Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Сын 5151 25 пікір 29 Наурыз, 2021 сағат 16:27

«Абай» фильмінен күткенім көп еді...

Қазақстан ұлттық арнасында екі күн бойы көрсетілген «Абай» фильмінен күткенім көп еді... Болат Әбділманов сомдаған Абай ролімен басталғанын көріп, «әп-бәрекелді!» деп қалғаным да рас. Қазақтың маңдайына біткен ұлт ұстазы Абай туралы айту, кино түсіру, шығарма жазу, сынау өте үлкен сақтықты қажет етеді. Елдің асыға күткені де ұрпаққа үлгі боларлық жаңа қырын тарихи негіздерге сүйене отырып көрсету ғой. Мұндай тарихи құндылық асығып, апыл-ғұпыл түсіруді кешірмейді. Жиырма жылдан артық  уақытын сарп етіп жазған М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы осы күнге дейін сан қырынан жарқырай көрініп, салмағын жоғалтпай келе жатыр емес пе?

Алдымен фильмнің басында М.Әуезовтың «Абай жолы» романының желісі бойынша түсірілгені туралы айту керек еді. «Абай жолы» роман-эпопеясы тарихи оқиғаларға сүйене отырып жазылған көркем шығарма екенін айтып жүрміз. «Абай» фильмі де жаңа қырынан жаңаша, шынайы көріну керек еді. Біздің бұл фильмнен  күткеніміз, Кеңес дәуірінің заңынан шыға алмаған М.Әуезовтың айта алмай кеткен Абайы мен оның заманының шынайы тарихи бейнесін көру болатын. Сәті келіп тұрған тарихи құнды фильмнің алғашқы беташарын 14 жасар Құнанбайды Зере әжесі жетектеп апарып Кеңгірбай биден бата алатын оқиғадан бастау керек еді. Бүкіл кино желісінің көзі сонда тұр.

Кино жас Абайдың медіреседегі көрінісінен басталады.

Семейдегі 14 медресенің ішіндегі өзгешелігі – ислам мен түркі ғылыми әлеміне аса үлкен реформаторлық-жәдиттік ілімді қалыптастырған ғұлама Шаһабуддин Маржанидың ағартушылық бағытын ұстанған Ахмет-Риза имамның ерекше ғылыми сауаттылығын көрсету керек еді. Ескіше көзқараспен құран сүрелерін жаттамаған баланы ұрып-соғу дүмше молдадардың ісі. Абай ондай дүмше молдалардан оқыған жоқ.

Құнанбай әуелі Абайды Семейдегі Ғабдулжаппар деген молдаға беріп, артынан Ахмет-Риза мешіт-медіресесіне ғылым жолын тереңдете оқытатынын біліп,  сонда ауыстырады. Шамамен 1855-1858 жылдары дәріс алған Абайдың үш жылдың ішінде шығыс тарихы мен философиясын, бірнеше тілді меңгергенін көрсету жөн еді. Кейін Абай медреседе алған білімін есіне сақтап, шәкірттері мен балаларына «бәлен кітаптың бәлен бетінде» деп сілтеме беріп отырған.

Құнанбайдың образы «Абай жолы» романындағы қатыгез, зорлықшыл Құнанбай болып көрінеді. Өмірдегі Құнанбайдың шынайы бейнесін ашу киноның басты мақсаты болу керек. Ел арасында даулы сұрақ тудырған көптеген пікірлерге жауап та осы болар еді.

Алғашқылардың бірі болып, қазақ еліне білімнің сәулесін таратып, замандастарынан оза туған, адал, шыншыл, батыр, қайраткер Құнанбай  адамдық пен мейірімге емес - қайшылыққа, арамзалыққа қатал болды. Құнанбай образын тарихи деректерге сүйене отырып ашқанда, ердің - намысы, серті, батылдығы, жомарттығы, ұлт сүйерлігі ашылар еді. Өзі мекен еткен Шыңғыстаудың баурайынан «Ескі там» деген мектеп ашып,  қолына көзі ашық, сауатты Ғабитхан есімді татар молдасын ұстап, өз балаларымен бірге ауыл балаларын да оқытқаны баршаға аян. Абайды Семейге өзі ертіп келіп, хазіреттің қолына табыстап кеткені де белгілі. Абай медреседе тек діни сауатты емес, дүниенің тілін көп оқып, ақындық баспалдағы осы жерден бастау алғанын жеткізу керек еді. Абайдың өзі қатарлас шәкірттермен Семей көшесінде кетіп бара жатқанда айдауылдағы өзбек сыншысының Абайды сынауын келтіргенде кино жарқ ете түсер еді. Көріпкел өзбек 13 жасар Абайдың даналық болмысының қалыптасқанын көрген.

