Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3527 0 пікір 26 Сәуір, 2012 сағат 07:21

ДИПЛОМАТИЯМЫЗДЫҢ ДӘРМЕНІ ҚАНДАЙ?

Қазақстанның ішкі саясаттан гөрі сыртқы саясатқа, сырттағы имидж бен халықаралық беделге көбірек мән беретінін басқа емес, кейбір өз сарапшыларымыз да бетімізге салық қылып басып жүр. Жемқорлық өмір сүру салтына айналып, жұмыссыздық қажытып, түрлі әлеуметтік сипаты басым басқа да қиындықтар мұндағы тірліктің аяғына тұсау салып отырса да, сыртқа сұлу әрі мінсіз көрінуге тырысудан Қазақстан алдына қара салмай келеді деп кінәлайды. Дегенмен ішкі және сыртқы саясат ұстанымындағы мұндай «теңсіздік» түбі тығырыққа тіремей қоймайды деп бал ашатындарға дәл бүгінгі күні Қазақстанның сыртқы имиджінің оң қалыптасуы бәрінен де маңызды екені дәлелмен айтылғанда, дымы құриды. Ал «Ассалаумағалейкум» деп амандаса барған жерден қосымызды тігіп, өзгенің алдында елімізді насихаттап, сүйкімді бейнесін қалыптастырып жатсақ, несі жаман? Басқалар санасатын, беделі бар, орны бар мемлекеттің азаматы болғанды кімнің іші жек көреді? Біздіңше, жұмыр басты әр ұлттың өкілі осыны қалайды.

Қазақстанның ішкі саясаттан гөрі сыртқы саясатқа, сырттағы имидж бен халықаралық беделге көбірек мән беретінін басқа емес, кейбір өз сарапшыларымыз да бетімізге салық қылып басып жүр. Жемқорлық өмір сүру салтына айналып, жұмыссыздық қажытып, түрлі әлеуметтік сипаты басым басқа да қиындықтар мұндағы тірліктің аяғына тұсау салып отырса да, сыртқа сұлу әрі мінсіз көрінуге тырысудан Қазақстан алдына қара салмай келеді деп кінәлайды. Дегенмен ішкі және сыртқы саясат ұстанымындағы мұндай «теңсіздік» түбі тығырыққа тіремей қоймайды деп бал ашатындарға дәл бүгінгі күні Қазақстанның сыртқы имиджінің оң қалыптасуы бәрінен де маңызды екені дәлелмен айтылғанда, дымы құриды. Ал «Ассалаумағалейкум» деп амандаса барған жерден қосымызды тігіп, өзгенің алдында елімізді насихаттап, сүйкімді бейнесін қалыптастырып жатсақ, несі жаман? Басқалар санасатын, беделі бар, орны бар мемлекеттің азаматы болғанды кімнің іші жек көреді? Біздіңше, жұмыр басты әр ұлттың өкілі осыны қалайды.

Бұл әңгіме Сыртқы істер министрлігінің шет елдердегі дипломатиялық миссиялардың басшылықтарын, төрткүл дүниедегі «көзін» тұтас жинап Президенттің қатысуымен өткізген кешегі алқа мәжілісінен кейін шығып отыр. Кеңес Одағының СІМ жұмыс істеген 5000 дипломаттың 8-і ғана қазақ болса және ол мықтағанда елшінің кеңесшісі қызметіне дейін көтеріле алса, бүгінде 138 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатып отырған Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінде 700-ден аса қызметкер халықаралық байланыс пен ұлттық саяси мүдделерге жауап береді. «Ішкі саясатты жүргізіп, экономиканы жандандыру үшін сыртқы саясат жұмыс істеуі керек» дегенді елшілік жетекшілері жиі айтады, нәтижесінде 20 жыл ішінде Қазақстан экономикасына 160 миллиардтан астам АҚШ доллары көлемінде шет ел инвестициялары тартылыпты.

Мұның бәрі жақсы. Сыртқы істер министрлігінің Президент пен Үкіметке тиісті ұсыныстар бергені де, халықаралық беделді нығайтуға жәрдемдескені де, шет елдерде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауы да, әлемдегi саяси және әлеуметтiк-экономикалық жағдайға талдау жасау және орталық мемлекеттiк органдарды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етуі де. Бұл бастылары ғана, басқа да қыруар міндеттері қаншама. Әйтсе де, былайғы жұртқа бекзат білімді игеріп шыққан мамандық иелерінің ел алдындағы өз имиджі дұрыс қалыптасты ма деген сауалдың қызық көрінетіні рас. Өйткені елші мен дипломат дегеннің бәрі ішкі мәдениеті мен интеллектісі сыртына теуіп тұрған Қасым-Жомарт Тоқаев, Төлеутай Сүлейменов, Сайлау Батыршаұлы емес. Негізінен әу бастан «қалалықтар мен жеті атасынан бері ақсүйектік қаны үзілмеген зиялы адамдардың баласы ғана жұмыс істейтін жер» деп әспеттелетін дипломатия қызметіне көзқарас кей шақта дұрыс болмай жатса, оның себебін қайдан іздеген жөн: қызғанышпен қабылдайтын іштарлықтан ба, әлде бұл расымен шындықтың сәулесі түскен пікір ме? Бүкіл іс қағаздары 100 пайыз қазақшаға көшірілген министрлік болса да, біз танитын елшілердің бәрі қазақша қамшы салдырмай сөйлесе де, елшілікте жұмыс істейтін қызметкерлердің дені ана тіліне шорқақ екені айтылудай-ақ айтылды. Қалыпты нәрсе ретінде қабылданатындықтан да, осылардың барлығының бастығы, сөзінің басын ана тілінде тәп-тәуір бастайтын және «айтып отырған мәселеңіз дұрыс» дегенге ғана шамасы келіп, одан ары үйреншікті соқпағымен құйынша үйіріле жөнелетін профессор Қозы ағамыздың (семейліктер әкесін осылай атайды) баласы Ержан Хозеұлының кемшілігін көрсек те, кәсіби мінездемесі келісіп тұрған соң көрмегенсіп отыра береміз. Тіліп алса қан шықпайтын тілдің жайын «қойшы», дипқызметтің дәрмені туралы айтпағымыз.

