Жұма, 22 Қараша 2024
Саяси портрет 33672 45 пікір 4 Мамыр, 2021 сағат 10:36

Жаужүрек. Рейхстагқа ту тіккен кім?

«Менің ағаларым» сериясынан

Жыл сайын Жеңіс күні жақындағанда «Рейхстагқа алғаш ту тіккен кім?» деген сұраққа жауап ізделеді. Ол қазақтың  жаужүрек ұлы Рақымжан Қошқарбаев болатын. Қаһарманның ерлігін Ұлы Отан соғысы кезінде өз көзімен көрген қарулас достары, командирлері түгелдей мойындап, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды. Бірақ Алтын жұлдыз да, мәртебелі атақ та басқаларға бұйырды.

Мемлекет қайраткері, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бұл эссесінде осы ерліктің әрбір сәті: сағат, минутына дейін әскери мұрағаттық дәлдікпен дәлелденеді.


Ерлік – қаһармандықтың сын сағатта найзағайдай
 жарқ еткен көрінісі, ал оның негізінде асыл тек
 пен қайсар рух жатады.

Сұлтан САНЖАР,
ортағасырлық философ

(Рейхстагқа шабуыл, 30 сәуір 1945 жыл)

Ұлы Отан соғысы «ежелден ер деген даңқы шыққан» қазақ халқының қаһармандығын күллі әлемге кеңінен паш етті.

Сұрапыл соғыста Бауыржан Момышұлындай даңқты қолбасшы, Талғат Бигелдиновтей қыран ұшқыш, Нүркен Әбдіров, Төлеген Тоқтаровтай ержүрек жауынгерлер, Әлия мен Мәншүктей батыр қыздар намысын жауға бермеген ер халықтың даңқын асырды. Кезінде бұл туралы әйгілі орыс жазушысы Илья Эренбург Кеңес Одағының бас газеті «Правдада» жарияланған «Қазақтар» атты мақаласында «Бір неміс маған: «біздің алдымыздан қайтпас қайсар солдаттар шықты. От-жалын да тоқтата алмаған олар бізге қасқая қарсы жүгірді. Кейін ғана маған олардың қазақтар екендігін айтты», – деп таңдана жазған болатын. Немістер айтса айтқандай-ақ, оттан да, судан да қорықпайтын қазақтар қан майданда асқан жанқиярлықпен шайқасып, рейхстагта Жеңіс туын желбіретті. Бүгінгі әңгіме жау ордасына тігілген жайнаған тудан қазақ қаһармандығына мәңгі өлмес ескерткіш қойған жаужүрек батыр Рақымжан Қошқарбаев туралы болмақ.

Мен Рақымжан ағамен өткен ғасырдың 80-жылдарында өзім үшін үлкен өмір мектебі болған Қазақ кеңес энциклопедиясында қызмет істеген жылдары таныстым.

Бұл кезде энциклопедия ұжымы қазақ және орыс тілдерінде әзірленген төрт томдық «Қазақ ССР» қысқаша энциклопедиясына қызу дайындық үстінде болатын.

Басылымның аты айтып тұрғандай, ол тек Қазақстанға арналып, қысқаша форматта шығарылатындықтан, энциклопедияға енетін есімнамалық мақалаларға қатаң талап қойылды. Егер бұған дейін жарық көрген 12 томдық әмбебап басылымда Кеңес Одағының Батырларына түгелдей орын берілсе, қысқаша энциклопедияның әскери іс саласы бойынша оған сол заманда саусақпен санарлық қазақстандық генералдар, екі мәрте Кеңес Одағының Батырлары, А.Матросов пен Н.Гастеллоның ерлігін қайталаған қазақстандықтар, кеңестік шығыстан шыққан қос шынар Әлия мен Мәншүктің өмірбаяндарына арналған есімнамалық мақалалар енгізілетіні жөнінде тым келте шешім қабылданған еді. Нәтижесінде республиканың қоғамдық, мемлекеттік құрылысы, тарихы, халықаралық байланыстары және әскери іске арналған 1-томның төрінен бүгінгі ұрпақ өмірбаянын былай қойғанда, есімінен мүлде бейхабар, толып жатқан революционерлер мен большевиктік көсемдер орын алды.

Томға дайындық жұмысы аяқталар кезеңде бас редакторымыз, академик Манаш Қозыбаев Орталық Комитет басшылығын «республиканың Ұлы жеңіске қосқан үлесін биіктетеді» деген дәлелмен сендіріп, 1-томға «Рейхстагқа ту тіккен» критерийімен Рақымжан Қошқарбаевты кіргізу жөнінде рұхсат алды. Өзі жақын араласатын досы туралы мақаланың энциклопедияға енетініне жас баладай қуанған ол мені кабинетіне шақырып:

– Мұхтар, тез Рақымжан ағаңа тарт. Ертеңнен қалдырмай мақаланы жазып, алдыма қоятын бол, – деп жедел тапсырма берді.

Бұл кезде Рақымжан аға «Алматы» қонақ үйінің директоры болып қызмет атқаратын. Энциклопедия ғимараты мен қонақ үй арасы жаяу жүргенде бес-ақ минуттық жер. Мен есімнамалық мақалаларға қойылатын дәстүрлі сұрақтарымды алып, батырдың қабылдауына жеттім.

– Кел, бауырым, төрлет! Манаш ағаң хабарласты. Асықпай сұрақтарыңды қоя бер, ал дайын болса қалдырып кет, – деп Рақаң бірден іске көшті.

Бұл батырдың алпысқа енді ғана толған кезі болатын. Ортадан жоғары бойлы, мығым денелі, сәнді үлгімен киінген, жүріс-тұрысы ширақ ағамыздың қайратты қалың шашында бір тал ақ жоқ сияқты көрінді маған.

Тапсырма тым шұғыл болғандықтан мен сұрақтарымды қоя бастадым.

Әдетте энциклопедияға енетін есімнамалық мақаланың көлемі машинкаға басқанда жарты бет, әрі кеткенде бір парақтан аспайды. Оның құрылымы бірізді болғандықтан сұрақтар да тым қарапайым еді. Мен бас-аяғы бір сағатқа жетер-жетпес уақытта жұмысымды аяқтап, кетуге ыңғайланғанда:

– Манаш Қабашұлына менің алғысымды жеткізіңіз. Әуре болмай-ақ қою керек еді. Нәтижесі болса, хабар берерсіздер. Болмаса, өкпе жоқ, – деп, орнынан тұрып, күректей алақанымен мейірлене қолымды қысты.

Осылайша мен атақ-даңқы бүкіл Қазақстанды шарлап кеткен  батырдың жүзін көріп, қолын алу құрметіне ие болдым.

Ол кезде Кеңес Одағы бойынша барлық ресми мәлімет көздерінде рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Егоров пен Кантария ғана танылатын. Сондықтан әуелі алақандай мақаланың қазақша нұсқасындағы «алғашқылардың бірі болып Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Совет офицері» дефинициясы цензураның талабы бойынша «Рейхстагтың кіре берісіне (1945 ж., Берлин қ.) алғашқылардың бірі болып полк туын тіккен Совет офицері» болып өзгерді. Осылайша «Рейхстаг» атты нақты нысан «Рейхстагтың кіре берісі» атты ұсақтана түсіп, «Жеңіс туы» ұғымы «полк туы» атты мағынасы төмендеу  тіркеспен алмастырылды. Мақала батырдың суретімен энциклопедияның 1984 жылы жарық көрген қазақша нұсқасында басылып шықты.

Ол заманда әбден анықталып, тексеріліп, күмән келтірмейтін деректер ғана жарияланатын энциклопедиялық басылымдардың беделі ерекше болатын. Сол себепті Кеңес Одағының Батыры атағын алған 500-ден астам қазақстандықтардың басым көпшілігі қағаберіс қалған қысқаша энциклопедияның төрінен Р.Қошқарбаевқа портретімен орын берілуі оның ерлігін республикалық деңгейде ресми түрде танудың тағы бір белгісі ретінде қабылданды.

...Гитлерлік Германияның жүрегі саналатын рейхстагқа атойлап кіріп, оның тура еңселігіне Жеңіс туын қадаған жаужүрек қазақ жайлы ол ерлік көрсеткен 1945 жылдың мамыр айынан бастап майдандық газеттер жабыла жазды. Азғана тиражбен шығып, әскери ортада ғана тарайтын бұл басылымдар жас офицердің туған жеріне жеткен жоқ. Жасынан томаға тұйықтау өскен жас батыр да өзі туралы көп ешкімге жақ аша қоймады. Сондықтан Рақымжанның тағдырын күрт өзгерткен 1958 жылғы Бауыржан Момышұлымен кездесуіне дейін оның ерлігі жайлы Қазақстанда көп ешкім білмейтін.

Қазақта «өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер», – деген қанатты сөз бар. Егер ерлігі енді ғана таныған ұланды атағы жер жарған қаһарман қолбасшы дәріптесе, оған қандай теңеу табар екенбіз. Рақаңның өмірінде тура осындай жағдай 1958 жылы болды.

Қазақтың даңқты батыры, қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлы соғыс аяқталғаннан кейін Бас штабтың Әскери академиясын тәмәмдап, біраз жыл әскери қызмет атқарған соң, 1955 жылы запасқа шығып, бірыңғай қаламгерлікке ауысады.

Бауыржан ағасына 1958 жылы Рақымжан Қошқарбаев есімді жасы отыздан енді ғана асқан майдангер жігіт сәлем бере келеді. Соғыс туралы болашақ әдеби туындыларына материал жинап жүрген Баукең жас жігіттің әңгімесін ыждаһатпен тыңдап, аты-жөнін, жауынгерлік өмірінің ұзын-ырғасын жазып алады.

Кездесу аяқталысымен ол өзінің өкіл баласындай болып кеткен, сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы, кейін республикалық деңгейдегі партия қайраткері болған  Кәкімжан Қазыбаевты дереу шақырып алып:

– Знаешь ты, кто такой Рақымжан? Мен оны бүгін бірінші рет көрдім. Сәлем бере келіпті. Білесің бе, кімнің сәлем бере келгенін? Это исторический человек! ...Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Атақты Момышұлы болдым. Москва түбіндегі шайқасты көрдім. Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын! Как воин, как командир я представляю, что это такое, это было невероятно! Рақымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен! Оның өмірбаяны – отпен жазылған өмірбаян. Осыдан артық сендерге, журналистерге, атаңның басы керек пе?! – деп ақырып тапсырма береді.

Кәкімжан ағамыз көп ұзамай Рақымжанды іздеп тауып, онымен кең отырып сұхбаттасудың нәтижесінде 1958 жылы 20-ақпанда «Лениншіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген сенсациялық мақаласын жариялайды.

Осылайша Бауыржандай атағы жер жарған даңқты қолбасшы Рақымжандай жас батырдың туған халқына кеңінен танылуына жарқын жол ашады.

Кәкімжан ағамыз жыл өткен сайын Рақымжан туралы тақырыптың қанатын жаза түсіп, түрлі республикалық басылымдарда бірнеше көлемді материалдар басады. Кейін солардың негізінде 1965 жылы «Кернеген кек» атты деректі повесть те жазды. Өмірінің соңына дейін Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін насихаттап, оған Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнінде Мәскеуге жазылған бірнеше ұжымдық хаттардың жазылуына мұрындық болады.

Кәкең кезінде асығыстау жазылған «Кернеген кекті» ұлғайтып, кесектеу туындыға айналдыруды көздеген. Кейін егде тартып, денсаулығы сыр бере бастаған кезде сүйікті тақырыбын сол кезде қарамағында істеген талантты журналист інісі Жанболат Аупбаевқа табыстайды. Бұл туралы майталман қаламгер өзінің «Ту тіккен» атты триптихында төгілте жазды.

Әрине, Рақымжан жайлы жарияланған өлең-жыр, мақала, естеліктер өте көп. Бірақ солардың ішінде батырды туған халқына қайыра таныстыруға бастамашы болған қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлы, қайраткер-қаламгер Кәкімжан Қазыбаев, ақмылтық журналист Жанболат Аупбаевтардың есімдерін ерекше атаған жөн деп білемін.

Рақымжандай хас батырдың өмірбаяны толық зерттеліп бітті ме? Ол шынымен-ақ Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды ма, ұсынылса тарихи құжат қайда жарияланған? Рейхстагқа ту тіккен кімдер және жау жүрегіне алғашқы туды қадаған кім?

Осындай санада жамыраған сансыз көп сұрақтарға әлі күнге дейін дәл жауап табу қиын, ал оған жарық түсірер деректер бүгінге дейін «жеті құлыптың» ар жағындағы құпия мұрағаттарда қаттаулы. Біз де соларды қолымызға шам алып іздеуге шықтық. Бәрі түсінікті болу үшін әуелі батырдың өмірбаянын қысқаша шолып шығайық.

Жауынгер жолы

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы қазанда қазіргі елордамыз Астананың дәл іргесінде Ақмола облысы, Целиноград ауданының Қырыққұдық елді мекенінде дүниеге келді.

