Жер комиссиясы. Алғашқы отырыста қандай ұсыныстар айтылды?
25 наурыз күні Астанада Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Комиссияның міндеті – ауылшаруашылығы мақсатындағы жер қатынастары саласын дамыту мәселелері бойынша ұсынымды әзірлеу.
Комиссияның төрағасы ҚР Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, төрағаның орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, комиссия хатшысы – ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов болды.
Комиссия құрамында жалпы 80 адам бар. Вице-премьер Тоғжанов мырзаның айтуынша, комиссияның 60 пайызы азаматтық қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар. Жиынға 44 адам өңірлерден онлайн арқылы қатысты. Бірлі-жарым спикердің орыс тілінде сөйлегенін айтпағанда, қазақ жерінің мәселесі қазақ тілінде талқыланды!
Біз отырыста айтылған нақты ұсыныстар мен пікірлерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Ералы Тоғжанов, Комиссия төрағасы:
- 2016 жылы ауылшаруашылық жерлерін Қазақстандықтарға жеке меншікке, шет елдіктерге, шет елдік заңды тұлғаларға, шет елдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жалға беруге мораторий енгізілген болатын.
25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5 отырысында ҚР президенті Қ.Тоқаев ауылшаруашылығы жерлерін шет елдіктерге және шет елдік компанияларға азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салу туралы саяси шешімін жариялады. Бұл бойынша Заң жобасы 12 наурызда Парламентке енгізілді.
Ал, бүгінгі комиссияның міндеті – ауылшаруашылығы мақсатындағы жер қатынастары саласын дамыту мәселелері бойынша ұсынымды әзірлеу.
Сапархан Омаров, АШМ:
- Мен А/Ш жерлерін тиімді және ұтымды пайдалану туралы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айта кетсем.
Бүгінгі күні Мемлекеттік шекарадан ара қашықтықты айқындай отырып, шекара маңындағы аймақта ауылшаруашылығы жерлерін шет елдіктерге, шет елдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған азаматтарға беруге тыйым салынған.
Халықтың жеке малын елді-мекендердің маңында күтіп бағу мұқтаждықтары мемлекет мұқтаждықтары санатына жатқызылды. Бұл оларды мәжбүрлеп алып қоюға заңнамалық негіз береді.
Ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға мемлекет бақылауын күшейту мақсатында 2019 жылы Жер кодексіне жерді қашықтан зонттау деректерін пайдалану жөнінде өзгерістер енгізілді.
Ұқыпсыз жер пайдаланушыларды пайдаланылмайтын ауылшаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономиалық тұрғыдан мәжбүрлеу мақсатында, 2020 жылы желтоқсанда салық кодексіне пайдаланылмайтын ауылшаруашылығы жерлеріне арналған салық мөлшерлемесін 10 еседен 20 есеге дейін ұлғайтуды көздейтін түзетулер қабылданды т.б.
2016-2020 жылдар аралығында 15,4 млн.га пайдаланылмайтын А/Ш жерлері анықталды.
Жигули Дайрабаев, Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы:
- Біріншіден, жердің Қазақстан азаматтары үшін 49 жылға жалға берілуін шегелеу қажет. Онымен қоса, жалға алу құқығын сақтай отырып, жердің атадан балаға мұра болып қалуын қамтамасыз еткен жөн. Және 49 жыл пайдалану құқығы біткен соң, сол жерді пайдаланушы немесе соның ұрпағы әрі қарай пайдалануға алу үшін басымдық құқыққа ие болуы керек. Ол үшін Жер кодексінің 37-інші, 97 баптарының түбегейлі қарастырылуын сұраймын. Жер тек өз еліміздің азаматтарына жалға берілуі керек.