Барыс-келіс көбейген тұста шет елге кеткен Қазақстан азаматтарының басы дау-дамайға кейінгі жылдары көп ілініп жүр. Өйткені бүгінде жер жүзінде қазақтың табаны тимеген тілімдей жер қалған жоқ. Құрылған уақыты тәуелсіздікпен тұспа-тұс келетін 20 жыл ішінде осы азаматтарымыздың тәуелсіздігі мен құқын қорғауда Сыртқы істер министрлігі суырылып алға шыға алды ма? Бір жәбірленушінің бөркін қазандай етіп қуанта алды ма? Қайдам. Ресей скинхендтерінен қолынан қазақтың көк өрім жастарының жиі ажал құшуы, Өзбекстан шекарасында қазақ азаматтарының әлсін-әлсін оққа ұшатыны, күні кеше Ташкентке саяхаттап барған жігіттің ноутбугынан «экстремистік жазба табылды» деп айыпталып жатуы, Америкада қазақстандық Деньякиннің полицей қолынан қаза табуы, павлодарлық студент Айнұр Ахметованың бассейндегі жантүршігерлік өлімінің жылы жабылуы, тіпті күні кешегі Кувейтте орын алған оқиғада кінәлілердің тек кешіріммен ғана құтылуы, бұдан басқа тізбектей берсең таусылмайтын ірілі-ұсақты жайттар ойлантпай қоймайды. Қазақстан азаматтарының өздері «кінәлі» болғанның өзінде, дипломатиялық қызмет өкілдерінің іске соңғы нүкте қойғанша табандылық танытып, талап етпейтіндігінің белгісі емес пе бұл? Ол Қазақстан азаматы ма, оны Қазақ мемлекеті қорғауы керек. Бұл - адам факторы. «Өздері кінәлі екен» деп онсыз да жапа шегіп жатқан азаматтарымыздың жазықты екенімен келіскендей  үнсіз қала берсе, көпшілік те Сыртқы істер министрлігін «бекзат екенсің» деп басынан сипап қала бермейді. Наразылығын тудырады. Осыдан кейін жалпы халықтың дипломатиялық қызметке деген құрметі төмендейді, билікке деген сенімі азаяды. Халықаралық беделімізге де нұқсан келтіреді. Осы жиырма жыл ішінде бір жағы халықаралық нормалар мен тәртіп, әдеп, ережелерді білмегеннің салдарынан, бір жағы, еркелік пен есіріктің кесірінен қаншама өз азаматтарымыз өзге елдің қатал заңымен сотталып кетті (соның бірі Америкада  40 жылға сотталған Әсел Әбдіғаппарова). Ал осы уақытқа дейін Қазақстанда жүріп жауапқа тартылып, яки сотталыпты деген бірде-бір шетелдік туралы ақпаратты құлағыңыз шалды ма? Бірді-екілі өзбек, тәжік секілді «қол сындырып, бас жарғандар» ың-шыңсыз еліне қайтарылып жатады. Ол жақта бес жаннан тұратын бір үйлі қазақ отбасы бауыздалып жатса да, соңы не болғанын білмейміз. Өзге елдің азаматтары «экстрадицияланады», өзіміздің отандастарға келгенде «экскаватормен» көтерсек те, оларды батпақтан суырып ала алмаймыз. Қалай болғанда да, Қазақстан мемлекет ретінде азаматтарымызды қорғауда өз талаптарын қоя білуі керек. Сырт мемлекеттерде қазақстандықтарға қатысты болған  оқиғаларға ең әуелі мүдделілік танытатын осы министрлік болған соң, әр ақпарат үшін ел елеңдеп құлағын тігеді. Араша сұрайтын, жанашырлық танытатын, құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін осылар болғандықтан, жалтарма жауап емес, нақты түйін сұрайды. Тиісінше, өз тарапында министрлік нота жолдап жатады, орын алған кемшілік пен заң бұзушылыққа жауап беруін талап етіп жатады. Бірақ нәтижесі мардымсыз.

Алып жүріп, беріп жүріп, барып-келіп жүріп  халықаралық аренада Қазақстанның сыртқы имиджін қалыптастыру бір басқа да, қорланып жатқан еліміздің азаматтарының құқын қорғау бір басқа. Кешегі Парламенттегі Үкіметтік сағаттың отырысында министр Ержан Қазыханов халықты көп жайттан хабардар етті, енді сол қызметтерінің қатарына «дипломатиялық қызметтің дәрмені мен қауқары» деген міндетті де жүктеп қойса жақсы болар еді. Көгенкөздерімізді қорғай алмай, қол қусырып қала берсек, мемлекеттігімізге сын.

Дидар ТҰРЫСБЕК

"Халық сөзі" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5269