Әкесі Қошқарбай әдемі қоңыр дауысы бар, ән-күй, өлең-жырға әуес, қоңыртөбел тіршілік еткен жан екен. Атасы Мұса дөңгеленген шаруасы, орташа ғана дәулеті бар қарапайым көптің бірі болса, бабасы Құдайқұл жаз жайлауы, қыс қыстауы бөлек, Қараөткелге аты мәлім, әлді, ауқатты әулеттен шығыпты. Алтыншы атасы Сатай батыр Абылай хан заманында тұлпар мініп, ту алған ердің сойы болыпты.

Рақымжан төрт жасында шешесінен айрылса, 1937 жылы әкесі Қошқарбай бәз баяғы «тегін жасырған байдың баласы» деген желеумен репрессияға ілігіп, қуғын-сүргінге түседі. Он үшке толар-толмаста осыншама қиындыққа душар болған Рақымжан жол көрсетіп, жөн сілтеген қайырымды жандардың көмегімен өзі туған аудандағы Тайтөбе балалар үйіне алынады.

Бұл қазақ халқының тең жартысын жалмаған отыз екінің ашаршылығынан кейін елдің әлі есін жиып үлгермеген кезі еді. Ата-анасы жоқ жетімдерді былай қойғанда, бүкіл отбасымен күндіз-түні тырбанып еңбек еткендердің қолы аузына әрең жететін. Оның үстіне үлкен қалалар өз алдына, алыстағы ауылдың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары репрессияның қанды шеңгеліне түсіп, елде бас көтерер тұлғалар әбден азайған еді. Сондықтан Рақымжанның қарын тойдырмаса да талғажауға жарайтын тамағы, қолдан келгенше күтімі, темірдей тәртібі бар балалар үйіне келуі оның бойындағы жақсы қасиеттердің ертерек ұшталуына, көпшілік ортасына, ұжымдық өмірге бейімделуіне оң әсерін тигізді.

Батырдың балалар үйіндегі өмірі оның «Жеңіс жалауы» атты кітабында жан-жақты, әсерлі суреттелген. Онда оңы мен солын танып қалған өжет ұланға әке орнына әке болып, қамқор қолын созған ардақты ұстазы, балалар үйінің директоры Сағат Сәдуов пен анасының орнын басқан тәрбиешісі, оқу ісінің меңгерушісі Любовь Ивановна Колягинаның есімі ерекше ілтипатпен аталады.

Тайтөбедегі балалар үйінде 7-сыныпты бітірген соң Рақымжан Балқаштың іргесіндегі Набережный поселкесінде орналасқан ФЗУ мектебіне (фабрично-заводское ученичество) оқуға түседі.

Азамат соғысы, ашаршылық, елді колхоздастыру, репрессияның бірнеше толқыны кездерінде Кеңес Одағы бойынша миллиондаған бала қараусыз қалды. Ел ішінде жұмыс күші жетіспеушілікке айналғанда 7-сынып бітірген жасөспірімдер осындай мектептердегі бас аяғы 1,5-2 жылдық оқып-үйретуден кейін кәсіби маман болып шыға келетін.

ФЗУ жасөспірімдерді кәсіпке ғана емес, әскери өмірге де бейімдейтін оқу орны болды. Оның оқушылары әскери училище курсанттарындай басына  фуражка, үстіне әскери үлгідегі бірыңғай форма, қыста жез түймелі шинель киіп, айылбасты белдік тақты. Олар әскердегідей бұйрықпен жатып, бұйрықпен оянатын. Жұмысқа барса да, қалаға шықса да, сап  құрап, топ-тобымен жүретін. Осындай «казармалық социализм» тәсілі әлі буыны бекіп, бұғанасы қатып үлгермеген жас балаларды қатаң тәртіпке бағынып, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауға үйретті.

Ұжымдық орта кез келген адамды ширатады. Тайтөбедегі балалар үйінде әжептәуір тәжірибе жинап, көпшілік ортаға тез бейімделген Рақымжан өз қатарластарының арасынан суырылып алға шығып, топжарғандық қасиетімен таныла бастайды.

Балалар үйінде үйренген орысшасы да көп септігін тигізіп, ұстаздар ұйғарымымен ауылдан келген өзі сияқты қарадомалақтарға орыс тілін үйретумен де айналысады.

ФЗУ-да жастарды білім алып, кәсіп игеруге ғана емес, өнер мен спортқа да баулыды. Мұнтаздай киініп, тәртіпті, ұқыптылықты жаны сүйетін Рақымжан спорттың бірнеше түрін, әсіресе конькимен мәнерлеп сырғануды меңгеріп, қалалық жарыстарға қатыса бастайды. Домбырада, мандолинада құйқылжата ойнауды үйреніп, мектеп оркестрінде өнер көрсетеді.

Балқашта оқып жүргенде Рақымжанның қиын-қыстау жағдайда кім-кімге де қол ұшын беруге әзір тұратын ер мінезі қылаң берген ерекше оқиға болады. Қақаған қыста конькимен алаңсыз сырғанап жүрген балалардың бірі аяқ астынан ойылған мұздан суға кетіп, батуға айналады. Рақымжан сүйектен өтер суыққа қарамастан ойыққа секіріп түсіп, батып бара жатқан жас қызды тура келген ажалдан аман алып шығады.

Бүкіл Кеңес Одағы бойынша 1940 жылы ФЗУ форматы өзгеріп, оның орнына кәсіби училищелер ашыла бастайды. Осылайша Рақымжан 16 жасында ФЗУ-дағы оқуын аяқтап, орта білім алғандығы жөнінде куәлігімен туған ауылына оралады.

Анасынан ерте айырылып, әкесі абақтыда отырған оны ауылда аңырап қалған әжесі Әлиман ғана қарсы алады. Өгей шешесі Үндемес Қошқарбайдан мүлде күдер үзіп, басқа біреуге күйеуге шығып кетіпті.

Ол кезде ауылда орта мектепті бітіргендерді былай қойып, қара танитындардың өзі сирек болатын. Сол себепті балалар ғана емес, «сауатсыздықты жою» науқаны бойынша білім алуға ұмтылған ауылдың үлкен-кішісі бірдей Рақымжаннан сабақ алады. Оның ұстаздығы тым ұзаққа созылған жоқ, келесі жылы Ұлы Отан соғысы басталды.

Ол кезде Рақымжан 17-ге аяқ басқан бозбала ғана еді. Жасы толмағанына қарамастан өз еркімен майданға сұранып екі рет арыз береді. Келесі 1942 жылы тамыз айында 18-ге толуына екі ай қалғанда оның өтініші қабылданып, әскер қатарына алынады. Рақымжан әуелі майданға шақырылғандарды алғашқы әскери дайындықтан өткізетін Көкшетаудағы 367-атқыштар полкында қызмет етеді. Мұнда көбінесе орыс тіліне шорқақ, кейде оны мүлде білмейтін Орта Азиядан келген қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжік солдаттары шоғырланған еді. ФЗУ-де жартылай әскери өмірге бейімделген, тәртіпке, өз ісіне мығым Рақымжанды командирлері бірден байқап, нұсқаушы етіп қояды. Ол осы полкте 1943 жылдың жазына дейін сержант шенінде қызмет атқарады.

Екі тілге бірдей жүйрік, еті тірі, ширақ, шымыр жаңғақтай жас жігіт әскери дайындық біткен соң бірден майданға аттандырылмай, сол кезде Бішкек қаласында орналасқан Тамбов жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне жіберіледі.

Әрине, әскерилер оның өмірбаянын мұқият тексерген. Бұл соғыстың алғашқы кезеңдегі ащы жеңілістерден Қызыл Армия сабақ ала бастаған кез еді. Кіші офицерлік құрамға әскери техниканы тез арада меңгере алатын, оқуға бейім, қиыншылыққа төзімді, тепсе темір үзетін жас азаматтар көбірек алына бастаған. Осы тұрғыдан келгенде балалар үйінде тәрбиеленген, ФЗУ-да оқыған, оның үстіне ұстаздық тәжірибесі бар, сержанттар курсынан өткен Рахымжан офицерлік үшін дайын тұрған кадр еді. Солай болып шықты да.

Ол бір жылдан астам уақыт Бішкек қаласының дәл ортасында орналасқан әскери училищеде білім алып, тыңғылықты дайындықтан өтеді. Училищеде соғысқа түрлі жарақат алып, тылға жіберілген, соғыстың қыр-сырын жақсы білетін, қолданыстағы жаңа техниканы еркін меңгерген сақа командирлер сабақ берді. Оқу орнын бітірер кезде өзі көптен күткен қуанышты оқиға болып, партия қатарына кандидат ретінде қабылданды. Осыдан тура жиырма күн өткенде, Рақаңның өз жазбалары бойынша – 1944 жылдың 30 қыркүйегінде оның өмірінде ешқашан ұмытылмайтын тағы бір оқиға орын алады.

Оны училищеге әкесі іздеп келеді. Жазықсыз жазаға тартылып, хабар-ошарсыз кеткен, әлдеқашан өлдіге саналған әкесі тірі екен. Сағынысқан әке мен бала жылап көріседі.

Әкесі Қошқарбай осыдан бір ай бұрын түрмеден босап, біржолата ақталып елге келіпті. Ауылда Рақымжанмен хат алысып тұратын, балалар үйінде бірге оқыған Райхан есімді қыздан ұлының мекен-жайын алып, ешкімге жақ ашпай, тура Бішкекке тартқан беті екен.

Училище басшылығынан әкесі келгендігін айтып, рұхсат сұрап, оны Осмонқұл атты таныс қырғыздың үйіне әкеледі. Ағыл-тегіл әңгімелесіп, іштегі сырды ақтарысады. Рақымжан жас баладай құрақ ұша жүгіріп, әкесіне үлкен ілтипатпен қызмет етеді. Тайтөбедегі балалар үйінен бастап, күні кеше партия мүшелігіне кандидат болып қабылданғанын жырдай етіп айтып берді.

Ұлының кісі қызығатындай тамаша азамат болып өскендігіне әбден риза болған Қошқарбай қоштасар күні іштегі сырды өзі ашып, ешбір жазығы жоқтығын, тек  атасы Құдайқұл бай болғанын, бірақ ол байлықтан өз әкесі Мұсаға ештеңе қалмағандығын жеткізеді. Көре алмайтын ағайын «тегін жасырған байдың тұқымы» деп сыртынан арыз жазыпты. Оның соңы жеті жылға созылған қуғын-сүргінге ұласқан.

Қошқарбай нағыз азамат екен. Баласына бар шындықты жайып салып, жалғыз ұлымен қоштасар алдында: «дүниеге әкелгенім болмаса, саған ешбір пайдам тимеді, өзіңе зияны келер болса, менен бас тартам десең де ешбір өкпем жоқ» деген сөздерді айтады.

Құшақтаса табысып, көңілсіздеу қоштасқан әке мен баланың бір-бірін түсінуі үшін әлі талай уақыт керек еді.

Шындығында уақыт бәрін орнына келтіреді. Рақымжан әкесі туралы атақ-даңқы дүрілдеп тұрған 1976 жылы жарық көрген «Жеңіс жалауы» атты кітабында ештеңе жазбаған. Тек осы кітаптың 1984 жылы басылған «Шабуыл» атты орысша нұсқасында әкесі, ата-бабасы туралы, жоғарыдағы кездесу жайында мағлұматтарды қосуға тәуекел еткен.

Әскери училищеде өткен жылдан астам уақыт Рақымжанның жас офицер ретінде қалыптасуына ғана емес, жалпы кейінгі өмірінде өшпестей із қалдырады. Ол өмірбаяндық кітабында майданнан оралған сақа офицерлер  –училище басшысы полковник Дементьев, подполковник Савченко, майор Антонов, лейтенант Батуриндердің есімін ерекше құрметпен атайды.

Рақымжан әкесімен кездесуден тура бір ай өткенде – 1944 жылы қазан айында кіші лейтенант шенімен училищені үздік тәмәмдап, соғысқа аттанады. Бұл кезде майдан шебі Кеңес Одағының шекарасынан шығып, Польша жеріне қарай ауысқан болатын. Жас офицер взвод командирі ретінде қан майданға кіреді.

Қошқарбаев қызмет еткен әскери құрамалар мен оның командирлері туралы деректер алдағы уақытта әлі талай рет кездесетін болғандықтан, оларға да түсініктеме беріп өткенді жөн көрдік.

Кіші лейтенант Р.Қошқарбаев генерал-майор С.Н.Перевёрткин қолбасшылық ететін 79-атқыштар корпусы құрамында қызмет етті. Кейін дәл осы корпустың құрамалары Берлинге алғашқылардың бірі болып кіріп, рейхстагты алады. Комкор Переверткин генерал-полковник дәрежесіне дейін көтеріліп, Берлинді алуға қатысқан ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын иеленеді.