Екіншіден, жер шет елдіктерге берілмесін деп дабыл қағып жүргенде, қазіргі жер пайдаланушылардың Қазақстан резиденттігінен шығып, шет ел азаматтығын алып жатқанын байқамай қалдық. Фактілер бар. Жақын арада тиісті материалдарды комиссия назарына ұсынамыз. Шет ел азаматтығын алып жатқандар қолында бар мыңдаған гектар жерлерді банктерге кепілдікке қойып, қыруар ақша алып, кейін шет елге кетіп қалмасына кім кепіл?
Үшіншіден, жерді жалға алғандардың ашық тізімі болуы керек. Тіпті жер пайдалану үшін заңды тұлғалардың құрылтайшыларының кім екенін, қай жердің азаматы екенін, жердің нақты иесін халық білуі шарт.
Төртіншіден, жер – өндірістің негізгі құралы. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеретін де осы жер. Сондықтан, А/Ш жерлерінен түсетін салықты төртінші деңгей болып есептелетін ауыл бюджетіне тікелей түсуін қарастыру қажет. Қазір ауыл бюджеті 6 түрлі салықтан құралады. Алайда, оның жиынтығы ауыл әкімдері аппаратының бір айлық жалақысын қамтамасыз етуге де жетпейді. Қайталап айтамын, А/Ш салығы - ауыл бюджетіне тікелей бағытталуы тиіс.
Бесінші. Аудан әкімдіктеріндегі жер комиссияларын жоюды талап етеміз. Цифрландыру дамыған заманда коррупцияға да, адами факторға да жол жоқ. Жерді жалға беру процесі әділ әрі жеңіл болуы керек. Фермерлердің цифрландыру саласында тәжірибесі де біліктілігі де аз. Сондықтан цифрландыруды енгізе отырып, шаруаларды тегін оқытуды қолға алуымыз керек. Сондай-ақ, жалға берілетін А/Ш жерлерін шабындық болсын, жайылым болсын, негізгі актив ретінде қарастырып, оның кепілдік бағасын еселеп өсіру қажет. Бұл – шаруалардың несие алу мүмкіндігін жеңілдетеді.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Меніңше, Қазақстандағы А/Ш жерлер тек жеке меншікке емес, тек мемлекеттің құзырында болуы керек.
Біріншіден, А/Ш көлемі бойынша Қазақстан әлемде 6-шы орынды алады. Ал, егістік алқаптары бойынша жан басына шаққанда Автстралиядан кейін 2-ші орындамыз. Яғни, бір адамға шамамен 1,3 гектар егістік жер келеді. Басқаша айтқанда бізде халық тығыздығы өте төмен. Сондықтан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біздің жер ресурстарымыздың жеке меншікте емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Жер тек қана жалға берілуі тиіс.
Екіншіден, қазіргі уақытта Қазақстан экономикасы негізінен жер асты пайдалы қазбаларының арқасында дамуда. Бірақ, олар бір кездері аяқталатын ресурстар. Сол кезде бізге А/Ш жерлерін пайдалану қолжетімді болуы керек.
Үшіншіден, бүгінде А/Ш жерлерге жеке меншіктің болмауы аграрлық салаға инвестициялар тартудың басты тежегіші болып табылады деген пікір бар. Шынында да, агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту жағынан әлемнің жетекші елдерінен көп артта қалып отырмыз.
Жер ресурстарын жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік жер инспекциясының вертикалін қалпына келтіре алмадық.
Ауылдың малын жаюға 32 млн.га дан астам жер жетіспейді. Бұл Үкімет қарауына 2016 жылы ұсынылған. Бірақ, әлі шешімін тапқан жоқ.
Мұхтар Тайжан, Саясаткер:
- ҚР азаматтығын беру тәртібін қатаңдату керек. Өйткені халықаралық тәжірибе бойынша, азаматтық алу үшін кейбір елдерде мемлекеттік тілден, сол мемлекттің тарихынан емтихан тапсыруы қажет. Кемі 5 жыл тұрып, сол елге деген берік ұстанымын дәлелдеу керек.
