Конституция түзелмей - ел түзелмейді, тіл тірілмейді!
Конституция - мемлекетіміздің Ата заңы болғандықтан оның әр сөзі сараланған салмақты, сын елегінен өткен саф алтын болуы керек. Ондағы әрбір термин елдің ұстанған бағыт бағдары мен құндылықтарын анық айқындап тұруы қажет. Сол үшін онда қолданылған ұғымдар құлаққа жағымды естілуі ғана емес, қазіргі ғылым тілімен, халықаралық тәжірибемен және жаңа технологиялық дәуірдің шындығымен толық үйлесуі шарт.
Осы тұрғыдан алғанда, жобадағы «адам капиталы» деген тіркес те, оның ашықтайтын мазмұны да қазіргі заман талабына жауап бере алмайды. Ғылыми‑экономикалық әдебиетте де, халықаралық ұйымдардың ресми құжаттарында да орныққан негізгі ұғым – «адами капитал». Бұл жерде әңгіме адамның өзі туралы емес, адамның бойында жинақталатын білім, дағды, денсаулық, мінез, құндылық, мәдени код сияқты қасиеттердің капитал ретінде қарастырылуы турасында. «Адами капитал» - адамға тән, адамға қатысты, адамның бойындағы әлеуетті білдіретін ұғым.
Ал «адам капиталы» деп жазғанда, грамматикалық деңгейде «капиталдың түрі - адам» деген мағына туып, адамның өзін заттандырып, капиталдың объектісі ретінде көрсеткендей әсер қалдырады. Бұл - жай стилистикалық ағаттық емес, адамның қадір‑қасиетіне тікелей қатысты дүниетанымдық тұрғыдан даулы тұс. Мемлекеттік деңгейдегі ең жоғарғы мәтінде адамды капиталдың бір түрі етіп көрсету - оны құралға, ресурсқа айналдыру қаупін күшейтеді. Ал «адами капитал» ұғымы, керісінше, адамды өз тұлғалық тұғырына шығарып: «капитал – оның білімінде, денсаулығында, мінезі мен құндылығында, яғни оның адамдығында» деген қағидатты бекітеді.
Мәселе тек терминде ғана емес, оның мазмұнында да болып тұр. Ұзақ уақыт бойы адами капитал туралы түсінік тым тар болып келді. Ол көбіне «білім, білік, дағды, денсаулық» деген төрттағанмен шектеліп, адамды экономиканың тетігі, өндірістің «майланған шығыры» ретінде ғана сипатталып келді. Кімің білімі мен кәсіби дағдылары көп болса, соның адами капиталы жоғары, соның еңбегі өнімдірек, соның жалақысы артық деген қарапайым формула үстем болды. Адам - ең алдымен еңбек ресурсы, ал адами капитал - сол ресурстың сапасын өлшейтін құрал деп есептелді.
Бүгінгі таңда бұл формула өзінің маңыздылығын жойып, заманауи сын-қатерлер алдында дәрменсіздігін көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда жасанды интеллект (ЖИ) есеп шығарып, мәтін жазып, код түзеп, тіпті көптеген кәсіби міндеттерді адамнан жылдам әрі дәл орындай алатын заманда «адамның құндылығы неде?» деген сұрақ өткір қойылуда. Егер адами капиталды тек ақпаратты өңдеу, алгоритмді орындау, стандартты тапсырмаларды шешу қабілеті ретінде танысақ, онда ЖИ‑дың көлеңкесінде адамның артықшылығы да, құндылығы да қалмайды. Сондықтан да қазіргі интеллектуалдық, саяси, экономикалық дискурс адамды машиналар ешқашан толық қайталай алмайтын қырларымен бірге қарастыруға көшті.
Мысалы, бұрын Дүниежүзілік банк адами капиталды «адамдардың өмір бойы жинақтайтын білім, дағды және денсаулық қоры, ол олардың қоғамның өнімді мүшесі болуына мүмкіндік береді» деген мазмұнда сипаттап келді. Мұнда басты өлшем - адамның экономикалық өнімділігі, яғни «қаншалықты білімді, қаншалықты сау, соншалықты тиімді жұмыс күші» деген логика болды.
Ал қазір сол ұйымдардың өздері бұрынғы аясы тар формулаға жаңа қабаттар мен құндылықтар қосып жатыр. Сол Дүниежүзілік банк өз түсіндірмелерінде адами капиталға инвестицияны «тек экономикалық өсім үшін емес, кедейлікті азайту, тең мүмкіндіктер жасау және неғұрлым инклюзивті, әділетті қоғам құрудың шарты» ретінде сипаттайды. Ол үшін дұрыс тамақтану, денсаулық пен біліммен бірге лайықты еңбек пен әлеуметтік қорғау да қамтамасыз етілуі тиіс деп көрсетеді. Адам енді жай ғана жұмыс күші емес, әлеуметтік қорғалған, құқығы сақталған, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қарастырылады.