Корпус құрамында тоғыз әскери құрылым болды. Рақымжан соның генерал-майор В.М.Шатилов басқарған 150-атқыштар дивизиясының құрамында шайқасты. Рейхстагты алуға қолбасшылық еткені үшін Батыр атағына ие болып, соғыстан кейін генерал-полковник дәрежесіне дейін өскен комдив Василий Митрофанович Шатилов 90-нан еркін асып, бертінде – 1995 жылы дүние салды. Ол – Рақымжанды батыл офицер ретінде бағалап, өзінің әскери жазбаларында оның ерлігін үнемі атап өтіп, кейін бірнеше рет Батыр атағын беру жөніндегі ұсыныстарға қолдау көрсеткен аяулы жан.

Қошқарбаев 150-атқыштар дивизиясының құрамындағы подполковник А.Д.Плеходанов басқаратын 674-атқыштар полкының құрамында болды. Алексей Дмитриевич Плеходанов 1938 жылдан бастап Қызыл Армия қатарында болып, финн соғысына қатысқан, Ұлы Отан соғысына сақа офицер ретінде кірген тәжірибелі командир еді. Мінезі тік, тіпті шатақтау болған. Сол себепті Батыр атағынан құр қалған. Рақымжанды сыйлап, оның ерлігін лайықты бағалай білген.

Қошқарбаев 674-атқыштар полкының құрамындағы 1-батальонда взвод басқарды, ал бұл батальонға Рақымжан ұрысқа алғаш кіргенде капитан А.С.Твердохлеб жетекшілік етті. Соғысқа дейін қарапайым механизатор болған, өмірлік тәжірибесі мол, қарамағындағы солдаттар мен офицерлер сыртынан «Батька» деп ерекше құрметпен атаған Алексей Семенович Твердохлеб өте қамқор командир еді. Кезекті бір ұрыс сәтінде комбаттың ординареці қардай бораған оқ астында қалады. Рақымжан бұйрық күтпестен командирінің көз алдында әлгі солдатты жауған оқтың астынан аман алып шығады. Бұйрықсыз әрекет жасағаны үшін өзгелерге көз қылып ескерту жасаса да, ерлігіне ерекше риза болған Твердохлеб жас қазақты айрықша жақсы көріп кетеді.

Рақымжан туған әкесіндей сыйлаған қамқор командир жеңіске санаулы күндер қалғанда Берлиннің дәл іргесінде 28 сәуір күні оққа ұшып, оның орнын капитан В.И.Давыдов басады. Дәл осы Давыдов батальонының жауынгерлері кеңес әскерлері ішінен бірінші болып жау ордасы – рейхстагқа  бұзып-жарып кіреді.

Кейіпкеріміздің ерлігін баяндау барысында есімі бірнеше рет аталатын оның қарулас достары мен командирлері туралы қысқаша мәліметтен соң батырдың жауынгерлік жолына оралайық.

Ол өмірбаяндық кітабында: «12 қаңтар күні Висло-Одер операциясын бастаған 1-Украин армиясы жаппай шабуылға шыққанын білдік, біздің дивизия құрамына кіретін 1-Беларусь майданы бұл операцияға екі күннен кейін қосылды», – деп жазады. Бұл лейтенант Қошқарбаев қатысқан алғашқы шайқас болатын.

Ұлы Отан соғысының ең шешуші кезеңінде даңқты қолбасшылар маршал Г.Жуков пен маршал И.Коневтің басшылығымен жүзеге асқан «Висло-Одер операциясына» тек Кеңес Одағы тарапынан 2 миллионнан астам әскер қатысты. Польша жерінің басым бөлігін фашистерден азат етіп, кеңес әскерлерін Берлин бағытына шығарған дәл осы шайқаста жас офицер Р.Қошқарбаев ерлігімен ерекше көзге түсіп, дивизия командирі В.М.Шатиловтың өз қолынан 1-дәрежелі Отан соғысы орденін алады.

Бірден мұндай биік марапат иеленген жас қазақтың ерлігі де жойқын болатын. Одер үшін шайқаста шабуылдаушы  батальон құрамында айқасқа түскен лейтенант Қошқарбаев жау траншеясына бірінші болып секіріп, қолма-қол ұрысқа кіріседі. Гранатасымен дереу жау пулеметшісінің көзін жойып, немістің өз пулеметімен өздеріне оқ жаудырады. Дала оғланының бұл ерлігі жыртқышты өз апанында жайратып салып, оның үйірін жалғыз өзі баудай түсірумен бірдей нағыз жаужүректік еді. Осының бәрін өз көзімен көрген полк командирі А.Плеходанов Рақымжанды бірден бірінші дәрежелі марапатқа ұсынған.

(Рақымжан Қошқарбаевтың 1-дәрежелі Отан соғысы
 орденіне ұсынған марапат құжаты)

Батыстан АҚШ пен Ұлыбритания бастаған одақтастар ашқан екінші майдан неміс шекарасына кеулей кіргенде, асқан жылдамдықпен небәрі 20 күн ішінде жүзеге асырылған «Висло-Одер операциясының» нәтижесінде кеңес әскерлері Берлиннің іргесіне дейін жетті. Екі жақ та Берлинді бірінші болып алуға өршелене ұмтылды.

Кеңес әскерлерінің гитлерлік Германияны талқандаудағы шешуші үлесін айқындаған Берлин операциясы туралы кеңес тарихшылары, жазушылары, осы оқиғаға қатысқан қолбасшылар мыңдаған еңбектер жазды. Кеңес Одағы тарқап, темір шымылдық ысырылғаннан кейін құпия құжаттар ғылыми айналымға түсіп, ақиқат ашыла бастады. Берлинді алу жаһандық соғыстың шешуші сәтіндегі аса қуатты әскери күштердің қатысуымен өткен жойқын операция ғана емес, әлемдік саясат сахнасындағы үлкен ойын болғандығы да айқындалды.

Кеңес әскерлері 1944 жылдың соңында ел аумағын  жаудан түгелдей тазартып, Польша территориясына тақап келді. Бұл кезде соғыс басталысымен қару-жарақ, әскери техника, азық-түлікпен көмегін аямай-ақ келген АҚШ пен Ұлыбритания басшылығы КСРО азғана уақытта өз елін басқыншы жаудан түгелдей босатып, ендігі жерде Шығыс Еуропаны фашизмнен азат ету арқылы оларды өз ықпалына – коммунистік лагерьге тартуға әрекет жасайтынын айқын сезді. Осы тұрғыдан келгенде жау астанасын бірінші болып алған елдің Еуропадағы ең қуатты мемлекет – Германияның болашақта қандай саяси бағыт ұстанатынын айқындауда шешуші роль атқаратынын екі жақ та да бірдей түсіне білді.

Шетелдік тарихшылар «одақтастар әскери шығын аса көп болатынын алдын-ала болжап, Берлинді алудан саналы түрде бас тартты» дейді, ал тарихи құжаттар басқаша сөйлейді. Саясаткерлер Берлин үшін шайқасты екінші майдан ашылмай тұрып-ақ бастап кеткен болатын.

АҚШ президенті Ф.Рузвельт 1943 жылдың 9 қарашасында «Айова» линкорының бортында тұрып, екінші майдан барысында АҚШ Норвегия мен Данияны, Бремен мен Гамбург портын, солтүстік-батыс Германияны тез арада басып алу керектігімен қоса «Біз Берлинге дейін жетуіміз керек. Сонда Кеңестерге оның шығысына дейінгі аумақ бұйырады. Бірақ Берлинді міндетті түрде Құрама Штаттар алуы керек», – деп кесіп айтады. Ал 1945 жылдың 1 сәуірі күні У.Черчилль Рузвельтке: «Орыс армиялары еш күмәнсіз бүкіл Австрияны басып алып, Венаға кіреді. Егер бұған қоса Берлинді алатын болса, онда біздің ортақ жеңісімізге дәл солар шешуші үлес қосқан сияқты әсіреқызыл ұғым қалыптасуы мүмкін... Сондықтан мен саяси тұрғыдан алғанда, біз Германияның шығысынан неғұрлым ары қарай жылжуымыз керек деп есептеймін. Егер Берлин қолымыз жетер жерде болса, еш күмәнсіз оны біз алуымыз керек», – деген құпия жеделхат жіберген.

Байқайсыз ба, одақтастар стратегиялық жоспарларында әлдеқашан Берлиннің тағдырын өз пайдасына шешіп қойған. Кеңес тарапына бұған қоса Германия басшылығының одақтастарға Берлинді бейбіт жолмен беру туралы жасырын келіссөз жүргізе бастағаны белгілі болады.

Әрине, Сталин де қарап жатпады. Бұл кезде алғашқы нобайы 1944 жылдың қарашасында жасалған «Берлин операциясы» жоспары дайындалып, оны тек әскери құрамалардың диспозициясына орай нақтылау ғана қалған еді. Черчилльдің жеделхатына Рузвельттің жауабы жетіп үлгергенше, 1945 жылдың 3-сәуірінде Берлинді алудың жоспары бүге-шігесіне дейін көрсетілген, Сталин қол қойған арнайы Директива шығады. Дәл осы құжат негізінде 16-сәуір күні Ұлы Отан соғысының ең соңғы шабуылы басталды.

Кейін белгілі болған деректер бойынша, небәрі 23 күнге созылған осы операцияда кеңес әскерлерінің шығыны қайтыс болғандарды, жараланғандарын қоса есептегенде 361 367 адамға жеткен. Соғыстың тағдыры әлдеқашан шешіліп қойған кезде саяси, әскери бедел үшін осыншама адамнан айырылу ақылға сыя қоймайтын шығын еді.

Берлин операциясын маршал Г.Жуков пен маршал И.Конев жүзеге асырды. Кезінде «Жеңіс маршалы» деп асыра дәріптелген Жуков Берлин операциясын тез, жылдам аяқтап, оған бірінші болып басып кіру үшін осындай орасан зор шығындарға барған. Қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын!», – деген ашына, ашулана сөйлеуінің астарында осындай сыр бар еді.

Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылдың сәуір айында жан алысып, жан беріскен қырғын соғыстың ең сұрапыл шайқасына кіреді. Ол өмірбаяндық кітабында Одерге шыққан соң-ақ командование бүкіл офицерлік құрамға Берлин мен оның айналасындағы өзен, көл, орман, деревня, қалашықтар, аса маңызды нысандар белгіленген карта таратқанын жазады.

Берлин операциясы шеңберінде Рақымжан мен оның қаруластары 20-сәуір күні Претцель елді мекенін, ал келесі күні Берлиннің іргесіндегі Каров қаласын алады. Осы шайқаста жау оғы оның оң қабағын жырып өтіп,  басына жарақат түседі. Сонда Рақымжанды ерекше жақсы көретін комбат Твердохлеб: «Мұндай оқ өтпейтін баспен сен әлі жүз жыл жасайтын баласың!», – деп қалжыңдайды. Бұдан кейін әріптестері оны «Непробиваемый» деп атап кетеді.

Твердохлеб басқарған батальон жауынгерлері жау астанасын қақ жарып ағатын Шпрее өзенінің жағасына шыққанда, комбат барлық офицерлерге Берлиннің қақ жүрегі саналатын Кёнигсплац алаңы, онда орналасқан «Гиммлер үйі» деп аталып кеткен ішкі істер министрлігінің ғимараты мен «105» цифрмен таңбаланған рейхстаг және одан төмен орналасқан Бранденбург қақпасы белгіленген үлкейтілген картаны көрсетіп, алдағы уақытта осындай басты нысандарды бес саусақтай білу керектігін қатаң тапсырады.

Дәл осы жиналыс кезінде комбатты телефон арқылы полк штабына шақырады. Сыртқа шығып, жылдам штабқа беттеген майорға осының алдында оқ тиіп, әлдеқашан өлдіге саналған неміс офицері есін жиып, граната лақтырады. Төрт жыл бойына сан шайқастан аман шыққан есіл ер осылайша кездейсоқ ажалдан қаза тауып, оның орнын капитан Давыдов басады. Ертеңінде маршал Жуков пен Коневтің әскерлері жау ордасына басып кіріп, оның әр көшесі, әр орамы, әр ғимараты үшін кескілескен шайқас басталды.

Берлинді қақ жарып ағатын Шпрее өзені рейхстаг орналасқан алаң тұсына келгенде доғадай иіледі. Доғаның сол жағының төмендеу тұсында Кёнигсплацқа шығатын Мольтке көпірі бар. Генерал-майор Шатилов басқаратын 150-атқыштар дивизиясы құрамындағы екі полк (674 және 756) әскерлері рейхстагқа шабуыл алдында түгелдей осы көпірдің аузына шоғырланады. Көпірден өткен жерде әуелі Швейцария елшілігінің ғимараты, одан кейін «Гиммлер үйі» орналасқан. Фашистік Германияның ең жауыз басшыларының бірі, СС рейхсфюрері Гиммлердің штабы дәл осы ғимаратта болатын. Соғыс кезінде адам баласын азаптау мен қинаудың небір жантүршігерлік түрлерін ойлап тауып, концлагерьлер ашқан Гиммлердің штабын талқандау оның жауыздығын жақсы білетін әрбір кеңес солдаты үшін жаудан кек қайтарумен пара-пар еді.

«Гиммлер үйінен» қиғаштап Кёнигсплацты, яғни «Король алаңын» кесіп өтсеңіз, алдыңыздан фашизм ордасы – рейхстаг шығады. Кеңес әскерлерінің басты нысаны осы екі ғимарат болды. «Берлин операциясы» барысында жеңіс туын дәл осы ғимаратқа тігу жоспарланды.