Абайдың Семей каталашкасына қамауға алынуы, оны Салтанаттың қаржы төлеп шығарып алуы, Тінібай үйінде оңаша кездесуі өз орнын таба алмаған. Заманында Абайдың қолы жетпеген сұлуы тек Салтанат қана емес. «Айттым сәлем Қаламқас» әніне арқау болған Тұржан сұлуды көсеткенде жоғарыдағы әннің де сыры ашыла түсер еді. Абайдың жас күнінде қатты қадірлес болған әйелінің бірі Тана мырзаның немере қызы Тұржан сұлу екен. Бұл кейін Сыбан ішіндегі Быжы деген өзбекке тиіп кеткенде де, Абай әдейілеп барып амандасып қайтып жүргендігі туралы М.Әуезов шығармаларында айтылады.

Абайға Манас арқылы Семейге сәлемдеме беріп жіберген Ділдә емес, Ұлжан ана. Ұлжанның тектілігін аша түсетін тұсты ұтымды пайдалана алмаған.

Абай қамаудан шығып еліне барғанда Ділдәнің қарсы алуы, Әйгерім мен Ділдәнің арасындағы Абайды сөгіп, Салтанатты күндейтін тұсы шындыққа жанаспайды. «Абай жолын» толық сіңіріп оқып, ел арасынан образға лайық адамдар іздеу кино құнын арта түсер еді. Ділдә да Абай сияқты текті отбасынан шыққан, Қазыбек бидің ұрпағы, арғын руының биі Алшынбайдың туған немересі. Абайды өсекке бола жазғырып, шәй бермей «тоқалыңның үйінен іш» деуі текті жерден шыққан Ділдәнің айтатын сөзі емес. Абайдың Әйгерімді кішілікке алуға келісім беріп, жас тоқалдың келгеніне ренжімей, қайта барылдаған жуан даусымен:

– Абайдың күні-түні ағылып келіп жатқан көп қонағын күтем деп әбден сілем қатып еді, енді мына тоқалы күтсін. Балаларымды ермек қылып отыра беремін, – деп ырзалығын білдіретіні бар ғой. Келер жаз шыққанда Әйгерім Тұрағұлды дүниеге әкеліп, емшектен шыққанда, Ділдә Әйгерімге:

– Бай сенікі болсын, бала менікі болсын, – деп Тұрағұлды өз баурына салып, бала ғып алатыны Әрхам Кәкітайұлының естелігінде айтылады. Дала қоғамында екінші қатын әрдайым «тоқал» атанбаған. «Абай жолының» өне бойынан Ұлжанды Құнанбай да, қайын-қайнағалары да «тоқал» деп айтқанын кездестіре алмайсыз. Кемсітушілік деңгейіндегі ондай атау көбінесе мінезі жайсыз, ағайын-туыс, көрші-қолаңға мазасыз әйелдерге қатысты қолданылған. Әйгерім осындай қылықтарымен «тоқал» атанса керек. Қазақта ене қартая келе, күтімі келісуі үшін келіндерінің арасынан  мейірімді, ұясы тату, отбасы берекелі, мінезі жайлысын таңдайды. Құнанбайдың төрт әйелі ішінен анасы Зере Ұлжанды қалап, соның қолында болса, Ұлжанның күш-қуаты тайған кезде оны Ділдә күтіміне алуы да көп жайды аңғартса керек. Әулет анасы отырған үй қашан да үлкен үй саналған. Яғни, Абайдың үлкен үйі – Ділдәнің шаңырағы.

