Ол еліміздің Тәуелсіздігі мен жаһандық табысының символына айлана білді, осы аз уақыт ішінде.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының аумағы 722 шақырымнан асқан. Ал, елордаға қоныс аударған тұрғындар саны 1 миллионнан асады. Шаһар – Алматы, Есіл, Сарыарқа, Байқоңыр деп аталатын төр ауданнан тұрады. Ал, елорданың басты су көзі Есіл өзені. Еліміздің Еуразия құрылығында қолйлы орналасуы ел астанасын экономикалық тұрғыдан оң өзгерістерге әкелді.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің ең ықпалды саяси-экономикалық, мәдени – рухани орталығына айналған. Қалаға қоныс аударғандар арасында жастар көп. Олар шаһардағы ең ықпалды оқу орындарында білім алып, қоғамның түрлі саласында табысты қызмет етуді көздейді. Ал, Нұр-Сұлтан қаласы өз кезегінде жастарды білім мен ғана емес, әлеуметтік жағынан да қорғауға барын салуда.

Алдағы уақытта ел тірегіне айналған елорда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық тарихындағы ең жарқын сәттерімен болашаққа қадам баспақ.

Abai.kz

2 пікір