2016 жылы халық көшеге шыққан кезде, Жер ешкімге сатылмасын деп айтты. Сондықтан біз ҚР азаматтарына да жеке меншікке жерді бермеуіміз керек. Мен қазір А/Ш арналған жерлерді айтып отырмын. Яғни, Қазақстанның 80 пайыз жері туралы айтып отырмын.
Тағы бір айтарым, Жер кадастры ашық болуы керек. Жер кімнің қолында, кім игеріп жатыр, кім пайдаланып жатыр деген ақпараттар халыққа айқын болуы тиіс.
Кейбіреулер бұл жеке мәлімет туралы заңға қарама-қайшы дейді. Олай емес. Себебі, жердің ауылшаруашылыққа арналған 99 пайызы ол мемлекеттің меншігі. Сондықтан, бұл жеке мәлімет туралы Заңға қайшы емес.
Біздің халқымыздың тең жартысы – ауылда тұрады. Бәрімізге мәлім, кез-келген ауылға барсаңыздар, «жайылым жер жоқ», «шабындық жер жоқ», «егістік жер жоқ» дейді. Біреулердің қолында. Қазір Үкімет, мемлекет өзінің осы қатесін түзетуі керек. Ауыл маңындағы жерлерге қатысты келісім-шарттарды бұзуымыз керек.
Алматы облысы, Ақсу ауданының 2010 жылы су апатынан зардап шеккен ауылының тұрғындары 500 қол жинап, менің қолыма ұстатып, Сіздерге, Президенттің атына мәлімдеме жасады. Бұл ауыл бүгінгі таңда жер мәселесінен зардап шегіп отыр. Мұндай ауылдар көп. Бұл жерлерді біз қалай қайтарамыз, әрине космомониторинг арқылы!
Құрметті министр мырза, Сіз қазір өзіңіздің баяндамаңызда: «1 қаңтардан бастап, космомониторинг бүкіл Қазақстан бойынша қосулы», дедіңіз. Өкінішке қарай, бұл сөзіңіз шындыққа жанаспайды. Өйткені Сіздің шешіміңізбен, өткен желтоқсан айында ИСЖ деген база жабылды. Үш ай болды, міне, бірінші квартал бітейін деп жатыр, космомониторинг соқыр. Сондықтан ИСЖ жүйесін ашуыңыз керек. Өйткені бұл мемлекеттің ақпараты. Ол бәрімізге тиесілі ақпарат. Ондай ақпарат ашық болуы керек!
Келесі менің ұсынысым – бірыңғай аграрлық салық енгізу керек. Өйткені бос жерді пайдаланбай ұстайтындарға, жер салығы өте төмен. Ал, ол жерді жұмыс істететін болса, қосымша 7-8 салық қосылады. Яғни, бұл экономикалық, салық жағынан жұмыс істеуге тиімсіз.
Келесі мәселе – банктерде тұрған жерлер. Мыңдаған, миллиондаған жерлер банктерде кепілдікте тұр. Әсіресе, шет ел банктерінің кепілдігінде тұр. Ол үшін менің ұсынысым – Үкімет біржақты келісімшарттарды бұзып, сол жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару керек.
Тағы бір мәселе – субаренда. Субарендаға біз жол ашпауымыз керек. Ол латифундистердің негізі. Егер субарендаға жол берсек, халық ол жерге ешқашан қол жеткізе алмайды.
Келесі мәселе – осы жер комитетінің күші өте әлсіз болып тұр. Өйткені жергілікті жер инспекторлары әкімдерге қарайды. Сонда әкімдер бір қолмен жерді бөліп береді, екінші қолмен өз-өзін бақылап отыр. Ол дұрыс емес. Бақылау функциялары жер агенттіктерінің қолында болуы керек. Ал, жер агенттіктерін АШМ-дан шығарып, тікелей Президентке бағындыру керек.
