Сенбі, 23 Қараша 2024
Ғибырат 5783 13 пікір 13 Сәуір, 2021 сағат 13:57

Қытайдағы қазақтан шыққан тұңғыш профессор

немесе ғалым Ахметбек Кірішбайдың еңбегі Қазақстанға керек пе?

Биылға ауа райы «сәуір болмай, тәуір болмайды» деген қағиданы бұзған секілді. Қыстың аяғы созылып кетті. Алматының қабағы қатулы, көңілі пәс. Көңілі пәс болмай қайтсін, ашық күнінен бұлтты күні көп. Асқар Алатау ақ көрпесін түруге асығар емес. Мұндай жағдайда «сәуір келді, тәуір болды» деп қыстың киімін шешіп тастап, жеңіл киімге қалай ауысасың. Оның үстіне күнделікті жаңалықтарда «Алматы қаласында коронавирус жұқтырғандардың саны артып келеді, пәлен адам қайтыс болды» деген секілді жағымсыз ақпаратты естіген жұртты үрей билеп, көңілі бәсең тартып барады. Бір жағынан жұмыссыздықтың көбейуі, зат бағасының толассыз қымбаттауы елдің әлеуетін жан-жақтан қысып барады. Құдды «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алдының» кері болып тұр.

Сіздерге қолайсыз ауа райы мен жағымсыз ақпаратты айта бергенше, күні кеше ғана өзім куә болып қайтқан бір жағымды жаңалықпен бөліскім кеп тұр. Қысқасы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан, аты Қытайдың іші-сыртына танымал, қатай қазағына аты аңызға айналған абыз қарияға жолығып, әңгімелесіп қайттым.

Ахметбек Кірішбай Алматыда тұрады екен дегенді ұзынқұлақтардан естігеніме де бір-екі ай болған. Іздеп барып сәлем берейін десем, иә мекен-жайын білмеймін, иә телефонын білмеймін. Бір болса осы білер деген таныс-білістердің біразына телефон шалып сұрау салдым, көбі білмейтін болып шықты. Кейбіреуі ол кісі Қазақстан жазушылар одағының мүшесі еді, мүмкін мекен-жайын Одақтың «Телефон анықтамалығынан» іздеп көрерсің деген кеңес берді. Әлгі танысымның кеңесі бойыншы Жазушылар одағының «Телефон анықтамасын» тауып іздеу салған абыз қартымның мекен-жайын оқыдым. Онда «үй телефоны пәлен, қол телефоны пәлен» деп тайға таңба басқандай жазып қойыпты. Үй телефонына қоңырау шалсам барып тұр, бірақ ешкім көтермейді. Ал қалта телефоны «бұл абенет уақытша қолжетімсіз, хабарлама қалтырыңыз!» деген сөзді қайталаудан бір тынбайды. Содан не керек, кітапшаға жазылған мекен-жайға құрақ ұшып бардым, өкінішке орай, бұл пәтерден көшіп кетіпті, бірақ қайда қоныс аударып кеткенін ешкім білмейді.

Осы екі күннің алдында Нұр-Сұлтандағы бір танысымнан «сен іздеген абыз қарияның қызы Еуразия университетінің Шығыстану фаульттетінде қытай тілінен сабақ береді екен» деп Алматыдағы мекен-жайын көрсетіп, байланыс жасайтын екі қалта телефон нөмірін ватсабыма жазып жіберіпті. Көктен тілегенім жерден табылғандай қуанған мен бір телефон нөмірін тердім, қарсы жақтан «ало» деген әйел адамның даусы шықты, – Сәлеметсіз бе, сіз Ахметбек атаның келінісіз бе? – дедім. Ол: «Келіні емеспін, үлкен қызы Раушанмын» деп күлді. Мен Раушанға телефон соққан бұйымтайымды айтып, біраз уақыттан бері абыз қарияға іздеу салып жүргенімді жеткіздім. Содан не керек, сәті түсіп сәрсенбі күні кешкісін Раушан айтқан мекен-жайға барып, абыз қарияға жолықтым. Менің қиялымда абыз қарт – ұзын бойлы, ірі денелі, қара торы адам болар деп елестейтін. Бірақ менің оным бекер болып шықты, керісінше кейіпкерім орта бойлы, ақсары қариия болып шықты. Әңгіме бойының ұзын немесе денісінің ірі болуында емес қой, бар гәп оның ойының биіктігі, адамзатқа, әсіресе қазақ халқына сіңірген еңбегі мен ақыл парасатының жемісі болса керек. Бұл абыз қариямыз сонысымен ірі, сонысымен биік тұлға болып отыр. Аржағын өзіңіз біле беріңіз.