Абай қора маңында, далада  ешқашан сопайып жалғыз жүрмеген.  Үнемі алды да, үйі де адамдардан босамаған. Дастарханы жиылмаған, ұсақ малдар мен ірі қара күнде сойылып, өзі үнемі төрде арнайы іздеп келген қонақтармен, ақын шәкірттерімен мәжілістес болып отырған. Семейде айлар бойы қамауда жатып, елге оралған Абайдың киіз үйде жалғыз отыруы сенімсіз.

М.Әуезов романдағы кереғар қадамдарға амалсыздан барады. Өйткені, 1953 жылы «Казахстанская правда» газетінде «буржуазияшыл роман» деп «Абай жолын» айыптаған үлкен мақала жарық көреді. Онда Абайдың Меккеге бара жатқанда әкесіне жол көрсетуі, Құнанбай, Ділдә бейнесі сынға алынады. Нәтижесінде жазушы Құнанбайды қатыгез, қатал, Абайға қарсы адам ретінде суреттейді. Ал Ділдә «Абай жолының» алғашқы нұсқасында Абайдың сүйікті әйелі ретінде берілсе, кейін «байдың қызы» болғаны үшін жағымсыз рөлге ауыстырылып, «кедейдің қызы» Әйгерім алдыңғы орынға шығады. Осындай өзгертулер кітап жарыққа шыққаннан кейін де  ел ақсақалдарының сынына қалады. Құнанбайдың шын бейнесін білетін ақсақалдар арасында Әуезовке өкпелеп, қатты сөз айтқандары да аз болмапты. Алайда, романда тарихи шындықтан тыс дүниелер көп. Ғалым Тұрсын Жұртбай: «Абай жолы» – көркем шығарма. Біз Абайға келгенде тарихи шындық пен көркем шындықты айырбастап алдық» деген пікірі бар. Сондықтан «Абай» фильмін түсірмес бұрын тарихи шындық пен көркем шығармалардың ара жігін ажыратып, кеңесіп алғандары жөн еді.

Қазақ тарихында Шербешнай сьезі, Шар съезі, Мұқыр, Қоңыркөкше, Қарамола съезі сияқты бірнеше атауға ие тарихи оқиға бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда өз бағасын алуы заңдылық. Соның ішінде Шербашнай сьезінің орны бөлек. Абайға қастық ниет ойлайтын адамдар Қарамолаға келетін жандаралдан Абайды жазалайтын қаттылықты күтетіні, жандаралдың Абайды өзіне тіккен үйге ертіп жүріп, ұзақ әңгімелесіп отырып  елге «сиезді жақсы өткізіңдер, ұрыда ақысы кеткендердің ақысын әперіңдер, сиезді жақсы өткізу үшін Абай сияқті кісіні төбе би сайлаңыздар» дейтіні тарихи дерек бойынша көркемделсе әлдеқайда құнды болар еді. Абай Шар бойында үш күннің ішінде жанына бірнеше адамды ғана алып, 100-ден артық баптан тұратын заңды жасайды. Қарамола сьезіне арнайы заң ережесі жасалып, билер талқысынан 73-і өтеді.

М.Әуезовтың саналы түрде көптеген құрбандыққа барып, Құнанбайды жауыз, Майбасарды даңғой, Ділдәні қытымыр, ар ұялар іс қылған Қодар мен Қамқаны жазықсыз құрбандар етіп көрсетуге тырысты. Қазақ қоғамының кеңестік билікке дейінгі кезеңін «Абай жолы» арқылы ғана танитын оқырманға бұлардың бәрін тәптіштеп түсіндірудің қажеті жоқ. Дегенмен, романға сүйеніп Абай өзі куә болмаған, үлкендерден естіген Қодар мен Қамқа оқиғасын кез келген жерге тықпалай беру керек емес. Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр оқиғасын да Абай үлкендерден естіп өскен. Ал, Құнанбай 1851 жылдан кейін билікке қайтып келген жоқ. Аға сұлтан да, болыс та болған жоқ.