Экономикалық Ынтымақстастық және Даму Ұйымдары өз риторикасын былай кеңейтті: бұрын адами капиталды тек «экономикалық қызметке қатысу үшін қажет» білім мен дағды арқылы түсіндірсе, кейінгі құжаттарда «адамның бойындағы білім, дағды және денсаулық оның жеке және әлеуметтік әл‑ауқатына, денсаулығына, азаматтық белсенділігіне, қоғамдағы сенім мен байланыстарға, жалпы өмір сапасына әсер ететін факторлар» ретінде көрсетіледі. Демек, адами капитал енді тек Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) мен еңбек өнімділігінің көзі емес, адамның бақытына, қоғамдағы бірлік пен сенімге, демократиялық белсенділікке ықпал ететін кең ауқымды әлеует ретінде мойындалуда.
Ғылыми ортада да дәл осы бетбұрыс жүріп жатыр. Нобель сыйлығының лауреаты Джеймс Хекман және басқа да атақты экономистер ондаған жылдар бойы жүргізген зерттеулерінде адамның өмірдегі табысы мен мүмкіндіктерін түсіндіруде IQ мен дипломнан гөрі мінез, табандылық, өзін‑өзі реттеу, жауапкершілік, сенімділік, өзгені сыйлау, адамның өз жеке бақыты сияқты қасиеттердің рөлі орасан зор екенін дәлелдеді. Олардың түйінді ойы - адами капитал дегеніміз тек когнитивті тірнек дағдылар (hard skills) емес, сонымен қатар эмоционалды көрнек дағдылар (soft skills), адамның ішкі рухани қуаты, моральдық бағыты, құндылықтары, өмірлік ұстанымы мен мәдени кодының да жиынтығы. Бұл қасиеттер көбіне отбасыда, дәстүрде, қоғамның жазылмаған ережелерінде, әлеуметтік орталарда, өнер мен әдебиетте қалыптасады.
Сонымен, тарихи тұрғыдан қарағанда, бұрынғы түсінік бойынша адами капиталдың өзегі «білім + денсаулық + дағды» болса, қазіргі түсінік оны «білім + денсаулық + дағды + құндылық + мінез + мәдениет + рухани әлеует» деңгейіне дейін кеңейтті. Ал ЖИ дәуірінде дәл осы шешуші қабаттар адамның ең басты бәсекелік артықшылығы екені айқындалып келеді. Таза техникалық дағдыны машина қайталай алады, ал құндылыққа сүйенген шешім, ар‑ұжданға негізделген таңдау, мәдениетке сүйенген жауапкершілік - машинаның емес, адамдық қасиеттері мықты тұлғаның қолынан ғана келеді.
Осы шындықтың бәрін ескере отырып, Конституциядағы адами капиталға қатысты бапты сол күйі қалдыру - болашақтың талабын елемеумен пара пар. Терминді де, мазмұнды да түземей, біз еліміздің негізгі заңында адамды әлі де «еңбек ресурсы» ретінде сипаттауды жалғастыра береміз. Ал жаңа дәуірде Қазақстанға «еңбек күші» ғана емес, адами капиталы бай - құндылығы айқын, мәдени тамыры терең, жауапкершілігі жоғары, ЖИ‑ды адамзат игілігіне бағыттай алатын тұлғалар қажет.
Сондықтан Конституцияға мынадай принциптік өзгеріс енгізу тарихи қажеттілік деп санаймын:
- біріншіден, «адам капиталы» тіркесін «адами капитал» ұғымымен алмастыру;
- екіншіден, тиісті баптың мәтінінде адами капиталды тек «білім, ғылым, инновация» жиынтығы ретінде емес, адамның рухани, мәдени, моральдық және азаматтық әлеуетін де қамтитын ұлттық байлықтың негізгі тұғыры ретінде бекіту;
- үшіншіден, ЖИ дәуірінде адами капиталды дамыту адамның машиналармен бәсекелесуін емес, ЖИ мен технологияны адамзаттың игілігіне, әділет пен тұрақты дамуға бағыттай алатын тұлға қалыптастыруға бағытталатынын айқын көрсету.
Басқаша айтқанда, Конституциядағы бір ғана «адами капитал» бабының түзетілуі - терминді дұрыс жазу ғана емес, Қазақстанның болашақтағы рухани‑экономикалық бағдарын қайта айқындау қадамы. Адамның тұлғалық тұғырын дұрыс айқындай алсақ қана жаңа Конституция қағаз жүзіндегі құжат емес, адамдығы мықты, құндылығы анық, мәдениеті терең қоғамның кепілі болатын Ата заңға айналады.
Жаңа Конституция жобасының тағы бір үлкен келеңсіздік туғызып тұрған тұсы - тіл туралы 9-баптың мазмұны. Қазақ қоғамының тілге қатысты екіге жіктелуі - тіл феноменінің көпқабатты, құрылымдық тұрғыдан күрделі әрі рухани-мәдени тереңдігі бар жүйе екенін аңғартады. Шындығында тіл - ұлттың рухани-мәдени кодының ең тұрақты қабаты: онда дүниетаным, құндылық, тарихи жады мен әлеуметтік тәжірибе сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Сол себепті де Конституциядағы қазақ тілінің тұғырын биіктеткісі келіп, 9-баптың 2-тармағын алып тастауды талап етіп жүрген ұлт жанашырлары тілді өздерінің ажырамас ұлттық идентификаторы тұрғысында қабылдап, оны жан-тәнімен құндылық ретінде сезінеді.