Жеңіс туы

Рейхстагқа шабуылды басқарған 150-атқыштар дивизиясының командирі Шатилов: «Рейхстагты төрт батальонмен шабуылдау жөнінде шешім қабылданды. Оның комбаттар Давыдов пен Логвиненко басқаратын екеуі 674-ші Плеходанов полкынан болса, комбаттар Неустроев пен Клименков басқаратын екеуі Зинченко полкынан еді», – деп жазады (Шатилов В.М., Рейхстаг үстіндегі ту. М., 1975, 53 б.).

Капитан Давыдов бастаған Рақымжанның батальоны әуелі Мольтке көпірінің аузындағы Швейцария елшілігі орналасқан ғимаратқа лап қояды. Ертеңіне таңсәріде тас қамал болып бекініп, СС-тің таңдаулы офицерлері мен солдаттары қорғаған 5 қабатты ғимаратқа жойқын шабуыл басталып, Рақымжан мен оның қарулас серіктері «Гиммлер үйіне» алғашқылардың бірі болып басып кіреді.

Бұл туралы оқиғаны өз көзімен көрген «Правда» газетінің әскери тілшісі Мартын Мержанов «Таңертеңгі аса қуатты артиллериялық атыстан кейін «Гиммлер үйінен» алаңға оқ жаудырған нысандар тоқтап, ғимараттың қалыңдығы екі метрден асатын қабырғасы қақырай бастаса да, әлі құлаған жоқ еді. Оны фашистердің таңдаулы батальондары қарудың барлық түрінен оқ атып, жанталаса қорғап бақты. Бірақ оған лейтенант Қошқарбаев өз взводымен күл-талқаны шыққан есіктен атойлап басып кірді», – деп жазады (Мержанов М., Ол осылай болған. М., 1975).

Түске қарай «Гиммлер үйінің» 1-қабаты түгелдей жаудан босатылып, 2-қабат үшін айқас басталады. Фашистердің жанталаса қорғанғаны соншалық,  ұрыстың осы бөлігінде Рақымжан взводының тең жарымы оққа ұшады.

Бекінген жау әр қабат, әр бөлмені өлермендікпен қорғайды. Ғимаратты тез арада жаудан босатуға бұйрық алған кеңес әскерлері 30 сәуір күні таң алдында «Гиммлер үйін» түгелдей фашистерден тазартып шығады.

«Гиммлер үйінде» 30-сәуір күні лейтенант Рақымжан Қошқарбаевқа партия билеті табыс етіледі. Бұл туралы комдив В.М.Шатилов: ««Гиммлер үйінің» жертөлесінде парткомиссияның отырысы болды. Онда взвод командирі, комсомол мүшесі, қазақ, 1924 жылы туған лейтенант Рақымжан Қошқарбаевты партия қатарына қабылданды», – деп жазады.

Бала кезінен «халық жауының баласы» деп қағажу көріп, алаң көңіл өскен Рақымжан өзі армандаған партия билетін төс қалтасына басқанда оның есімін әлемге әйгілейтін тарихи ерлікке санаулы сағаттар ғана қалған болатын.

Көп ұзамай сол сәт те келіп жетті.

Партия билетін алып, төбесі көкке жеткендей көңіл-күйде тұрған Рақымжанды  комбат Давыдов шақырады.

Комбат Рақымжанға барлық мән-жайды түсіндіріп, оған рейхстагқа бірінші болып ту тігуге аттанатын алғашқы топты басқаруды ұсынады. Иә, бұйрық емес, ұсыныс. Бас тартуға әбден болады, бірақ Рақымжан бірден келісімін берді. Сағат тілі тура 11-ді көрсеткенде құрамында аға лейтенант Сорокин, сержант Лысенко, ефрейтор Булатов, қатардағы жауынгерлер Проваторов, Орешко, Пачковский, Бреховецкийлерден тұратын шабуылдаушы топ Рақымжанның: «Алға, ер соңымнан!» деген бұйрығымен жау ордасын бетке алып, «Гиммлер үйінің» терезесінен тас төселген Король алаңына секіріп түседі.

Рақымжан қызыл материалдан жасалып, бүркеншік қағазға оралған туды гимнастеркасының ішіне тығып, сыртынан белбеумен мықтап байлап алады.

Бұл кезде Кёнигсплац алаңына қарудың барлық түрінен оқ қарша борап, өлім сеуіп тұрды. Егер алаңда орналасқан ғимараттарда 5000-ға жуық СС-тің таңдаулы әскерлері орналасса, тек рейхстагтың өзін 1000-нан астам жау әскері жанталаса қорғап бақты.

Ең шешуші сәтке қатысты оқиғаның өрбуін Рақымжан ағаның кітабы бойынша баяндар болсақ, бастапқы топтан Григорий Булатов екеуі суырылып алға шығады. «Гиммлер үйі» мен рейхстагтың арасы – бар болғаны 360 метр. Әр метрі тұтас ғұмырға татитын осы аралықты екеуі жер бауырлап 7 сағатта жүріп өтеді. Бірінші болып рейхстагқа жетіп, иығына Булатовты шығарып, ғимараттың кіре берісіндегі екінші қабаттың терезесіне Жеңіс туын қадайды. «Кешкі сағат жетінің шамасында рейхстагта үш батальон болды. Үшеуі де біздің 150-ші дивизияның бөлімдері еді», – деп жазады Рақымжан Қошқарбаев.

Өмірі бойы тура жолдан таймай, адалдықтан аттамай, арына дақ түсірмей өткен хас батырдың баяндауындағы бар шындық осындай. Ендеше Рақымжаннан кейін жеткен Егоров пен Кантарияның қалайша Жеңіс туының авторы атанып, рейхстагқа шабуылдың әр сәтін «Гиммлер үйінен» бақылап тұрған бүкіл командирлердің көз алдында алғаш ту тіккен Рақымжан мен Григорийдің ерлігі өз дәрежесінде бағаланбауының сыры неде?

Енді осыған келейік.

Ұлы Отан соғысында түбегейлі бетбұрыс орын алып, Жеңіс сәті жақындаған кезде – 1944 жылдың 6-қазанында Жоғарғы Бас қолбасшы Сталин: «Фашист айуандарды өз апанында жаныштап, Берлин үстіне Жеңіс Туын желбірету керек», – деген сөздерді айтады. Дәл осы сәттен бастап Жеңіс туын тігу барлық кеңес әскерлерінің ғана емес, оның аты жер жарған даңқты қолбасшылардың да ең үлкен арман-мақсатына айналады.

Рейхстагқа шабуылды генерал-майор Шатилов басқарған 150-атқыштар дивизиясы ұйымдастырды, ал бұл құрылым генерал-полковник В.Кузнецов қолбасшылық ететін 3-Екпінді армиясының құрамында еді.

Кеңес әскерлері Берлинге басып кірер алдында осы тәжірибелі командармның тапсырмасы бойынша 3-Екпінді армияның құрамындағы 9 дивизия мен бригаданың санына сәйкес қызыл тулар әзірленеді, бірақ ешкім оған ресми түрде «Жеңіс туы» мәртебесін бермеген. Соның бесінші номерлісі Шатилов дивизиясына табыс етіледі. Комдив оны тігуді 756-полктың командирі Зинченкоға тапсырады, ал Қошқарбаев подполковник Плеходанов басқаратын көрші полктың құрамында еді. Шатилов аса жауапты тапсырманы орындау үшін қанша батыл болса да мінезі шәлкем-шалыстау, шалт қимылдайтын Плеходановтан гөрі, көбінесе айламен, амалмен іс жасайтын Зинченконы таңдайды. Бұл Плеходановқа онша ұнаңқырамай, ол рейхстагқа ең жақын орналасқан өз қарамағындағы 1-батальон командирі Давыдовқа тез арада қолда бар материалдан қызыл ту әзірлеп, оны қайтсе де көрші полк жауынгерлерінен бұрын рейхстагқа тігуді тапсырады. Ал комбаттың таңдауы әрқашан сабырмен қимылдап, ақылымен әрекет ететін, ержүректігімен аты шыққан Рақымжанға түседі.

Рейхстагқа бірінші болып ту тігу идеясы жалғыз Плеходановқа емес, жау ордасына таяп келген өзге де құрылым (дивизия, полк, батальон, рота) командирлерінің ойында болды. Сол себепті ту тігуге ұмтылған шабуылдаушы топтардың қатары тоғыздан әлдеқайда көп еді және олардың рейхстагқа аман жеткендері Рақымжаннан кейін де ғимараттың арғы-бергі беттеріне өз туларын қадап үлгереді.

Үш бірдей полктың сарбаздары рейхстагқа жайғасып, оның басым бөлігі жаудан тазартылғаннан кейін Зинченко кешкі сағат он шамасында рейхстагқа жетеді. Штабтан әскери кеңес бекіткен №5 армия туын алдырып, оны ғимараттың төбесіне тігуді бұйырады. Осылайша 30 сәуірден 1 мамырға қараған түнде, дәлірек айтқанда 1 мамыр күні түнгі сағат 3-те Егоров пен Кантария лейтенант А.Бересттің басшылығымен рейхстагтың төбесіне 3-Екпінді армия штабы бекіткен туды жайғастырады.

Кантария мен Егоровтың туы рейхстаг төбесіне тігілген төртінші ту болған, бірақ оған дейін бекітілген үш туды неміс мергендері мен артиллериясы атқылаған оқтар ұшырып түсіріп отырған.

Айтпаса шындықтың атасы өлетін болғандықтан, оқиғаны ресми билік жылдар бойы санаға сіңірген жалған тұжырыммен емес, оқ-дәрі исі аңқыған жертөлелерде, шынның жүзінде жазылған деректермен дәлелдеп көрейік.

Рейхстагқа алғашқы шабуыл 30 сәуір күні таңертең басталды. Ғимаратқа бекінген мұздай қаруланған жау әскері атойлаған топтың бетін қайтарып, алаңда аз ғана уақытқа тыныштық орнайды. Дәл осы кезде Рақымжан тобы ту тігуге аттанады. Түскі сағат 13.30-да екінші жойқын шабуыл басталады. Бұл кезде жер бауырлап жылжыған Қошқарбаев пен Булатов ғимаратқа жақындап қалған еді. Осы сәт туралы ол өз кітабында: «Екі жақтан жіберілген снарядтың бәрі бірдей біздің дәл төбемізге таяп ұшып жатқан сияқты. Рейхстаг тағы да түтін мен шаңнан көрінбей кетті. Артиллерия атысы бір сағаттай төңіректі төпелеп, жер дүниені солқылдатты. Едәуір уақыт өткен соң рейхстаг жақтан бораған оқ сәл саябырсып, көк түтін бе, көтерілген шаң ба, алдымыз бұлыңғыр тұман болып кетті. Осы бір бұлыңғыр сәтті пайдаланып жүгірсек, жау бізді рейхстагқа жеткенше көрмей қалуы мүмкін еді, сондықтан алға ұмтылуға бел байладық», – деп жазады.

Дәл осы ұмтылыста олар рейхстагқа жетіп үлгереді.

Ал енді оқиғаның бас-аяғын жинақтап көрейік. Олар сағат тілі тура 11-ді көрсеткенде шабуылға аттанған. Жер бауырлай жылжып рейхстагқа жақындайды. Сағат түскі бір жарымда екінші шабуыл басталады. Оның дәл  уақыты оқиғаға қатысқан барлық құрылымдардың баянаттарында нақты көрсетілген. Екінші шабуылдағы артиллериялық атыс Рақымжан көрсеткен «бір сағаттай» уақытқа созылған. Ол сәл саябырлағанда Қошқарбаев пен Булатов рейхстагқа жүгіре жетіп, ту тігіп үлгереді.

Егер екінші шабуыл сағат бір жарымда басталып, ол Рақымжан естелігінде атап көрсетілгендей, бір сағаттай уақытқа созылса, Қошқарбаев пен Булатов рейхстагқа жетіп, ту тігіп үлгерген мөлшерлі уақыт сағат екі жарым болып шықпай ма?

Ендеше, Рақымжан өз кітабының қазақшасында оны «кешкі 6», орысшасында «18 сағат 30 минут» деп жазған.

Бар кілтипан осы арадан шығады. Батыр дәл осылай жазбаған. Оны солай істеуге мәжбүрлеген, тіпті бұл деректі әскери цензура өз бетінше қосқан. «Оу, сонда қалай, батырға әмір жүруші ме еді?», – деуі де мүмкін бүгінгі заман оқырмандары. «Кеңес заманында батырды былай қойып, қажет болса қолбасшыға да тарихи деректі өз қолымен өзгерткізген», – дейміз коммунистік заманның талай қитұрқысын басынан өткізген біз.

Осы материалды даярлау барысында Рақымжан Қошқарбаев ерлігіне қатысты ақиқат шындықты тарих тереңінен аршып алу үшін біз бір кездегі КСРО Қорғаныс министрлігінің, қазіргі РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына (РФ ҚМОМ) арнайы өтініш жолдап, батырға қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған әскери құжаттарды алдырғанбыз. Осы сауапты іске қатысқан барлық азаматтарға алғысымызды айта отырып, енді солардың бір парасына кезек берейік.

