Әлемдік бестселлерлер аударылуда
"Рухани жаңғыру" жобасының ең ауқымды әрі маңызды бөлігінің бірі "100 кітап" жобасы екені сөзсіз. Кітап адамзатты біліммен сусындатып, ғылым арқылы кемел келешекке жол ашатын бірден бір игілік. Кітап оқу арқылы сан түрлі ғылыми жаңалықтар ашылды, поэзиялық туындылар жазылып, дүниені дүр сілкіндірген романдар өмірге келді. Кітап адам жанын рухани байлыққа кенелтіп, ойлау өрісін арттыратын керемет құрал.
Өкінішке орай осы уақытқа дейін қазақ тіліндегі әдеби туындылар саны көп болса да, әлемдік бестселлер саналатын философия, психология, менеджмент, саясаттану, әлеуметтану және басқа гуманитарлық салалар бойынша кітаптар саны аз болды. Аудармалар сапасыз әрі түсініксіз еді. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынып, біздің қоғам әлемдік деңгейде мойындалған туындыларды мемлекеттік тілде оқи бастады. Бұл маңызды. Оның үстіне аударма сапасы жоғары. Аудармамен арнайы "Ұлттық аударма бюросы" айналысты. Аудармашылар ретінде түрлі тілді меңгерген білікті мамандар қатысты. Жоба аясында әлемдегі оқулық шығаруға маманданған «Cambridge University Press», «Oxford University Press», «Pearson», «Cengage», «Penguin Random House», «McMillan» және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен әріптестік қарым-қатынас орнаған. Сондықтан да кітаптар сапалы негізде басылып, түптелуде. Барлық аударылған кітаптар ғаламторда ашық қолданыста, ал баспаханадан шыққан кітаптар ЖОО мен мектеп, кітапханаларға таратылуда. Жас ұрпақ кітапты оқып, өзінің көкжиек кеңістігін кеңейте алады.
Гуманитарлық ғылым өте маңызды. Себебі ол адамның ішкі жан-дүниесін өзгертуге, кемелденуге, Абайша айтқанда толық адам болуға бағдар береді. Қазіргі қоғам армандайтын технократтық қоғамды құруға гуманитарлық ғылымдар кедергі келтірмейді. Керісінше, оған үлес қосады. Қазақстан ұзақ жылдар бойы Ресей империясы мен КСРО-ның отары болды. Ол сәтте біз рухани құндылықтардан айырылып қалдық. Яғни мәдениет, тіл, тарихты дамытуға мүмкіндік болмады, тыйым салынды. Тәуелсіздік қалпына келтірілген соң біз бұл ғылым салаларын дамытуға мүмкіндік алдық. Рухани жаңғыру соған өз үлесін қосуда. Орасан зор үлесін.
Әсіресе «100 жаңа кітап» жобасы осы жоғалған тарих пен ұмытылған шежірелерді қалпына келтіруге үлкен септігін тигізуде.
Жыл сайын жаңа кітаптар тізімі жасалып, аударылып келеді. Олар еліміздің барлық ЖОО мен мектептеріне таратылуда.
Бағдарлама аясында аударылып жатқан кітаптардың басым бөлігі Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Принстон, Йельс университеттерінің оқыту бағдарламаларында қолданылатын құнды дүниелер.
Жақында бағдарлама аясында Янсон Торенің «Тіл тарихына кіріспе» атты кітабы аударылды. Янсон Торе зейнетке шыққанға дейін Гетебор университетінде шығыс және африкалық тілдер бойынша профессор болған тұлға. Оған дейін ол латын тілі бойынша сарапшы болып қызмет атқарған. Бірнеше халықаралық бестселлердің авторы. «Тіл тарихына кіріспе» атты кітабында тілдердің көне заманнан осы уақытқа дейінгі даму тарихын жазып, болашақта қалай болуы мүмкіндігін айтады. Тарихта жоғалған тілдердің себебін келтіріп, тілді дамытудың жолдарын көрсетеді. «Тілдер қалай пайда болды» деген сұраққа жауап іздеп, «неге тілдің дамуы ғылымның дамуына әкелетінін» айта кетеді.
Ол өзінің кітабында қытай, грек, араб, латын, ағылшын, испан, португал, неміс, славян, египет және көпшілікке танымал емес африкалық тайпалардың тілдері жайлы айтады. Олардың даму тенденциясын көрсетеді. Бұл кітап қазіргі қазақ қоғамына өте қажет туынды. Сондықтан да жоба аясында аударылып отыр. Қазақстан мемлекеттік тілді дамыту бойынша үлкен қиындықтарды бастан кешіруде. Тіпті осыдан 40-50 жыл бұрын қазақ тілі жойылатын тілдердің қатарына да кірген еді. Себебі қазақ тіліндегі мектептер жабылды. Ал қазір уақыт басқа. Тілді дамытуға мүмкіндік бар, мемлекет ол мүмкіндік пен бастамаларды қолдап отыр. Біз осындай туындыларды оқу арқылы қазақ тілінің қоғамдағы үлесін арттырып, тілімізді қалай дамытамыз деген сұрақтың да жауабын таба аламыз.
