Жер сатқанның жазасы: Палестина отқа оранды
Күллі әлем халқы Таяу Шығысқа телміре қарап отыр. Анығы араб-еврей қақтығысының кезекті ушыққан күйіне назар аударуда. 10-мамырдан бастап қос тарап арасындағы жанжал қарулы сипатқа ауысты. Қақтығыстың тарихына көз жүгіртсек.
Араб-еврей қақтығысы 1948 жылдан бастап қарулы күреске ұласты. Палестина аумағында соғыстан кейін әлемдік қауымдастықтың қолдауымен Израиль құрылды. Әрине жергілікті халық оған қарсылық білдіріп, соғыс басталды. Арабтар бұл тайталаста жеңіліс тауып, тұрғылықты жерінен қуылды. Оны өз тарихында «Нәкба» яғни «Ұлы босу» деп атайды. Жүз мыңдаған араб босып кетті. Үйсіз һәм күйсіз қалды.
Еврей халқының Палестинаға ағылуы 1882 жылдан бастап жаңа қарқынға көшеді. Палестинада жері бар, бірақ өздері ол аймақта тұрмайтын араб байлары жерді сата бастады. Жерді сатып алушылардың ішінде арабтар да, еврейлер де, түріктер да бар болатын. Еуропада еврейлерге қысым арта бастағандықтан, еврейлер жер сатып алуды арттырды. Палестина аймағынан жер сатып алып, қоныс аударғандардың басым бөлігі Германиядан келген еврейлер болатын. Германия билігіне нацизмды ту еткен тұлғалар келіп, еврейлерге қысым артқандықтан, олар бас сауғалап кетуге мәжбүр болды. Жер сатып алып, қоныс аударған еврейлердің көбейгені соншалық, 30-жылдары олардың саны Палестина жерінде 4%-дан дан 30%-ға дейін артты. Бұл сөзсіз қос халық арасындағы қақтығыстың туындауына әкелді. Себебі арабтар көбіне егін және бау-бақша шаруашылығымен айналысты, ал жерді сатып алған еврейлер арабтарды шығарып, орнына еврейлерді ала бастады. Бұл мыңдаған араб отбасының жұмыссыз қалуына әкелді. Қақтығысқа тағы бір себепкер болған жайт діни көзқарастардың алуандығы болатын. Арабтар мен еврейлер арасында діни мереке күндері жанжалдар туып, соңы жаппай бұзақылыққа ұласқан сәттер де аз емес. 1935 жылы 25-қарашада 5 араб партиясы Палестина комиссарына біріккен талаптарын жолдайды. Онда еврейлердің иммиграциясын тоқтату, жерді сатуға тыйым салу және демократиялық билік құруды талап етеді. Талаптар орындалмай, наразылық күшейе түседі. Қарама-қайшылықтар ақыры 1936-1939 жылдары болған араб көтерілісіне әкелді. Арабтар мен еврейлер арасында кескілескен ұрыстар жүріп, ақыры көтеріліс ағылшын жасақтары тарапынан аяусыз жаншылды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін БҰҰ құрылып, әлемде жаңа формацияны ұсына бастады. Олар Германия тарапынан геноцидке ұшыраған еврейлерге қатысты да шешім қабылдады. Арнайы шешім негізінде Палестина аймағын екіге бөліп, бірін арабтарға, екіншісін еврейлерге беріп, мемлекет құру бойынша арнайы ұсыныс жасады. Бұл 1947 жыл болатын. Алайда ұсыныс қолдау таппай, 1947-1949 жылы араб-еврей арасындағы алғашқы соғыс болып, біріккен араб күштері жеңіліс тапты. Израиль БҰҰ ұсынған жерді және соғыс барысында басып алған аймақты иемденіп, өз мемлекетін құрады. Артынша бұл қақтығыс ушығып, бірнеше мәрте ірі соғыстарға ұласты. 1967, 1973, 1982 жылдары араб-еврейлер арасында ірі соғыстар болып, барлығында дерлік Израиль жеңіп шықты. Ал екі тарап арасындағы қақтығыс барлық аймақтық қақтығыстарда көрініс тауып отырды.
Күні кеше болған қақтығысқа сол 1948 жылға дейінгі оқиға әсер етті. Иерусалим соты наурыз айында 8 араб отбасын үйінен шығарып, оны еврей отбасына беруге бұйырған. Оған себепкер болған жайт 1948 жылға дейін әлгі үйде еврейлердің тұрғаны жайлы құжаттың табылуы-мыс. Бұл ақпарат Израильде үлкен талқыға түсіп, әлеуметтік желіде арабтар мен еврейлердің арасындағы сөз таласты арттырды. Ал Рамазан айындағы Израиль қорғаныс күштерінің мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Әл-Ақса мешітінде операция өткізуі отқа май құйғандай әсер қалдырды. Израиль қорғаныс күштері «мешіт ішіне қару жасыруы мүмкін» деген желеумен операция өткізсе, мұсылмандар оны «қасиетті айда қасақана жасалған қастық» деп бағалады. Қақтығыс соңы тас атуға, тас ату соңы зымыран соққыларымен алмасуға әкеп соқты.
Жеті күндік шиеленістен кейін тараптар арасындағы соққы алмасу азаяр емес. Ресми статистика бойынша Газа аймағында 197 адам қаза тауып, 900-ден астам адам жарақат алған. Қаза тапқандардың 58-і балалар. Ал Израиль тарапы 10 адамын жоғалтқан. Әзірге қақтығысқа Палестинаның негізгі аймағы, батыс тұсы қатысқан жоқ. Соғыс Газа аймағы мен Израиль арасында өтуде. Мамандар батыс аймағы қосылса, соғыс аумағы да, сұмдығы да артады деп отыр. Бүгінгі күннің өзінде бұл қақтығыстың сипаты 2014 жылғы қақтығыспен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды. 2014 жылы болған қақтығыста 2 мыңнан астам палестиндік қаза тапқан еді. 50 күннің ішінде Палестина Израиль аймағына 4500 зымыран жіберіп үлгерсе, бүгінде 6 күннің ішінде Израиль қалаларына 3700 зымыран жіберілді. Осының өзі тараптар арасындағы қақтығыстың көлемін көрсетіп тұр.
Мамандар бұл қақтығыс Израильдің ішінде азамат соғысының басталып кетуіне себепкер болуы мүмкін дейді. Себебі Израиль халқы 9.3 млн болса, соның 21% арабтар, яғни 1.9 млн араб Израильдің өз ішінде өмір сүруде. Бұл фактор кез келген уақытта азамат соғысына ұласып кетуі ғажап емес.
Апта өтті. Аласапыран тоқтар емес. Палестинаны Түркия мен Иран ашық қолдауға шақырды. Араб елдерінде мыңдаған адам қатысқан акциялар өтіп жатыр. Еуропа көшелері еврейлер мен арабтарды жақтаушы болып екіге жарылған митингтерге толды. АҚШ шайқасты тоқтату үшін арнайы өкілін аталмыш аймаққа жіберді. Дегенмен соғыс тоқтар емес. Барлығы да сонау ХІХ ғасырда Палестинада жер сату саясатына жол ашылған сәтте басталып еді.
Ка мырза
Abai.kz