Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 5833 6 пікір 5 Наурыз, 2021 сағат 13:30

ҰҚК экстремистік ұйымдармен қалай күресіп жатыр?

Қазақстанда жат діни ағымдарды түбегейлі ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Діни ахуалдың тереңдеуіне қауіптің алдын алу жұмыстарының жеткіліксіздігі себеп болуда. Бұл туралы Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Дін саласындағы жаңа сын қатерлер және экстремистік идеология жақтастарын радикалды райынан қайтарудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру» атты ғылыми конференция барысында айтылды.

Деректерге назар аударсақ, соңғы оншақты жылда Қазақстанда 16 экстремистік зорлық-зомбылық актісі тіркеліп, 500-ден астам адам Сирия мен Ирактағы террористік әрекеттеге қатысқан екен. Мыңнан астам адам террористік және экстремистік пиғылдағы әрекеттері үшін түрмеге жабылған. Мамандардың айтынша, шын мәнінде «экстремизм» және «терроризм» үшін сотталғандың саны едәуір жоғары, соның ішінде басым көпшілігі терроризм мен экстремистік  сипаты бар діни материалдарды жариялар, таратқаны үшін сотты болғандар.

Әрине, мамандардың сөзіне қарағанда, жағдай біршама тұрақталды деуге болады. Осыған дейін Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирия мен Ирактан елімізге 500-ден астам отандасымызды қайтарды, олардың 200-ден астамы темір торға қамалса, қалған бөлігімен арнайы жұмыстар жүргізіліп, бақылауға алынған.

Кешенді жұмыстардың нәтижесінде ҚР ҰҚК-ті 40-қа жуық террористік актінің алдын алып, шетелде жат діни білім алып жүрген 380 бала елімізге оралды.

Әрине, Қазақстанда экстремистік идеология түбегейлі жойылды деп айтуға әлі ерте. Жат діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқан азаматтар әлі бар. Ал осы экстремистік идеология жақтастарын райынан қайтарудың әдіс тәсілдері қандай? Бұл сұраққа қатысты конференцияға жиналған мамандар түрлі пікір айтты. ҚР ҰҚК Академиясы жанындағы антитеррористік орталығының қызметкері Болат Шомановтың айтуынша, бұл орталық қазіргі күні жат діни ағымдғы азаматтармен теологтарды және психологтарды тарту арқылы екі бағытта жұмыстар жүргізіп келеді.

«Азаматтарды райынан қайтаруға болады, ол үшін алдымен олармен  әңгімелесу   керек. Бұл жерде арнайы бір әдістеме қолдана алмайсын. Себебі, жат діни ағымдардың жетегіне әркім әртүрлі жағдаймен кетіп қалады. Оның ішінде, әлеуметтік-тұрмыстық  қиыншылық көріп жұрген азаматтар да бар. Мұның барлығы адамдардың діни білімінің аздығынан туындап отырған мәселелер»,-дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, қоғамда экстремизмнің  алдын алу шараларын күшейту керек. Мәселен, 2014-2018 жылдарға арналған қоғамды дерадикализациялау бағдарламасын жүзеге асыру кезінде мемлекет қатер төндіретін адамдармен ғана жұмыс жүргізіп, қоғамдағы басым топқа көңіл бөлмеді. Мұның салдары жаңа радикалданған адамдардың көбейюіне алып кеп соқты.

«Қазіргі күні біз алдын алу шараларына басым көңіл бөліп жатырмыз. Жалпы мұндай сын-қатерлердің алдын алу үшін ұлттық тәрбиені күшейтуіміз керек. Бабаларымыздан қалған обал, сауап деген мәселелер біздің қоғамға ең керектісі қазір-осы»,- деді ол.

«Контртерристік комитет» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мерхат Мадияровтың сөзіне қарағанда, жат діни ағымдардың жетегінде кеткен адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізу кезінде кемшіліктер бар. Мұндай адамдарға қауіпті қылмыскер ретінде қарау басым.

«Санасы қауіпті діни идеологиямен уланған азаматтарға ең алдымен рухани көмек керек. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын бекер қабылдаған жоқ. Бұл жерде күштік құрылымдардың қызметі нәтиже бермейді. Бізге арнайы мықты психологтар, дін саласындағы білікті мамандар қажет.Сонда ғана біз экстремизм жақтастарын райынан қайтара аламыз»,- деді ол.

Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Жомартбек Симтиков: «Әрине, өткен күндерге қарағанда қазір Қазақстанда экстремистік қауіп біршама азайды. Алайда, қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Соңғы екі жылда Абай атындағы қазақ ұлттық педагоикалық университетінің тарих және құқықтану инситуты дінтану мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөліп келеді. Жүздеген жастар бұл мамандыққа оқуға келіп жатыр.

Студенттеріміздің діни сауатын кеңейту үшін біз әртүрлі діни бірлестіктермен, теолог мамандармен, Нұр-Мүбарәк Египет ислам мәдениеті институтымен бірлесіп жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі шарамыз да осы мақсатта жүргізіліп отыр», - дейді.

Нұрмұхаммед Мамырбеков,

Саясаттану мамандығының PhD докторанты

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354