Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3984 0 пікір 3 Сәуір, 2012 сағат 10:08

Гүлжамал ҚАЗАҚБАЕВА: БІР АЙ РЕПЕТИЦИЯДА ШАШЫМ АҒАРЫП КЕТТІ

Гүлжамал ҚАЗАҚБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

- Шынымды айтсам, менен сұхбат алғың келгеніне таңғалдым. Әнеу күні «Жұлдыздар отбасы» деген журналдан келіпті. Мен айттым: «Ойбай-ай, мен тіпті «Жұлдыздар отбасы» деген журналға шығуға ұяламын. Мен жұлдыз емеспін», - деп... Қазір қатырып роль ойнап жатқаным жоқ. Режиссерлерге өкпем жоқ, театрда спектакльдің бәрі жастарға лайықталып қойылады. Ол да дұрыс.

- Жақында ғана «Ханшаның көз жасы» деген қойылымда басты рольді ойнаған жоқсыз ба?

- Иә, соңғы бір жылда шүкіршілік жасайтын дүние осы. Бұл Айгүл Иманбаеваның «А.И. театрында» қойылған шығарма. Қырғыз драматургі Сұлтан Раевтың пьесасы, бұл өзі біздің Оралхан сияқты, бітімі бөлек қаламгер. Композиторы да, суретшісі де, балетмейстері де қырғыздан болды. Режиссер Қуандық Қасымов. Құрбанжан датқа деген - тарихта болған, қырғыздың қырғыз болып қалуына үлкен үлес қосқан әйел екен. Бес ұлының төртеуі жау қолынан өледі. Сүткенжесінің тағдыры қыл үстінде тұрғанда, ел үшін өз ұлын дарға байлап берген екен. Сондай әйелдің образын сомдадым. Спектакль жаман шықпаған сияқты. Домбыраның ішегіндей тартылып тұрады да, ең соңында шарт үзіледі. Қолымызға ұстап шығатын реквизит жоқ, бәрі «қиялда» ғана.

- Сөзіңізге қарағанда, өзіңізге ерекше әсер еткен роль сияқты...

Гүлжамал ҚАЗАҚБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

- Шынымды айтсам, менен сұхбат алғың келгеніне таңғалдым. Әнеу күні «Жұлдыздар отбасы» деген журналдан келіпті. Мен айттым: «Ойбай-ай, мен тіпті «Жұлдыздар отбасы» деген журналға шығуға ұяламын. Мен жұлдыз емеспін», - деп... Қазір қатырып роль ойнап жатқаным жоқ. Режиссерлерге өкпем жоқ, театрда спектакльдің бәрі жастарға лайықталып қойылады. Ол да дұрыс.

- Жақында ғана «Ханшаның көз жасы» деген қойылымда басты рольді ойнаған жоқсыз ба?

- Иә, соңғы бір жылда шүкіршілік жасайтын дүние осы. Бұл Айгүл Иманбаеваның «А.И. театрында» қойылған шығарма. Қырғыз драматургі Сұлтан Раевтың пьесасы, бұл өзі біздің Оралхан сияқты, бітімі бөлек қаламгер. Композиторы да, суретшісі де, балетмейстері де қырғыздан болды. Режиссер Қуандық Қасымов. Құрбанжан датқа деген - тарихта болған, қырғыздың қырғыз болып қалуына үлкен үлес қосқан әйел екен. Бес ұлының төртеуі жау қолынан өледі. Сүткенжесінің тағдыры қыл үстінде тұрғанда, ел үшін өз ұлын дарға байлап берген екен. Сондай әйелдің образын сомдадым. Спектакль жаман шықпаған сияқты. Домбыраның ішегіндей тартылып тұрады да, ең соңында шарт үзіледі. Қолымызға ұстап шығатын реквизит жоқ, бәрі «қиялда» ғана.

- Сөзіңізге қарағанда, өзіңізге ерекше әсер еткен роль сияқты...

- Сахнаға алғаш аттаған кезімнен бері арулардың бәрін сомдадым. Баян, Құртқа, Ақтоқты, Әсел, Офелия,  мені актриса ретінде танытқан Алуа... Арманым жоқ актрисамын десем болады. Қанша роль ойнасам да, соның ішіндегі қадау-қадау рольдің бірі «Қаралы сұлудағы» Қарагөз еді. Сосын Б.Римованың «Қос мұңлығындағы» (бізде «Көп ішінде жалғыздар») кемпір. Осыншама уақыт «үзілістен» кейін атап айтатын ролім - осы.

