«Ақ жол» фракциясы Астанада бизнес өкілдерімен кездесті
Бүгін «Ақ жол» демпартиясының парламенттік фракциясы еліміздің шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу Астана қаласының орталығындағы «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығында өткен.
Аталған жиында ұлттық тауарлар каталогы мен ЭСФ ақпараттық жүйелерінің өзара интеграциянбауы, сондай-ақ Көлік комитеті мен Мемлекеттік кірістер комитеті жүйелеріндегі осыған ұқсас мәселелер талқыланған.
Кәсіпкерлердің көкейтесті сұрақтарына Сауда министрлігі, Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті, Өнеркәсіп министрлігі, Көлік министрлігі, Цифрлық экономиканы дамыту орталығының өкілдері мен «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жауап берген.
Айта кетейік, бұған дейін осыған ұқсас басқосулар Шымкент, Қарағанды, Семей және Орал қалаларының кәсіпкерлерімен де өткізілген.
"Тауарлар каталогына қатысты Сауда министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті, ҰКП және жүйе операторының өкілдері аталмыш жүйені жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын және осы өтпелі кезеңде бизнеске ешқандай қаржылық санкциялар қолданылмайтынын бірауыздан мәлімдеді (назарға алып қоямыз).
Автотасымалдаушылар көлеңкелі нарықпен және салық төлеуден жалтарумен күрес, шетелдік көлік компаниялары тарапынан туындап отырған жосықсыз бәсекелестік, сондай-ақ заң талаптарын айналып өтуге мүмкіндік беретін құқықтық реттеудегі олқылықтар секілді өткір мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, қауымдастық өкілі Оксана Сорокина халықаралық тасымалдарға рұқсат беру тәртібін жолға қойғаны және шекарадағы электрондық кезек үшін Автокөлік комитеті мен Мемлекеттік кірістер комитетіне алғысын білдірді.
Автокөлік тіркемелері мен жол жабындысына арналған химиялық реагенттер өндірушілері Отандық өндірушілер тізілімі мен өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдерге қойылатын талаптарды саралауды сұрады. Сондай-ақ олар химиялық реагенттердің сәйкестігін растауға арналған зертханалық базаның жоқтығына байланысты сын-пікірлерін жеткізді.
Бұдан бөлек, салық консультанттары мен аудиторлар қауымдастығы бірқатар өзекті мәселелерді көтергенмен, мемлекеттік органдар нақты жауап бере алмады. «Ақ жол» демпартиясының депутаттары ресми түрде сауалдар дайындайтын болады.
Пікірталас айтарлықтай өткір әрі нақты болды. Жұмысты жалғастырамыз",- деді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Abai.kz