Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 6337 17 пікір 22 Сәуір, 2021 сағат 15:13

Ошақтың үш бұтындай үш ағам-ай...

Тағдыр, пешене, кімге нені қалай жазды?!

Алматыға ұшайын десем, қала құлазып қалған сияқты.

Тағдыры бір, татқаны басқа үш ағам бар-ды – Қабдеш Жұмаділов, Жанат Ахмәди, Жәркен Бөдешұлы. Үшеуі үш тау сияқты еді – шыңы бар, бораны бар, ықтасын-орманы бар. Пәни қонағы болған олар бүгін жоқ, араларына аз ғана уақыт салып, бақилық мекенге аттаныпты. Алатаудың бауыры сыз, қойнауы суық, орманы тұман.

Бәрімізде арғы бетте – Шығыс Түркістан аталған Шынжаң жерінде тудық.

Қабдеш, Жанат 1962 жылғы көшпен қазақ жеріне оралса, Жәркен қытайға қарсы Шығыс Түркістан төңкерістік халықтық партиясының мүшесі деген күдікке ілініп, 1969 жылы шекара бұзып қашып келді.

Үшеуі жай келген жоқ, қазақ әдебиетіне құнарлы топырақтың құнды мұрасын, уызға жарыған құйқалы даланың құт-мәйегін арқалап келді. Ұлтаны тесілсе де ұлтым деп, қабырғасы сөгілсе де халқым деп қара қаламын тастамады. Қазақ әдебиетінің роман жанрына, соның ішінде тарихи роман тақырыбында қара сөздің жілігін шағып майын ішкен Қ.Жұмаділов пен Ж.Ахмәди атан көтере алмас – сүбесі қалың сыйлы сыбағамен өлместің ізін тасқа қашады. Ж.Бөдешұлы жыраулар сарыны мен сарғайған сағынышты матап, қазақ жырына өзгеше әр қосты. Үшеуін қазақ әдебиетінен алып тастаса, уығы сынған ордадай, ойсырағанымызды сезінер ме едік.

Айтты, айтпады, не керек. Олар келместің кемесімен мәңгілік сапарға аттанды. Артында алданышы – шығармалары, жоқтаушысы – халқы қалды.

Арғы бетте тудық демекші, 1980 жылдардың ішінде 13-14 жастағы бозбалалық кезеңде Өр Алтайдағы мына біз пақырыңыз әдебиет деген жемісті, жеңісті, шулы, шұрқанды босағадан сығаладық. Сол жылдардан басталған кеңес одағы мен қытай арасындағы жылымықтан М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов шығармалары арғы бет баспаларына қотарыла бастаған болатын. Алыптар туралы аңыз бен ақиқаттың арасында үлкендердің аузынан Қабдеш Жұмаділов, Жанат Ахмәди, Жәркен Бөдештер туралы еміс-еміс ести бастадық. «Қандай, тағдыр, қандай ғажайып өмір, Ә. Қытайда туып, Қазақстанға барып, қалам тербеп, ұлт әдебиетіне іүлесімен қолтаңбасын қалдыру!» деп тамсана күбірлейтін едік. Еріннің ішіндегі сол күбір қазақ елі тәуелсіздік алғасын, тіл ұшынан шығып, шырайлы әңгімеге тұздық болды. «Шіркін-ай, неткен бақытты жандар, атажұртында өзгеге жаутаңдамай қалам ұстау қандай ғанибет. Бізге де солардікіндей бақыт бұйырар ма екен деші...» дестік.

Қазақтың көнерген, тозбаған сөзі: «құлақ естігенді көз көреді» – біздің басымызға да келді. Алыстан асқар тау, жақындағанда жан ағалар. Жиналыс, той-томалақ, өлім-жітім басымызды жиі қосатын еді. Жалын сипатпас асаудай өр, Тарбағатай тауларындай паң-такаппар көрінетін Қабдеш ағамыздан көбінесе ығысып жүретінбіз. Солай да жақындасып та, қасынысып та етіміз үйренді. Базынасы таусылмас өмір базарында жиі жолғастық. Бірақ таудың аты тау, биіктің аты биік! Көсем сөзге келгенде көрігі қызып, айыз қандырар айтқыштығы шөлімізді басатын. Ноқтаға мойын ұсынбас айғырдай арқырап, басын қыранша оң-солына толғап төгілгенде «сөйлей берсе екен» деп мейірленетінбіз. Мәңгүрттердің быдығы мен ежігінен шаршағанда қаймақты сөзбен қарығымыз ашылып, сарығымыз басылатын. Өткен ғасырда «өліп біткен» көне көздердің бірі мына ғасырға қалай тірі келген деп таңданатындар да көп еді.

Әдебиет – жеке бастың мүлкі емес, халық қазынасы. Әдебиеттік сын-талас та біреудің жеке басына сойыл ала жүгіру емес, ұлт өнерінің қамы үшін.  Қ.Жұмаділов әдебиеттік майданда кіммен болса да бетпе бет келуден тайсап көрген жоқ. Сондай әдеби өмір ортасында менің ағамыздың «Таңғажайып дүние» романына сын лебіз білдіргенім бар. Өз басым әдебиеттегі  «балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан» бүгінгі күнге қоңыраулатқым келген. Алайда сыннан әдебиеттік сыңай емес, пенделік іздегендер де көп болды. Солай болса да ағамыздың өр тұлғасына деген бағамыз бен құрметімізді жоймадық. 2018 жылдың 20 шілдесінде «қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Шынжаңдық қаламгерлер алтын орданың қара шаңырағына қадылған күміс уық» атты мақаламда:  Қабдеш Жұмаділов есімін бұл күнде жалпақ қазақ біледі. Алғашқы еңбек жолын Шынжаңда бастап, қаламын сонда ұштаған Қабекең қазақ топырағына өзін ғана алып келген жоқ. Қазақ сөз өнерінің қаймағын қалқып, майын тамызатын таза табиғатымен келді...