- Құрбанжан датқаның тағдыры қиын болғанын айтып отырсыз, спектакльден кейін, немесе дайындық кезінде рольдің психологиялық  ауыртпашылығын сезінбедіңіз бе?

- Спектакльге кіріспес бұрын қатты жүрексініп жүрдім. Өз тағдырыма әсер етпесін деп қорықтым. Бірақ қалай болғанда д,а оны дайындап шығу актриса ретіндегі парызым еді. Мен үшін әр спектакль емтихан сияқты. Алла бізге сахнадан сөз айтатын құқық берді. Құдірет қой бұл. Осы роль арқылы театрда бекер жүрмегенімді тағы да дәлелдеу керек болды. Роль тағдырға әсер етіп жатыр ма, етпей жатыр ма, білмеймін, бір ғана оқиғаны айтайын. Кезінде «Заманақыр» деген спектакль болды. Семей полигоны жайында, О.Сүлейменов пен Б.Мұқай бірігіп жазған. Р.Сейтметов ағамыз қойған. Менің кейіпкерім Салиха деген әйел, бір ұл, бір қызы бар, Сарыжал деген жерде тұрады. «Көшіңдер», - дегенде, «Соғыстан күйеуімді күтіп отырмын, келіп қалса, таппай қалады», - деп отырып алады. Жарылыс болған кезде саңырауқұлаққа қараған баласының көзі көрмей қалады. Бұл қырға шығып күнде күйеуін күтеді. Өмір өтіп жатады. Қойшы, әйтеуір, қызы алты бала туады, алтауын да жерге береді. Жетінші баласы томар болып туады. Күйеу бала асылып өледі. Сонда сонша тауқыметтен кейін кемпірдің шашы аппақ қудай болып, тас мүсінге айналады. Сол рольде, отыз күн репетицияда, шашым ағарып кетті. Ол менің 40-қа да келмеген кезім болатын. Кезінде: «Сәбира апам сахнаға дәрет алып шығады екен», - дегенде таңғалатынбыз. Сахнада ойнау бақыты алыстап бара жатқанда оның қадірін түсіне бастайсың. Жастарды сынайды кейде, олар аға-апаларының ролін көрмесе, шеберлікті қайдан алады? Студияда оқығанда қазақ өнерінің корифейлерімен қатар жүрдік. Сонда Бикен, Шолпан, Зәмзәгүл апайлардың жұлдызды шағы, Торғындардың сыңғырлап тұрған жас кезі. Сәбира, Хадиша апайлар тіпті бір тау сияқты. Оларға сөйлеу түгілі, көзіне тіктеп қарауға да батылымыз бармайтын. Ол кісілердің көзінен тамған әрбір тамшы жасына дейін сахнаның артында тығылып отырып көрдік. Бізден кейінгі балалар да өнердің қадірін білсе екен дейміз. Театр деген - сен беріп, ол беріп, жан алысып, жан берісу, көрерменмен тірі тыныс алмасу.

- «Менің режиссерім» дейтін режиссеріңіз кім?

- Райымбек аға Сейтметов мені актриса ретінде қалыптастырды. Қазақ театрына поэтикалық спектакль әкелген, ақынжанды, қазақ сөзінің мәйегін білетін, педагог режиссер болатын. Одан кейін шығармашылық қуаныш сыйлаған режиссер - Болат Атабаев. Болат рольге басқа қырынан келуді, образды заманауи беруді түсіндірген режиссер. Одан кейінгі бір асу -  Қуандық Қасымов. Сондай бір сабырлы, салмақты, терең, ескертпені көп айтпайды. Асықпай, үндемей отырып, сенің құлақ күйіңді келтіреді. Экран өнеріне келсек, ең алғаш Қанымбек Қасымбековтің «Қоштасқым келмейді» деген киносына түстім. Ал одан кейін мені үлкен киноға әкелген Талғат Теменов. «Адамдар арасындағы бөлтірікте» 20 күн Ақсу-Жабағылы қорығында түсірілімде болдық. Сонда Бикен апам әңгімесін, ақыл-кеңесін айтады. «Кеш болмай тұрғанда күнделік жаз», - деген. Содан бара салып, қалың дәптер сатып алғанмын. Түк те жазған жоқпын ғой...

- Жастар театрында «ішіңіз пысыңқырап» жүрсе де, режиссерлерге ренішім жоқ дейсіз. Әуезов театрына неге ауысып кетпедім деп өкінбейсіз бе?