Біріншіден, Қодар мен Қамқа оқиғасы өткен 1834-1839 жылдардың арасында Абай дүниеге келген де жоқ. Дүниеге келмеген Абай ол оқиғаны қалай көреді? М.Әуезовтің өзі: «Абай Қодар-Қамқа оқиғасын естіген болуы мүмкін» деп жазады. Естігенінің өзіне Әуезов «мүмкін» деп қарайды. Бірақ көшпелі өмірде, қазақ халқының тұрмысында ол оқиға орын алған. Тарихи шындық екені рас. Ал көркем шығармада ол Абайдай кейіпкерді дүр сілкіндіру үшін керек болды.

Қодар – Қамқа оқиғасынан кейінгі үлкен оқиға – Мұсақұл соғысы. Бұл оқиға 1845 жылғы қыркүйектің 10-16-сы аралығында өткен. Ол кезде Абай – әлі қырқынан шықпаған бала. Янушкевич: «Құнанбай жаңа туған баласының іші ауырып, маймен сылатып жазып алды», – деп тамыздың 25-терінде жазған күнделігінде айтқан. Ал, қыркүйектің ортасында Мұсақұл соғысы кезінде «Құнанбай ағайындарына әлденеге ширығып, бізбен тез қоштасып кетіп қалды», – дейді. Ол Құнанбайдың Мұсақұл соғысына кетіп бара жатқан кезі. Қырқынан да шықпаған Абай қалай екі ортаға елшілікке жүреді?  Романда бұл оқиға да ширықтыру үшін қолданылған. Осы түсірілімде жіберілген тағы бір қате – Бөжейге дүре соғылуы. Тарихи оқиғада керісінше Бөжейдің жақтастары Майбасарды ұстап, байлап дүрелейді. Осыны естіген Құнанбай қарсы шайқасқа шығып, Бөжейдің адамдарын соққыға жығып жаралап, іс шинеліседі. Кинода Бөжей мен Майбасар қайта-қайта жанжалдаса беретінін көрсеткенше, Бөжейдің Майбасарға болыстық орнын беретіні бар емес пе? Сонда Майбасардың содырлығы мен Бөжейдің жағымды қыры көрінер еді.

Бөжейдің Абайға бата беретін жері бұл емес, Құнанбайдың бала Абайды Қарқаралыға ертіп апаратын оқиғасында. Абайды атына мінгізіп, аттың жалын сипап тұрып, текті ана Ұлжанның баласына «үлкендер бірде тату, бірде бату бола береді, Бөжейді көрсең сәлемің түзу болсын» деп айтатын сөзі бар. Бөжей Абайға батаны Қарқаралыда береді.

Бала Оспанның оспадар мінезі де ақылға сыйымсыз. Абайдың ауырып жатқан оқиғасы арқылы үш образды бірдей ашар еді. Абайдың анасы Ұлжан үлкен, толық денелі адам. Өйткені, Абай ауырып жатқанда Оспан «Ойбай баурем!» деп келгенде, Ұлжан Абайдың сырқатының үстінде өзін жаман шошытқан Оспан мінезіне қатты ашуланады. Оспан жинаулы тұрған жүк үстінде жатып алып «Ойбай, Абай!» деп дауысын ұлғайта түседі. Мәтінге сүйенсек: «Оспан енді байқады. Шешесінің үлкен, толық денесі қайта қозғала бастады», дейді. Ұлжанның денелі екендігі осы жерден байқалады.

Оспан мен Оразбай оқиғасы да дұрыс жеткізілмеген. Руласы Балтабектің 800 бас малын Оразбай ұрлады деп арыз жаздырған Оспан, өзінің орнына Күнтудың болыс сайлану оқиғасында кеткен есесін қайтармақ болады.  Қиясбай мен Абай арасындағы диалогтың не түрлі тарихи деректері бар ғой, ойдан құрағаннан әлдеқайда сенімді. Базаралы жолда жалғыз кетіп бара жататын мүскін емес, Сібірден айдалып келгенде елі құрметтеп күтіп алған ақ, адал адам.