Аман-сәлемнен соң, қарияға көптен бері өзімен кездесіп, аман-сәлем жасап сұхбаттасудың сәті бүгін түскенін айттым. Абыз қария менің сөзіме балаша қуанып, алғысын білдірді. Сол дәстүрлі дағдымен біраз сұхбаттасып, өмір жолы мен жасампаздығына қанығып қайттым.

Абыз қария Қазақ еліне көшіп келгеніне оншақты жылдан асыпты. Дәрігер баласы Елшаттың қолында тұрады екен. Қытайға 2017 жылдан бері бармапты, одан бұрын жылына бір-екі рет барып-келіп жүрген екен. Қария: «Мен әсілі 1930 жылы туылған екенмін, сол кездегі аумалы-төкпелі заманда құжатқа 1933 жылы» деп жазылып кетіпті. Құлағы ауыр естігені болмаса қария ширақ. Кітап сөресі негізінен өзінің том-том кітаптарына лық толыпты. Әлі жарық көрмеген қолжазбаларын мазмұн-мазмұн, тарау-тарауға бөліп қаттап, буып-түйіп қойыпты. Қария 70 жылдан бері зерттеп, зерделеп, көз майын сарқып жазған еңбектерін көзінің тірісінде еліне аманат еткісі келеді. Бірақ бірде-бір еңбегі Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуынан кириллицаға аударылмапты. Қазақстанда ешбір еңбегі жарық көрмепті. Менің арнайы іздеп келгеніме қатты риза болды. Өйткені, соңғы бес жылдан бері өзін елеп-ескеріп келген меннен басқа адам болмапты. Абыз қариямен осылайша екі-үш сағат әңгіме дүкенін құрдым. Қуанышын жасыра алмаған қария: «Әлімжан балам, көптен бері көңілім көтерілмей жүр еді, сеніменен  әңгімелесіп көп жеңілдеп қалдым, өркенің өссін!» деп батасын берді.

Қызы Раушан: «Әкем еңбектерімді көзімнің тірісінде елге аманат ете алмай кетем бе деп қатты алаңдайды. Әкемді өз саласының мамандары елеп-ескермегеніне қатты налиды. Өзін түкке керексіз адам ретінде көре бастады. Өзіңіз білетін шығарсыз, Қытайда әкемнің атағы Алатаудай еді ғой. Қазақ елінде бұл кісіні ешкім білмейді, білмеген соң еңбегі де елеп-ескермейді. Нұр-Сұлтандағы Гүлжан сіңлім екеуіміз төтешеден кириллицаға аударып электрондық нұсқаға түсіретін, екі жазуды жақсы білетін сауатты адам таппадық. Табылса еңбек ақысын беріп аудартып, әкеміздің көзінің тірісінде бәрін болмаса да екі-үш кітабын өз қаржымызбен шығарып, ашылу салтын өткізіп қуантсақ жақсы болар еді», – деді. Ал Абыз қария: «Балаларымның біреуін өзімнің жолымды қуатын мамандық оқытпағаныма өкінемін, біреуі дәрігер, екіншісі ағылшын тілі маманы, ал енді бірі қытай тілі маманы. Мүмкін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын оқыған біреуі болғанда, менің мына дүниелерімді көзінің қарашығындай сақтап, оның жарыққа шығуына мұрындық болар ма еді деп ойлаймын»,  – дейді. Бір кем дүние деген осы.

