Павлодардағы 335 көшенің 62-сі ғана қазақша екен...
Ымырасыз күрестен басқа жол бар ма?
Идеологиясыз мемлекет болмайды. Елдімекендер мен көшелер атауларынан мемлекеттік идеологияның сипаты көрініс табады. Қоғамдық құрылыс ауысса атаулардың да ауысуы қалыпты жайт.
Кеңес одағы ыдырап, коммунистік қоғам күйреген 1991 жылы Мәскеуде қоғамдық тыңдау өткізілмей-ақ, 600 көшенің атауы өзгертіліпті. Ешкім қарсылық білдірмеген. Сөйтіп, Ресей Федерациясының астанасы бір жылда коммунистік қоғамды дәріптейтін көше атауларынан түгелдей дерлік арылған.
Дәл сол 1991 жылы тәуелсіздігін жариялап, коммунистік идеологиядан бас тартқан Қазақстан Республикасында басқаша жағдай қалыптасты. Айталық, білдей бір облыстың орталығы Павлодар қаласында кеңестік құндылықтарды, партия-кеңес қайраткерлерін әспеттейтін көше атаулары бәз-баяғы қалпында тұр. Қаланың өзі патша заманында нәресте патшазада Павел Романовтың дүниеге келуіне орай қойылған Павлодар атауынан әлі құтылған жоқ.
Биылғы 2021 жыл болса, Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығы аталып өтілетін айрықша айтулы жыл! Жергілікті билік ұлы мерекеміздің құрметіне мән-маңызы ескірген 30 көшенің атауын егемен елдігімізді ұлықтайтын, тарихи тұлғаларымызды қастерлейтін атауларға ауыстыру жөніндегі іс-шараны қолға алды. Өзге өңірлерде де сондай жұмыстар жүргізілуде. Шымкент қаласында – 315, Алматыда – 116, Таразда – 94, Атырауда – 50, Қызылордада – 49 көше атауы ауыстырылмақ. Ол қалаларда наразылық танытатындар жоқ шығар. Есесіне, біздің жерлестеріміздің арасында патшалық-кеңестік дәуірді көксеушілер тобы бұрыннан бар. Партия-кеңес ардагерлері, өлкетанушылар, журналистер, блогерлерден құрылған керітартпа топ... Қазақ мектептері, балабақшалары, мәдениет орындары ашылса я көше атаулары ауыстырылса шу ете түсетін олар бұл жолы да ескі әдетіне басты.
«Типичный Павлодар», «pavlo.detka», «@tipavlo.dar», «kerek.pv» тәрізді әлеуметтік желілер арқылы «Әуелі әлеуметтік мәселелерді шешіп алыңдар, сонсын барып көше атауларын ауыстыруды қолға алыңдар!» – деп, облыс, қала әкімдеріне әкіреңдеп «әмір» берді. Бұлардың пайымдауынша, жолды жөндеу, қарды тазалау, ауланы абаттандыру шараларына бөлінген қаржы көше тақтайшаларын ауыстыруға жұмсалады екен...
«Өткен жылы 13 көше атауының өзгертілуі жұртшылықты шатастырып, әбігерге түсірді» – деген қисынсыз әңгімесіне сенсеңіз масаң күйге түскендей боласыз. Тұрғын үйлер, қызметтік ғимараттар, түрлі мақсаттағы кешендер, үй-жайлар, құжыралар – бәрі-бәрі бұрынғы орындарынан басқа жерлерге көшірілген сияқтанады. Өздерінің баспанасын, жұмыс орындарын, азық-түлік дүкендерін таба алмай, әрлі-берлі зыр жүгіріп сенделіп жүрген қара нөпір халықты көресіз...
Мұндай әңгіменің соңы мемлекет құраушы ұлт қазақтардың ұлттық намысын кемсітетін, жергілікті билік органдары басшыларының ар-намысына тиетін сөздермен түйінделеді. Әрине, әлгі топ мүшелерінің көбі жалған ныспымен жазады. Жауапкершіліктен жалтаратын фейктерге не айтасыз?..