- Академиялық театрдың жанындағы студияны бітірдім деп айттым ғой. Бір кезде жоғары білімі жоқтарға төмен жалақы төлейтін заң шыққан. Т.Теменов Өнер академиясында ректор болып тұрғанда, сырттай бөлім ашты. Бұл оның азаматтығы. Сөйтіп, бәріміз оқып, диплом алдық. Облыстың барлық актерлері рахмет айтатын шығар, мен де Талғатқа көп алғысымды айтамын. Сол студияны бітіргеннен кейін, жолдасымыз екеумізді академиялық театрға алып қалған. Аяғым ауырлап, бірден демалысқа кеттім, жолдасым алты айдай жұмыс істеді. Сөйтті де, пәтер жоқ, қиналған соң Шымкентке тартып кеттік. Ол құжаттарды алып, Шымкент театрына тапсырып қойыпты. Бірақ екеуміздің де арманымыз Алматы болатын. Жолдасыммен сегіз-ақ жыл отастық, ол ертерек қайтыс болып кетті. Содан кейін мен екеуміздің арманымызды орындау үшін, жалғыз болсам да, екі кішкентайымды ертіп, Алматыға келдім. Академиялық театрдың (қазіргі Жастар театрының ғимаратында еді) артындағы фонтанды үш күн айналып жүріп, есігінен аттап кіре алмадым. Бұл театрда өңшең сұмдықтар істейді, мен өзім оларға лайық емес сияқты, табалдырықтан аттауға да батылым жетпейді... Күнде жаяу Абайға дейін барамын. Жеңгем сұрайды: «Қалай, бастыққа жолықтың ба?», - дейді. «Бастық жоқ екен», - деп өтірік айтамын. Сөйтіп, Абылайханның бойымен, өрлеп бара жатсам, тура Қабанбайдың қиылысында Жастар театры болатын. Сол жерде бүкіл актерлер есіктің алдында тұр екен. Оларға да барып амандасуға батылым жетпес еді. Араларында Маман Байсеркенов бар екен. Аз бұрын ғана ол кісі Шымкентте спектакль қойып, мен бас кейіпкерін ойнағанмын. Амандасу парыз болған соң, жақындадым. «Ау, Гүлжамал, неғып жүрсің?». «Демалысқа шығып едім, елге кетіп бара жатырмын», - деп қоямын. Өзім академге кіремін деп ойлап жүрмін ғой. «Маман аға менің қандай актриса екенімді біледі ғой, ТЮЗ-ға барып көрейінші», - деп бір ойладым. Директорға кірсем, Сәкен Жүнісов отыр. Ал Маман аға қойған «Қапастағылар» Сәкен ағаның дүниесі болатын. Алланың өзі қиыстырады екен ғой. Әйтпесе, Сәкен аға алдымнан шығады деп кім ойлаған? Директор Сақтаған Тұрлымұратов деген кісі, жұмысқа келгенімді айтсам, «Облыстық театрлардан актер аламын деп онсыз да министрден таяқ жедім», - дейді. Алдында біраз облыстардан актерлер ауысқан, сөйтіп, олардың спекталкьдері тоқтап қалған, «облыстық театрлардан актер алмаңдар» деген нұсқау түскен. Мен айттым, «Аға, мен отбасы жағдайымен ауыстым» дедім. Сонда сөзге Сәкен аға араласты: «Әй, Сақтаған, сен мына актрисаны ал. Сенің театрыңда Ғазиза бар, Лидия бар, бірақ Гүлжамал оларға ұқсамайды. Мұндай актриса сенде жоқ» деді. Сөйтіп, құжатымды әкеліп ТЮЗ-ға орналастым. Аллаға мың шүкір деймін.

- Кеңестік қазақ театрында қазіргі театрда жоқ қандай игі дәстүрді айта аласыз?

- Бір спектакль бірнеше театрда қатар жүреді. Сонда актерлер бір-біріне барып, басқа құраммен, басқа қойылымдағы спектакльді ойнайтын. Жақсы тәжірибе алмасу болатын. Қазір де сол үрдісті жандандырса жаман болмас еді. Мысалы, Шолпан апай «Қобыландыдағы» - Құртқаны, С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалында» - Ажарды, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуда» Баянды ойнайды. Осы үш спектакльді ойнау үшін Шымкентке келгені бар. Шолпан Жандарбекова келді деп бүкіл Оңтүстік қырылып қала жаздадық. Бізде «Қобыланды» жаңа ғана қойылып, сахнаға енді шығайын деп жатқан. Бас репетициямызды көрді де: «Айналайын, Гүлжамал ойнайын деп жатыр екен. Жолын кеспей-ақ қояйын, әдемі Құртқа шығайын деп тұр, мен ойнамаймын. Мына костюмімді Гүлжамалға сыйладым», - деп, Құртқаның костюмін сыйлап кетті. Басқа бір таяздау актриса болса, «Мен кереметті көрсетейін сендерге. Мынауларың немене!», - демейтін бе еді? Әйтпесе біз қайбір қатырып жатыр дейсің, әрі кетсе жастығымызбен алған шығармыз. Осы бір парасаттылығы үшін Шолпан апама өмір бақи қарыздармын.

