Мұрат ӘБЕНОВ: БІЗ ҮШІН НАҒЫЗ ҚАЖЕТ ҚҰРАЛ – ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ
Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Өткен аптада Көлік және коммуникация министрлігі тосын мінез танытып, мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік желіде отыруына тосқауыл қоямыз дегенде, кейбір шенеуніктер үрпиісіп қалған еді. Фейсбук, Твиттер секілді әлеуметтік желіні тиімділігін үнемі айтатын депутат Мұрат Әбенов бұған өзінің үзілді-кесілді қарсы екенін әу баста айтқан болатын.
- Жалпы, мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтік желіні пайдалануды шектеуге апаратындай ғаламтордың кері әсері көбейді деуге негіз бар ма?
Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Өткен аптада Көлік және коммуникация министрлігі тосын мінез танытып, мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік желіде отыруына тосқауыл қоямыз дегенде, кейбір шенеуніктер үрпиісіп қалған еді. Фейсбук, Твиттер секілді әлеуметтік желіні тиімділігін үнемі айтатын депутат Мұрат Әбенов бұған өзінің үзілді-кесілді қарсы екенін әу баста айтқан болатын.
- Жалпы, мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтік желіні пайдалануды шектеуге апаратындай ғаламтордың кері әсері көбейді деуге негіз бар ма?
- Мұндай шектеу біз үшін қай кезде де тиімсіз. Қазір ғаламтор байланысудың таптырмас құралына айналды. Әсіресе, әлеуметтік желілердің орны ерекше. Мысалы үшін, мен электронды поштаны телефон мен хатқа қарағанда жиі қолданамын. Себебі, мұнда барлығы бір жерге жинақталған. Ақпаратты да тез алуға болады. Видеожазба, фотосуреттер, құжаттарды қабылдауға мүмкіншілік мол. Оған бірден жауап беруге, хаттарды қарап шығып, ұсыныс жасауға болады. Біз: «мемлекеттік қызметкерлер халыққа жақын емес», - деп айыптап жатамыз. Егер оны түбегейлі шектейтін болсақ, арғы жағы қалай болары белгілі. Мысалы, көптеген заңдар қабылданғанымен өкінішке қарай, көпшіліктің пікірін ешкім біле бермейді, толық зерттелмейді. Кемшілігіміз - көпшілікпен ақылдаспау. Жақында аймаққа шыққанымда, ауылдарды аралағанда елдімекендегілердің айтатыны: «Министрліктердің қызметкерлері бізбен байланыспайды», - деп өкпе-реніштерін білдіріп жатты. Парламент депутаттары ауыл-аймаққа үш айда бір-ақ рет барады. Әлеуметтік желімен байланыспағанда, қай кезде байланысқа түсуге болады? Маған ғаламтор арқылы азаматтардан көптеген сауалдар түсіп жатады. Сондықтан твиттер, фейсбук, агент дегендер қай кезде болмасын қажет. Біржола шектейтін болсақ, мемлекеттік қызметкерлер ақпаратсыз қалады. Әрі бұл жан-жақты зерттелмеген ұсыныс. Екінші мәселе, әлеуметтік желіні компьютерден өшірдік делік. Бірақ әр адамның қолында ғаламторға қосылған телефон бар. Сондықтан ондай шешім өзінің тиімділігін бермейді. Сондықтан ондай шешімді өз-өзімізді алдау деп есептеймін. Мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желіге босқа уақыт кетпесін десек, онда теледидар, радио, телефонды да өшіріп тастайық. Ғаламторды дұрыс түсінбегеннен осындай ұсыныстар туындайды. Ғаламтор нағыз ашық ақпарат алатын құралдың бірі. Соны дұрыс пайдалануды ұйымдастыру, ғаламтордағы сапалы ақпаратты табуды үйрету мемлекеттік орган басшыларының міндеті.
- Алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлер арасында желіні түбегейлі шектеп жатса, қай жағынан ұтуымыз мүмкін?
- Ұтамыз деу артықтау болар. Бұдан жұмыс сапасызданып, байланыс жүйесі болмайды. Жаңа технологияларды игеріп, компьютерге деген сауаттылықты арттыруымыз керек дейміз де, енді келіп мемлекеттік қызметкерлерді шектегіміз келеді. Бұл үлкен қарама-қайшылық.
