Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Жаңалықтар 2376 0 пікір 12 Сәуір, 2012 сағат 06:35

Жәди Шәкен: "Билік халықпен санаспаса, халық билікпен қалай санасады?"

Өткен аптада оралмандардың оңалмаған тірлігіне қатысты тағы бір жайсыз оқиға болғаны мәлім: Алматы маңындағы елді мекенде қазаға ұшыраған отанасының қайғылы тағдыры жөнінде біраз БАҚ жазды. Бұл қазаны тиісті органдар тұрмыстық тұрғыдағы қылмыстық оқиғаға балап, жағдайдың соңы ушығып кетпеуін күйттеп жатса да, еріксізден оралман атанған ағайындар арасында ашулы әңгімелер айтылуда.

«Дат, тақсыр!» айдарының бүгінгі қонағы - Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенді осы орайдағы сөзден өретін тақырыпқа тарттық. Қаламгерлік қызметі қайраткерлік мінезімен астасып жүрген жазушы бүгінгі қазақтың бас ауруына айналған бірқатар сауалдар төңірегінде төгіле сөйледі.

- Жәди мырза, Алматының маңында орын алған оралманның өліміне қатысты оқиғадан хабардар боларсыз...

- Мәселенің мәніне толық қанығып кетпесем де, БАҚ арқылы хабардармын. Дегенмен, әр қарақшы өзінің «жемін» таңдаған кезде, оның ұлтын, руын сұрап жатпайтыны сияқты бірер адамға бола бүкіл қауымды кіналау ауыр шығар. Десе де, кейде «иттің иесі болғанда, бөрінің тәңірісі бар» дегендей, алыстан келген ағайынды оңай олжа көретін қаныпезерлер де аз емес. Оның бәрінің жауабы біздің заңымыздың әділдігі мен қауқарлығына байланысты. Заман қасқыр болса, заңды қалқан етпеске амал жоқ.

Өткен аптада оралмандардың оңалмаған тірлігіне қатысты тағы бір жайсыз оқиға болғаны мәлім: Алматы маңындағы елді мекенде қазаға ұшыраған отанасының қайғылы тағдыры жөнінде біраз БАҚ жазды. Бұл қазаны тиісті органдар тұрмыстық тұрғыдағы қылмыстық оқиғаға балап, жағдайдың соңы ушығып кетпеуін күйттеп жатса да, еріксізден оралман атанған ағайындар арасында ашулы әңгімелер айтылуда.

«Дат, тақсыр!» айдарының бүгінгі қонағы - Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенді осы орайдағы сөзден өретін тақырыпқа тарттық. Қаламгерлік қызметі қайраткерлік мінезімен астасып жүрген жазушы бүгінгі қазақтың бас ауруына айналған бірқатар сауалдар төңірегінде төгіле сөйледі.

- Жәди мырза, Алматының маңында орын алған оралманның өліміне қатысты оқиғадан хабардар боларсыз...

- Мәселенің мәніне толық қанығып кетпесем де, БАҚ арқылы хабардармын. Дегенмен, әр қарақшы өзінің «жемін» таңдаған кезде, оның ұлтын, руын сұрап жатпайтыны сияқты бірер адамға бола бүкіл қауымды кіналау ауыр шығар. Десе де, кейде «иттің иесі болғанда, бөрінің тәңірісі бар» дегендей, алыстан келген ағайынды оңай олжа көретін қаныпезерлер де аз емес. Оның бәрінің жауабы біздің заңымыздың әділдігі мен қауқарлығына байланысты. Заман қасқыр болса, заңды қалқан етпеске амал жоқ.

- Бұл бір қарағанда тұрмыстық сипаттағы қылмыс сияқты. Бірақ қайғы шеккен оралман отбасының кектенген пікірінен елде қалыптасқан оралмандар мәселесінің бүгінгі мәні сезілетін сияқты, қалай ойлайсыз?

- Оң-теріс оқиғалардың кінәсін оралманға аудару - ұлт бірлігіне үлкен қатер. Болған жағдайға байланысты оралман отбасылардың ашынғанын көріп, олардың неге, не үшін ашу-ызаға бой алдырғанын аңдау қиын емес. Олар неге ашынады? Олар қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылайды. Қадірі неге қашады? Ең үлкен «қылмысы» - шет жұртта туғаны. «Адам құлақтан азады, көңілден семіреді» деген сөз бар. Олар құлақтан неге азды?

Алғашқы құрылтайда президент алыстағы ағайынды шақырып жар салып еді. Көш ағылды. Тәубе! Бірақ сол көштің басы таудай, аяғы қылдай болды. Ел бірдеңе біледі деп, аузына қараған біраз ұлықтың «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты». Өзге отар елде естімеген «сауатсыз», «қашқын», «сұрамшақ», «терроршы», «ұрғаным бар», т.б. жат сөзге құлағы жауыр болды.

