Сенбі, 23 Қараша 2024
Қырдағы әңгіме 5824 17 пікір 23 Наурыз, 2021 сағат 13:31

Аляска келіссөзі: Кімнің есебі түгел?

Наурыздың 18-і күні АҚШ пен Қытайдың бірінші кезекті жоғары деңгейдегі кездесуі Аляскада басталды. Ақ үйге кіріп орныққанына тура 58 күн болған Джо Байден үшін бұл кездесудің стратегиялық, тактикалық маңызы зор болмақ. Бұл кездесуге екі жақ та барынша тыңғылықты дайындалғаны байқалып тұр. Трамп кезінде басталған сауда соғысы бәсеюдің орнына өршіп, екі ел өзара дипломатиялық өкілдіктерін жабуға дейін барды. Кейбір сарапшылар: «Жаңа қырғи-қабақ» соғыс басталу алында тұр», деп жатыр.

Д.Байден Үкіметі бұл жолы дара шаппай, оқшауланбай, одақтастарымен келісіп, кеңесіп олардың мүддесі - Ақ үйдің де мүддесі екенін ашық айтып, адамзатқа тән ортақ құндылықтарды ұмытпайтынын, керек кезде орта жолда қалтырмайтынын сөзімен де, ісімен де анық аңғартты.

Наурыздың 16-17-сі күндері АҚШ-тың Мемлекет хатшысы Э.Блинкен мен Қорғаныс министрі Л.Остин Жапония мен Кореяға мемлекеттік сапармен барды. Л.Остиннің одан кейінгі сапары Жаңа Делиде жалғасты. Осы сапар барысында АҚШ Қорғаныс министрі: «Одақтастарымызбен күш біріктірудегі мақсатымыз - Қытайға сес көрсету әрі әлсіріп кеткен ықпалымызды арттыру»,- деп ашық айтты.

Қытай да қарап жатқан жоқ, келіссөз басталады дегеннен бастап әрекеттене бастады. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров наурыздың 22-23-і күндері Қытайға сапарлап келетін болды. Сонымен бірге, Ресей анексиялап алған Қырымға Қытай көп мөлшерде инвестиция салады деген сөз айтыла бастады. Бұдан сырт, Солтүстік Кореямен қарым-қатынастың жаңа белеске көтерілетіні сөз болып жатыр.

Бұл реткі келіссөзге қатысушылардың саны аз болғанымен, екі жақтан да ауыр салмақтағы саясаткерлер қатысты. ҚХР Орталық саяси кеңесінің мүшесі, ҚХР Орталық сыртқы істер комитетінің бастығы Ян Цзечи мен Үкімет мүшесі әрі ҚХР-ның Сыртқы істер министрі Ван И бастап келді. Ян кезінде АҚШ-та бас елші болған, екі кезек АҚШ Президентімен достық қарым-қатынас қалыптастырған тұлға. Ху Цзиньтао заманынан бері Қытай сыртқы саясатының майын ішіп, жілігін шаққан тәжірибиелі саясаткер. Д.Трамп кезінде Қытай Премьер министрінің орынбасары Лю Хы бастаған сауда делегациясының құрамында болмаған. Ал Қытайдың Сыртқы істер министірі Ван Қытай сыртқы саясатындағы «қырғилардың» бірі. Қытай реформасының атасы Дэнь Сяопинь ортаға қойған қырық жыл Қытай сыртқы саясатының қыбыланамасы болған «бетегенден биік, жусаннан аласа болу» концепциясы ескерусіз қалып, әлемге Қытайдың күші мен құдіретін әйгілеу күн тәрбіне шыққанда, Қытайдың ежелгі жауы Жапонияда елші болып келген Ван сыртқы саясатының тізгінін ұстағанда, Қытай айналасындағы елдермен территория дауы өршіп, қатаң позициясымен танылды. Сол үшін де шетел журналистері жағынан «соғыс бөрісі дипломатиясының» дәріптеушісі әрі атқарушысы атанды.

АҚШ жақтан Мемлекеттік хатшы Э.Блинкен мен Президенттің қауіпсіздік кеңесі жөніндегі көмекшісі Д.Салливан мен Қытай мәселесі бойынша арнайы мамандар қатысты.

