Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 17839 15 пікір 29 Сәуір, 2021 сағат 15:23

Ахметтің белгісіз болған жаңа қолжазбасы табылды

РЕСЕЙ МҰРАҒАТЫНАН АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ БЕЛГІСІЗ БОЛҒАН ЖАҢА ҚОЛЖАЗБАСЫ ТАБЫЛДЫ

Қолжазбаның қалпы – автордың каллиграфиялық нақышты сақтай отырып, өз қолымен жазған өтініші. Бағытталған нысаны – Ішкі істер министрі. Жазылған мезгілі мен мекені - 1904 жылдың 16 сәуірі, Омбы қаласы. Өтініш мазмұнындағы қолжазбада А.Байтұрсынұлы Ішкі істер министрінен өзінің мемлекеттік қызметке, яғни ісжүргізуші (делопроизводитель) орналасуына байланысты үй салығынан босату туралы мәселенің бірнеше жылдан бері шешілмей жүргенін баяндап, оны оң шешіп беруді сұрайды.

Ресейлік архив мұрағатынан алынған аталмыш құжаттың мән-маңызын сөз басында бірден санамалап атап өткенді жөн санап отырмыз:

Біріншіден, жақында көрнекті алаштанушы ғалым Сұлтан-хан Аққұлұлы Әлихан Бөкейханның атақты Г.Потанинге жазған хатын жариялады. Онда Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының мысал өлеңдерін бастырып шығаруға көмек сұрайды. Хатта ол оны Ақмола және Семей облыстарының халық мектептері директорының ісжүргізушісі деп көрсетеді. Аталмыш құжат осы бір деректі нақты өмірде орын алған тарихи факті екенін қуаттайды;

Екіншіден, бұл құжат Торғай облысында ауылдық мектептерде ұстаздық еткен А.Байтұрсынұлының Ақмола және Семей облыстарының халық мектептері директоры А.Алекторовтың жанына қызмет ауыстырған уақытын дәл анықтауға жәрдем береді (Ағартушы 1903 жылы Омбыға ауысты деп жүрген біздің пікіріміз бір жылға артық болып шықты);

Үшіншіден, оның Қарқаралы 2 сыныптық уездік мектебіне қай жылы, қай мезгілде меңгеруші болып бекітілгенін нақтылауға көмектеседі;

Төртіншіден, атылмыш құжат А.Байтұрсынұлының отбасылық жағдайынан тың хабар, мағлұмат береді.

Өтініштің кіріспе-бастауында ол министрге Батыс-Сібір оқу округінің басшысының 1902 жылдың 3 мамырындағы бұйрығымен 1-мамырдан бастап мемлекеттік қызметке, яғни Ақмола және Семей облыстарының халық мектептері директорының ісжүргізуші болып орналасқанын, осыған байланысты Батыс-Сібір оқу округтік басқармасы Орынбор қазыналық палатасына үй салығын төлеушілер тізімінен шығаруды сұрап хат жолдағанын тәпіштеп түсіндіре баяндайды (№1 кескін-көшірме):

№1 кескін-көшірме: Өтінштің кіріспе бастауы

Өкінішке қарай, Омбыдан Орынборға барған хатқа орай жергілікті әкімшілік оны үй иесі (кибитковладелец) тізімнен шығарғанымен, салық төлеуден босатпайды. Бұл орайда А.Байтұрсынұлы министрге бауырына («брат» дегенді бауыр деп аударып отырмыз- автор) жазылған мүлікке жолсыз-жөнсіз салық төлеп отырғанын жеткізеді. Аталмыш заңсыздық туралы ол Торғай облысының әскери губернаторына 1903 жылдың 1 сәуірінде шағым жазғанын, соның нәтижесінде Торғай уезінің №1 шаруа бөлімшесінің басшысынан Ақмола және Семей облысының халық мектептері директорының атына хат келгенін, онда оны салықтан босатуға заңдық негіз жоқ деп жауап жазылғанын хабарлайды (№2 кескін-көшірме):

№2 кескін-көшірме: Торғай облысынан келген хаттың мазмұнын баяндау

Торғай облысынан келген осы жауаптан соң ол 1903 жылдың 6 қыркүйегінде Ішкі істер министрлігіне түсініктеме беруді сұрап хат жолдағанын және сол жылдың 15 қарашасында екінші мәрте Торғай әскери губернаторының атына шағымданғанын, губернатор өз кезегінде оны Облыстық басқармаға жолдағанын, одан әрі Облыстық басқарма мәселені мәніне бойлаудың орнына Торғай уезінің №1 шаруа бөлімшесінің басшысының сөзін мақұлдап шыққанына өкініш білдіреді және оның салықтан босатқысы келмейтін көзқарасы заңсыздық екенін айта келе, мәртебелі министрден араша сұрайды. Осылайша заңсыз түрде  1902 жылға өндірілген  24 сомды, 1903 жылға өнідірілген 6 сомды, барлығы 30 сомды кері қайтаруды өтінеді (№3 кескін-көшірме):

№3 кескін-көшірме: Министрден сұраған басты өтініш

А.Байтұрсынұлы министрге жазған хатында өзінің жеке үй болып бөлінбеген екі бауыры бар екенін, олардың әзірге жеке үйі мен мал-мүлкі жоқ болғандықтан бір отбасы болып саналатынын тілге тиек етеді (№4 кескін-көшірме):

№4 кескін-көшірме: Отбасы жағдайы мен мал-мүлік туралы мазмұн

Хаттың соңына А.Байтұрсынұлы өзі жазған өтініштерді, алған хат-хабарларды тіркеп отырғанын және қандай заңға сүйенгенін жазып, «ісжүргізуші А.Байтұрсынов» деп қол қойған (№5 кескін-көшірме):

№5 кескін-көшірме: Өтініштің соңғы бөлігі

А.Байтұрсынұлы аталмыш хатынан кейін Торғай әскери генерал-губернаторы А.Ломачевский 1904 жылдың 21 қыркүйегінде Ішкі істер министрлігінің Земское бөліміне хат жолдап, арызданушының үй салығынан босатылғанын, ал ол міндет А.Байтұрсынұлының ағасы Кәкіш Байтұрсынұлына ауыстырылғанын хабарлайды (№6 кескін-көшірме):

№ 6 кескін-көшірме: Губернатордың хатында баяндалатын шешімнен үзінді

Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі 1904 жылдың 28 қыркүйегінде Омбы қалалық полициясы басқармасы арқылы А.Байтұрсынұлынына хат жолдап,  салықтан босатылғанын және оның мемлекеттік қызметке орналасқаннан кейінгі төлеген салықтары қайтарылатынын хабарлайды. Бұл хатты Ақмола және Семей облысы халық мектептерінің директоры Алекторов 1905 жылдың 25 маусымында қабылдап алдым, мұны бұрынғы ісжүргізуші, қазіргі таңда Қарқаралы 2 сыныптық мектеп меңгерушісі А.Байтұрсынұылына жеткіземін деген мазмұндағы  хабарламаны 1905 жылдың 7 шілдесінде Ішкі істер министрлігіне жолдайды (№7 кескін-көшірме):

№7 кескін- көшірме: Алекторовтың хабарламасы

А.Байтұрсынұлының мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты жергілікті жердегі салықтан босату туралы жазған өтінішінің тарихы мұрағатта осындай мазмұндармен хатталған.

Түйіндей келгенде, аталмыш архивтік құжат А.Байтұрсынұлының 1902 жылдың 1- мамырынан бастап Ақмола және Семей облыстары халық мектептері директорының ісжүргізушісі болып бекітілгенін (Алекторов 1902 жылы Торғай облысының оқу инспекторы қызметінен Ақмола, Семей облыстарының халық мектептері директоры қызметіне ауысқан болатын), аталмыш қызметті екі жыл атқарып барып, 1904 жылдың көктемі мен 1905 жылдың жаз айлары аралығанда Қарқаралы қаласындағы 2 сыныптық мектептің меңгерушісі қызметіне ауысқанын көрсетеді. Сонымен қатар, құжат мазмұны А.Байтұрсынұлы өз ағаларымен бірге ата-анадан қалған мал-мүлікті бөлмей иелік еткенін аңғартады. Бұл көрініс біздерге 1902 жылға дейін А.Байтұрсынұлы өзінің жеке отбасын құрған ба, әлде құрмаған ба деген заңды сұрақты туғызады. Патша замандағы үй салығы саясатынан хабар–зердесі бар ғалымдар мұны айқындай жатар деп ойлаймыз.

Әкесі Байтұрсын Шошақұлының және ағасы Ақтастың уезд бастығы Я.П.Яковлевті соққыға жыққандықтан Сібірге жер аударылып, жазаға ұшырағаны бұлардың отбасына үлкен жоқшылық тауқыметін туғызады. Екі отбасының бар ауыртпалығы шешесі Күншенің мойынына түседі. Мұны ағартушының ағайын інісі Самырат Кәкішевтің «Ахмет туралы ақиқат» атты естелік кітабынан (Алматы, 1992ж.) танып білуге болады. Өтініш жазылған 1904 жылы А.Байтұрсынұлының екі бауыры болғанын байқаймыз. Негізі, олар атадан төрт ұл (Қали, Кәкіш, Ахмет, Мәшен) және бір қыз (Жиляш) болып тараған еді. Шамасы, бұл уақытта Байтұрсынның үлкен ұлы Қали дүниеден өтіп кеткенге ұқсайды. Себебі аталмыш құжатта Торғай әскери генерал-губернаторы Байтұрсын отбасының үлкені Кәкіш деп жазады. Зорлық-зомбылық күш алған қиын-қыстау заманда Байтұрсыннан тараған ағайындылар отбасында енші бөліспей (енші бөлісетіндей асып-тасып бара жатқан дүние де жоқ), мал-мүлікке ие болғаны байқалады.

Алмасбек Әбсадық,

А.Байтұрсынұлы атындағы университет профессоры, филология ғылымдарының докторы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048