- Әлеуметтік желілерді пайдалану шетелдік мемлекеттік қызметшілер арасында қалай дамыған?
- Әлеуметтік желіде тіркелмеген шенеунік көпшілікпен үнемі байланыс жасай алмайды. Талай шетелдік саясаткерлермен кездесуде визиткаларын ұсынған кезде Фейсбуктегі мекен-жайын міндетті түрде көрсетеді. Бір шенеунікке хабарласқанда телефон нөмірін танымағаннан кейін сөйлеспеуі немесе оған уақыты болмауы мүмкін. Біз бір рет көтермегеннен кейін неге алмағанын білмей жатып, екінші рет телефон шалғымыз келмейді. Әлеуметтік желінің ең тиімді тұсы ол қосулы тұрады. Сұрағыңды жазасың және ол оған уақыты болған кезде жауап береді. Мысалы, бір мәселе үшін қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін, болмаса, басқа қаладан келіп, кездесу керек болды дейік. Оның уақытын белгілеу қажет. Қабылдау бөлмесінде тосып, кезек күтіп отыруы керек. Сөйтіп кіргенде 4-5 минуттың ішінде жұмысын бітіріп шығады. Сол жұмысын әлеуметтік желі арқылы да шеше салуға болар еді. Тіпті кейбір әлеуметтік желіде видеобайланыс бар. Дауыстап сөйлесуге болады. Біздің елдің көлемі үлкен. Елдімекендер арасы ұзақ. Бұл орайда біз үшін нағыз қажет құрал - әлеуметтік желі және оны көбірек пайдалану керек.
- Әлеуметтік желінің тиімді тұстарын тізбелеп отырсыз. Желі арқылы қандай мәселелерді шешіп көрдіңіз?
- Аймаққа баратын кезде алдын ала хабарлап, кездесудің қайда болатынын желіге жазып қоямын. Тіпті осы арқылы үш жоғары оқу орнының студенттерімен кездесу өткіздім. Бұдан ешқандай да қауіп-қатер көріп тұрған жоқпын. Ауылға барған сайын міндетті түрде кездесу өтеді. Залға 200 адам жиналған болса, алғашқы қатарда ақсақалдар, олардан кейін білім саласының мамандары жайғасып, жастар жағы соңғы қатарлардан орын тебеді. Олар сұрақ қоймайды. Себебі, бізде үнемі үлкен кісілер сөйлеп сұрақтарын қояды. Мысалы, менің байқағаным әлеуметтік желі арқылы жастар сұрақтарын жіберіп жатады. Кездесу басталмай тұрып жастар: «Аға, мына мәселе қалай болады?», - деп көкейдегілерін айтатын кездері көп. Былтыр мамыр айында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақсу ауылында болдық. Сол жиында менің поштама «Дипломмен - ауылға» бағдарламасына қатысты бір сын тағылған хат түсіп, кейін оны депутаттық сауал ретінде көтердім. Сол сауал арқылы біраз мәселелер шешілді. Сол ақпаратты желі арқылы алмағанда, сауал жасамасам, көпке белгісіз болар ма еді?! Жастардың сондағы айтқаны: «Бізде беретін 900 мың теңгеге үй сатып ала алмаймыз», - дейді. Депутаттық сауалдан кейін ол сома 2 млн. 200 теңгеге дейін көтерілді. Дәл осылай біз жастардың дауысын қай уақытта естір едік? Ал жастар сондай мәселені көпшілік алдында айта бермейді.
- Шенеуніктер арасында Үкімет басшысы Твиттерде жиі хабарлама жазып тұратын еді. Одан бөлек, белсенді түрде пайдаланатындардың бірі Мұрат Әбенов. Әріптестеріңізбен желі арқылы сөйлесесіз бе?
- Қазір Парламентте қатарымыз көбейіп келе жатыр. Әріптесім Мұхтар Тінікеев тұрақты пайдаланып жүр. Айгүл Саловьева да тұрақты тұтынушы. Негізінен пайдаланатын шенеуніктер көбеюі керек. Үш жылдан бері мен өзімнің жеке табысымды әлеуметтік желіде жариялап келемін. Бұл да керек әдіс.
Әңгімелескен - Заңғар ТАУДАЙ
«Халық сөзі» газеті