Ал, Мен болсам «журналист» деген жалаң атағымнан басқа нем бар, көптің бірімін ғой. Әйтіп-бүйтіп бірдеме жазғаннан басқа қолымнан не келер дейсіз. Бұған да шүкір, бұл да қолдан келмесе мына қауқарсыз абыз қариядан артып тұрғанымыз шамалы. Десе де, Қазақстанда кітап шығарудың біраз жолдарын атап көрсеткен болдым. Оның қаншалықты көмегі боларын бір Құдай біледі.

Енді абыз қарияның, анығын айтқанда әдебиет танушы, ғалым ғалым Ахметбек Кірішбайдың еңбектерін халқына тұжырымдап, ең бастыларын айта кетейін. біле жүрсін. Ал ол кісімен болған сұхбатымды асықпай жариялай жатармын.

Әдебиеттанушы, ғалым, педагог, Шынжаң университетінің профессоры Ахметбек Кіршібай, 1933 жылы сәуір айының 11 күні Шынжаң өлкесінің Тарбағатай аймағындағы Шәуешек ауданының Еміл ауылында дүниеге келген. 1951 жылы Тарбағатай гимназиясын оқып бітіріп, 1956 жылға дейін осы гимназияда оқытушы болып жұмыс істейді. 1959 жылы Шынжаң педагогикалық институтын бітірген соң У Хан қаласындағы Джоңнан Ұлттар институтының мемлекеттік Лу Синтану мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. 1956-1998 жылдары аралығында Шынжаң университетінің филология факультетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент және профессор болып жұмыс атқарды. Осы факультеттің Қазіргі және осы заманғы әдебиет кафедрасында ұзақ жылдар бойы кафедра меңгерушісі болып жұмыс атқарды. 1982 жылы доцент, 1988 жылы профессор атағын Шынжаң Ұйғыр Автономиялы Райондық Жоғары Аттестациялау Комитеті тарапынан алып, Қытайдағы қазақтардан профессор атағына тұңғыш ие болған ғалым атанды. 1988-1998 жылдары ШҰАР Жоғары Аттестациялау Комитетінің алқасы және университеттің Диссертациялық Кеңес комиссиясының мүшесі болып жұмыс атқарды.

Ахметбек Кіршібай 1980 жылдардан кейін Шынжаң университетінің филология факультетінде «Қазақ әдебиеті» мамандығының ашылуына бар күшін салып, осы мамандық бойынша көптеген мамандарды даярлады. 1988 жылдан бастап «Қытайдың қазіргі және осы заман әдебиеті» ғылыми зерттеу бағыты бойынша аспиранттарға ғылыми жетекші болып, сонымен қатар «Қазақ әдебиеті тарихы» мамандығы бойынша тұңғыш аспиранттарды қорғатты.

1979 жылы Бейжің Орталық Ұлттар институты, Іле педагогикалық институты, Шынжаң Оқу-ағарту институты сияқты жоғары оқу орындарының ұсыныс етуімен «Қазақ әдебиеті тарихынан» дәріс берді. Бұл Қытай елінде «Қазақ әдебиеті тарихы» пәні бойынша алғашқы өткізілген дәріс болды. Іле педагогикалық институты (қазіргі Іле педагогикалық университеті) А. Кіршібаевқа «Құрметті профессор»  атағын берді.

Ахметбек Кірішбаев Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қытай Жазушылар одағының мүшесі, Қытай Жазушылар одағы Шынжаң бөлімше қоғамының мүшесі, Лу Шүн зерттеу қоғамының жорасы, Қытай қазігі және осы заман әдебиетін зерттеу қоғамының мүшесі, Қытайдағы аз ұлттар жазушылары ғылыми қоғамының алқасы, Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясы ұлттар әдебиетін зерттеу институтының арнайы зерттеушісі, Шынжаң ауыз әдебиетін зерттеу қоғамының ақылшысы әрі мүшесі, Таңжарықтану ғылыми қоғамының алқасы, Қазақ тіл-мәдениет қоғамының жорасы, Шынжаң автономиялы райондық Саяси Кеңестің мүшесі сияқты қоғамдық жұмыстарды атқарды.