Ал енді орыс тілін мемлекеттік мекемелердегі қолданыста қазақ тіліне теңестіруді көздеген көпшілік қауым болса тілге қарым-қатынас құралы ретінде қарап, өздерінің дүнияуи қажеттіліктерін қанағаттандыруды іске асыруда. Тарихи тұрғыдан алғанда олардың жағдайын түсінуге болады. Осы уақытқа дейін солақай саясаттың салдарынан қазақ тіліне деген сұраныс болмады. Нәтижесінде ұлты қазақ бола тұра тілін білмейтін екі-үш ұрпақ келіп үлгерді дүниеге. Рухани тамырынан ажыраған өз ұлтыңның ұрпақтары қажет қылмаған қазақ тілін өзге этнос өкілдері қалай қажет қылсын?
Алайда, қазақ тілін құрмет тұтып, қазақша таза сөйлейтін өзге этнос өкілдері де мемлекетіміздің әр аймақтарында жетерлік. Олардың өзге адамдардан еш айырмашылығы жоқ, тек бір ғана ерекше қасиеттері бар. Ол - рухани таным тереңдігі. Олар қазақ тіліне қарым-қатынас құралы деп қана қарамайды. Олар қазақ тілінің рухани құндылығын танығандықтан қазақ ұлтына құрметпен қарайды.
Қарым-қатынас құралы ретінде қазақ тілі тек қазақы ортада ғана қажеттілікке ие болады. Ал енді өзге этнос өкілдері мен халықаралық орталарда қазақ тілі өзге тілдермен бәсекелесе алмайды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін оның рухани құндылығына деген табиғи сұраныс тудыруы қажет. Ал ол сұраныс тек қана қазақ тілінің рухани әлеуеті ашылғанда ғана туады. Табиғи емес, мәжбүрліктен тудырған сұраныс көпке ұзамайды, баянды болмайды. Мәжбүрлікті Ата заң түгілі нормативтік актілердің барлығына күштеп кіргізіп қойсаң да қазақ тілі тірілмейді.
Мысалы Димаш Құдайбергеннің дауысының құдіреттілігіне, әнінің сиқырлы әуезділігіне деген сұраныс әлемнің түпкір-түпкіріндегі өзге ұлттардың еркісіз, шын ықыластарымен қазақ тілін үйренулеріне түрткі болып жатқанын көзіміз көріп жатыр. Сол сияқты қазақ тілінің рухани әлеуетін өзге ұлттар емес, алдымен өзіміз аша алсақ, қазақстандықтар түгілі бүкіл әлем жұртшылығы еркісіз қазақша үйренуді мақсат қылады.
Қазақ тілінің құдіреті өзге тілдерде жоқ рухани әлеуетінің шексіз терең тұңғиық екендігінде. Ән әлеміндегі Димаштың дауыс диапазонының кеңдігіндей, қазақ тілінің де рухани тереңдігі шексіз, телегей теңіз. Тіл ғылымдарының докторы, абайтанышы абыз Мекемтас Мырзахметұлы атап өткендей, бұл - мыңжылдықтар бойы қазақ даласының өркениеттік өзегін құраған әлемде теңдесі жоқ тұтас рухани ілімдер жүйесі. Оны кеш қолға алдық, енді ғана дамытып жатырмыз.
Қазақ тіліндегі осы мұра Қазақстанның стратегиялық артықшылығына айнала алады. Себебі ЖИ-дің дамуы рухани құндылыққа деген сұраныстың табиғи түрде тууына жағдай жасап жатыр және ол өте қауырт іске асуда.
Ендеше мәселенің түйіні бір-ақ нәрсеге келіп тіреледі: өркениетті ел болу - ұранмен емес, мықты Конституциямен өлшенеді. Егер Конституцияда адами капитал тек “білім–ғылым–инновация” деңгейінде емес, адамның рухани, мәдени, моральдық және азаматтық әлеуетін қамтитын ұлттық байлық ретінде нақты бекітіліп, оның өмірде орындалуын қамтамасыз ететін тетіктері айқындалса, Қазақстанның даму бағдары да берік негізге түседі.
Ал адами капиталдың ең терең өзегі - мәдени код, оның дариясы - қазақ тілі. Тілді тек қатынас құралы ретінде қалдырмай, оның рухани әлеуетін ашуға жағдай жасалғанда ғана табиғи сұраныс пайда болады: мәжбүрлеумен тіл тірілмейді. Сондықтан адами капиталға қатысты баптар дұрыс айқындалып, олардың нақты жүзеге асуы қорғалатын Конституция орнықса, қазақ тілі де тіріліп, рухани гүлдейді, ұлтымыз да өркендеп өседі. Өркениетті елдер қатарына ену дегеніміз - адамдық тұғыры биік қоғамды Ата заң деңгейінде бекітіп, соны өмірде бұлжытпай іске асыру.
Ерұлан Әсентайұлы
Abai.kz