Келіссөзде сөз алған Э.Блинкен «Қытайдағы саны аз ұлттар мен Гонконг, Тайвань мәселелерін, одақтас елдермен Қытай арасындағы саудадағы теңсіздік, кибер шабуылдар, климаттың өзгеруі», туралы айтты. Осыдан кейін «BBC» және «Неміс толқыны» ақпараттарының жазуынша АҚШ жақ журналисттердің залдан шығып кетуін өтінген. Осы кезде сөз алған Қытай уәкілі Ян журналисттердің өз сөзі аяқталмай жатып залдан кетуіне қарсылық білдірді әрі «Синьцзянь, Тибет, Гонконг, Тайвань Қытайдың ішкі ісі, оған баға беруге ешкімнің қақысы жоқ, Қытайдың территориялық тұтастығына нұқсан келтіруге болмайды. Бұл тақырып талқыланбайды», дегенді емексітпей шегелеп айтты. Саяси кеңес мүшесінің бұл сөзін батыс сарапшылары мен журналистері «өз елінің оқырманына көрсеткен «қойылым», деп бағалады.

Келіссөз 3 сағаттан 3 мәрте өтеді деп келісілген. Басында оқ дәрінің иісі аңқып, кез келген уақытта екі жақ үстелді қойып қалып, тұрып кететіндей болып көрінгенімен біртіндеп сабасына түсті. Тоқтамай 17 минут сөйлеген Ян «тілмәш үшін бұл үлкен сынақ болды», деп тоқтағанда Э.Блинкен «тілмәш енді барын салу керек», деп қостай кетті. Осы кезде қатуланып отырған екі жақтың да езуіне болымсыз күлкі үйіріліп, сұлу тілмәш ақ қар - көк мұз құрсанған Алясканың ауа-райын жылтып жібергендей болды.

Ары-бері ырғасқан екі тарап климаттың өзгеруін талқылағанда үндестік тапқандай болды. Екі жақ біріккен қызмет группасын құруға уәделесті. Алда АҚШ-та өтетін форумға Бас секретарь Сидің келіп қатысуын қарсы жақ қалады. Бірақ Қытай үнсіздік танытты. Әрине, нақты жауапты ең жоғарғы билік айтатын болар. Ал ядролық қаруларды кеңейтпеу мәселесі талқыланып, Солтүстік Корея, Иран мәселесі сөз болғанда екі жақта бұған мүдделілік танытты. Тіпті Қытай жағы уақыттың тым кешеуілдеп бара жатқанын сөз етті.

Қытайдың АҚШ-тағы Бас елшісі Суй Тянькай келіссөз басталар кезде журналистерге былай деген еді: «Осы аралықта біз көп дайындалдық, әрине, бір реткі диалогпен Қытай-АҚШ арасындағы бар мәселе шешіледі деп үміттенбейміз. Сондықтан бұл реткі диалогқа артық үміт артып, қиялға берілмейміз. Бұл тек бастамасы ғана, осыдан кейін екі жақ шынайы, сүбелі, ақылға қонымды диалог пен түсінісу басқышына өтеді. Осылай болғанда ғана бұл реткі келіссөз табысты болды деп білеміз. Қысқаша айтқанда екі жақ шын көңілмен келіп, түсінісу арқылы тарағанын үміт етемін».

Кездесу кезінде АҚШ Президенті Д.Байден Мемлекеттік хатшының келіссөз кезіндегі ұстанымына жоғары баға беріп, ол үшін мақтанатынын айтты. Ал Ақ үйдің тағы бір мәнсәптісі: «АҚШ-Қытай керек болса бәсекелеседі, мүмкін болса келісімге келеді, жауласада алады», деп бұл реткі кездесуге өз бағасын берді.

Келіссөзден кейін Қытай блогері Лю Ипей: «Екі жақ үш рет кездескеннен кейін, бұған дейінгі Трамптың сыртқы саясатының жаназасын шығарды», деп бағалады. Кездесу өтіп жатқан кезде батыс баспасөзі Қытай АҚШ-тан 28 дана әуе кемесін сатып алу келісіміне келгенін хабарлап үлгерді. Сонымен Трамп әкімшілігі қойған шектеулердің шеті сөгіле бастаған сияқты. Кездесу кезінде Мемлекеттік хатшы Э.Бленкин: «Бізде де қателіктер болды, бірақ біз оны мойындап түзетуге тырысамыз. АҚШ-тың дамуының бар сыры осында», деп сезімге бой ұрмай, біраз нәрсені сыпайлап, қамшылап жеткізді. Сонымен жоғары деңгейдегі келіссөз мәресіне жетті. Екі жақтың да алғашқы шарпысуын сарапшылар екі тараптың да журналистерге көрсеткен қыры деп пайымдады. Ал жабық есік жағдайында қандай келісімдерге келгенін екі алпауыт елдің алдағы сөздерінен, жүрістерінен аңғарамыз.

