Ескерткіш қою науқандық шараға айналып барады
Ескерткіштер ел тарихын бейнелеумен қатар, сол қойылған қала мен ауылға ерекше көрік беріп тұратын сәулет өнері десек, қателесе қоймаспыз. Алайда біз осы кейінгі кездері тәуелсіздік дегенді тек жаппай ескерткіш орната беру деген шолақ ойдан арыла алмай жүргендейміз. Әрине, орнымен, сол тарихи тұлғағаның образын толық ашатын бейнелерге еш қарсылығымыз жоқ. Алайда біздегі ескерткіш қоюдағы бір сарындылық пен бірін-бірі қайталаушылық бұл бастамалардың құнын түсіріп бара жатқан секілді.
Мәселен, халқымыздың басына қиын заман туғанда, оны ата жаудан қорғап, асқан ерлік көрсеткен дулығалы батырлардың ескерткіштеріне көз салып байқаңызшы. Егіз қозыдай, бір-бірінен еш аумайды. Астында аты, қолында найзасы, басында дулығасы. Бітті. Ескерткіш авторының барлық фантазиясы осымен ғана шектеледі. Өзгеше бір, қалың жұртты «ғажап екен», деп бас шайқамаса да, өзіндік жаңаша сәулеттік шешімімен елең еткізетіндері ілуде біреу я болмаса жоқ.
Ал, ең сорақысы, кейбір ескерткіштер белгілі бір датаға лайықталып, асығыс-үсігіс жасалады да, көпшіліктің ойынан шықпақ түгілі, оны жұртқа көрсетуге ұялатындай жағдайға жетеді. Кезінде Семей қаласында Абай мен Михаэлиске деп орнатылған ескерткішсымақ ұлы Абайды ергежейлі етіп, оны Михаэлиске қарап, бірдеңе күткендей хәлге жеткізуі мадақ емес, мазақ деп ұқтық. Ол сондықтан да қалың жұрттың ашу-ызасын туғызды. Ақыры, әкімдіктің шешімімен сиықсыз да сәтсіз ескерткіш бір тәулікке жетер-жетпес уақытта алынып тасталып, бір абыройсыздықтан аман қалдық. Бұның сыртында анау Нұр-Сұлтан қаласындағы суықтан сақтанғандай, шапанына оранып тұрған Абайды да сәтті шықты деп айта алмас едік.
Мұндай сәтсіздіктер мен шалағайлықтар ашығын айтқанда, науқандық аурудан тарап жатыр. Қандай да тұлғаға оның мерекелік датасы жақындағанда ескерткіш орнату керек деп жанталасамыз да, содан келіп, әлгіндей қолайсыздыққа ұшыраймыз. Ал, дұрысы, қандай да бір ескерткіш орнатуға арнайы шығармашылық конкурс жариялануы қажет. Сол ескерткіштің болашақ нобайы мамандардың қатаң сүзгісінен өтіп, содан соң ғана рұқсат етілуі керек. Әйтпесе, тіршілігіміздің өзге де салаларындағыдай, мұнда да тамыр-таныстық пен жең ұшынан жалғасу секілді жаман әдеттің белең алып кетері сөзсіз. Мүмкін, біздің айтып отырған жайымыз да осы тереңдеп кеткен аурудың бір көрінісі болар. Әйтпесе, біз қандай да бір ескерткіштің авторы кім екенін, оның бұрын қандай бейнелерді дүниеге келтіріп, қандай биікке көтерілгендігі жайлы ақпараттан неге мүлдем хабарсызбыз? Жұрттың бәрі бірдей Хәкімжан Наурызбаев емес қой, атының өзі-ақ шынайы шығармаға кепілдік беретін...
Ал іздесе, шын көңілмен жақсы ескерткіш қояйық деп ниеттенсе, құдайға шүкір, елімізде шын таланттар жетіп артылады. Мәселен, өткенде баспасөз бетінен сәулетші-гиперреалист Айдос Есмағамбетов жайлы материалды оқып, іздегенімізді тапқандай болып, сүйсініп қалдық. Оның жасаған мүсіндері аса бір шынайылығымен, өмірге деген жаңаша көзқарасымен, жүрекке жылы тиетіндей тартымдылығымен ерекшелінеді. Жақында ол өз инстаграмында Абайдың жаңа мүсінеін жарияланып, оқырмандарды бір сүйсіндірді.
Мұнда Абай хакім бейне бір тіріліп келгендей, өзі сағынып қалған оқырмандармен тілдесуге асығып, көпшіліктің көкейінде жүрген жайттарды мұқият тыңдағысы келген ниетпен, үйіне шақырғандай әсер қалдырады. Шынайылығы соншалықты, жанына барып, «Ассалаумағалайкум, Абай аға!», - деп сәлем бергің келетіндей...
- Мен бұл образды жасауға төрт ай жұмсадым. Шеберханамда талай ұйқысыз түндер өткіздім. Алайда нәтижесі оған тұрарлық деген ойдамын. Гиепрреалдизмде барлық дүниелерді өте дәл берілуі керек. Ұлы ақынның бізге тек екі ғана суреті жетті. Оның бірі - ақынның өз балаларымен бірге түскен суреті екен. Мен осыны негізге алдым. Бұл жұмысымды мен Абайдың 175 жылдық мерекесіне арнаған едім, - деп ағынан жарылады жас талант.
Міне, жаңа образдарды іздеуде неге осы Айдос секілді талантты жастардың шеберлігін шыңдауға көмектеспеске? Осындай жастардың арасынан ғана жаңаша ойлай білетін, Ұлы Абай секілді тұлғаларға өзгеше мән-мағына беретіндерінің кездесетіндігі сөзсіз. Соларға арнайы тапсырма беріп, шеберлік сынынан өткізіп, өнер таразысына тартсақ, былайғы жұртқа ұялмай-ақ көрсететіндей туындылардың дүниеге келері анық.
Жайберген Болатов
Abai.kz