Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 1316 0 пікір 15 Сәуір, 2021 сағат 11:41

Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғау қалай жүруде?

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тәуелсіздігіміздің 30-жылдығына арнап арнайы ауқымды мақала жазды. Мақала "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" деп аталады. Онда ел басшысы ұлттық мүддені қорғауға қатысты өз ойын айтып, тарихи және әдеби мәселелер бойынша кеңінен тоқталып, сараптама жасады. Мақалады ел басшысы былай деген еді: "Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді". Осы сөзі арқылы президентіміз ел мүддесін келіссөздер арқылы, диалогтар негізінде, қажет болса ұрыс алаңында да қорғауға дайын екенін айқындап тұр.

Қазақстан мүддесін қалай қорғап келеді? Біздің мүдделерімізді қорғаудың қандай жолдары бар? 1991 жылдан бастап Қазақстан мүддесін қорғау жолда қандай әрекеттерге барды?

1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Ендігі таңда оның ұлттық және мемлекетік мүддесін өзі қорғауы тиіс еді. КСРО жойылып, әлем картасында жаңа 15 тәуелсіз ел пайда болды. Қазақстан ұлттық және мемлекеттік мүддесін біржолата шегендеу мақсатында 1992 жылы 7-мамырда қарулы күштерді қайта жасақтап, қорғаныс саласын мығымдап алды. Халықаралық саясатта бұл маңызды фактор. Қаруы жоқ адам мен қарулы адамның диалог жүргізуі тең дәрежеде өтпейтініндей, қарулы күштері әлсіз елдермен де санасу айтарлықтай деңгейде болмайды. Сондықтан біз ең алдымен қорғаныс саласына көңіл бөлдік. Дәл сол уақытта Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Ол 1992 жылдың 2-наурызына тап келді. Бұл дегеніміз әлемдік қауымдастық бізді азат ел, жаңа мемлекет ретінде толыққанды мойындап, бізбен санасатынын білдірді дегенді айқындайды.
Мемлекеттік мүддені тек қана өз ішімізде емес, сыртымызда да қорғауға тиіс еді. Себебі шекара тек қана шекара бағандары сызылған жерде қорғалмайды. 1992-1997 жылдары Тәжікстанда азамат соғысы бұрқ ете қалды. Қазақстан оған араласуы тиіс еді. Неге? Себебі Тәжікстандағы отты сөндірмесе онда ол жалын тұтас Орталық Азияға тарап, артынша бізді де өз отына күйдірер еді. Одан бөлек Тәжікстандағы есірткі және қару-жарақ тасымалы, адам саудасы және лаңкестік әрекеттер тұтас біз тұратын аймаққа тарап кету қаупі артты. Оның алдын-алу мақсатында Қазақстан Душанбеге қол ұшын созып, әскери мамандарымыз бен сарбаздарымызды бітімгерлік миссиясына жібердік. 2000-жылға дейін біздің 10500 сарбазымыз аталмыш елде өз миссиясын атқарды. Олар елімізге өтуі мүмкін есірткі тасымалын тоқтатып, бейбіт тұрғындарды қорғады, тіпті ұрыс қимылдарына да қатысты. Соғыста 54 қазақстандық оққа ұшып, ерлікпен қаза тапты. Қазақстан осылайша алғаш рет сырт негізде өзінің мемлекеттік мүддесін айқын негізде қорғап алды.

2000-жылдардан бастап біз халықаралық ұйымдарға төрағалық етуге қатыса бастадық. Оған дейін қатысуға біздің экономикалық және саяси мүмкіндіктеріміз жетпеді. 1992 жылы біз ЕҚЫҰ ұйымына мүше болдық. Артынша осы ұйымға 18 жыл араға уақыт салып, төрағалық етті. 2010 жылы Астана қаласында араға 11 жыл салып ұйымның тоқтап қалған саммитін қайта жалғастырдық. Оған әлемнің 50-ден астам мемлекеттері келіп, арнайы декларация қабылданды. Бұл ұйымға төрағалық ету де мемлекеттік мүддені қорғау, себебі Еуропа елдерімен, өркениетті қауымдастықпен жаңа шарттар негізінде жұмыс істеуімізге мүмкіндіктер туды. Инвестициялар тартыла бастады.