- Иә, айтқан сөзіңіздің жаны бар, өйткені оралмандар мен жергілікті тұрғындар арасындағы араздықты қоздырудың саясаты жүргізіліп жатқан сияқты және оған Ақорданың өзі бас болып отырғандай көрінеді. Сіз осы пікірге не ой қосар едіңіз?

- Көшке президенттің көзі түзу еді. Үкімет те оң көзбен қараған. Көшіп келуші алғашқы лек те көңілді болды. Бірақ бұл орда төңірегіндегі қызғаныштың қызыл итін баққандарға жақпады. Ағайынға берілген еруліккке, езуіндегі еншіге қызғана қарайтындар көбейді. Храпунов сынды «күйеуге» қиған қаржының жартысын миллиондаған бауырына қиғысы келмейтін қызыл көздер пайда болды. Дау өршіді. Тағы да оралман кінәлі болды.

Біздің билік еркін ойлы, тәуелсіз санадағы қазақтарды басқаруға қарағанда, құлдық идеяның құрығынан құтылып үлгермеген тексіз әулетке қожалық жасаудың оңайлығын жақсы біледі. Ал шеттегі ағайын - қазақтың шашылып қалған көз жасы. Олардың жалпы ұлттық болмысы туралы айтқанда, көбі асылдың қиығы, алтынның сынығы дегендей ақсүйек, текті атаның тұқымдары. Олардың «міні» - «бас асаулығы». Ешкімге бас игісі келмей, құрлық асып көшкендер де солар. Ендеше кеңестіктердің шекпенінен шыққандарға қарағанда, Қытайдағы, Моңғолиядағы, Еуропадағы қазақтарды құлдыққа байлау, оларды «тәртіппен ұстау» тіпті қиын. Сол үшін де билік өзінің «бас ауруын» көбейткісі келмейді. Демографиялық қажеттілік үшін миллионға жақын қандасымыз отанға оралғасын, қазақтың ендігі өсімі табиғи жолмен өзін-өзі толықтырып кетеді деп сенгендер енді оларға шекесімен қарады. Құл тұқымынан шығып, билік сырмағының шетін жағалап жүрген ұсақ мансаптылар орысқа бас шұлғып, «қашып кеткен халық жаулары» қайта оралғанда, оларға үрке қарады. Тіпті әкесін өлтіріп кеткен қылмыскерді кездестіргендей жауыға қарағандар да табылды. Сөйтіп, көшке көлеңке түсті. Шеттегі ағайынның атажұртқа жетуі мұң болып, өздері отырған елдегі басым ұлттың телегейіне шөгіп барады. Енді 5-10 жылдан соң, сол 5 миллион қазақты құтқарамын, қазақ етемін деу бос әңгіме ғана болып қалады.

Оралман аталған «төртінші жүздің» дауын көтергендерге үрке қарайтындар олардың қазақ екенін, қазақтың көз жасының әлі құрғамай жатқанын білмейтін безбүйректер ғана. Ондай адамдар құзырлы органдардың құлағын ұстап отырғанда, мұңымыз сейілмейді, күніміз күлмейді. Қазақтың сүйегінен тау тұрғызған империя иелері кіндігін кескен қаныпезер ұлдар қандасын қалай аясын.

- Сізге сұрақты бұлай қойып отырған себебіміз - қазіргі Ақорда билігіне қазақтың ұйысқан тұтастығы қажет емес, қазақтың ырың-жырың, алауыз, бір-бірімен араз боп отырғаны қажет. Өйткені басы бірікпеген қазақты билеу оңай ғой...

- Қазақты қазаққа салу арқылы ішкі жақтан ірітіп, төбеден ойын көру төрдегілерлің ежелгі әдеті. Біздің билік оны қайталаса, таңдануға болмас.

Билік пен қара халықтың арасында үлкен қамал бар. Көп жағдайда бір-біріне қол жеткізе алмай жатады. Сол себепті де билік халықты, халық билікті кіналайтын келеңсіздік келіп шығады. Шын мәнінде билік пен халықтың ортасына от тастап жүрген «қырық уәзір» бар.

Сол «қырық уәзір» мемлекет пен болашақты емес, өздеріне тиімді майлы жілікті ойлайды. Ел мен жердің байлығының да басым пайызы солар және солардың төңірегіндегі жандайшап жақындарының қалтасына құйылады. Билікке де, байлыққа да қолы жетпеген қара халық тапқанын талшық етіп, өкпесі қара қазандай болып күн кешеді.

Сол қара халықтың ішінде соры қалыңдауы - әрине, оралман аталған өз бауырларымыз.

