Сенбі, 23 Қараша 2024
6067 5 пікір 22 Мамыр, 2021 сағат 23:29

Қазыналы Қапшағай

Балағынан байлық сорғалаған қала

Қазақстандағы қоймасы байлыққа тұнған мекеннің бірі – Қапшағай. Алматы облысына енетін бұл қала Алматыдан 53 км қашықтықта орналасқан. Іргетасы 1970 жылдары құрылған шағын қаланың жарты ғасырлық тарихы бар. 51 жастағы өлке қай деңгейде дамуда? Халқымызға берер пайдасы қандай? Мемлекеттің өркениетін алға сүйреуде не жұмыстар атқарылып жатыр? Сарапқа салып көрелік.

Қазыналы Қапшағай

Бүгінде республикамыздың Лас-Вегасы атанып кеткен Қапшағайды дүйім көпшілік казиномен елестететіні анық. Енді оны жоққа шығармаймыз. Алайда, қателеспесек, 2007-2008 жылдардан бастап алып шаһар Алматыдағы ойынханалар дерліктей көшіріліп, осы елдімекен ойын алаңы – үлкен демалыс орталығына айналды. Десе де, оған дейінде, қазірде  Қапшағай – суға шомылатын аймақ саналған. Бұл жерде «теңіз» деп атап кеткен Қапшағай бөгені жұмыс жасайды. Маусым айының 1-ші жұлдызынан мұнда суға шомылу мезгілі ашылады. Міне, карантиннің екінші жаздық маусымына аяқ басқалы бері отандық туристер көбейіп, ел экономикасын көбейтетін уақыт та таяды. Былтырғы дерек бойынша, мұнда келушілер саны өткен жылы әлденеше есе артқан. Яғни, ел-жұрт қолда бар қаражатын өзге шетелге шашпау керектігін түсінді. Басты себеп, туған өңіріміздің теңдесі жоқ тамаша табиғаты,  әлемнің дамушы еш мемлекетінен кем емес. Көздің жауын алатын көрікті жерлер мен тарихи орындар да жетерлік. Ең әуелі, өзіңнің тамырыңды тану арқылы  болашақ ұрпағыңа үлгі-өнеге беру, өсиет қалдыру.

«Ақжайық»  демалыс базасы

Сонадайдан көзге қазақы ыстық атауымен ыстық көрініп, бірден баурап алған демалыс кешені соңғы ахуалға байланысты санитарлық талаптарға сай қызмет етеді. Пандемея кезінде демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болып, дембіл-дембіл дене қызуы міндетті түрде өлшеніп, сақтық ережелері қатаң түрде жүзеге асырылмақ. Ғимарат аумағында адамдарға қажет кезінде шұғыл медициналық көмек бөлімшесі мен «Жедел жәрдем» көлігі жұмыс жасайды. Ашылуы жақында болатын мекемедегі қонақүй 45 орынға есептелініп салынған. Сондай-ақ, ұлттық нақышта жасалған 8 киізүй 500 адамға жоспарланған. Айтулы нысанда балалар ойын алаңы, төбесі жабық демалатын жерлер, шезлонгтер қоса жұмыс істеп, барлық заманауи үлгідегі сервис жағдайы қарастырылған.