Тағы бір үлкен сұрақ – жердің системалары СК-42. Бұл соғыс кезіндегі жүйемен әлі істеп келе жатыр. Қағаздық жүйемен. Бұл ұят. Сондықтан осы комиссияға СК-42, Агрохиманализ, ИСЖ, АИСГЗК, Жер кадастры осылардың бәрі біздің алдымызға келіп, осы базаларды баяндап берсін.
Бұл комиссияның нәтижесі – Заң болуы керек. Тек ұсыныс түрінде қалмауы тиіс.
Сапархан Омаров, АШМ:
- Егер біз ақпаратты ашық бермеген болсақ, онда былтырғы космомониторингті қалай өткіздік? Бұл – бір. Екіншіден, космомониторингке керек ақпараттың барлығын беріп жатырмыз. Бірақ сол космомониторингті жүргізіп жатқан қолдау жүйесіне не керек екені белгісіз. Бір ақпарат сұрайды, екінші ақпарат сұрайды, кей кезде бір-біріне қайшы келеді. Келсін бізге, біздің есігіміз ашық. Қандай ақпарат керек, барлығын береміз...
Мұхтар Тайжан, Саясаткер:
- Кешірім өтінемін, министр мырза, Сіздің есігіңіз, керісінше, жабық қой. Иә, былтыр космомониторинг жыл бойы жұмыс істеді. Иә, миллиондаған жерлер қайтарылды. Ол рас. Бірақ 15 желтоқсанда бұл ақпарат жабылды. Осы мәселені жиналып шешейік. Өйткені космомониторинг үш ай бойы істемей тұр. Жап-жақсы істеп тұрған жүйені не себепті жауып тастадыңыздар? Мен кездесуге дайынмын...
Базарбек Бақытжан, Заңгер:
- Жер кодексінің 97 бабының 3 тармағына өзгерістер енгізіп, яғни, шаруа қожалығынан жеке саяжай құрылысы және бағбандыққа жердің нысаналы мақсатын ауыстыруды тоқтату туралы норманы ұсынамын. Бұл бір.
Екіншіден, шартты жер үлесінен құрылған А/Ш мақсатындағы жерлерді банктерге кепілге қоюға тыйым салу туралы норманы ұсынамын. Бұл Жер кодексінің не 97, не 100-бабында ашық көрініс табуы тиіс.
Үшіншіден, инвестициялық жобалар. Олардың аясына А/Ш жерлерді, құрылыс үшін бірқатар инвесторлар жерлерді алып отыр. Бірақта, жобаның инвестициялық екенін тану үшін арнайы ереже керек. Қазір АШМ-да осы ереженің жобасы жатыр. Ол әлі бекітілмеген. Сондықтан осындай жобаларды инвестициялық жоба деп тану туралы ережені дереу қабылдауды ұсынамын.
Төртіншіден, конкурстар. Жер кодексінің 43/1 бабына мүдделердің қақтығысуы деген норманы енгізу қажет.
Бесіншіден, жеке тұрғын үй құрылысы. ҚР-да 1,5 млн адам тізімде тұр. Ол да жер ресуртарын басқару комитетінің құзырында. Бірақ, бұл мәселені шешу керек. Жер кодексінің жаңа редакциясында ГЧП яғни жеке бизнестің инженерлік жүйелерді орнықтыруда жек бизнестің инвестициясы нәтижесінде жартылай мемлекеттің кеткен шығындарын жеке жүйелерге бизнесін қаржыландыру есебінен осы тізімдерді жылдамдатқызу керек.
Мұрат Әбенов, Саясаткер:
- Жерді сатып қана нарық жасамайды, көп мемлекеттерде аренда нарығы бар. Жылда бағасын белгілейді. Сосын бүкіл қоғам, сол мемлекеттің азаматтары сол арендаға беру арқылы пайдасын көреді. Бізде сол жүйені пайдалануымызға болады.
Шпекбаевтың агенттігі жер қатынастары бойынша қандай сыбайлас жемқорлық фактілері бар екенін баяндап берсе деген ұсынысым бар.