Келесі аударылған туынды Стивен Пинкердің «Тіл түйсік ретінде» туындысы.
Стивен Пинкер — филология бойынша белгілі ғалым, Гарвард университетінің профессоры. Оның әлемге танымал «Сөз және ереже: тілдің құраушы негіздері» ,«Ми қалай жұмыс істейді?», «Ойлау субстанциясы: Тіл адам табиғатына апарар терезе» атты туындалары бар. Ол білім саласына қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте салмақты марапаттарға ие болған. Оның тілді дамытуға қатысты мақалалары The New York Times, Time, New Republic сынды сайттар мен басылымдарда шығып тұрады.
«Тіл түйсік ретінде» туындысы үшін ол бірнеше мәрте марапат алды. Бұл туындыда Стивен Пинкер түйсікке қатысты жауап іздейді. Ол адам миы мен тілінің арасындағы байланыс жайлы жазады. Бала қалайша тілді үйреніп, түйсігіне түйетіні жайлы толғанады. Оқулық тек қана студенттерге емес, сонымен бірге тіл жайлы кеңінен білгісі келген барлық тұлғаға арналған.
«Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы» атты Ю.Н. Хараридің туындысын білмейтін жан жоқ шығар. Керемет туынды. Тарих жайлы жан-дүниеңіз бен ойыңызды төңкеріп тастайтын еңбек. Бұл кітап 2011 жылы алғаш рет иврит тілінде жарық көріп, 2014 жылы ағылшын тіліне аударылды. Кейіннен кітап әлем елдерінде танымалдығы артып, 7 млн данамен басылып шығып, әлемнің 45 тіліне аударылды. Соның ішінде қазақ тілі де бар.
Юваль Ной Харари — тарихшы-медиевист, Иерусалим қаласындағы Еуропа университетінің тарих факультетінің профессоры. Ол сонымен қатар «Homo Deus: ертеңгі күннің қысқаша тарихы» және «21 ғасыр үшін 21 сабақ» еңбектерін де жазған. Ол кітаптары да әлем елдерінде танымалдыққа ие болып, миллиондаған тиражбен басылып шықты.
«Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабында автор жер бетіндегі адамның алты түрінің бірі Homo sapiensтың осыдан жүз мың жыл бұрын пайда болғандығы туралы жазады. Автор жыртқыш аңдай не азу тісі жоқ, балықша жүзуді білмейтін, құсша ұша алмайтын, терісі де қалың емес, баласы тамақ тауып жеуге қабілетті болуы үшін кемі 15 жыл бағуға мәжбүр болған Homo sapiensтың қалайша тіршілік иерархиясының көшбасшысына айналғаны туралы тұжырым жасайды. Ол өз туындысында дінді де, тілді де, тіпті мәдениет пен ақшаны да қозғайды.
Басқа адам түрлері қайда кетті? Ақша, дін, мемлекет, сауда түсініктері қайда және қашан пайда болды? Империялар қалай құрылып, қалай күйреді? Неге әйелдер ерлерден төмен тұр? деген сынды өзекті әрі даулы сұрақтар бойынша ерекше қорытындылар жасайды.
Бұл туындыны әр студент пен мектеп оқушысы оқуға тиіс. Адамның критикалық ойлауын дәл осы туындыдай дамытатын еңбек кемде-кем. Тіпті әйгілі Б.Гейтс «аралда жалғыз қалсам осы кітапты құшақтап отырар едім» деп тегін айтпаса керек. Тарихымызды енді түгендеп жатқан біз сияқты елге тарихты қалай іздеу керектігін көрсететін ғажап туынды.
«100 жаңа кітап» жобасының құндылығы осында, ол құнды туындыларды төл тілімізге аударуды жалғастыруда.
"100 кітап" жобасының нәтижесі алдағы уақытта көрінеді. Гуманитарлық саланың сапасы артып, деңгейі көтеріледі. Студенттер мен оқушылар әлемдік деңгейдегі кітаптарды оқу арқылы білімдерін тереңдетеді. Бұл өз кезегінде білікті маманның қалыптасуына ықпал етіп, елдің дамуына өз үлесін қосатын болады. Сондықтан бұл жобаны тек қана білім саласына құйылған инвестиция ғана ретінде қарастырмай, еліміздің түрлі саласына құйылған инвестиция ретінде бағалау керек.
Abai.kz