- Ал биліктің «Жаңаөзен оқиғасын оралмандар ұйымдастырды» деп мәлімдеуі - аз қазақты араздастырғанмен бірдей шаруа емес пе, Жади мырза?

- Жаңаөзен оқиғасы - қазақ тарихына түскен қара дақ. Ол сыздаған жарақаттың жарылуы. Бұрынғы қырғынды, әсіресе орыс отаршылдары төңірегіндегі қанды оқиғаларды еске алсақ, өткеннің кінәсін өзге ұлттан іздеп едік. Бұл жолы қазақты қазақ атты. Жанымыз түршікті. Біздің заңда өлімге кесу жазасы жоқ. Алайда заң белден басылып, жазықсыз жандарға өлім жазасы әшкере атқарылды. Жай ғана атқарылып қойған жоқ, қазақты қазақ қуып жүріп атты. Жығылып түссе, сойылдап өлтірді. Көрмейін десең көзің бар, айтпайын десең аузың бар.

Тарихта мұндай қантөгістің ерте ме, кеш пе бір сұрағы болып отырған. Қанды қолдар қашан болмасын халықтың алдында да, Алланың алдында да жауабын беріп, жазасын алатын болады.

- Айтпақшы, Жәди мырза, сіз де Ақордаға тақау отырайын дедіңіз бе, Астанаға көшіпсіз, қонысыңыз құтты болсын!

- Әмин! Біздің аталарымыз қазақ хандығынан алыстап бара жатқан арғы ғасырларда қазақ тұтастығынан айрылмайық деп, хандардың ұрпағынан өздеріне төре қойыпты. Қанша дегенмен бірлікті, бүтіндікті ойлап, көңілге медеу еткені ғой. Аллаға тәубе! Ел - тәуелсіз, мемлекетіміз бар. Елорданың түбінде, атажұрттың құшағында басың аман, бауырың бүтін еркін күн кешсек - бұл Алланың ырыздығы емес пе!

- Дұрыс қой, дегенмен Алматыда жүргеніңізде оралмандар мәселесін жиі көтеретінсіз, Ақорданың іргесіне келгелі «әу» дегеніңіз есімізге түспей отыр. Сонда енді сізді де «үндемес зиялылардың» қатарына қосамыз ба?

- Жеке шығармашылығыма байланысты оралмандар тақырыбына күнде соқпасам да, қомақты кітаптарды қолға алғаным бар. Шеттегі ағайынның отанына оралуын өзек еткен «Бозмұнар» деген роман жаздым. Оралмандар және шеттегі қазақтар тағдырына байланысты мақалаларым «Қайран елім» деген атпен кітап болып шыққалы жатыр.

Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Сенімің биік, жүрегің таза болса, қаламды қару етуден, ел сөзін сөйлеуден артық не бар. Оралман мәселесі - қазақ мәселесі. Оны айтудан немесе тыңдаудан шаршаған жан ұлттың ұлы бола алмайды.

- Астананың Қоянды елді-мекеніне қоныстанған оралмандардың дауға айналған жер-үй мәселесі шешілді ме екен?

- Қояндының мұңы мен жыры әлі біткен жоқ. Дегенмен, биліктегілерден өз құлағыммен естіген мәліметті шын деп сенсем, бұл мәселелер 2015 жылға дейін шешімін табатын көрінеді.

- Көштің тоқтауына Жаңаөзен оқиғасы себеп болды деген пікірмен келісесіз бе?

- Келіспеймін. Көш онсыз да тоқырап болған еді. Алайда Жаңаөзен оқиғасы үркектеп отырған халықты одан ары үрейлендірді. «Қазақ мемлекетінде қазақты қазақ атып жатыр екен. Қазақтың оғынан өлгенше, өзге ұлттың жанында тірі жүрейік» дейтіндердің көбейгенін жоққа шығара алмаймын.

- Биыл 1962 жылғы алғашқы көштің шекара асқанына 50 жыл толады екен. Алайда мерейтойға лайық датаны атап өту туралы билік ауыз ашпайды. Қазақтың жанына қан құйған бір кездегі ұлы көш Ақорда басшысының бір туған күніне тұрмай ма сонда?..

- Бізде мәнсіз, мәйексіз тойлар көп. «Орда ішіндегі ойын сауықтың көбеюі - патшалықтың ғұмырын қысқартады» дейтін аңыз бар. Ал халық тағдырына, ел өміріне қатысты ірі оқиғалардың еленбеуі, көрсе де көрмеске салу - бұл халықпен санаспау деген сөз. Билік халықпен санаспаса, халық билікпен қалай санасады? Осылайша бір-бірінен суып бара жатқан екі топтың арасындағы биік дуалдың көлеңкесінде ел өмірінің талай алтын парақтары ашусыз қалады. Сол үшін де 1956-1957, 1960-1962 жылдары атажұртқа ағылған бірнеше жүз мың қазақтың үлкен көші еленбей келеді.