Жеңіс туы тігілген оқиғаның ізі суымай-ақ алғашқы баянатты Рақымжанның полк командирі Плеходанов жазған. Онда былай делінген: «Командир взвода разведки 1 сб л-нт КАШКОРБАЕВ и разведчик взвода полковой разведки кр-ц БУЛАТОВ в 14.30 водрузили знамя над рейхстагом. В 14.40 1 и 2 сб полностью вошли в рейхстаг, очищая нижний этаж и подвальные помещения» (РФ ҚМОМ, 1390-қор, 1-тізім, 76-іс, 174-175-беттер.

(Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі көрсетілген
полк командирі А.Плеходановтың баянаты)

(Ұрыс жағдайынан дәл хабар беретін әскери мұрағат құжаттарын түпнұсқа тілінде келтіруді жөн санадық). Екі парақтан аспайтын әскери тілмен қысқа да нұсқа жазылған «Описание боя за Рейхстаг» атты бұл құжатта шабуылдың барысы әр минутына дейін дәлме-дәл көрсетілген, соңына «Плеходанов» деп сия қарындашпен шиыршықтап қол қойылған. Тіпті баянат соңында «что будет врать Зинченко проспавши в подвале» деген сөздер жазылған. Егер полк командирі қол қойған ресми құжатқа төменгі шенді офицерлердің өзгеріс түсіре алмайтынын және баянатта комдив қолымен жазылған ескертпелер жоқтығын ескерер болсақ, мұндай әскери этикаға сыймайтын кекесінді тіркесті Плеходанов жазуы мүмкін деп шамалаймыз.

Соғыс жағдайында әр дивизияның барлық әскери қимылы мұқият тексеріліп, өзге баянаттармен, оның ішінде барлаушылар мағлұматымен салыстырылғаннан кейін әбден нақтыланған деректерді қаттап отыратын «Журнал боевых действий» дейтін арнайы құжаты болады. Енді Рақымжан шайқасқан 150-атқыштар дивизиясының осындай журналына үңіліп көрейік.

Онда: «Лейтенант КОШКАРБАЕВ и разведчик 674 сп БУЛАТОВ первыми подползли с полковым красным знаменем и в 14.25 30.4.45 водрузили его на площадки лестницы главного центрального входа в рейхстаг с западной стороны. Только с наступлением сумерков 30.4.45 в здание рейхстага с южной и центральной части ворвались 674 сп; с северной 1/756 сп», – делінген (Сонда, 1390 қор. 1-тізім, 1-іс, 22-23 беттер).

(«Жауынгерлік қимыл журналында» анық көрсетілген ерліктің баяны)

Бұл – бір ғана полктың емес, тұтас дивизияның әскери шежіресі саналатын аса маңызды құжаттан алынған дерек. Мұнда да тудың 30-сәуір күні 14 сағат 25 минутта тігілгені қолмен қойғандай анық көрсетілген.

Енді 150-атқыштар дивизиясының тарихи формулярына назар аударып көрейік. Онда: «В 13.00 30.4.45 г. артиллерия, минометы и РС открыли уничтожающий огонь по противнику. Артобработка продолжалась в течение 30 минут. В 13.30 начался штурм противника. ... В 14.25 30.4.45 г. лейтенант КОШКАРБАЕВ и разведчик БУЛАТОВ 674 сп по-пластунски подползли к центральной части здания и на лестнице главного входа поставили красный флаг... В 18.00 30.4.45 г. был повторен штурм рейхстага... Рота Сьянова первая ворвалась в сев. часть рейхстага, а бойцы 1 и 2 (батальона) 674 сп с центральной и южной стороны», – делінген (Сонда, 1390-қор, 1-тізім, 22-іс, 192-193 беттер).

(Атқыштар дивизиясы тарихи формулярындағы жазба)

Мұнда артиллериялық атыстан кейін екінші шабуылдың сағат бір жарымда басталып, Рақымжан жазғандай, «бір сағаттай уақыт өткенде», яғни 14 сағат 25 минутта лейтенант Қошқарбаев пен жауынгер Булатовтың жер бауырлап рейхстагқа жетіп, ту тіккен уақыты минутына дейінгі дәлдікпен көрсетіліп, өзгелердің де аты-жөні нақтылана түскен.

Кезінде осы құжаттарға қол қойған комдив Шатилов кейін өз естелігінде: «Төртінші қабатта орналасқан менің позициямнан алаңда жүгірген, құлаған, көтерілген адамдардың сұлбасы көрініп тұрды... Мен оң жақтағы колоннаның тұсынан алқызыл Тудың жарқ еткенін көрдім. Дәл сол сәтте 14 сағат 30 минутта мен Плеходанов пен Зинченкодан бір мезгілде екі баянат қабылдадым », – деп жазды.

Шатиловқа екі полктың командирлері де өз жауынгерлерінің рейхстагқа басып кіргенін баяндаған. Комдив сол сәтінде-ақ жағымды жаңалықты корпус штабына хабарлайды. Ары қарай бәрі түсінікті: сол сәтте рейхстагтың алынып, оған жеңіс туы тігілгенін комкор Переверткин командарм Кузнецовқа, ал ол кезегінде маршал Жуковқа баяндаған. Хабар Жуковқа жетісімен ол өзінің 30 сәуірдегі №6 бұйрығын жариялайды. Оның 2-пунктінде:

«Генерал-полковник Кузнецовтың 3-Екпінді армиясының әскерлері шабуылды өрістете отырып, жау қарсылығын еңсеріп, рейхстаг ғимаратын басып алды. Бүгін 30.4.45 жылы сағат 14.25-те онда кеңес туын көтерді. Рейхстаг ғимараты мен оның алаңы үшін шайқаста генерал-майор Переверткиннің 79-атқыштар корпусы мен оның құрамындағы полковник Негоданың 171-атқыштар дивизиясы және генерал-майор Шатиловтың 150-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті», – деген жолдар бар.

Дәл осы бұйрықтың 4-тармағында тудың біржолата тігілгенін нықтылай түсетін: «Біздің кеңестік туымыз Берлин қаласының ортасындағы рейхстаг ғимаратында желбіреп тұр», – деген жолдар болды.

Маршал Жуковтың бұйрығы сол сәтінде-ақ ақпарат құралдарына жетіп, Совинформбюро: «1-Беларусь майданының әскерлері рейхстагты басып алып, сағат 14-те оған Жеңіс туын тікті», – деген барша кеңес адамдары асыға күткен хабарды Левитанның саңқылдаған дауысымен бүкіл дүние жүзіне таратты.

Жеңіс туы желбірегені жөніндегі ақпарат әлемді шарлап кеткенде 3-Екпінді Армияның Әскери кеңесі бекіткен №5 ту әлі полковник Зинченконың штабында жатқан болатын.

Енді осы тудың қалайша рейхстаг төбесіне шығарылып, оны Егоров пен Кантарияның қандай жағдайда, қашан тіккеніне оралайық.

Комдив Шатилов Егоров пен Кантарияның есімін алғаш полковник Зинченкодан естігенін жазады. Туды бірінші болып тігу «жарысынан» әріптесі Плеходановтан қалып қойған айлакер Зинченко қулыққа басқан. Шатилов өз естелігінде күндіз Зинченкоға телефон шалып, «Ту қайда?», – деп сұрағанда ол тудың өз штабында екенін, тіпті оны рейхстагқа жеткізетін адам табылмай тұрғанын айтқан. Комдив: «Онда туды Плеходановқа бер!», – деп қайыра тапсырма бергеннен кейін Зинченко іле-шала байланысқа шығып, Егоров пен Кантарияның есімін баяндап, жауапты миссияны соларға жүктеуге рұхсат алады.

Осылайша бәрі де көкейге қонымды, саясатқа сыйымды болып шыға келеді. Бірі жеңіске шешуші үлес қосқан орыс халқының өкілі, екіншісі – Жоғарғы Бас қолбасшының қандасы. Саяси қызметтің жілік майын шаққан, қулығына құрық бойламайтын Зинченко ойлап тапқан бұл идеяға сол кезде ешкім де қарсы келе алмайтын еді. Оның үстіне жоғары лауазымды командирлер үшін қарамағындағылардың қайсысы ту тіксе де, өзінің ешқашан абыройдан тыс қалмайтыны бесенеден белгілі болатын.

Жеңіс туы – шартты ұғым. Ресми түрде оны Жоғарғы Бас қолбасшының Бас штабы да, Жуков басқаратын 1-Белорус майданының Саяси басқармасы да алдын-ала бекітпеген. Сол себепті кеңес әскерлері ішінен бірінші болып жау ордасына атойлап кіріп, бүкіл Кеңес одағының символы саналатын қызыл ту тіккен Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовтың туын Жеңіс туы деп қабылдап, дәл осы туды Рейхстаг төбесіне шығарғанда ол ең әділетті шешім болар еді. Оның үстіне маршал Жуковтың бұйрығында «Жеңіс туы» деген нақты атаудың орнына «кеңестік ту» атты шартты ұғым көрсетілген. Өкінішке орай, бәрі басқаша болып шықты.

Жеңіс туына қатысты дау-дамайдың осы күнге дейін толастамауына Егоров пен Кантарияның командирі – полковник Зинченко себепкер болды. Ол өз жауынгерлері тіккен тудың мәртебесін көтеру үшін оның 3-Екпінді Украин армиясының штабында бекітілгенін үнемі алға тартты. Егер шынтуайтқа келсек, маршал Жуков басқарған 1-Белорус майданы құрамында 1945 жылдың 1-сәуіріндегі дерек бойынша, 11 армия (3-Екпінді Украин армиясы соның біреуі ғана), 2 артиллериялық, 1 танк корпусы, 2 атты әскер корпусы және бұларға қосымша әскери-әуе, байланыс және инженерлік құрылымдар болды. Жау ордасына Жуков әскерлерімен бір мезгілде басып кірген И.Конев қолбасшылық еткен 1-Украин майданының құрамында дәл осындай көлемдегі әскери құрамалар шайқасты. Егер қос майдандағы әрбір армия штабы өз құрамындағы әскери құрамалар санына сәйкес Жеңіс туларын әзірлейтін болса, олардың жалпы саны бірнеше жүзден еркін асатын еді. Сондықтан «армия штабы бекіткен» деген уәждің ешбір саяси, әскери және құқықтық қауқары жоқ, әйтеуір қарсы жақтың бетін жасқау үшін табан астында ойдан шығарылған тым шолақ тұжырым еді, бірақ әскери жағдай күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп, қиян-кескі ұрыс жүріп жатқанда жоғары шенді қолбасшылар саяси қызметкерлердің осындай келте кесіміне оп-онай көне салған. Полковник Зинченконың Егоров пен Кантария сияқты орыс және грузин ұлтынан шыққан жауынгерлерді Жеңіс туының авторы ретінде таңдауы маршал Жуковтың өзін тыпыр еткізбеген.

Рақымжан мен Булатов өз туларын қадап үлгергенше рейхстагқа қарсы екінші шабуыл екпіндей түсіп, олардың ізін ала түрлі әскери бөлімдердің туын ала жүгірген жауынгерлердің алғашқы легі жау ордасына жетіп үлгереді. Кешке қарай олардың қатары көбейе түсті. Ғимараттың әр қабаты жаудан тазартылған сайын әр терезеден алқызыл тулар желбіреп, үлкенді-кішілі тулар мен жалаушалардан рейхстаг қызғалдақты даладай құлпырып тұрады.

Біз сұрапыл соғыста қан төккен есіл ерлердің ерлігін мансұқтаудан аулақпыз. Берлинді алуға қатысқан, рейхстагқа шабуылдаған, ту тіккен, оған қарыс қадам жете алмай қаза болған барлық жауынгерлердің рухына әрдайым басымызды иеміз. Бірақ орыс мәтелінде айтылғандай, «жеңіліс жетім болса да, жеңістің әкесі тым көп» болды. Кейінгі жылдары шындықтың өңін айналдырушылардың қатары көбейіп кетті. Олардың ішінде Берлин тізе бүгіп, кеңес әскерлері жеңісті тойлауға кіріскен бейбіт кезеңде түсірілген фотосуреттер негізінде өзін батыр деп көрсетіп, жоғары атаққа ұсынғандар да шықты.

Фотосурет дегеннен шығады. Алғашқы суретті «Правданың» фототілшісі В.Темин 1 мамыр күні ойрандалған Берлин үстімен ұшқан ПО-2 ұшағының бортынан түсірген. Редакциядағылар суретті шығарған кезде ғимарат күмбезінен ешбір туды көре алмаған. Өйткені ол кезде ту күмбездің ортасында емес, ондағы мүсінге ғана бекітілген болатын. Сондықтан ту суретке ретушерлер қолымен түсіріледі. Ретушь асығыста істелгендіктен тудың пропорциясы тым үлкен болып шығып, кейін осы мәселе төңірегінде үлкен дау шығады.

