Цой сотқа шақыртылуы мүмкін
«СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісіне қатысты сот отырысына Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой куәгер ретінде шақыртылуы мүмкін. Бұл туралы nege.kz-ке сілтеме жасап Abai.kz хабарлайды.
Цойды куәгер ретінде шақырту жөнінде өтінімді сотқа адвокат Ерлан Мәкен айтқан. «Басты сот талқылауына Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды шақыртуды сұраймын. Өйткені жәбірленуші тараптың (жәбірленуші – ДСМ) өкілі қойылған сұрақтардың жартысына да жауап бере алмай отыр», – деді адвокат.
Министрлік өкілінің ойынша, министрді сотқа шақырту – басы артық шаруа.
«Өтінімді қанағаттандырмауды сұраймын. Қорғанушы тарап «сұрақтарыма жауап бере алмады» дейді. Мен жауап беруге тиісті сұрақтарды жазып алып отырмын. Министрді сотқа шақырту – басы артық шаруа. Министрлік маған сенімхат берген», – деді министрліктің өкілі Оралов.
Естеріңізде болса «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Б.Шәріптің үйін тінту барысында заңсыз сақталған травматикалық қару табылған. Одан бөлек, Б.Шәріп «2000 дәрігердің вирус жұқтыруына себепкер болды», «Қытайдан екі рет құрқол қайтты», «мемлекеттің ақшасын-талан-таражға салды» деп айыпталған.
Abai.kz