Бұл реткі келіссөзде қонақ иелері жағынан ешқандай түскі, кешкі қонақасыға дайындалмағаны мәлім болды. Министр Ванның: «Түскі асқа не жедіңіз», деген сұрағына Ян мырза: «Түскі асқа тез дайындалатын лапша жедім», деп жауап бергенде, аздап реніш байқалып тұрды.

Өркениеттер қақтығысы деген осы шығар. Қонағын төредей көріп, дастарханды бәрінен жоғары қоятын шығыс халықтарының менталитеті үшін бұдан өткен қорлық жоқ шығар, әрине. Ян мырза елші кезінде осы елдің атқа мінерлерін жайылып жастық, жиылып төсек болып, талай күткен шығар. Бірақ мигранттардан құралып, жиһангерлердің әдет-ғұрпы сіңген мемлекеттің шенеуніктері ондайға пысқыра бермесе керек.

Экс-мемлекет хатшы Г.Киссенджер: «Қытайлар көшпелі сақ-ғұн, түріктермен ұзақ жылғы қарым-қатынаста соғыста кеткен есесін келіссөз кезінде жібек, алтын, күмісін беріп, көл-көсір дастархан кезінде қайтарып алады», деген сөзі еске түседі. Бұл пайым болашақта біздің дипломаттардың санасына сәуле түсірсе құба-құп болар еді. Әрине, екі супер державаның бастары әрқашан бір қазанға сыймас, бірақ ортақ мүддеге келгенде тіл табысуы ғажап емес. Қысастық азайса да, бәсекелестік күшейері сөзсіз. Қазірдің өзінде осының ұшқындары байқала бастады. Әлемді жайпап кеткен короновирустың вакцинасы табылғаннан бастап қазба-байлықтың, акцияның құны өрлей бастады. Екі державаның нарыққа таласы осы салаға ауды. Қытай Түркия, Иран, Куба, Қырғызстан, Мексика және Шығыс Азия сияқты әлемнің 43 еліне вакцинасын өткізе бастап еді, жақында АҚШ Индия, Жапония, Австралия елдерінің басшылары ортақ мәлімдеме жариялады. 2004 жылы құрылған «Төрттік одақ» бірлесіп 1 миллиард вакцинаны Индияда өндіруге келісімге келді. АҚШ пен Жапония жоғары технология мен қаржы шығарса, Индия арзан еңбек күші мен өндірісті қолға алмақшы, ал Австралия транспорттағы өз артықшылығы мен басымдығын көрсетпекші. Үнді-тынық мұхит аумағын қамтып жатқан бұл жобаны Қытай «НАТО-ның көшірмесі» деп бағалады.

Трамп командасы Қытаймен күресте дара шауып, одақтастарын елеусіз қалдырып, өкпелетсе Д.Байден Үкіметі сол қателіктердің орнын толтырып, АҚШ-тың әлемдегі рөлі мен ықпалын қайтадан тіктеуге күш салатын сияқты. Жақында үшінші дүние елдерінің бірінде соғыс өрті тұтанып жатса, таңдаңбаныз. Американың шын мәніндегі қожасы - атақты жиырма әулет қару-жарақ, вакцина сатудан, нарко бизнестен өз үлестерін алуы керек қой.

Егескен екеудің, «жыланды үш кессе де кесірткелік қалым бар», деп жүрген «аю» көршімізді қосқанда, үшеудің қабағына қараған біздің халіміз не болады? Қазірге дейін тегеурінді ұлт көшбасшысының көп векторлы саясатының арқасында көп-көрім табысқа жеттік. Бірақ осы табысымызды көре алмайтын мерездер ішімізде де, сыртымызда да жетіп артылады. Сырттағылар қазба байлықтың қалқасына жасырылған демократия, кісілік құқық, еркіндікпен шырғаласа, іштегі иіс алмастар билікті қолына ала салып, үш ғасыр бойы бодандықтан рухы жасып, тілі, діні, ділі тоналып талан-таражға түскен. Халқымыздың басына «ұжымақ» орната салмақшы. Олардың ниеті іске асса сұмдық сонда болады. Ауғанстан, Сирия, Иранмен жылап көрісеміз. Грузия мен Украина айналайынға айналады. Тибет, ұйғыр, күрт киген қамыт біздің басымызға да киілуі мүмкін. Ойланайық ағайын!

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415