Ол – өзі ісінің ақтығына сенімді адам
Мырзақамақтағы экс-министр Елжан Біртанов таңертеңгі сегізден кешкі жетіге дейін (сағат: 08-19 аралығында) көшеге шығып, тұрмыс жайына қатысты қарекет жасауға рұқсат алды.
Ақпарат көздері хабарлағандай, Нұр-Сұлтан қаласында 21 сәуірде ауданаралық мамандандырылған тергеу сотының отырысы өтіп, отырыс барысында жоғарыдағыдай шешім қабылданды. Сот отырысында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов алты айдан бері сыртқа аттап шыға алмай, қатаң бақылауда отырғанын, отбасын асырау үшін үйқамақтың тәртібін жеңілдетуді сұраған еді. Бұған дейін экс-министрдің адвокаты Дмитрий Куряченко қорғауындағы Елжан Біртановтың денсаулығы нашарлап кеткенінін мәлімдеп, Мемлекет басшысына хат жазған-ды. Адвокаттың Президент Тоқаевқа жазған өтініш хатында Біртановты заңсыз тергеп-тексеруге тиым салу қажеттігі айтылған. Тегінде заң мырзақамақтағы адамның туған туыстарымен, адвокатымен жүздесуіне, денсаулығына байланысты дәрігерлік көмек жәрдем алуына шек қоймайды. Сондай мүмкіндігі болса да, бәрінен шектелген экс-министр күні бүгінге дейін бір де бір рет тәртіп бұзбаған көрінеді.
Елжан Біртановтың шаңырағында бес баласы, қарт анасы бар.
Естеріңізге сала кетейік, Елжан Амантайұлы Біртанов 2017 – 2020 жылдар аралығында Денсаулық сақтау министрі болды. Медицина ғылымының докторы, 50-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. 2020 жылы 31 қазанда ол «аса ірі көлемде бюджет қаржысын талан таражыға салды» деген күдікпен ұсталып, сол жылы 7 қарашада қоғамдық ортадан шеттетіліп, үйде отыратын қамауға алынды.
Біртановтың Қаржы министрлігінің қаржымониторинг комитетінің тарапынан айыпталып, күдікке ілінуі қоғамдық пікірлер мен қоғамдық көңіл күйге байланысты кезінде біржақты бағаланғанымен, қазір экс-минситрдің денсаулық сақтау саласына қатысты жасаған игілікті істері барынша мән беріп, ескеруді қажет ететін сияқты.
Мысалы:
1. 2016 жылы Біртановтың бастама көтеруімен әлеуметтік даму саласына Денсаулық сақтау министрлігінің ықпалы мен қызметін қайтару жөніндеге мәселе күн тәртібіне қойылып, талқыланды.
2. 2017 жылы Президент Денсаулық сақтау министрлігінің жеке ведмоство ретіндегі құрылымына пәрмен беріп, оның қызметін қолдады және осы ретте қоғамдық денсаулық сақтау Комитеті (санитарлық қызмет) құрылды. Аталған қызмет түрінің кешенді жұмысы күшейтілді. 2018 жылы ел ішін менингит меңдеген кезде, 2019 жылы қызылша қаптаған тұста екі аурудың да бетін қайтарған ұлттық санитарлық сараптама орталығының санитарлық зертхана орталығы бар Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы құрылды.
3. 2019 жылдың соңында Біртановтың бастамасымен Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығында осы қызмет түрін жетілдіре түсуге арналған санитарлық қызмет саласының жетекші мамандарымен мәжіліс-кеңес болды.
4. 2020 жылы наурыз айында министр Біртановтың тапсырмасымен медициналық Жоғары оқу орындарында дәрігер санитарларды арнайы маман ретінде дайындайтын шешім қабылданды. Сондай-ақ, медициналық Жоғары оқу орындарына 2020 жылдың жаз мезгіліне дейін эпидемиологтар мен дәрігер санитарлардың біліктілігін арттырып, қайта даярлау міндеті жүктелді.
