Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 7951 38 пікір 8 Сәуір, 2021 сағат 17:34

Жер Қазақстан азаматтарына да сатылмасын!

ҚР президенті тапсырмасы бойынша құрылған Жер комиссиясының бірнеше мүшесі бүгін арнайы мәлімдеме жасап, ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жерлерді шетелдіктерге ғана емес, Қазақстан азаматтарына да сатуға қарсы екендіктерін жариялады.

Ресми мәлімдемеде:

«Біз, Жер комиссиясының мүшелері, Қазақстанның ауыл шаруашылығына арналған жерлерді ҚР азаматтарына да жеке меншікке сатуға қарсымыз! Жер мемлекет меншігінде қалуы керек. Азаматтарымыз жерді жалға алып жұмыс істесін. Жер комиссиясының басқа да мүшелерін бізге қосылуға шақырамыз!», - деп жазылған.

Мәлімдеме жасаушылар: Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбенов, Мақсат Толықбай және Жәнібек Қожық. Осы аталған азаматтардың барлығы жоғарыдағы мәлімдемені әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында жариялаған.

Біз Мұрат Әбенов пен Жәнібек Қожық мырзаларға хабарласып, аталған мәселеге қатысты пікірлерін білген едік.

Жер тағдырын 1 пайыз адам ғана шешпеуі керек!

Мұрат Әбенов:

- Біріншіден, А/Ш мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге қарсымын! Себебі, бұл Жер комиссиясы жұмысының ең маңызды мәселесі! Балаларымыз бен немерелеріміз, болашақ ұрпақтарымыздың өз еліміздің жерін пайдалануға құқығы бола ма? Оған казір осы комиссия жауап беру керек! Дұрыс шешім қабылдауға әлі кеш емес!

А/Ш жерлерінің тек 0,6%-ы ғана жеке меншікке берілгенін көпшілік біле бермейді. Қазіргі уақытта барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының 99%-дан астамы әлі де мемлекеттік меншікте. Негізгі сұрақ - қазіргі талқыланып жатқан заңдар мен қазіргі билік органдары оны толығымен жеке меншікке бере ме деген мәселе. Ертең ұрпақтарымыз ата-бабаларымыз қалдырған жерді пайдалану үшін басқалардан рұқсат сұрауына тура келмей ме?.. Миллиондаған гектар жеке жері болатын «латифундистер» пайда бола ма? Олардың мұрагерлері, жер телімдерін алуға мүмкіндігінен айырылған қазақстандықтардың ұрпақтарына жалға беріп, сол көлденең табыспен еңбек жасамай ақ, «рантье» болмай ма? Дәл қазір біздің емес, болашақ ұрпақтың жерге құқығы шешілуде. Сол себептен мен жерді жекеге берүге, онын ішінде Қазақстан азаматтарына да жекеге беруге қарсымын. Жер барлығының тең иелігінде, халықтың меншігінде болу керек!

Екіншіден, жер мәселелерін шешкен кезде жері бар және онда жұмыс істеп жатқандардың ғана емес, бүкіл ҚР азаматтарының пікірін ескеру керек!

А/Ш жерлерін жеке меншікке жалға беру және сату Тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. Мемлекеттіліктің қалыптасуының алғашқы жылдары, экономикалық тұрақсыздық, ел экономикасын қайта құру аясында көптеген азаматтар тұрғылықты жерін, қызмет аясын өзгертуге, үйлерін сатуға, жерді игеруге жағдайы болмай, пайларынан бас тартуға, тегін беріп кетуге мәжбүр болды. ҚР азаматтарының көпшілігі ауыл шаруашылығы құрылымдарын жекешелендіруге қатыспады. Ауылдық жерлерде тұрып, әлеуметтік, білім, мәдениет, денсаулық салаларында қызмет істеді немесе жұмыссыз болды.

Сондықтан Қазақстан азаматтарының 99%-дан астамының меншікте де, жалға алған да жерлері жоқ. Барлығы 19 млн халықтың 100 мыңға жуығының меншікте немесе 49 жылға жалға алынған жер телімдері бар. Халықтың 1 пайызынан азы бүкіл жердің тағдырын басқа 99% атынан шешпеуі керек. Сол себептен «жер мәселесін, жермен айналысатындар, мамандар шешу керек» деген пікірмен келіспеймін. Мүмкін біз қазір жердің маманы емес шығармыз, бірақ біздің немере шөберелеріміз жермен айналасуы мүмкін. Барлығымыз бірге шешуіміз керек.