1988-1998 жылдары ШҰАР жоғары оқу орындарындағы мамандардың ғылыми атақтарын бағалау және қоғамдық ғылымдар саласындағы жоғары дәрежелі мамандардың ғылыми атақтарын бағалау комитетінің алқасы (Жоғары Аттестациялық комитеті), Шынжаң университеті оқытушыларының ғылыми атақтарын бағалау және университеттің Диссертациялық Кеңес комиссиясың мүшесі сияқты жұмыстарды атқарды. Осы барыста өзінен кейінгі қазақ ғалымдарының профессорлық ғылыми атаққа қол жеткізуіне септігін тігізді.

Жазған ғылыми кітаптары мен оқулықтары үшін университет және ғылыми қоғамдар тарапынан алған сыйлықтарынан тыс 1988 жылы ШҰАР бойынша «Бірінші дәрежелі кәсіби маман» сыйлығымен, 1994 жылы Қытай Мемлекеттік Кеңесі тарапынан «Жоғары оқу орындарының оқу-ағарту жұмысына ерекше үлес қосқан мемлекеттік маман» құрмет грамотасымен марапатталды.

Қытайдағы аз ұлттар әдебиетін зерттеуші мамандарының көрнекті өкілі ретінде А. Кіршібай есімі мен еңбектері ҚХР-ның «Қытай әдебиет-көркемөнершілерінің дүниежүзіне әйгілі қайраткерлері», «Қытай Халық Республикасының перзенттері», «Қытайдағы әйгілі ағартушылар», «Қытай Халық Республикасының мамандары», «Қытайдың жаңа дәуіріндегі жоғары дәрежелі ғылыми – техника саласындағы қайраткерлер», «Шынжаңдағы әйгілі мамандар – Қытайдағы қазақ мамандары» сияқты тұлғалы энциклопедияларға енді. Және «Қазақстан әдебиет энциклопедиясы» мен «Қазақстан жазушылары» анықтамалыққа енді.

А. Кіршібайдың оннан астам мемлекеттік ғылыми жоба, монография мен оқулығы, 70-тен астам ғылыми мақалалары жарияланған. Олар:

«Қазақ әдебиетінің тарихы». 2-том Ерте заман әдебиеті. Қытайдағы аз ұлттардың тілінде жазылған басылымдарды шығаруға арналған Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясының ұлттар әдебиеті институты тарапынан ұйымдастырылған мемлекеттік жоба. (Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 2011. ISBN 978-7-228-14912-4  ҚХР мемлекеттік екінші дәрежелі сыйлыққа ие болған).

«Қазақ әдебиетінің тарихы». Осы заман әдебиеті бөлімі. ШҰАР құрылғандығының 50 жылдығына арналған Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясының ұлттар әдебиеті институты тарапынан ұйымдастырылған «Қытай аз ұлттар әдебиеті тарихынан» желілес кітап (Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 2005. ISBN 7-228-09575-8).

«Әбу Насыр Әл – Фараби». «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» желілес кітап (Пекин: Ұлттар баспасы, 2000. ISBN 7-105-04060-2).

«Қытайдағы аз ұлттардың осы заман әдебиеті». Қазақ әдебиеті бөлімі. Қытай тілінде. (Гуаң Си: Гуаң Си халық баспасы, 1989).

«Қазақ әдебиеті тарихынан очерктер» (Үрімжі: Шынжаң жастар–өрендер баспасы, 1988).

«1919 жылдан Қытай азаттығына дейінгі қазіргі заман қазақ әдебиетінің жәйі» (Құлжа: Іле халық баспасы, 1987. Шынжаң унверситеті тарапынан үшінші дәрежелі сыйлық алған).

«Әдебиет зерттеулер» Мақалалар жинағы (Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 1986). Бұл кітап Шынжаң университеті тарапынан екінші дәрежелі сыйлаққа ие болды.

«Тіл – әдебиет негіздері» Жоғары оқу орындары оқулығы (Үрімжі: Шынжаң оқу–ағарту баспасы, 1986).

«Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үлгілер» 1-том. (Үрімжі: Шынжаң университеті баспасы, 1985). Шынжаң университеті оқулықтарының үшінші дәрежелі сыйлығын алған.

«Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үлгілер» 2-том. (Үрімжі: Шынжаң университеті баспасы, 1985). Шынжаң университеті оқулықтарының үшінші дәрежелі сыйлығын алған.

«Әдебиет оқулығы» Орта мектептің XI сыныбына арналған қазақ әдебиеті тарихы оқулығы. (Үрімжі: Шынжаң оқу – ағарту баспасы, 1986).

Ахметбек Кіршібай 2003-2005 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткізілген халықаралық ғылыми – теориялық конференцияларға арнайы шақырумен 4 рет қатысты.

2003 жылы «Махамбет Өтемісұлының поэзиясындағы ерлік пен елдік рухы және қазіргі дәуір» атты халықаралық ғылыми – теориялық конференцияға  «Махамбет поэзиясының Қытайдағы жоғары оқу орындардағы оқытылуы және оның ықпалы жайында» атты мақала жазып, баяндама жасады. Осы конференцияда Ахметбек Кіршібайдың жазған Махамбет шығармаларын енгізген оқулық кітабы мен осы конференцияға арнап жазған мақаласын Махамбеттің туған жұртындағы Махамбет Өтемісұлының мұражайына көрмеге қойылатындығын жариялады.

2004 жылы «Әлкей Марғұлан және ұлт руханияты» атты халықаралық ғылыми – теориялық конференцияда Әлкей Марғұланның қазақ халқының ежелгі салт-дәстүріндегі сақталған салттық мұралары жөніндегі ғылыми – теориялық зерттеулерінің ішіндегі «Күйді ерттеп әнді мінген кемеңгерлер» атты ғылыми мұрасынан қазақтың сал-серілік дәстүрі деген тақырыптағы еңбектерінен арнайы баяндама жасады. Осы жолғы баяндама жайлы  «Қазақ әдебиеті газеті» ұжымы арнаулы тілші жіберіп, сұхбат өткізді. Сұхбат мазмұны  «Қазақ әдебиеті газеттің» 2015 жылы 10-сәуір күнгі санында  «Ғылымға қайда болса да жол ашық» деген тақырыппен жарияланды. Қазақстан телеарнасында да қойылды.

2004 жылы қараша айында  «Қазақ халқына атамұра, мәдениеті, әдебиет көркемөнері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда  « Қытайдағы қазақ әдебиеті тарихының ежелгі әдебиеті тарихынан қазіргі және осы заманғы әдебиеті тарихына дейінгі зерттелу жағдайы, оның жоғары оқу орындарындағы пән ретінде өтілу жағдайы, оның Қытай елінің «8-ші бесжылдық мемлекеттік жоспарындағы» түйінді зерттеу тақырыбы ретінде қаралып, орындалуы» жайлы баяндама жасады. Осы баяндама Қазақстан телеарнасында бетпе-бет сұхбат арқылы берілді.

2005 жылы «Қазақстан әдебиеті тарихындағы үш арыстың (Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Илияс Жансүгіров) өмірі мен шығармашылығы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда «Бейімбет Майлиннің «Шұға» повестіндегі басты кейіпкер Шұға туралы, Илияс Жансүгіровтың шығармашылығы және оның «Құлагер»  атты дастаны» жайында баяндама жасады.

2007 жылы  Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Қазақстан Жазушылар Одағы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті бірлесіп өткізген «Шетелдегі қазақтардың Қазақстанға көшіп-қонуының бүгінгі жағдай және келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, баяндама жасады.

Өзіңіз оқып отырғандай менің кейіпкерім, абыз қариям бір өзі бір институттың жұмыс атқарған. Осындай ұлағатты ғалымға құрмет көрсетпеу, еңбегін бағаламау елдігімізге сын. Сондықтан «қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» демекші, патша көңілді оқырманым саған айтамын, билік сен тыңда! Ғалымның өзі арқалап келген еңбегін қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан орасан еңбек деп бағалап, оның Қазақстанда кітап болып шығуына, халықтың рухани байлығына айналуына мемлекеттік қолдау көрсету керек! Бұған ҚР мәдениет және спорт министірлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму минстрлігі назар аударып, том-том кітаптарының басылып шығуына қол ұшын береді деген сенімдеміз.

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5442