Әйгілі фототілші Е.Халдейдің дүние жүзін шарлап кеткен «Рейхстаг үстіндегі Жеңіс туы» суреті де 2 мамыр күні соғыс аяқталып, Берлиннің сөзсіз тізе бүгуі қабылданғаннан кейін түсірілген. Шындығында ол суреттің де Жеңіс туына, ал онда бейнеленген жауынгерлердің алғаш ту тігушілерге еш қатысы жоқ еді. Алайда тілшінің қолдан жасалған суретіне түскен жауынгерлердің бірі 1996 жылы «Ресей батыры» атағын алды (мінәйім себептермен ардагердің есімін атауды артық санадық).

Егоров пен Кантарияның рейхстаг төбесінде ту ұстап тұрған фототілші А.Морозов түсірген үшінші сурет 2 мамыр күні бейбіт жағдайда түсіріліп, 3 мамыр күні көптеген ақпарат құралдарында жарияланды.

Жеңіс туына байланысты ең сенімді мұрағат деректерін қарастыра келіп, төмендегідей қорытындыға келуге болады.

  1. Рейхстагқа атойлап кіріп, алғаш ту тіккендер – лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қызыләскер Григорий Булатов.
  2. Тарихи оқиға 1945 жылы 30 сәуір күні сағат 14.25-те жүзеге асқан.
  3. Қошқарбаев пен Булатовтан кейін 674, 756, 380, 525-атқыштар полктарының және 86-ауыр гаубицалық артиллериялық бригаданың жауынгерлік топтары бірінен соң бірі ғимаратқа, өз бөлімшелерінің шабуыл туларын қадаған.
  4. 3-Екпінді Армияның әскери кеңесі бекіткен туды полковник Зинченконың бұйрығымен Егоров пен Кантария 1 мамыр күні түнде рейхстагтың төбесіндегі атты мүсінге бекітіп, оны 2 мамыр күні таңертең күмбездің ортасына орналастырған. Кейін Жеңіс туы ретінде ресми танылған дәл осы ту болды.

(Рейхстагқа ту тіккендер: М.Кантария, М.Егоров,
 Р.Қошқарбаев, С.Неустроев)

Шындық шежіресі

Қасым ақын айтқандай, «күркіреп күндей» сұрапыл соғыс та өте шықты. Бір кездері өлім сепкен Берлин аспаны от-шашуларға бөленді. Жеңімпаз жауынгерлерді марапаттаулар басталды.

Әуелі маршал Жуковтың тікелей ұсынысымен Берлинді алуға үлес қосқан комдив М.Шатилов, комкор С.Переверткин, командарм В.Кузнецов 1945 жылғы 29 мамыр күні Кеңес Одағының Батыры атағын алып, үшінші Алтын жұлдыз маршал Жуковтың кеудесінде жарқырады.

Жеңіс туын тігуге Егоров пен Кантарияның кандидатурасын ұсынған 756-полктың командирі Зинченко де сол 1945 жылғы 31 мамыр күні Алтын жұлдызға ие болды.

Тарихи шындық тұрғысынан алғанда жау ордасына алғаш басып кірген де, оған тұңғыш ту тіккен де подполковник Плеходанов басқаратын 674-полк жауынгерлері болатын. Комдив Шатилов шалдуар полк командиріне «ержүрек, батыл офицер» деген мінездеме беріп, Батыр атағына ұсынады. Қай қылығымен жоғары командирлерге жақпағанын кім білген, ерлігі күмәнсіз көрінген Плеходановтың марапаты Қызыл Ту орденімен шектелді.

Рақымжан ағаның кітабында капитан Давыдов оған алқызыл туды табыс ете тұрып, бірге аттанатын топ құрамын таныстырғанда онда Қошқарбаев пен Булатовтан басқа аға сержант Лысенко, қатардағы жауынгерлер Проваторов, Орешко, Пачковский, Бреховецкий болған. Полк командирі Плеходанов әлде тәжірибесіздігінен, әлде көңілжықпастықтан олардың бәрін бірдей Батыр атағына ұсынады. Нәтижесінде бәрі дерлік Алтын жұлдыздың орнына Қызыл Ту орденін қанағат етуге мәжбүр болады.

«Дерлік» сөзін қосып отырғаным, Рақымжан мен Булатовтан кейін алғашқы шабуылдаушы топ ішінде рейхстагқа жетіп жығылған аға сержант И.Лысенкоға келесі 1946 жылдың 15 мамырында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Плеходанов қол қойған оның марапат парақшасында ешбір артық-кемі жоқ: «Лысенко жолдас 1945 жылдың 30-сәуірі күні сағат 14-те рейхстаг ғимаратына басып кіріп, гранатамен 20 неміс солдатының көзін жойды. Екінші қабатқа жетіп, Жеңіс туын тікті», – деп жазылған (РФ ҚМОМ, 33-қор, 793756-тізім, 28-іс, 250-бет). Ерлікті марапат қағазы арқылы ғана танып, штабтан ұзап шықпайтын саяси қызметкерлер 19-20 жастағы, соғысқа кіргеніне жарты-ақ жыл өткен Гриша мен Рақымжанды қайтсін, Лысенко сияқты революцияның түйдей құрдасы (1917 жылы туған), 1942 жылдан майдан шебіндегі, жалғыз гранатамен 20 немісті жер жастандырып, Жеңіс туын тіккен сақа солдат Лысенко тұрғанда.

Берлин тізе бүгіп, жаппай марапат басталғанда, рейхстагты алуға қатысқан ондаған әскери бөлімшелерден «жау ордасына Жеңіс туын тікті» деген сипаттамамен жүзден астам ұсыныс келіп түскен.

Мұндай ұсыныс жасаған командирлерді де түсінуге әбден болады. Шындығында олар бірі ерте, бірі кеш, рейхстагтың әр тұсына шабуыл туларын тіккен. Ал ресми орындар үшін Жеңіс туы жалғыз болатын. Сол себепті 1945 жылы ту тіккендердің ешқайсысына да Батыр атағы берілмеді.

Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғандар ішінде Рақымжан Қошқарбаев та болды.

Кезінде Кәкімжан Қазыбаев ағамыз бастаған қазақ қаламгерлері мен зиялылары талай жылдары жабыла іздеген Ресей Қорғаныс министрлігі мұрағатынан алдырған қос парақтан ғана тұратын осы бір тарихи құжатты біз де үлкен тебіреніспен қолымызға ұстап, асқан ыждаһаттылықпен қарап шықтық. Оның дәстүрлі анкеталық деректерден кейінгі «Жауынгерлік ерлігі мен қызметінің қысқа, нақты мазмұны» деген бөлігінде былай деп жазылған:

«Прорвав оборону противника 16.04.1945 года с плацдарма на западном берегу р.Одер в районе Гроснейндорфа тов. КОШКАРБАЕВ во главе штурмового взвода 17.04.1945 года вышел к каналу Фридландерштром используя исключительно выгодный рубеж для обороны, противник пытался приостановить продвижение наших частей. Взводу тов. КОШКАРБАЕВА было приказано на подручных средствах преодолеть водную преграду, захватить плацдарм на западном берегу канала и способствовать переправе основных сил полка. Прикрываясь огнем орудий прямой наводки взвод под командованием тов. КОШКАРБАЕВА достиг противоположного берега канала и стремительным броском ворвался в немецкую траншею. В траншейном бою доходившем до рукопашной схватки взвод истребил более 40 немецких солдат, захватил 3 крупнокалиберных пулемета и из трофейного оружия открыл интенсивный огонь по огневым точкам врага. Воспользовавшись успехом взвода тов. КОШКАРБАЕВА было переправлено еще несколько штурмовых групп.

В бою 29.04.1945 года взвод в числе первых форсировал р.Шпрее ломая ожесточенное сопротивление врага 30.04.1945 года ворвался в Рейхстаг и водрузил знамя Победы.

В дни боев проведенных от Одера до Рейхстага взвод истребил более 200 немецких солдат и офицеров и 194 захватил в плен, с боем захватил 14 полевых орудий вместе с прислугой, 27 крупнокалиберных пулеметов и много другого вооружения.

Достоин присвоения звания «ГЕРОЯ СОВЕТСКОГО СОЮЗА».

Командир 674 стрелкового полка, подполковник Плеходанов» (РФ ҚМОМ, 33-қор, 686196-тізім, 44/143-іс, 32-33 беттер).

(Рақымжан Қошқарбаевты Кеңес Одағының Батыры
 атағына ұсынған марапат құжаты)

Соңына 1945 жылғы 6 мамыр күні қызыл қарындашпен полк командирі Плеходанов шиыршықтата қол қойған. Бұл ұсынысты 14 мамыр күні дивизия командирі Шатилов та қолдап шыққан. Ұсыныс 27 мамырда корпус командирі Переверткин тарапынан да мақұлданып, мөр басылған.

Батыр атағын алу үшін келесі сатыда армия командирі мен оның штаб бастығының, ары қарай майдан қолбасшысы мен оның әскери кеңесі мүшесінің қолдаулары керек. Рақымжанды батырлыққа ұсынған құжат корпус командирінің қолымен шектелген.

Уақыт табымен сарғайған қос парақтың тасасында әлдебір тылсым сыр жасырынғандай талай мәрте аударып-төңкеріп қараймыз. Иә, ол жоғары қарай жылжымаған. Тек «Марапат туралы белгі» деген бөлігінде бүгінде өше бастаған көк сиямен «3-Екпінді армияның №0121/н 8.6.45 жылғы бұйрығымен Қызыл Ту орденімен марапатталды» деп жазылып, әлдекімнің қолы қойылған. Бар болғаны осы ғана...

Батыр атағына ұсынылғандардың есеп карточкасы болады. Рақымжанның ісінде 1946 жылдың сәуір айында (бұл кезде ту тіккендердің ешқайсысы әлі атақ алып үлгермеген) толтырылып, оның және Плеходановтың қолдары қойылған осындай құжат та табылды. Бұған қарағанда соңғы кезеңге дейін оның кандидатурасы үміткерлер қатарында болған.

Кейбір зерттеушілер «Рақымжанның Батыр атағын алуға әкесінің халық жауы болғандығы себепкер болды» деген жорамал да айтады. Бұл сөздің де жаны бар шығар, бірақ ол атаққа ұсынылғанда әкесі түрмеден босап, туған ауылында қарапайым колхозшы болып еңбек етіп жүрген. Сондықтан оның марапат парақшасындағы отбасы жағдайы туралы мәліметте: «Әкесі – Мусин Қошқарбай – Қаз.КСР. Ақмола обл. Ақмола ауданы, Ворошилов колхозы», – деп анық көрсетілген. Оның үстіне Сталиннің әйгілі «әкесі үшін баласы жауап бермейді» деген қағидасынан кейін Ұлы Отан соғысы кезінде қаншама «халық жауларының» баласы ең жоғары марапат пен әскери шенге ие болды.

Р.Қошқарбаевты кейін бірнеше мәрте Батыр атағына ұсынғанда: «бір ерлікке екі награда берілмейді, ту тіккені үшін ол 1945 жылы Қызыл Ту орденмен марапатталған», - деген шығарып салды жауаптар да келіп отырған. Бұл да шындыққа сәйкес келмейтін жағдай. Егоров пен Кантария да Жеңіс туын тіккені үшін әуелі 1945 жылдың 19 мамырында Қызыл Ту орденімен марапатталған. Алайда бұл марапат оларға арада жыл өткенде Кеңес Одағының Батыры атағын алуға еш бөгет жасаған жоқ.

Жеңіс туына ұсынылғандардың кандидатураларын жоғары орындар жыл бойы қарайды. Тура бір жыл өткенде – 1946 жылдың 8-мамырында үміткерлер мен олардың командирлері асыға күткен КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығы да шықты. «Берлиндегі рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен КСРО Қарулы Күштерінің офицерлік және сержанттық құрамына Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы» осы жарлық бойынша жау ордасын басып алуға қатысқан үш полктың үш комбаты – Г.Давыдов (674), С.Неустроев (756), К.Самсонов (380) және ту тіккен М.Егоров пен М.Кантарияға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осылайша Жеңіс туының авторы мәселесі біржолата шешіліп, бұдан былайғы жерде ресми билік пен әскери цензура тек осыны ғана басшылыққа алатын болды.

Жоғары орындар кандидатураларды қарауға кіріскен бір жыл ішінде жаңалыққа жаны құмар журналистер жау ордасын талқандап, оған ту тіккен батырлар жайлы жазуға жабыла кірісіп кетті.

Рақымжан жайында алғашқы материалды ол қызмет еткен дивизияның басылымы «Воин Родины» газеті 1945 жылдың 3 мамырында басты. Газеттің 1-бетінде тұтастай Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің Германия астанасы Берлиннің тізе бүгіп, 70 мың неміс офицері мен солдатының тұтқынға түскені туралы әйгілі бұйрығы жарық көрді. Осы газеттің екінші бетіндегі авторы көрсетілмеген «Олар ұрыста көзге түсті» атты материалда: «Кеңес батырлары, халқының таңдаулы перзенттері. Олардың таңғажайып ерліктері жайында әлі талай кітаптар жазылып, әндер шығарылады. Олар гитлеризм ордасына Жеңіс туын тікті. Ержүректер есімін еске сақтайық: лейтенант Рақымжан Қошқарбаев, қызыләскер Григорий Булатов. Олармен тізе қосып шайқасқан даңқты жауынгерлер: Проваторов, Лысенко, Орешко, Пачковский, Бреховецкий, Сорокин», – деп жазылды.