- Қазір театрда сөз арзандап, ұсақталып бара жатқандай көрінбей ме сізге?

- Заманауи драматургияда, қазіргі сөз саптауда бәрі де кешірімді шығар. Бірақ классика, Ғабеңнің, Мұхаңның күмістей сыңғырлаған сөздері қате айтылып жатса, нағыз масқара сол. Ал мұндай олқылық күнде болып жатады қазір. «Құдай-ау, образын қоя тұрып, құрығанда сөзін дұрыс айтып шықса ғой», - деп ойлайсың.

- Сахналастарыңыздың сізге «оң жамбасқа келетіні» қайсысы?

- Күләш Қажығалиева екеуміз «Көп ішінде жалғыздарда» екі жалғыз кемпірді ойнадық. Спектакльдің сахналық шешімі де сондай, есік, есік, есік, есік... Бірақ ешкім ешкімнің есігін қақпайды. Көңілінің есігін де қақпайды. Ешкім жаныңды түсінбейді, түсінгісі келмейді. Сонда арамызда ғажап бір түсіністік орнады. Нағыз жаныңды қозғайтын партнер. Сол үшін Күләш апайды сыйлаймын. Лидия Кәден де өте жайлы серіктес. Досхан Жолжақсынов сахнада алдамайды. Қадырғазы Қуандықов та сондай.

- Көп сөйлемейтін, біртоға адам сияқты көрінесіз...

- Жан сырымды көпке шашып, лақылдап сөйлеп, қарқылдап күлу табиғатымда жоқ. Шешем сондай еді, еш уақытта даусын көтермеген, аузын ашып күлмеген адам болатын. Оқымаған-ақ адам, бірақ ішкі мәдениеті ғажап еді. Менің кластастарым, ауылдастарым «Гүлжамал әртіс болыпты» дегенде таңғалған ғой. Қазір де анда-санда бір боянамын, әріптестерім: «Тү-у, Гүлжамал апай, неге боянып жүрмейсіз?», - деп сұрайды. «Мен әдемілігімді сахнаға сақтаймын», - деп күліп қоямын. Күлкімді де, көз жасымды да сахнаға сақтаймын. Жан-дүниеңдегі төңкерістер, арпалыстар құпия болып ішіңде тұнып жатпаса, сахнаға неңді алып шығасың? «Неге сіз туралы өсек жоқ?», - дейді. Мен де пендемін. Бірақ ала жіп деген ұғым бар. Біреудің ала жібін аттамасаң, Алла өзі бәрін де реттейді. 25 жасымда күйеуден қалдым. Ұлым мен қызымды ешкімге жалтақтатпайын деп, белімді бекем будым. Қазір алты немерем бар, қызым шет елде тұрады, ұлым мен келініммен бірге тұрамын. Өнер адамы болар-болмас, бірақ немерелерім театрды жақсы көреді, титтейінен театр ауруымен ауырған. Құдайға шүкір.

- «Театрымыз өсіп келеді» деп жиі айтасыз. Жас актерлерден кімдерді атап өтер едіңіз?

- Қай кезде де жақсы спектакльге халық келеді. «Ең әдемі келіншек» 20 жылдай болды ма, әлі күнге дейін халық келеді. Лидияға арналып жазылды, Лидияға арналып қойылды, біз жанындағы құрбыларын ойнадық қой. Көрермен залында қыздар талып, жедел жәрдеммен алып кететін еді ғой. Немесе «Бесеудің хаты» деген спектакльде терезені шағып кіргендер болды. Қазіргі жастарға келсек, бәрінің болашағы алда ғой. Қай-қайсысының да жұлдызы жансын. Театрдың қазығы болып қалатын адамдар өсіп-өнсе екен дейміз. Образға ақылмен келетін актер деп Рахман Омарды айтамын. Жанар Мақашеваға Алла бәрін берген. Интуициямен ойнайды, бірақ дөп түседі. Ол да жанын аямайды. Сахнаға сондай таза, жаны таза адам керек. Сахна деген айна ғой, сенің биіктігің, тарлығың, кеңдігің - бәрі көрініп тұрады. Басқа да талантты жастар бар, бірақ осы екеуі де жетіп қалар.

- Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан - Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320