Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Анық-қанығы 15276 48 пікір 3 Сәуір, 2021 сағат 22:47

Лавров неге келе жатыр?

7-8 сәуір күндері Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанға жұмыс сапарымен келеді. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшілігі Facebook-тегі ресми парақшасында жазды.

Онда:

«7-8 сәуірде РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров жұмыс сапарымен Қазақстанға келеді. 8 сәуірде ол (Лавров – А.) ҚР Премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөздер өткізеді деп жоспарланған.

Сыртқы саясат ведмствосының басшысы (Лавров – А.) екіжақты әріптестік мәселелерін кең ауқымда талқылайды. Сондай-ақ, интеграциялық бірлестіктердегі өзара ықпалдастық проблемаларын, бірінші кезекте ЕАЭО, ҰҚКҰ мен ТМД-дағы қарым-қатынас жайын талқылайды.

Тағы бір назар аударатын тақырып – коронавирус инфекциясының зардаптарымен бірлесіп күресу мәселесі болмақ. Сонымен қатар, екі министр Қазақстан және Ресей президенттерінің постковидттік кезеңдегі мемлекетаралық байланыстарды арттыру туралы тапсырмасын шешу жолдарын қарастырмақ.

Тараптар Еуразиялық интеграция мен Каспий өңіріндегі әріптестікті арттыру туралы пікір алмасады. Министрлер ОА-дағы қауіпсіздік мәселелерін, әсіресе Ауғанстан аумағындағы ахуал мен өңірдегі радикалды-экстремистік ұйымдардың аймаққа төндіріп отырған қатеріне баға береді», - деп жазылған.

Біз ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтын шолып шықтық. Онда Ресей Сыртқы істер министрінің Қазақстанға сапары туралы ақпарат жарияланбаған екен.

Министрлік сайтының «Жаңалықтар» және «Оқиғалар күнтізбесі» парақшаларынан көргеніміз:

«Қазақстан ТМД СІМК жұмысына қатысты», «Қазақстан СІМ басшысы Мәскеуде дипкорпуспен кездесу өткізді» және «Қазақстан ҰҚШҰ елдерінің сімаралық консультацияларына қатысты», деген ақпараттар ғана.

Айта кетейік, соңғы жылдары «одақтас» елдің ірілі-ұсақты саясаткерлері һәм мемлекеттік лауазым иелері тарапынан Қазақстанның территориялық тұтастығына көз алартушылық көбейді.

Кремль төңірегіндегі шенеуніктердің бір емес, бірнешеуі Қазақстан территориясына, Қазақ жеріне шүйліккен. Былтыр Ресей президенті Владимир Путин басқаратын «Единая Россия» партиясының РФ Мемлекеттік Думасындағы қос бірдей депутаты Вячеслав Никонов пен Евгений Федеровтар«Қазақстанның территориясы – Ресейдің сыйлығы», «Қазақстан сыйға берілген жерлерді қайтаруы тиіс», - деп мәлімдеген.

Онан соң, осыдан бірнеше күн бұрын ғана Ресейдің бұрынғы Мәдениет министрі, қазіргі Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединиский: «Қалайша Ұлы Ресейдің кейбір территориялары Украина, Беларусь пен Қазақстанға өтіп кетті», - деп дау шақырды. Бұл жөнінде Путиннің не дегені де есімізде...

«Стратегиялық әріптес, одақтас әрі дос мемлекеттер» деп дәріптелетін Ресейдің Сыртқы істер министрі еларалық дау тудырған орыс саясаткерлерінің мәлімдемелеріне қатысты «ләм-мим» деген жоқ.

БАҚ-та тек оның былтырғы жылғы (2020 жыл) Қазақстан туралы әңгімесі бар екен. Онда Лавров:

«Мен Қазақстанда этникалық мәселелер бойынша бөлшектену қауіпін көріп тұрғаным жоқ. Меніңше, Қазақстан билігі этника аралық, ұлтаралық келісімдерді нығайтып, өз мемлекетінің территориялық тұтастығын қамтамасыз ету керектігін жақсы біледі.

Осы мәселеде Қазақстанның орыс тілді бөлігінің мүддесін ескеру ерекше маңызға ие. Соның ішінде, орыс тілін мектептерде оқыту, орыс тілді ортаны қолдау, ата-аналарға балаларын орыс тілді мектептерге беру мүмкіндігін жасау бар», - деп сөйлеген.

Онан соң Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар жайына да тоқталып:

«Ал енді Қазақстан бізден өзге кімдермен қарым-қатынас орнатып жатыр дегенге келсек, олардың (АҚШ-тың – А.) ниеттерінің тазалығына мен сене алмаймын. Айтар болсақ, біз америкалықтардың посткеңестік кеңістікті, соның ішінде Орталық Азияны игеруге кіріскенін көріп отырмыз. Соның ішінде, тек географиялық жағынан ғана емес, тарихи, саяси, әскери-саяси жағынан да бізге ең жақын, одақтастарымыздың ішіне қарама-қайшылықтар туғызып жатқаны, әрине, ондай қадамдар жоқ емес», - деген.

Сонымен, өзгелерге шекеден қарайтын әкіреңдігі бар Лавровтың бұл жолы не үшін келе жатыр?

Abai.kz

48 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1538
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3322
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6043