Кешегі М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов мектебін жалғастырған қаламгердің өзіндік қолтаңбасы айшықты сөз өнерінде көрініс тапты. Бағасын алды» деп жазған едім. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат  аталған мақала жариялана сала маған телефон шалып: «Жәке, мақалаңызды Қабдеш ағаға апарып, оқып беріп едім, қуанып қалды» деп ризашылығын білдіргені бар. Таулар алыстаған сайын биік.

Қабдеш ағаның тетелес інісі, көне билердің мақамымымен маржан сөздерін тізбектей жөнелетін Жанат ағаның да жөні бөлек-ті. Қандай зейін, қандай зерде – сыртын тот басуға айналған алтынды көне сүрлеуден тауып, жарқырата, жайната суретпен кестелеу. Өмірде де, өнері – шығармасында да шымыр, кестелі сөзді лек-лек, түйдек-түйдегімен жұртқа шүлендеу – Ж.Ахмәди мектебінің дәрісі болатын.

Менің «Қаралы көш» аталатын романым жарық көргенде жарықтықтың соншама қуанғаны, сүйіне, сүйсіне оқып, өзгелерге сүйіншілегені әлі көз алдымда. «2010 жылдың жазы. Талдықорғанның Қапал Арасанына келіп, бұлақ бойында ем алып жатқанмын. Қолымда жазушы Жәди Шәкенұлының жаңадан шыққан «Қаралы көш» романы. Бас алмай оқыдым. Көз жасыма ие болмай, сор кешкендей болып отырып, аяғына қалай жеткенімді де білмей қалдым. Менен соң әйелім оқып, ол да жылады. Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлына телефондап, «ойбай, солай да солай. «Қаралы көшті» тауып оқышы. Қазақ әдебиетіне жаңа дүние келіпті» деп сүйіншіледім. Көп ұзамай Н.Қапалбекұлы да тамсана, таңдана оқығаннан айтып, қоңырау шалды. Шын мәнінде, жазушы Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» аталатын романы қазақ көркем әдебиетіне келіп қосылған үлкен олжа болды» деп еске алатын марқұм. Аталған кітабым хақында Жазушылар одағында, баспа сөзде де айтты. Мақалалар жазды. Сырласқан, сыйласқан кездеріміз де аз болған жоқ. Кейде қоңыраулатып: «сендер емес, мен ғана қоңыраулатуым керек пе?!» деп бірден дүрсе қоя бергендік базынамен бастап, ағынан ақтарылып, ағалық құрметі мен сағынышын жеткізетін.

Мен атажұртқа 1997 жылдың 16 қаңтары күні келдім. Алматыда алдымыздан шығып, тебірене қуанған, маңдайымыздан сүйіп, туған даласының исін іздеген Жәркен ағамыз болды. Аманкелді-Чепщенко көшелерінің қилысындағы жатақханадан орын алып едік, екі күннің бірінде біздің қасымыздан табылатын. Балапанын көрген ана құсша үйріліп, айналатын. Бас қосуымыздың көбі Жәкеңнің өлең оқуына ұласып, тарқамас тойдай тамаша күндерге куә болатынбыз.

2003 жылы 12 сәуірде жарым Армангүлмен тойымыз өтті. Тойдың басы-қасында тағы да Жәркен ағамыз. Той батасында жаңа түсіп жатқан келінге: «мына келін бес бала тапсын!» деп, бес саусағын биік көтере қайталап еді. «Адамның құлағында Алланың назарына ілігеді» демекші, сол келіні бүгінгі күнде бес баланың анасы. «Жәркен ағамыз қайтыпты ғой» деп, жанары жасаурай маған көңіл айтып отыр.

Өмір, өнер бізді көп тоғыстырды. Жәркен ағамен бірге өткен күндерді санасам, қазір қағазға да сия қоймас. Ең бастысы, тағдырлы күндердің тарамысына   ілініп жүрсе де, өзі сүйген өлеңге адалдығынан айнымады. Сіріленген қолы асау жырдың шоқтығына жармасқан күйі арпалысып өтті.

Алатаудың баурайында төбелер көп. Олардың әлде нешеуі шөгіп кеткендей, ұшақ бауырына қалай қарарымды білмеймін.

Алматы сынды алып шаһардың ақ ордасының бірінің түңілігі жабық, қара тамақ найзасына қара ту ілінген, тұлпары тұлданған. Маздаған ошақта бүйірі қып-қызыл сексеуілдің шоғы ғана жайнап жатыр. Ошақтың үш бұтындай үш ағам жүріп өткен ескі соқпақтар аңыз өлкесіне жетелейді.

Күркешесі үшін емес, көркем сөз үшін жағын жалдап, тілін толғап, қоңырқалта тірлікте патшадай күш кешкен, қайран, ағаларым-ай!

Жатқан жерлерің жаннат, топырақтарың торқа болсын!

Жәди Шәкенұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385