Жер қатынастарының әлеуметтік-демографиялық жағдайға әсері қандай болатыны туралы ақпарат болғаны дұрыс.
Және осы комиссияда дауыс беруді атын атап көрсету керек. Өйткені жерді жеке меншікке беруді қолдап отырған азаматтар болуы мүмкін. Олардың кім екенін барлығы білуі керек.
Айдос Сарым, ҚР Мәжіліс депутаты:
- Бірінші. Жер комиссиясының негізгі хаттамасында жасалған бағыттар бойынша, министрлік есеп дайындаса: «Мына шешім қабылданды, мына шешім қабылданбады, Неге?», деген сияқты.
Екінші. Қазір байқап отырмыз, 5-6 бағыт айқын көрініп келе жатыр. Оның алғашқысы сөзсіз – конституциялық құқықтар. Яғни, адамға жер берілуі керек пе, жоқ па деген сияқты бір жұмысшы тобында заңгерлер кірген фундаменталды үлкен мәселелерді қарастыратын топ. Сосын, ақпарат пен кадастр мәселесі. Ол да сөзсіз керек.
Үшінші. А/Ш жерлері: Жайылым, шабындық деген мәселенің айналасында неге сол қабылданған заңдар жұмыс істемей жатыр деген кәсіби анализ жасасақ. Сосын А/Ш мамандарының арасында үлкен сауалнама жүргізсек.
Және бізге жұмысымыз айқын болуы үшін ақпараттық топ керек. Әрине тамыз айына дейін әлі жұмыс істейміз. Сол уақытта алдағы 20-30 жыл алаңсыз жүретін шешім қабылдаймыз деп сенемін.
Расул Жұмалы, Саясаткер:
- Жер кадастрының ашық болуы, оның ішінде латифундистерге қатысты. Меніңше, осы қазақ жерін жалдауға келгенде оның ең бір жоғарғы шектеуін белгілеу керек. Яғни, 10 мыңдаған га емес, 500 га мен шектеле ме, әлде бақа бір межемен шектеле ме, осы мәселенің шегін белгілеу керек сияқты.
Жердің жеке меншік мәселесі. Өз басым жердің жеке меншікке өткенін қолдаймын. Бірақ, ол дәл қазіргі сәтте қаншалықты тиімді? Асығыстық болмай ма? Өйткені бұған дейін қордаланған мәселелер бар: Екіленген азаматтық, сол жерді игере алмай, субарендаға беру дедік. Сондықтан жерді жеке меншікке жалға алудың қосымша бір шарттарын қарастыру керек.
Келесі мәселе – жердің шет елдіктерге жалға берілмейтіні, сатылмайтыны айтылып жатыр. Дұрыс-ақ. Бірақ, бұған дейінгі мәселелерді қайтеміз? Мәселен, тек қана Ресейдің Қазақстаннан полигонға алып отырған аймағы 8,6 млн.га. Орасан зор аумақ.
2016 жылы естеріңізде болса, Қытай 1 млн.га жер алуы мүмкін дегенде бүкіл ел өре түрегелді. Ал, мынау 8 есе көп аумақ. Ал, бұған төленген өтемақы 20 млн.доллар ғана. Полигоннан бізге қанша зардап келіп отыр? Осы мәселені қарастыру да жөн сияқты.
Тағы бір мәселе – 10 сотық жер. Ол шет елдіктерге жалға беруге бар екен, латифундистерге бар екен, бірақ, 1,5 млн. адамға жер жетпей әлі кезекте тұруы да ойланатын мәселе.