(«Воин Родины» майдандық газетінде  1945 жылдың
3 мамырында жарияланған хабар)

Дәл осы газеттің 5 мамырдағы келесі номерінде белгілі әскери журналист В.Субботин мен Н.Шатиловтың авторлығымен жазылған «Олар Жеңіс туын көтерді» атты мақалада қос батырдың ерлігі таратыла жазылып: «Қошқарбаев Булатовты терезеге шығарып: «Бекіт, Булатов!», – деді. Олар бірлесе рейхстагтың үстіне алқызыл туды тікті», – деп жазды.

Мамыр айының 17-сі күні «Фронтовик» майдан газетінде әскери фототілші В.Гребнев түсірген Рақымжанның фотосуреті «Берлин шабуылының батыры» деген атпен жарық көрді.

КСРО Жазушылар одағының 1948 жылдың желтоқсанында өткен Пленумында әйгілі кеңес жазушысы Борис Горбатов арнайы баяндама жасайды. Ол қазақ әдебиетінің жетістіктеріне егжей-тегжейлі тоқталып: «Шынтуайтқа келгенде, біздің армияның жауынгерлерін бүркіт, қырандармен салыстыруды қоятын уақыт жетті. Менің көз алдымда жолдастарымен бірге рейхстагтың төбесіне Жеңіс туын тіккен қазақ Қошқарбаевпен қандай бүркіт теңесе алады? Мұндай батырларды көрсету үшін бізге айрықша поэтикалық құрал, басқаша образ, өзгеше поэзия керек» – деп қазақ батырының ерлігін үлкен тебіреніспен атап өтеді («Литературная газета», 1948 жылдың 18 желтоқсаны, №101).

Белгілі орыс жазушысы «менің көз алдымда» деген сөзді образды түрде емес, тура мағынасында айтқан. Оның бұл сөзін майдангер журналист Мартын Мержанов өзінің «Ол осылай болған» атты естелігінде растап: «дәл осы сағаттарда Горбатов Гиммлер үйінің жертөлесіндегі бақылау пунктінде отырды», – деп жазады.

Өкінішке орай, Мәскеуде өткен жазушылардың үлкен жиынында атақты орыс жазушысы айтқан сенсациялық жаңалық қазақ қаламгерлері назарынан тыс қалады. Рахымжан да «ол мен едім» деп, көп ешкімге тіс жара қоймаған.

... Соғыстан кейін он жылдан астам түрлі қызметтер атқарып, Алматыға ат басын тіреген Рақымжан 1958 жылы Бауыржан ағасына сәлем беруге келеді. Батыр сол күні-ақ Кәкімжан Қазыбаевқа тапсырма береді. Кәкең қаһарман қолбасшының тапсырмасын тастай етіп орындап, 1958 жылы 20 ақпанда «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақаласын басады. Бұл лезде Рақымжан Қошқарбаевтың есімі бүкіл қазақ қауымына жайылып, ол шын мәніндегі халықтық қаһарманға айналады. Рақымжан осылайша зор атақ-даңқымен туған халқына оралады.

Рақымжанды мәскеулік авторлар кейінгі жылдары да назардан тыс қалдырған жоқ. Ол туралы сонау 1945 жылы «Фронтовик» газетіне көлемді мақала жазған әскери журналист Василий Субботин майдан жазбалары негізінде дүниеге келген «Мың төрт жүз оныншы күн» атты деректі повесінде: «Жеңіс туын рейхстагтың күмбезіне Егоров пен Кантария тікті. Бірақ бұдан басқа да байрақтар мен тулар болды. Мен бір кездері бұл туралы жазсам да, Давыдов батальонынан шыққан қос батыр туралы, олардың туы, оны қалай рейхстагқа тіккені жайлы тағы да айтқым келеді», – дей келіп, Рақымжан мен Григорийдің ерлігін егжей-тегжейлі суреттеп шығады. («Новый мир», 1960, №5, 57-58 беттер).

Алпысыншы жылдары Кеңес Одағының бас газеті саналатын «Правда» Жеңіс туына қатысты ел арасында аңыз бен ақиқатқа толы сан алуан деректер қаптап кеткендігін ескеріп, тарихи фактілерді жан-жақты талдауға негізделген «Как было водружено Знамя Победы» атты мақала жариялайды. Онда рейхстагқа бірінші болып ту тіккендер қатарында Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовтың да есімдері де аталады («Правда», №129, 09.05.1963).

СОКП ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институты Кеңес Одағындағы ең беделді ғылыми-зерттеу орталығы саналатын. Осы институт ғалымдары 1960-65 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты барлық мұрағат құжаттарын мұқият зерттеп, 6-томдық «Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысының тарихы» атты іргелі еңбек шығарады. Соғыстың соңғы кезеңіне арналған 5-томда рейхстагқа ту тіккен батырлар қатарында Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовтардың да есімі аталып, «осыншама көп тулардың тігілуі кеңес әскерлерінің жаппай ерлігінің көрінісі болды», – деп жазады  (М., 1963, 5-том, 285 б.).

Бұл КСРО-дағы ең жоғары партиялық биліктің рейхстагқа ту тіккендерге Батыр атағын бермесе де олардың ерлігін ашық мойындауы еді.

Жылдар алға жылжып, саясатқа да өз өрнегін түсірді. Кеңес Одағы өміріне «жылымық» деген атаумен енген жұмсақтау кезеңнен кейін тарихи оқиғаға тікелей қатысқан адамдардың әскери мемуарлары жариялана бастады. Сондай алғашқы естеліктердің бірін комдив В.М.Шатилов жазды. Оның «Рейхстаг үстіндегі ту»  атты кітабы тек кеңес заманының өзінде мол тиражбен үш рет қатарынан басылды.

Шатилов естелігінде ол түскі екі жарымда рейхстаг колоннасының оң жағынан қызыл тудың жарқ еткенін өз көзімен көргенін, ал Егоров пен Кантарияның туы түнде ілінгенін  жазады. Естелікте алғаш ту тіккен офицер Рақымжан екені айтылмаса да, оның қазақ батыры болғандығын аңғару қиын емес.

Тудың түс кезінде тігілгенін даңқты қолбасшы маршал Жуков та растап шықты. Ол өзінің «Воспоминания  и размышления» атты кітабының алғашқы  басылымында былай деп жазады: «30 сәуір күні сағат 15 шамасында менің командалық пунктіме командарм Кузнецов телефон шалып, – Рейхстагта – Қызыл ту. Ура, жолдас маршал!, деген қуанышты хабар жеткізді» (Воспоминания и размышления, М., 1969, 655-бет).

Ал дәл осы кітаптың 1974 жылы жарық көрген екінші басылымында оқиға: «21 сағат 50 минутта сержант М.А.Егоров пен кіші сержант М.В.Кантария армияның Әскери Кеңесі тапсырған Жеңіс туын рейхстагтың бас күмбезіне тікті. Рейхстагты алуға бағытталған тарихи шабуылды өзі бақылап тұрған 3-Екпінді армияның қолбасшысы В.И.Кузнецов дереу менің командалық пунктіме телефон шалып: «Рейхстагта – Қызыл ту! Ура, жолдас маршал!» – деген қуанышты хабарды жеткізді», – болып өзгертілді. Осылайша «жеңіс маршалы» Жуковтың өзі әуелі өзі 1945 жылдың 30-сәуірінде қол қойған №6 бұйрығында, кейін мемуардың алғашқы басылымында тудың тігілген уақыты дәл көрсетілген деректерден бас тартып, жоғары билік ресми түрде қабылдаған нұсқаны басшылыққа алуға амалсыз мәжбүр болды.

Рейхстагқа ту тігуге қатысқан тағы бір генерал, Кеңес Одағының Батыры И.Ф.Клочков та естелік жазды. Оның «Біз рейхстагқа шабуылдадық» атты кітабында: «Рейхстагқа депутаттар кіретін есік арқылы лейтенант Петр Греченковтың атқыштар ротасы келіп жетті. Лейтенант Р.Қошқарбаев бірінші болып колоннаға қызыл жалау бекітті», – делініп, Рақымжан ерлігі тайға таңба басқандай анық жазылды.

Сексенінші жылдары тағы бір естелікті рейхстагқа алғашқылардың бірі болып кірген комбат,  Кеңес Одағының Батыры Степан Неустроев та жазды. Ол өзінің «Рейхстагқа жол» атты мемуарында Рақымжанды жау ордасынан көргендегі әсері туралы: «менің қарсы алдымнан кең жауырынды, орта бойлы адам шықты. Мен оның лейтенант Қошқарбаев екенін бірден таныдым. Оның ержүрек офицер ретіндегі даңқы бүкіл дивизияны шарлап кеткен болатын», – деп Рақымжанның өз қаруластары арасында ежелден ержүректігімен көзге түскендігіне ерекше назар аударады.

Неустроев өмірінің соңына қарай 1990 жылы «Жылдар белесіндегі рейхстаг туралы» тағы бір естелік жазып, «Октябрь» журналында жариялайды. Мұнда ол өзінің бұрынғы жазбаларындағы, полк командирі Зинченконың, тіпті комдив Шатиловтың кітаптарындағы тудың тігілу тарихына қатысты жаңсақтықтарды аяусыз әшкерелейді.

Капитан Неустроевтің осы естелігінде Зинченко 30 сәуір күні түнгі сағат он екіде рейхстагқа келгенде оған өзінің ғимаратқа тігілген тулар туралы мағлұматты рет-ретімен және кімдердің тіккендігі туралы толық баяндап шыққанын, ал ол 5-ші номерлі тудың қайда екенін сұрағанда, оның әлі штабта, яғни «Гиммлер үйінде» екендігін жазған. Ашу-ызадан жарыла жаздаған Зинченко дереу штабтан туды алдырып, оны тігуге Егоров пен Кантарияны ғимарат төбесіне жібергенін көрсетеді. Ол екеуі 20 минуттан соң қайтып оралып, фонарь жоқтығынан қараңғыда күмбезге шығаратын жолды таба алмағанын баяндаған. Сол кезде әбден күйіп-піскен Зинченко капитан Неустроевқа тапсырманы жедел орындауды қайыра бұйырады. Бұл жолы Егоров пен Кантарияға лейтенант Берест пен Сьяновтың ротасындағы автоматшылар жол ашып, ту тігушілерді шатырға шығарады. Арада жарты сағат өткенде олар қайта оралып, лейтенант Берест тудың мүсінге берік байланып, бекітілгенін баяндайды. 2 мамыр күні таңертең рейхстагқа комдив Шатилов келердің алдында Зинченконың бұйрығымен Егоров пен Кантария туды мүсіннен босатып алып, темір қаңқасы ғана қалған рейхстаг күмбезінің дәл ортасына орнықтырады. Өзімен бірге бар шындықты ала кетпеу үшін болған оқиғаны ешбір бояма-бүкпесіз, қаз қалпында келтірген қарт жауынгердің естелігін ешбір күмән келтірмейтін ақиқатқа негізделген дерек ретінде қабылдауға әбден болады деп білемін.

Жеңіс туының тігілу тарихына қатысты көптеген жаңсақтықтар мен қолдан жасалған кедергілердің орын алуына себепкер болған полковник Зинченко де естелік жазды. Ол «Рейхстаг шабуылының батырлары» атты кітабында: «Рейхстагқа шабуыл басталған кезден лейтенант Р.Қошқарбаев бастаған жауынгерлер тобы батыр да, батыл қимылдап, үнемі ұрыстың алғы шебінде жүрді», – деп атап көрсетсе де, Жеңіс туын тікелей өзінің басшылығымен Егоров пен Кантария тіккенін жазудан танбады.

Жастары егде тарқан кезде «Жеңіс туы» атты естелікті М.Егоров пен М.Кантария да жазды. Обалы нешік, 1975 жылы жарық көрген осы кітапта олар ту тігу үшін шабуылға енді көтерілгенде Рақымжан бастаған кеңес әскерлері орнатқан тулар рейхстагтың әр тұсында жайнап тұрғаны жазылған.

(Қарулас достар – Г.Булатов пен Р.Қошқарбаев)

Ту тіккендер ішінде ең қиын тағдыр Рақымжанның қарулас досы Григорий Булатовқа бұйырды. Әкесі соғыста қаза болған ол бірнеше рет өз еркімен сұрана жүріп, майданға аттанған екен. 1945 жылдың сәуірінде ол 19 жасар балаң жігіт еді. Булатов та Рақымжанмен бірге Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, Қызыл Ту орденімен шектеледі. Соғыстан кейін 1949 жылы әскерден біржолата босап, Киров облысындағы туған қаласы Слободскіге келеді. Шалыс басып, түрмеге түсіп, генерал Шатилов бастаған командирлерінің араласуымен босап шығады. Тентек суға әуестеніп, сырахананы жағалайды. Соғыстағы ерлігін айтып, рейхстагқа ту тіккенін дәлелдеуге тырысады. Жерлестері шындық іздеп шарқ ұрған азаматты түсінудің орнына келемеждеп, «Гриша-Рейхстаг» деп атап кетеді.