Қысқасы көркем фильмнің көркемдік жағы жақсы болғанымен Абай заманының тарихы ашылмаған. Кинода жүйе жоқ, біресе бала Абай, біресе ересек Абай, бір жерде Абай заманынан бұрын болған Құнанбай заманы... Киноны осы салада жүріп, Абай жолын толық оқығандар болмаса, қарапайым адамдарға мүлдем түсініксіз.  Кино бір маусымда ғана түсірілген. Абайдың «Жаз» , «Күз», «Қыс», «Жазғытұры» төрт маусымын қамту, Абай шығармашылығын да толықтыра түсер еді.

Актерлердің басым бөлігі театр актерлерінің рольін сомдайды, Абай өміріне қатысты оқиғаларды өздері толық бойларына сіңдіре алмаған, түсінуге өте ауыр. Образдар ашылмаған, жатық емес, көрерменін сендіре алмайды.  Фильмде Абайдың аузымен айтылатын сөздердің барлығы ақын айтатын сөз емес, Ұлы тұлғаның емес, жеңіл-желпі, ауызекі айтылады.

Қазақта қаралы хабарды, жолда, есік алдында қалай болса, солай естіртпейді. Жолда болса, арнайы үйге шақырып алып, есік алдында жүрсе үйге кіргізіп, ауыл ақсақалдары жиналып, жөнімен естіртеді. Абай Әбіштің қазасын естігенде теңселіп, құлап жерге екпетінен жата қалуы, бір адамның қолтығынан демеуге жарамай қарап тұруы тіпті ақылға сыйымсыз.

Абай Әбіштің қазасында емес, Мағауияны жерлеуге апара жатқанда мойнына белбеуін салып алып арбаның алдына түсіп жүріп келе жатып, «арбаның дөңгелегіне тисе, Мағауияма батады ғой» дейтін өте әсерлі сөзі, Құанбайдың зиратынының басында отырып, «Тәте, мені Мағауиямның артына қалдырма,.. » дейтінін алса, көрермендерін дүр сілкіндірер еді.

Абай Оразбайдың есігінің алдында емес, Мұқыр болысында арнайы тігілген үйде, төрде қонақ болып отырған жерінен Оразбайдың содырлары арнай іздеп келіп есіктен айғайлай кіреді. Қамшы сілтеп төрге ұмтылғанда Көкбай мен Уайыс Абайдың арқасына шапандарын қалқалап қорғап қалады. Әрхамның айтуынша, Кәкітай сасып, оязға тігілген үйге қарай жүгіре жөнеледі.

Кинода Абайдың 25 жыл бойы жанында жүрген Көкбай көрсетілмейді, Абай өмірінде үлкен орны бар Тұрағұл, Ақылбай, Кәкітай, Мүрсейіттер, Мұқа, Мұқаметжан, т.б. ақын шәкірттері де көрінбейді.

Әрине, Абайға ерекше назар аударылып кино түсіруге бет бұрып, ұлт руханиятына үлес қосылып жатқанына қуаныштымын. Бірақ, ұлт ұлықтаған ұлы тұлғаны тарихи естеліктерге сүйене отырып, елдің ертеңгі құндылықтарына жарайтын ғұмыры ұзақ болғаны дұрыс. «Менің атым Қожаны» қанша көрсеңіз де көргіңіз келе береді. Мен сондай ғұмырлы кино күтіп едім.

Менің ойымша «Абай» фильмін түсіру үшін кезең-кезеңге бөлініп, Абайдың өсу жолымен бірге өріліп отыру керек.  Менің қоржынымда «Бала Абай» , «Ақын Абай», «Хакім Абай», «Толық адам ілімі» деп бүгінгі заманды бірге қамтитын төрт сериялы үлкен жоба тұр. Абайдың дүниеге келген күнінен бастап, өткенге дейінгі бүкіл ғұмырын қамтиды. Әттең, ақша жоқ. Осындай шала-жансар дүниелерге кеткен қаражат шынайы шығармаларға жетпейді.  Мықты кинорежиссерлар бар болса, хабарласыңыздаршы, үмітсіз шайтан ғана ғой...

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Астана

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5848