Дәурен Қуат, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:
- Бірінші мәселе, қандастарға жердің жалға берілмеуі, сатылмауы туралы министр мырза түсініктеме бере кетуі керек еді. Бұл ашына айтатындай әңгіме емес. Себебі, қандас дегеніміз – уақытша статус. Бір жылдың ішінде шетелден келген этникалық қазақтарға, өзіміздің бауырларымызға азаматтық береміз, бір жылдан кейін азаматтық алған қандастар Қазақстан азаматына тиесілі барлық мүмкіндіктерге ие болады. Мұны мен әдейі қадап айтқым келеді, неге десеңіз, осы жер комиссиясының отырысынан кейін «Қандастарға жер берілмейді екен, қандастарды кеудесінен итеріп отыр» деген сөз шығып, әлеуметтік желіде түрлі пікірлер болуы ықтимал. Сондықтан, мәселенің басын ашып алған дұрыс деп ойлаймын.
Екінші мәселе, жер мәселесімен көптен шұғылданып жүрген азаматтар жиналыста отыр. Дей тұрғанымен, біз ауыл шаруашылығы мамандарының мәселелеріне тереңдеп бара алмаймыз. Жерді пайдаланудың барлық тетіктерін шешу үшін фермерлермен, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген адамдармен ымыраға келуіміз керек деп ойлаймын. Оларды көбірек тыңдауымыз керек. Алдағы отырыстарымызда онлайн байланыстар жасау керек шығар. Бірақ, ол әкімдік тарапынан болмауы керек. Әкімдік адамдарының біреуді дайындап, осылай сөйле, бізде бәрі жақсы деп айтқаны керек емес. Бізге күнделікті мәселені көріп жүрген фермерлердің, диқандардың немесе малшылардың сөйлегені керек, олар мәселені шешу жолдарын ұсына алады
Үшінші мәселе, жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлеріндегі тарихи ескерткіштерді ерекше қорғауға алуды ұсынамын.
Мысалы, Қапал-Арасанда Баянжүрек жазбалары бар, Таңбалы тас бар, Маңғыстауда сандықтастар жатыр, Алтайда, Арқада қаншама ескерткішке толы жерлер бар. Осы ескерткіштер жалға алатын жерге кіретін болса, жалға алушылар оған тарихи ескерткіш, қорық деп қарамайды, мал шаруашылығының ыңғайына пайдалана береді. Сондықтан, мемлекет болашақта жалға берілетін жерлер ішінде тарихи ескреткіштер мен ерекше мәні бар жерлер болса, қорғауға алуы керек.
Айдын Егеубаев, «Алаш жолы» қозғалысының өкілі:
- Бұл отырысқа Ел мен Жер қозғалысының атынан ұсыныстар берілген болатын. Неге сол қозғалыстан азаматтар қатыстырылмады?
Екінші. Тәуелсіздік үшін өмірлерін қиған Желтоқсан көтерілісінің ардагерлері неге орталарыңызда жоқ?
Үшінші. 2016 жылы Жер тағдырына алаңдаған, қудаланып, сотталып келген азаматтардың еңбегін қалай жоқ деп айта аласыздар? Неге сол азаматтар орталарыңызда жоқ? Неге мың жылдық тарихымызды зерттеп жүрген тарихшыларымыз жоқ?
Жер кодексінің 171 бабының бүгінгі халық алаңдап отырған нормаларына нақты ұсыныстарды мен жазбаша түрде беремін.
Сосын, комиссия өз жұмысын бірнеше топқа бөліп жүргізсе: Бірінші жұмыс тобы - Жер заңнамасы деген арнайы топқа, екінші - құқық нормаларын талқылау деген арнайы топ, үшінші - тарихи, саяси талқылау әдісі деген топтарда құрастырсақ. Сол бағытта жұмыс жасасаңыздар.
Тағы бір айтарым, менің қолымда Ресей, Кипр, Қытай азаматтарының жерімізді жеке меншікке алғаны туралы құжаттар бар. Осыларды талқылап, шешіңіздер!
Айта кетейік, жиын барысында Алмасбек Садырбаев, Марат Бәшімов, Айдарбек Хожанғарұлы сынды азаматтардың кейбір ұсыныстары жоғарыда айтылғандықтан қайталап жатпадық...
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz