Жұма, 22 Қараша 2024
5742 2 пікір 30 Сәуір, 2021 сағат 13:32

Жаңаөзенде мұнайшылар ереуілі тоқтады

Жаңаөзенде жалақы өсіруді талап етіп, өткен аптадан бері ереуілдеткен "МұнайФилдСервис" пен "Бұрғылау" компанияларына мердігерлік қызмет көрсететін екі компания: "MADIBA" мен "Фиркрофт Инжиниринг Сервис Лимитед Қазақстан" жұмысшылары талаптарының орындалғанын хабарлады.

Қаланың екі бөлігінде ереуілдеткен екі компания жұмысшылары 29 сәуірден бастап жұмысқа шыққан.

МФС-ке қызмет көрсететін "MADIBA"-ның жиырма шақты жұмысшысы бұған дейін 80-90 мың теңгелік айлығын 180-200 мың теңгеге дейін өсіруді талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартқан еді.

– Бізге кеше әкімнің орынбасары келіп, МФС бас директоры мен еңбек инспекциясы, сосын кеңесшісі бар, төртеуі келіп, жиналыс жасап, жиналыста барлығы төленетінін ескертіп айтты. Жұмысқа шығу керектігін ескертті. Сүйтіп, бүгіннен бастап жұмысқа шықтық. Сол жөнінде протокол алдық, – деді ереуілшілердің бірі Жеңіс Бопилов Азаттық тілшісіне.

"MADIBA" компаниясының директоры Ғалымжан Қаржаубайұлы да жұмысшылардың талаптары орындалғанын растады.

– Жалақы мөлшері "Қазмұнайгаздың" индексациясына байланысты. ҚМГ келісті. Қазір есептеп жатыр, – деді компания басшысы 29 сәуірде түстен кейін Азаттық тілшісіне. Оның сөзіне қарағанда компанияда 27 жұмысшы бар. Солардың барлығының жалақысы көбейеді.

"Фиркрофт" жұмысшылары да 29 сәуірден бастап жұмысқа шыққанын растады. Олар Азаттыққа 28 сәуір күні болған еңбек дауына қатысты хаттаманың көшірмесін де көрсетті.

– Қаңтардан бастап төленген жалақыларды қайта есептеп, төлейді. Бұрғылаудағы тарифтермен теңестіріп береді. 13-жалақы, материалдық көмек сияқты нәрселер жүрмейді де, айлық "Бұрғылау" жұмысшыларыныкымен тең болады. Балалар мәз. Бүгіннен бастап бәрі жұмысқа шығып жатыр, - деді жұмысшылардң бірі Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін жұмыс беруші "Фиркрофт" компаниясы ереуілшілерді сотқа берген едіМұнайшылардың сөзіне қарағанда, "Фиркрофт" 50 жұмысшының үстінен түсірген арызды қайтарып алған.

Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек кодексіне енетін түзетулерді мақұлдап, соған сәйкес аутсорсинг компания қызметкерлері өздерін жалдайтын кәсіпорын қызметкерлерімен тең жалақы алуы тиіс болған. Ал жаңаөзендік мұнайшылар бұған дейін кодекс ережелері орындалмай жатыр деп шағымданған еді.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3227
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5286