Бұл – Біртановтың Денсаулық сақтау министрі лауазымында болған кездегі санитарлық қызмет саласына қатысты атқарған жұмыстары мен қолға алған бастамаларының бір парасы.
Ауа арқылы тарап, адамнан адамға жұғатын көшпелі дерттің бетін алдымен тазалық арқылы тия аламыз. Бірақ «тажалға» тап-тұйнақтай тазалық қана жауап бере алмайды, жұқпалы аурулармен күрестің нәтижесі санитарлық қызметтің сақадай сайлылығына, кәсібилігіне, кешенді жұмыс атқаруына кеп тіреледі. Экс-министр Елжан Біртанов осы мәселені терең түсініп іске кіріскен еді. Амал кем, қолға алған ісі ақырына жетпей азаматтың басы дауға қалды.
Министр Елжан Біртановтың тұсында тұңғыш рет дәрігерлік көмектің сапасын жүйелі түрде арттыруға көп көңіл бөлінді.
Алғашқы дәрігерлік көмек – көмектің үлкені. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, оқ пен оттың ортасынан аман оралған қарт жауынгелер әлі күнге дейін майдан даласындағы дәрігерлердің біліктілігіне таңдай қағып, бас шайқап отырады. Кезінде қала тұрмақ, алыс қыстақтардың өзінде күрделі аурулардың емін таба білетін дәрігерлер болды. Олар ауыл ауылдың арасында жүгіріп жүріп-ақ, талай жанды ажалдан арашалап қалған еді. Өкінішке қарай, өз кәсібін жоғары деңгейде меңгерген дәрігерлердің қатары кейінгі ширек ғасырдың шегінде сиреп кетті. Ел ішінде дәрігерлердің біліксіздігінен болған өлім-жітім көбейді. Ауруханлар ашықтан ашық пара алатын коррупциялық мекемелерге айналды. Денсаулық сақтау саласындағы мұндай келеңсіздіктің бетін қайтару үшін кешенді, жүйелі өзгеріс керек-ті. Бұл жайтты жап-жас министр Елжан Біртанов жақсы түсінді. Сөйтті де төмендегі жағдаятарды жолға қойды.
1. Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы медициналық қызмет түрлерінің сапасы жөніндегі бірлескен комиссия диагностикалық және емдеу хаттамаларын қараудың институционалдық негізіне айналды. Соның нәтижесінде 1300-ден астам клиникалық хаттама дайындалды. Бұл хаттамалар заманауи дәлелдерге негізделіп, кәсіби ортада жасалған әдебиеттер мен денсаулық сақтау технологиясын бағалау нәтижелері бойынша мақұлданды.
2. Медициналық ұйымдардың сапалық стандарттарын пациенттердің өміріне қауіпсіздік тудырмайтын жағдайға сәйкес аккредиттеу мен медицина қызметкерлерінің білімі мен дағдыларын бағалау (тексеру) функциясы медициналық қызметкерді клиникалық практикаға жіберудің алғы шарты ретінде тәуелсіз ортаға берілді
3. Медициналық қызметтердің сапасын жақсарту үдерістерін жүзеге асыру мақсатында медициналық ұйымдардың халықаралық сапа және халықаралық орган (ISQua) сертификаттаған стандарттары бойынша ерікті аккредиттеу жүргізілді. 2020 жылдың басында ӘМСҚ-мен келісімшарт арқылы мемлекеттік тапсырыстың шегінде медициналық қызмет көрсеткендердің 30% -ы аккредиттелді. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 70 пайызға жеткізу жоспарланған болатын.
Міне, осындай игілікті істерге бастамашы болған азамат, өз кәсібін жете меңгерген кәсіби маман, бұрынғы министр жадап-жүдеп үй қамақта отыр. Адвокат Дмитрий Куряченконың сөзіне қарағанда, ол өзіне тағылған айыптың бір де бірін мойындамайды. Неге? Өйткені ол – өзіне, өз ісінің ақтығына сенімді адам. Ал сенім бәрінен де күшті.
Abai.kz