Үшіншіден, А/Ш жерлерін тек жалға беруді ұсынамын. Оны тек мемлекет атынан тікелей жалға алатындарға ғана беру керек. Жерге жеке меншік құқығын талап ететіндердің айтатын уәжі - жерді тек коммерциялық айналымға енгізу арқылы нарықтық құны пайда болады және инвесторлар үшін пайда табу мүмкіншілігі өседі. Бірақ ол жалғыз ғана нарықтық құрал емес. Мысалы, егер біз заңмен Қазақстанда жерді белгілі ұзақтау мерзімге жалға беру нарығын құратын болсақ, онда жеке меншікке сатпай, жер қатынастары саласында нарықтық қатынастар құруға болады. Бұл жағдайда жалға беру жер учаскелерінің түріне байланысты әртүрлі мерзімдерді, әртүрлі бағалар мен шарттарды қамтуы керек. Шарттарды орындау кезінде алдын-ала сынақ кезеңінен бастап, ары қарай созуға болады. Ең ұзақ мерзімі 49 жылға дейін. Бірақ мемлекеттік органдар бұны ашық, жария түрде, әділ өткізу жүйесін ортнату керек.

Төртіншіден, субарендаға тыйым салу қажет! Жерді жалға берудің негізгі мақсаты оны босқа жатқызбай өңдеуге және тиімді пайдалануға ынталандыру болуы керек. Жерге салынатын салықтар сапалы өнім алуға, жаңа технологиялар енгізуге және жұмыс орындарын ашуға итермелеуі тиіс. Егер жалға алушы жерді тиімді пайдалана алмаса, оны мемлекетке қайтаруға міндетті. Оны әрі қарай келесі пайдаланушыға жалға беру тек мемлекеттің құзырында, барлық жағдайларда бірдей болуы керек. Тиімсіз жалға алушы оны өз қалауы бойынша қосалқы жалға - субарендаға беруге құқылы болмауы керек. Бұл шектеуді енгізсек Қазақстанда «латифундистер – рантье» пайда болуына жол бермейді. Болмаса олар үлкен жер учаскелерін иемденіп, мемлекет пен жерді пайдаланушы арасындағы делдал ретінде субарендаға беріп, дым әрекет жасамай пайда табатын болады. Бұл экономика үшін тиімді емес, өйткені өнімнің бағасы делдал-жалға алушының қосымша пайдасы қосылады. Жерді пайдаланғысы келген азаматтар оған қолы жетпейді. Сыбайластық жемқорлыққа жол ашылады. Жерді көптеп бір қорға беріп, қалған азаматтарды сол жеке адамға тәуелді қылады. Оған жол бермеу керек.

Бесіншіден, Жер кодексі талаптарының орындалуы әкімдер бақыламауы керек. Бұл функция цифрландыру және автоматтандыру негізінде Президентке тікелей бағынатын орталық органға берілуі керек.

Жер ресурстарын басқару, есепке алу, бөлу және бақылау мәселелері Сыбайлас жемқорлық көп тараған салаларының бірі. Бірінші Жер комиссиясы өткен 5 жыл ішінде біз қандай учаскелерге қандай адам иелік ететінін, жердің қандай күйде екенін, оны қалай тиімді пайдаланатынын, бұл учаскелер нашарлағанын анықтай алдық па? Жоқ! Қолданыстағы заңнама бойынша бұл ақпарат жергілікті органдардың сайттарында болуы керек. Ол да жоқ. Неліктен? Жергілікті деңгейде миллиондаған гектарға дейін жері бар, бюджеттен жүздеген миллион субсидия алатын, билікке жақын қаржылық өндіріс топтары бар. Әкімдіктер оларға жерді өздері береді, субсидиялар бойынша өздері шешеді, өздері бақылайды. Сондықтан, ақпарат қол жетімді болуы оларға тиімді емес. Олай болғасын жердің ашық космомониторигіне кедергі келтіреді, өйткені осы мәліметтер негізінде қанша жер егілгенін ғана емес, сонымен қатар топырақтың, егіннің жағдайын көруге болады. Бұл салық жинауға және өнім бағасын болжауға көмектеседі. Сол себептен оған жергілікті әкімдердің қасындағы сабайластық топтар қарсылық жасайды. Ең тиімдісі жерді бақылау жөніндегі функцияларды орталық органға беріп, оны ең Әлеуметтік және экономикалық маңыздылығын ескеріп тікелей ҚР Президентіне бағындыру керек.

Жер комиссиясының жұмысы ашық болуы керек!

Жер бойынша қабылданған кез-келген шешім азаматтардың көпшілігінің пікірін ескерусіз заңды болмайды. Сондықтан Жер комиссиясының жұмысын барынша ашық әрі нақты жүргізуді ұсынамын. Оның құрамына кіретін 80 мүшенің әрқайсысы ұсынылған және қолдау көрсетілетін идеялар үшін Отандастарының алдында жеке жауапкершілікті сезінуі тиіс.