Қай дәуірде болмасын, қазақ көшінің бақыты мен соры қазақтың атына заты сай қабырғалы ұлдарына ғана тиесілі болып отырған. Ғасырлар өларасының алды-артындағы ірі көштің тағдыры да ұлт ұлдарына сын.

- Сіз Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында қызмет еттіңіз. Өздерін «қазақ көшінде жұмысымыз жоқ, біздің қызмет шеттегі қандастармен рухани байланыс орнату» деп түсіндіретін құзырлы мекеменің жұмысына енді сырт көз ретінде пікір айтыңызшы!..

- Мен қауымдастыққа келуден бұрын, осы ұйым жағынан ұйымдастырылған конференциялардың бірінде, дүйім жұрттың алдында көштің тоқырай бастағанын айтқанмын. Сонда Талғат Мамашев менің сөзіме қарсы болған.

Қауымдастықта отырғанда да бұл мәселені қоңыраулатуды тоқтатқан жоқпын. Шындықты кім сүйеді, біраз кісіге жақпаған да шығармын. Уақыт менің айтқанымның шындығын көрсетті. Талғат Мамашев - ақ көңіл әрі даңғазалау жан. Маңындағы «қызыл түлкілердің» құйрық бұлғасымен кейде адасқанын білмейді. Өзінің адасқаны түк емес, халықты адастырса, оны адам да, Алла да кешпейді.

Жалпы, аталған ұйым өзінің тарих алдындағы міндетін орындап болды. Еңбегінің артық-кемін уақыт айтады. Ең жақсысы, бұл ұйымның құрылымын қайта жасақтап, жаңаша түрмен, тың міндетпен басқаша құру керек.

- Сіздің «Қаралы көш» романыңыз туралы жағымды пікір көп. Сол романыңызға арқау болған бүгінгі еуропалық қазақтардың елге, отанға келуге ықыластары қалай?

- Соңғы кездері жарық көрген «Бір уыс сәуле» әңгімелер жинағым мен «Қаралы көш» романымның оқырман көңілінен шыққаны өтірік емес. Тұрсынбек Кәкішев, Мыңбай Рәш, Жанат Ахмади, Тоқтар Бейісқұлов, Темірхан Тебегенов, Бекқожа Жылқыбекұлы бастаған онға жақын әдебиетші-ғалымдар жоғары баға беріп, арнайы мақалалар жазды.

Ал Еуропа қазақтарына келсек, олардың жағдайы тіпті қиын. Олармен жиі байланыстамын. Өзге ұлттың телегейіне шөгіп бара жатқан олардың жан дауысы анда-мұнда естіліп, қабырғаңызды қайыстырады. Көші тоқтаған, көңілі күмән-күдікке толы. (Бір мысал ретінде жуырда ғана хат қоржыныма келіп түскен бір хатты да сіздердің пошталарыңызға жібердім).

Ел болып етек жауып, жалпақ жаһанға өзімізді жарнамалап жатқанда, өзге жұртта өгейлікпен тірлік етіп отырған қандастарымызға қол ұшын бермеу - тексіздіктің көкесі саналады.

Елімізде болып жатқан әр күнгі жаңалықты сағат сайын қадағалап отырған алыстағы ағайындар бір ауыз жылы сөз естісе - бері, бір ауыз жаман сөз естісе - ары қисаяды. Олар жылы мейірге, отанының алақандай жеріне зәру. Сондықтан біздің жайлы пәтерде отырып, ойланбай айтып қалған бір ауыз одағай сөзіміз бес миллион қазақтың тағдырына тас атқанмен бірдей. Көлдей көз жасына тоғытылған етбауыр жақынымыз атажұртында емес, ажал дариясында шырқыраса, обалын кім көтереді?! Ондайда кешегі байшылдар-ақсүйектер тұқымы болған Алаш көсемдерінің рухы да тыныш жата алмас.

Жат жұртта жаутаңкөз болған 5 миллион қазақ түгілі, жау қолында қалған жалғыз ұлды құтқару жолында басын бәйгеге тіккен баһадүр бабалар рухы еске түссе, көкірегің удай ашиды. Көзіңнің алды тұмандап, сол тұманның аржағынан телмірген миллиондаған жанарды көресің. «Қазағым, қайран елім, қайран жұртым!» деп ұртыңды тістейсің. Құлдық санадан құтқара көр деп Аллаға бас ұрасың.

- Әңгімеңізге рақмет!

Жұқамыр ШӨКЕ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 16 (144) 11сәуір 2012 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3353
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6235