Қазақстан Ресеймен арадағы бірнеше келісімдерге келді. Мысалы ЕҚШҰ (ОДКБ) ұйымына мүшеміз. Ұйымның мақсаты қорғаныс саласындағы бірлескен әрекеттерді жүргізу болып табылады. Ұйым біреуге басып кіруді көздемейді, тек сырттан шабуыл болса онда бірлесе қорғаныс жүргізуді мақсат етеді. Дегенмен ұйымға мүше болып қана қоймай, Қазақстан өзінің қорғаныс саласын қарқынды түрде дамытып жатыр. НАТО елдерімен бірлесе жаттығу өткізіп, «Бейбітшілік үшін» миссиясына да қатысуда. Сонымен қатар АҚШ-пен «Дала қыраны» жаттығуын ұдайы негізде жүргізіп келеді. НАТО-ға мүше, түбіміз бір түркі халқының бір елі Түркиямен қорғаныс саласында жаңа келісімдер жасап жатырмыз. Анкара мен Нұр-Сұлтан арасында бірлесе жаттығу өткізу, тәжірибе алмасу, арнайы жасақтарды дайындау, сарбаздарды оқыту, ұшқышсыз ұшатын қондырғыларды басқару бойынша келісімдер жасалды. Осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Бұл да мемлекеттік мүддені қорғау. Қазақстан бітімгерлік күштері Иракта қызмет атқарды. 4 млннан астам минаны залалсыздандырды, сол арқылы млндардың өмірін сақтап қалды. Олда біздің саперлар үшін тәжірибе, демек ертеңгі еліміздің қорғаныс саласына қосылған тағы бір ұпай. Ливан мен Сахарада, Суданда жүзге тарта бітімгерлік миссиясымен сарбаздарымыз қызмет етуде. Оның барлығы да үлкен тәжірибе, халықаралық қауымдастық алдындағы имидждің өсуі.
2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстан Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения осы одақта. Одақтың мақсаты экономикалық бағытты дамытып, жаңа серіктестер санын арттыру, сауда айналымын көтеру. Біз бұл одақта да өз мүддемізді айқын қорғап келеміз. Оның экономикалық одақ сипатынан саяси одаққа ауысып кетпеуі үшін барымызды салудамыз. Мысалы біз Мәскеу тарапынан түскен ортақ валюта жасау ұсынысын бірнеше мәрте кері қайтардық. Ортақ валюта дегеніміз отарлық деген сөз. Біз оған көнбейміз. Ортақ парламент, ортақ білім кеңістігі дегенге де айқын қарсылық көрсетіліп келеді. Себебі ол экономикалық одақтың сипатына жатпайды. Саясатта баланс ұстау маңызды. Сондықтан ШЫҰ атты ұйымның құрылуына мүдделі болдық. Ресеймен бір жақтылық басым болмау үшін бізге әр түрлі елдермен тең қатынас ұстап, балансты түзген дұрыс. Сондықтан Қытаймен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасын іске асырып жатырмыз. Қытай инвесторлары елімізде инвестиция құйып жатыр, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар салынуда. Бұның барлығы да көпвекторлықты ұстап тұру үшін қажет.
Қазақстанға соңғы бір жылда көптеген аумақтық тұтастығымызға күмән келтіретін сөздер айтылды. Мысалы былтыр Путин: «Кеңес Одағы құрылған кезде, одақтан шығу құқығы жайлы жазылды, алайда шығу үрдісі жазылмағандықтан үлкен сұрақ туындайды: Егер қандай да бір ел Кеңес Одағына кірген соң өзіне ресейдің тарихи жерінен үлкен аумағын алса, артынша Одақтан шыққысы келсе, онда қандай жермен кірді, сондай жермен шықсын. Орыс халқының сыйлығын өзімен бірге ала кетті. Оның бірде біреуі жазылмады ғой. Мен біздің Конституцияға өзгеріс енгізіп жатқанымызды дұрыс санаймын», деді. Бұл сөзі әрине посткеңестік елдердің кері реакциясын туындатты. Кейін Ресейдің бірнеше депутаты мен саясаткерлері шабуылдар жасауды үдетті. Ресей саясаткері Никонов: «Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстанда бұрын мүлде халық қоныстанбаған еді. Олар болған, бірақ оңтүстікке жақын. Шын мәнінде, Қазақстан территориясы - Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы» десе, Ресей депутаты Федоров:«Қазақстан астанамыз Орынбор болған дейді. Шындығында Орынбор да, Қызылорда, Алматы да, Қазақстан да Ресейдің бір субъектісі болды. Қазақ халқы болған емес. Халық деген ең жоғары статуста құрылады, әлемдік соғыс негізінде. Қазақстан деген болған жоқ. 1922 жылғы негізге қарасақ оның тіпті 1 ммде жері жоқ. Қазақстан заңсыз және уақытша мойындалған деп пайымдаймын. КСРО тарады деген нақты бірде бір құжат жоқ» деп тарихи фактілерді бұрмалай, біздің тұтастығымызға шабуыл жасады. Олар бұл риторикамен тоқтап қалмай, ары кетті. Ресей президентінің көмекшісі Мединский: «қалайша Ресейдің жері Украина, Қазақстан тіпті Белоруссияның құрамында кеткен» деп екіұдай ой туындатты. Атышулы Жириновский Қазақстан жайлы тіпті ауыр сөздер айтты. «Қазақстандағы Павлодар қаласында 30 көшенің атын ауыстырмақ. Орысша атауларды қазақшаға өзгертпек екен. Сендер өздеріңнің қазақ қалаларын салып алыңдар да, сонда қазақша көшелерді атай беріңдер, өзгенікіне тимеңдер. Петр тұсында ол жерде Коряков форпосты болған, тұз шығарушыларды қорғайтын. Ол жерде ешқандай мемлекет болған жоқ, қу дала, кей жерде көшпенділер жүрді. 300 жыл бұрын қайда болдыңдар Қазақстан? Сендер болған жоқсыңдар. Жоңғар тайпалары болды, бірақ Жоңғар мемлекеті болған жоқ. Қазір барлығының атауын өзгертіп жатыр, ауыстырып жатыр. Барлығы ұмытылып, қазақтарға қалады деп ойлайды. Ешкім ештеңені ұмытпайды. Орыс әлемі мен кеңістігі шекарасын қалпына келтіреді. Тәртіп орнатады», -деп аузына келгенін айтып, екі ел арасындағы қатынасқа сына қақты. Әрине бұл біздің еліміздің сыни пікірін, қарсы реакциясын тудырды.