Жер комиссиясының ашықтығы бойынша келесі ұсыныстарды енгіземін:

  • Барлық отырыстарды тікелей эфирде, оның ішінде әлеуметтік желілер платформаларында өткізу. Отырыстарда айтылған ресми баяндамалардың мәтіндері, сөйлеген сөздердің Комиссия мүшелерінің жазбаша ұсыныстары отырыстан кейін бір тәулік ішінде жариялануы тиіс.
  • Комиссия жұмысы үшін дайындалған барлық статистикалық мәліметтер – анықтамалар, есептер, ғалымдардың, сарапшылардың пікірлері, әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері ашық қолжетімді болуы керек.
  • Жер комиссиясы мүшелерінің барлық ұсыныстары бастамашылардың тегі мен аты-жөні көрсетіле отырып, кестеде аталуы тиіс.
  • Дауыс берудің барлық рәсімдері атаулы түрде өткізілуге тиіс. Қолдаған, қарсы болған немесе «қалыс қалған» дауыс туралы деректер ашық түрде жариялануы тиіс.
  • Барлық аралық және әсіресе қорытынды құжаттарды дауыс беру алдында түпкілікті шешімнен кем дегенде 3 күн бұрын ашық қолжетімді етуге міндетті. Комиссия жұмысының қорытындысы жабық есіктің артында қабылданған қоғам үшін күтпеген жағдай болмауы тиіс.

Жер тағдыры ол – сайлау емес!

Жәнібек Қожық:

- Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер Қазақстан азаматтарына да сатылмасын дейтініміздің басты сабебі – Қазақстанда 8 жер категориясы бар. А/Ш мақсатындағы жерлер соның ішіндегі ең үлкені. Қалғандары орман-тоағйлар, қалалық және өндірістік жерлер, әскери сынақ алаңдары т.б. жерлер. Ал ең үлкені осы А/Ш жерлері.

Президент: «Шетелдіктерге сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді», - деп нақты шешімін шығарды. Ал Жер комиссиясында қаралып жатқан мәселе көп. Соның бірі – А/Ш жерлері Қазақстан азаматтарына сатыла ма, жоқ па деген мәселе. Ол жерде біз дауысқа салатын болсақ, азшылық болып, жеңіліп қаламыз. Сондықтан, халықтың қолдауы өте қажет!

Жерді сату ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді

Егер жер ҚР азаматтарына сатылатын болса, онда біздің жеріміз қалмайды! Жер – «келесі жылы көбейтіп аламын, келесі жылы төлдейді» дейтін мал немесе егістік емес! Ұлтарақтай ғана жер. Мысалы, бір ауылдың маңындағы жерді біреу сатып алатын болса, ол жетпіс жеті атасына дейін соның меншігінде қалады. Сатып алған жері болғандықтан, ешкім оның жеке меншігіне қол сұға алмайды. Ал басқа адамдар жер ала алмайды. Қазір ҚР азаматтарының ішіндегі ауылда тұратындарының өзі жер сатып алатындай жағдайы жоқ.

Ал Алмасбек Садырбай дейтін комиссия мүшесі: «Жер тек қазақтарға ғана сатылсын», - деп жүр. Бұл жалпы халықты алдау ғой. Қазаққа сатылсын, басқаға сатылмасын дейтін заң жоқ. Қазақстанда ҚР азаматтары ұлтына, тіліне, нәсіліне қарап бөлінбейді. Бәріне бірдей болады. Ал жеке меншікке сатылып кететін болса, болашақта жеріміз қалмайды.

Қазірдің өзінде жүздеген мың Қытай ҚР азаматтығын алды деп есептеп отырмыз. Тек Қытайлар ғана емес, басқа да елдің азаматтары да бар. Қос азаматтығы барлары қаншама?.. Ертең олар да ҚР азаматтары қатарлы жерге иелік етуші болып шығады. Бұл ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді.

Қазіргі Жер комиссиясының құрамында «жер ҚР азаматтарына да сатылмасын» деп отырған азаматтар азбыз. Комиссияда облыс әкімдерінің орынбасарлары, ірі жер иеленуші азаматтар өте көп. Сондықтан, ертең комиссияға қандай да бір ұсыныс түсіп, ол дауысқа салынатын болса, әрине біз жеңіліп қаламыз.

Жер тағдыры ол – сайлау емес! Үлкен мәселе! Жерден айырылатын болсақ, мемлекеттен айырыламыз! Қазақтың бір уыс топырағында аталарымыздың қаны бар. Жерді сататын болсақ, ата-бабаларымыздың әруағы атады. Жер үшін бәріне де баруға болады! Көшеге де, митингіге де шығуға болады! Егер ертең жер сатылатын болып жатса, жер үшін басымызды бәйгеге тігеміз! Соның бірі өзім деп санаймын!

Редакция: Біз алдағы уақытта аталған бастамаға қатысты Жер комиссиясының өзге де мүшелерінің пікірін білетін боламыз!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

38 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385