Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 5119 13 пікір 19 Сәуір, 2021 сағат 14:26

Атыраудағы шекара дауы: Алаң да алаң, алаң жұрт!

Сенбі мен жексенбі ел назары еліміздің батысында болды. Халықты алаңдатқан Жер дауы. Құрманғазы ауданындағы Көптоғай ауылының жеріне қазық қағылып, қоршау тұрғызыла бастады. «Бұ не жағдай» деп халық өре түрегелді. Алаңдауға негіз бар, кеше тұлпары су ішіп, бабасы балық аулаған өзеннің бойына бүгін шекара сызығы сызылып, қада қағылып жатса... Әлеуметтік желі түрлі видеоға толып кетті. Бірі рас, бірі жалған. 

Ол бойынша ҰҚК арнайы түсінік берді. «2021 жылғы 17 сәуірде жекелеген электрондық ақпараттық ресурстарда Атырау облысында өтіп жатқан акциялар туралы видео тарала бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды. Әлеуметтік желілерде тараған видеода «Қалқан-2021» оқу-жаттығулары көрсетілген. Осыған байланысты ҰҚК баспасөз қызметі отандық БАҚ редакцияларынан мұндай материалдарды қайта жариялағанда немесе оған сілтеме жасаған кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгініп, ақпаратты растауды немесе түсініктеме алуын сұрайды. Сондай-ақ ҰҚК жалған ақпарат таратпауға шақырады», – деген хабарлама таратты.

Алайда Көптоғайда Жер мәселесі бары анық. Бұл туралы Атырау облысының әкімдігі Фейсбук парақшасында: «Қазіргі уақытта 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімі» бойынша екі ел арасында шекара белдеуі орнатылуда. Ал, демаркациялық жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Шекара аумағында жаңа қоршаулар тұрғызу жұмыстарын «2016» әскери бөлімі жүргізуде», - деген хабарлама таратты.

Ал дау болып жатқан Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев бұл жағдай бойынша былай дейді: «Бұл жұмыстар қазір емес, бұрын басталуы тиіс еді, бірақ әртүрлі себептермен жүргізілмей келді. Тек биылғы жылдың 14 сәуірінде шекарашылар құрылыс жұмыстарына кірісті. Шекара қоршауы жұмыстары жүргізілмес бұрын, 13 сәуірде әкімдік, шекара қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдері Көптоғай ауылының тұрғындарымен кездесіп, жұмыстардың заңдылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Алайда, сондай-ақ шекара қызметі мен құқық қорғау органдары да жасалып жатқан жұмыстардың заңдылығын ұғындырды».

Дегенмен 2005 жылы келісілген шешімді неге жергілікті билік өкілдері 16 жыл ішінде халыққа нақтылап түсіндірмегені белгісіз. Бұл шенділердің жауапкершілігінің төмендігі ме, әлде жұмысын жақсы білмейтіндігінің көрсеткіші ме?!

«Шекара қоршауларын орнату жұмыстары тоқтатылды. 13 және 16 сәуірде Көптоғай ауылының тұрғындарына жүргізілетін жұмыстардың заңдылығын түсіндірдік. Жерді суару үшін, мал үшін су алу мәселесі қарастырылды. Бұл үшін ешқандай кедергі жоқ», - дейді аудан әкім Марат Мұрзиев. Яғни мал суаруға кедергі болмауы тиіс. Дегенмен бұл мәселе толық шешілді дегенді білдірмейді. Қазір қоршау жұмыстары тоқтатылды, бірақ мәселе шешілмеді. Бұл жағдай 1,5 мың көптоғайлықты ғана емес, қалың қазақты алаңдатып отыр.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437