Министрлер, елшілер мен саясаткерлер ресми жауап қатты. Ресей елшісін шақыртып, арнайы нота табысталды. Алайда жауаптың үлкені президентіміз Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы «Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» атты сөзінен көрініс тапты. Бұл ұлттық мүдде жолында тіл кесіліп, бас шабылса да қорғап қаламыз дегені. Қазақстан осы уақытқа дейін барлық араздықты, түсініспеушілікті тек қана келіссөздер арқылы реттеп келеді. Біздің ұстаным солай. Болашақта да осы амалды жасай береміз. Дегенмен біз керек уақытта қорғанысымызды қарумен көрсетуге де дайынбыз. Мемлекет басшысы оны үнемі айтып келеді. Әр кезең сайын әскерилермен кездесіп, арнайы жиындар, жаттығулар өтуде. Қазақстан әскерінің қауқары ұлттық және мемлекеттік мүддені қорғауға толық жетеді. Әр түрлі ашық ақпарат көздеріне сәйкес, 74 мыңнан 80 мыңға дейін адам Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет етеді. Егер оларға Ұлттық гвардия бөлімдерін және басқа ішкі құрамаларды, мысалы, Ішкі істер министрлігінің құрылымдарын қосатын болсақ, онда жалпы халық саны 18,5 миллионнан сәл асатын елімізде 120 мың әскер бар деген сөз. Қазақстанның қарулы күштері аймақтағы көрші мемлекеттердің армияларынан жоғары, сондықтан бұл әскери авиация мен әуе және зымыраннан қорғаныс күштерін дамытуда. Тек Қазақстан Республикасында төртінші буынының көп мақсатты ресейлік истребительдерінің 24 бірлігі бар. Су-30SM, 25 МиГ-31 ұшақтары, Беларуссияда жаңартылған 12 МиГ-29 истребительдері, Қытайда жасалған 4 Wing Loong шабуылдаушы дрондары және Bell UH-1 американдық 6 тікұшағы еліміздің әуе кеңістігінің тыныштығын күзетуде. Қазақстан өз аспанын С-300 зениттік-зымырандық кешендерінің 25 дивизиясымен қорғайды, жақын болашақта кем дегенде 30 С-400 «Триумф» жүйесін орнатуға, сондай-ақ 100 бірліктен астам Панцирь С-1 зениттік зымыранын сатып алуға дайын екені айтылып жүр. Мемлекетіміздегі техникалар жыл сайын модернизациядан өтіп тұрады. Теңіз күштері мен құрлық әскери бөлімшелерінің мүмкіндігі жоғары. Орталық Азия бойынша Қазақстан қарулы күштерге ең көп қаржы жұмсайтын мемлекет. Еліміз жыл сайын қорғаныс саласына 4 млрд долларға дейін қаржы жұмсап келеді. Бұл біреуге сес көрсету үшін жасалып жатқан шара емес, қорғаныс үшін қажет шаралар. Қазақ өз мүддесін аспен де, таспен де қорғауға дайын. Қазыбек би бабамызша айтсақ:
“Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз.
Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.
Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге — танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.
Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!”

Abai.kz

 

0 пікір