Әйтсе де, «Ratel.kz» порталының тілшісі Ольга Вороньконың оқырмандардың санасында жаңсақ ой тудыратын «В Павлодаре хотели тайно переименовать 30 улиц» атты мақаласына байланысты айтар уәжіміз бар. Автор «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысын қасақана бұрмалап көрсеткен. Атап айтқанда, «Ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге, аудандық маңызы бар қалаларға, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне қатысты жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізу мерзімін анықтайды және оның өткізілетін күніне дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өздерінің интернет-ресурсында орналастырылады (бар болса) және тиісті аумақта таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жиналыстың күн тәртібі, өткізілетін күні, орны және уақыты көрсетілген хабарландыру орналастырады» деген тармағын облыс орталығы Павлодар қаласына орайластырып берген. Шындығында, Қаулыда облыс орталығы мен оның құрамдас бөліктерінің атауларын өзгерту шарасында 30 күндік мерзім белгіленбеген. Бұл дегеніңіз, оқырмандармен қатар Қазақстан Республикасының Заңын құрметтемеу болып табылады.
Мақала атауында айтылғандай шара құпия түрде өткізілмеген, тек мерзімі кейінге шегірілген. Мұны облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ресми терістеді. «Көше атаулары мекенжайды табу үшін керек пе, немесе әлдекімдердің шексіз менмендігін қанағаттандыру үшін қажет пе?» деген сөз саптасынан О. Вороньконың тарих күресініне кеткен коммунистік қоғамды әспеттейтін атаулардың егемен елдік рухына сай атаулармен өзгертілуін өте сұмпайы іс (!) деп түсінетіні аңғарылады. «Қала тұрғындарына барар бағдарынан жаңылыспау үшін компас тарату керек» деген әжуа сөз тіпті фейктердің де қаперіне кірмепті... Оның пайымдауынша, атауларды ауыстырмай, қазақ тіліне аудара салса мәселе оп-оңай шешілетін көрінеді. Демек, 29 Ноябрь, I Советов, II Советов, Комсомольская, Урицский, Роза Люксембург, Луначарский, Теплов, Ермаков көшелерінің атауларын қазақшаласақ, мемлекеттік идеологияны ың-шыңсыз жүргізуге қол жеткізеді екенбіз...
Әрине, мұндай тілшінің Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын зерделемейтіні, тіпті керек қылмайтыны бесенеден белгілі. Менің пікірімше, мемлекеттік идеологияға, мемлекеттік тілге, қазақтың ұлттық мұрат-мүддесіне пысқырмайтын, Кеңес империясының озбыр отаршылдық саясатынан әлі жазыла қоймаған жан жарамызға тұз сепкендей болып жүрген блогерлер мен журналист Ольга Воронько сияқтылар қазақ пен орыс халықтарының аражігін ашпаса, жақындатпайды.
Бір жақсысы, кеңестік кезеңде есім-сойлары шолақ көшелерге берілген қазақтың алып тұлғалары: Қ. Сәтбаев, Ж. Аймауытов, Мәшһүр-Жүсіп егемендік кезеңінде қайта құрметтеліп, есімдері кең көшелердің атауына айналды. Бірақ, ұлы Абайдың, хакім Абайдың әз есімі «Казкрайдағы» ескі енсіз көшенің атауы күйінде қала берді. Бұдан он шақты жыл бұрын қалалық мәслихатқа ең көлемді, ең ұзын көше Кутузовты «Абай» деп қайта атау жөнінде ұсыныс айтылған еді. Амал не, депутаттар мақұлдаған жоқ. («Кутузов» бертін «Тәуелсіздік», сонсын «Nursultan Nazarbayev» даңғылы атанды).
Айтпақшы, қала шетіндегі «Хромзавод» ықшам ауданындағы әрі тар, әрі қысқа өтпе жолдардың бірі ұлы Абайды әлемге танытып, Абай арқылы қазақ халқының атақ-абыройын аспандатқан классик жазушымыз М. Әуезовтың есімімен аталатынын жерлестеріміздің көбі білмейді. Ал қаланың қақ ортасында жарқырап жатқан Толстой мен Лермонтов көшелері тұрғындардың барлығына аян.
Павлодардағы 335 көшенің 62-сі (бір деректе 85-сі) ғана қазақша атауға ие екен. Бұл – ономастика саласында түйінделген мәселенің шаш-етектен екендігінің көрсеткіші. Бұларды түбегейлі шешу үшін әу бастан егемен елдігімізге іштей жауығып жүрген патшалық-кеңестік дәуірді көксеуші топқа қарсы ымырасыз күрес жүргізуімізге тура келеді-ау деймін. Өз басым одан басқа жолды көре алмай тұрмын.
Арман Қани,
Павлодар қаласы
Abai.kz