Григорий Булатов көзі тірісінде ешқандай естелік жазып қалдырмаған, бірақ Рақымжанның ұқыптылығы арқасында оның қарулас досына жазған өкініш өзегін өртеген хаттары Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатындағы Р.Қошқарбаевтың жеке қорында әлі күнге дейін сақтаулы. Григорий өзінің 1965 жылдың 3 маусымы күні жазған хатында: «Қазір «Красный якорь» фанер зауытында катер моторисі болып жұмыс істеймін. Оқуға мүмкіндік болмады. Баспанам да келісіп тұрған жоқ, бар-жоғы 13 ш. м. шағын бөлме ғана. Ашу-ыза деген шаш-етектен. Бәрі алдамшы болып шықты. Зинченко мен басқа офицерлердің тірі қалып, жететін болсаңдар (рейхстагқа) бәрің де алтын жұлдыз аласыңдар деген сөздері әлі күнге дейін есімде. Біз терезеден ажалға қарсы секіріп түстік қой», – деп жазады (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты. 2364-қор, 1-тізімдеме, 73-іс). Ол арада жыл өткеннен кейін 1966 жылдың 18  наурызында жазған хатында: «Тәуірлеу, бірақ аса жайлы емес пәтер берді. Фанер комбинатында слесарьмын. ... Бізді неге біржолата ұмытты? Ал обозда жүрген Кантария мен Егоровтың аты дүрілдеп тұр», – деп соғыс аяқталғанына 20 жыл уақыт өтсе де арқасына аяздай бататын өкінішін ортаға салады. Ең соңғы хатты 1973 жылдың 11-қаңтары күні жолдапты. Онда: «Менің абақтыдан шыққаныма жарты жылдан астам уақыт өтті. Тірлігім шатқаяқтап тұр, мақтанатын да дәнеңем жоқ. Сүйенетін  де ешкім қалмады... Бізге керек уақытында уәдені аямай-ақ берді. Онда жас едік, біздерді алдау оп-оңай болатын. Бәрінің немен аяқталғанын сен жақсы білесің. Атақ-абыройға орта жолдан қосылғандар әбден қарқ болды. Сондықтан ашу-ызамның тарқайтын түрі көрінбейді. Мен туралы ешкімге өтініш жасамай-ақ қой. Оның еш пайдасы жоқ және бәрінен түңіліп біттім», – деп жазады өмірден әбден қажыған майдангер.

(Григорий Булатовтың Рақымжанға жазған хаттары)

Хаттардың мазмұнына қарап-ақ Рақымжан ақкөңіл, аңғал досын әрдайым жігерлендіріп, ақыл-кеңесін беріп отырғаны, тіпті жергілікті басшылардан оған қамқорлық көрсетуін сұрап өтініш-хаттар жолдағаны да айқын аңғарылады. Бірақ Григорийдің айналасында оның жан-дүниесін түсінер жанашыр адам табылмады. Рақымжанның иығына шығып, жау ордасына алқызыл ту қадаған есіл ер осыншама әділетсіздік пен мазаққа төзбей, 1973 жылы өзіне-өзі қол салады.

...Жеңіс туының бұдан кейінгі тарихына келер болсақ, ол 12 мамыр күні рейхстагтан алынып, дивизия штабына жеткізіледі. Осы кезде маршал Жуковтан оны Жеңіс шеруіне алып шығу үшін Мәскеуге жеткізу жөнінде бұйрық түседі. Ту төңірегінде дау өршіп тұрған кезде дивизия штабындағылар қай әскери құрылым тіккенін көрсету үшін оның дәл ортасына үлкен әріптермен «150 стр. ордена Кутузова ІІ ст. идрицк. див.», – деген сөздерді жазып, корпус штабына жолдайды. Ондағылар да қарап қалмай, бос қалған төменгі жағына «79 С.К., 3УА., 1 Б.Ф.» деген таңбаларды түсіріп, тудың бетін шимайға толтырады. Туды С.Неустроев бастаған топ 1945 жылдың 20 маусымында арнайы ұшақпен Мәскеуге жеткізеді.

Жеңіс шеруінің ең соңғы дайындығында туды комбат Неустроев алып шығып, соңына Сьянов, Егоров, Кантария ерген. Репетиция кезінде бүкіл Кеңес Одағы ақпарат құралдары дабырайта жазған Жеңіс туындағы шым-шытырық жазуларды бірінші рет көрген маршал Жуков «бүкіл кеңес халқы атынан тігілген Жеңіс туының бетіндегі бұл не шимай?» деп ашулануы мүмкін Сталиннен сескенді ме, әлде өзі қорашсынды ма, оны жеңіс шеруіне қатыстырмауға шешім қабылдап, Қарулы Күштердің музейіне өткізуді тапсырады. Жеңіс туы әлі күнге дейін осы мұражайда сақтаулы.

Иә, Жеңіс туының тарихы осындай. Кейбір оқырман «бір тудың тарихын осынша ежіктеудің қажеті бар ма?», – деп күпті көңілмен қарсы сұрақ қоюы да мүмкін. «Бар» дейміз біз мұндай сауалға нық сеніммен. Егер Мемлекет туы тұтас бір елдің рәмізі болса, жауынгерлік ту Қарулы Күштердің нышаны ғана емес, абыройы да саналған. Бұл – ежелгі Египет, ертедегі Римнен бастап, өз аталарымыз – сақ, ғұн, көк түріктерден үзілмей жеткен қасиетті дәстүр. Ұлы түріктердің бөрі басты байрағының даңқы «Бөрілі менің байрағым» деп жыр толғаған кешегі Сүйінбай заманына дейін еркін жеткен.

Ұлы Отан соғысы жер жаһанның алты құрлық, төрт мұхитында жүргізіліп, әлемнің сол кездегі 73 мемлекетінің 61-і қатысқан екінші дүниежүзілік соғыстың тағдырын шешкен майдан болғандығы күмәнсіз. Ендеше, 60 миллионнан астам адамның тағдырын жалмаған соғыс өртін тұтатқан жау ордасына Жеңіс туын тігу айрықша мәні бар тарихи оқиға ретінде бағалануға тиіс. Ол туды көк семсердің жүзіндей жарқылдаған жас қазақтың тігуі ғасырлардан үзілмей жеткен қазақ қаһармандығына қойылған ерліктің мәңгі өлмес ескерткіші деп білемін.

Алпысыншы, жетпісінші жылдары Қазақ елінде Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсеновтей үш батырдың даңқы аспандап тұрды. Тіпті ресми билік қасарысып Батыр атағын бермеген сайын олардың беделі бұрынғыдан да биіктей түсті. Сол тұста елдің бас көтерер зиялы азаматтары тағы бір серпіліп, биліктен олардың ерліктері өз биігінде бағалануын сұрайды. Бұл туралы күні кеше дүниеден өткен майдангер-жазушы Әзілхан Нұршайықовтың естелігінде егжей-тегжейлі жазылды.

Рақымжан Қошқарбаев туралы жоғары жаққа жолданған ұсыныстардың тағы бір легі ол 60-қа толған 1984 жылы ұйымдастырылды. Мәскеу билігі бұл жолы да үнсіз қалды.

(«Мен тағдырыма өте риза адаммын...», 1985 жыл)

Келесі жылы ағамыздың суретімен қоса өмірбаяны жарияланған «Қазақ ССР» қысқаша энциклопедиясы 1-ші томының орысша нұсқасы жарық көріп, батырдың мерейі тағы бір көтеріліп қалды. Осы кезде әскери цензураның қитұрқысын бізге де көруге тура келді.

Қошқарбаев туралы бір парақтан аспайтын шағын ғана есімнамалық мақаланы әскери цензура қып-қызыл шимаймен кері қайтарды. Қазақ кеңес энциклопедиясының аға ғылыми редакторы әрі мақаланың авторы ретінде мен Орта Азия әскери округының басылымы «Боевое знамя» газетінің редакциясы ғимаратында орналасқан әскери цензураның кеңсесіне келдім. Қабағынан қар жауып, «оқтау жұтқан» майор қабылдады.

– Мақалаға еш қарсылығым жоқ, бірақ бізде Жеңіс туы – біреу, – деп сұқ саусағын көтерді, – ал қалғаны жалаушалар ғана. – Жеңіс туын тіккен батырлар – екеу, – бұл жолы оның екі саусағы да шошаң етті. – Оның бәрі мұнда анық көрсетілген, – алдындағы кере қарыс кітапты тесіп жіберердей нұқып көрсетті. – Осы қателік түзетілсе, ертең-ақ  қол қойып беруге әзірмін.

Мен де қарап қалмай, мақала кейіпкерінің елге белгілі азамат екендігін, ал ту тігудің тарихы Р.Қошқарбаевтың орыс тілінде жақында жарық көрген кітабында баяндалғанын айта бастадым.

– Білемін. Айтып отырғаныңыз мына кітап қой, – деп суырмасынан Рақымжан ағаның «Шабуыл» кітабын алып шықты, – Оқығанбыз. Оны басуға рұқсатты кезінде біз бергенбіз. Мұнда бәрі дұрыс жазылған, – деді ту тігу хикаясы баяндалатын тараудың «штурмовой флаг» деген тіркесі бар жерлерін масаттана оқып, – Дәл осылай жазсаңыз – қазір-ақ рұқсат беремін, –  деп әңгіменің аяқталғанынан хабар беріп, орнынан зілдене тұрды.

Қанымыз басқа шапшып, бас редакторымыз, академик Манаш Қозыбаевқа келдік.

– Қайтесің соларды. Айтқандай істей сал. Бізге мақаланың тезірек орысша шыққаны керек, – деп ол мені сабама түсірді.

Ертеңінде әскери цензураның талаптарын түгел орындап, «басуға рұқсат» деген белгіні де алдық-ау, әйтеуір.

Орысша том жарық көргеннен кейін ағамызды құттықтай келіп, осынша әділетсіздіктерді өзінің қалай қабылдайтыны туралы жыл бойы мазалаған сұрағымызды жайлап қана қойғанбыз.

– Айналайын, мен анамды еміс-еміс қана біліп өстім. Балалар үйінде тәрбиелендім. «Халық жауының» баласы ретінде қағажу да көрдім. Партияға өттім. Берлинді алып, рейхстагқа ту тігуге қатыстым. Мұны қарулас достарымның бәрі көрді және ешқайсысы шындықты аттап өткен емес. Солардың бәріне алғысым шексіз. Жалпы, мен тағдырыма өте риза адаммын. Ал батыр атағына келсек, ол бармақ басындай металл ғана емес пе? Шабуылдаушы топта бірге болған досым Иван Никифорович Лысенко: «Жолдас командир, менің тағып жүргенім болмаса, бұл сіздің жұлдызыңыз. Қазір шешіп беруге әзірмін», – дейді ылғи кездескен сайын. Ал мұндай жігіттерге қалай риза болмайсың!» – деген еді жадырай күліп.

Рақымжан аға «жайнаған туы жығылмай» өтті өмірден.  Батыр дүниеден озған соң еліміз тәуелсіздік алды. Қазақтың өшкені жанып, өлгені тірілді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихи шындықты қалпына келтіріп, өзінің 1999 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағын берді. Оның сипаттамасында ұзақ жылдар бойы орын алып келген батыр ерлігіне деген әділетсіздік тас-талқан етіліп, «жеңіс туын тіккен» деген жігерлі сөздер жазылды.

Автордан:

Осы материалды жазу барысында мұрағат материалдарын алуға көмек көрсеткен «Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві» федералды мемлекеттік мекемесінің бастығы И.А.Пермяковке, 1-ші бөлімінің бастығы А.Тихоновқа, мұрағатшы В.Оленичке алғысымды білдіремін.

 «Егемен Қазақстан» – 9-10 қазан 2014 жыл.

Түйін. Жақында қос батырдың жау жүрегіне Жеңіс туын қадағанына 76 жыл толды. Мәскеу осыншама жыл бойына мұны жасағандар Егоров пен Кантария деуден танбай-ақ келді. Ерлік те алмас қанжар сияқты қын түбінде жатпайды екен. Биыл тұп-тура 30-сәуір күні Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында «1945 жылдың 30-сәуірінде Рейхстагқа шабуыл басталды. Оның қасбетіне алғашқы Қызыл туды 150-атқыштар дивизиясы 674-атқыштар полкінің жауынгерлері Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов орнықтырды. Бұл азат етуші ерлер Рейхстагқа тіккен бірінші ту еді» деген хабар жарқ ете қалды. Иә, бұл ерен ерліктің арада 76 жыл өткенде ресми түрде мойындалуы еді. Еліміздің, Еріміздің, Ерлігіміздің мерейі әрдайым үстем болсын, ағайын!

Мұхтар Құл-Мұхаммед 

Abai.kz

 

45 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1444
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5199