Бұл қала - экотуризм ордасы

Біреу білсе, біреу білмейді, негізі Қапшағай – нағыз экотуризм ошағы. Мұнда елімізде арзан электр энергия көздерімен қамтамасыз ететін электр энергиясы қуатын халық шаруашылығына қолданудың тиімді жолдары бар. Соның бірі – жел энергиясы. Жел энергетикасы қондырғысымен жел күшімен алынатын электр энергия қуатын кеңінен өндіруге болады. Жел энергиясының басқа энергия көздерінен экологиялық және экономикалық артықшылықтары көп. Бүгінгі технологиясы дамыған озық заман түгілі, кешегі өткен бірнеше мыңдаған жылдар бойы адамзат баласы жел энергиясын пайдаланып, желкен көмегімен жүзіп, жер суландыру кезінде жел диірмені ретінде дәнді-дақыл өнімдерін ұсақтап-ұнтақтау үшін қолданғаны тарихтан белгілі. Қапшағай қаласында «Сарыбұлақ» және «Аннар» атты жел электр станциялары бар. «Аннар» 2017 жылдың мамыр айынан жұмыс жасап келеді. 2018-2019 жылдары 12 жел генераторлары Шеңгелді ауылдық округіне қондырылған. Жобаны ұйымдастырушылар «Кербұлақ ЖЭС» және «Кербұлақ-2 ЖЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Құрылғылар Еуропадан тапсырыс арқылы жеткізілген. Аталмыш жоба үшін 7,5 млрд теңге жұмсалған. Ал, Қапшағайдағы екінші қайнар бұлақ – күн энергетикасы. Күн қуаты шешулі экологиялық фактордық бірі. Жер бетіндегі жарықта өмір сүретін тіршілік иелерінің барлығы фотосинтез процесі арқылы энергияммен және құнарлы заттармен қамтамасыз етіледі. Ультракүлгін, көрінетін, сондай-ақ инфрақызыл сәуле шығару сынды үш аймақты күн сәулесінің спектрін пайдаланудың қажеттілігі мен мүмкіндігі орасан зор. Соның бірі емес, бірегейі - «Eneverse Kunkuat». Эневерс күн қуаты - Қапшағай қаласынан 12 км, ал Алматы-Талдықорғанның Бақанас бағытындағы жолынан 7 км  қашықтықта орын тепкен.

Тарих тұнған туризм аймағы – «Таңбалы Тас» 

Алматы облысына қарасты өңірдің бірі – Іле өзенінің оң жағалауындағы «Таңбалы Тас» тарихи-мәдени ескерткіші. Таңбалы петроглифтері ЮНЕСКО-ға «Тамғалы» деп еніп кеткен. Дұрысы – Таңбалы Тас. Сол себептен ел арасында екі атаумен атай береді. Ондағы таңбалар қола дәуірінде, 3-5 мың жыл бұрын салынған.

Ашық аспан астындағы алтынға бергісіз жауһарды қорғау мақсатында 2001 жылдан бері тарихи маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген, ал 2003 жылы Үкімет қаулысымен «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі республикалық мемлекеттік мекемесі мәртебесін алған. Бір айта кетерлігі, елімізде аттары ұқсас болғанмен, болмысы өзгеше қос мекен бар. Нақтырақ айтсақ, Іле ауданындағы «Таңбалы Тас» пен Жамбыл ауданындағы «Таңбалы». Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан шатастыруға мүлдем болмайды. Біздің тілге тиек етіп отырғанымыз – алғашқысы. Тарихы тереңнен тамыр алатын ордада құз жартастар мен мұз дәуірінен қалған домалақ пішінді тастар дала төсіне төгіле салған көлемі үлкен маржан дерсіз, құдды. 16 ғасырдағы Будда мен Бұрхан суреттері ойылып салынған суреттер қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың назарына ілігіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген. 60 метрлік үлкен жартастар бетіндегі әртүрлі бейнелер тибет, қытай, жапон, сармат жазуларымен толықтырылыпты-мыс. Дәл қазіргі уақытта бізге белгілісі 16 жазу мен 4 сурет ғана. Бұдан шығатын қорытынды, алдағы уақытта алып аймақты алып жатқан қорықты толықтай зерттеп, баба аманатын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз тиіс. Тарихшыларымыз, этнографтарымыз бен болашақ жас ғалымдарымызға құлаққағыс бола жүрсін, ұланғайыр кең-байтақ жерімізде әлі де құпиясы ашылмаған құнды қазыналы өлкеміз баршылық.

Эко-турдың ұтымды тұсы

Егер біз осындай танымал жерлерді ары қарай таныта түсіп дамытсақ, тарих пен мәдениеттің кемесін өрге жүздірсек, әлемнің әр түкпірінен туристердің ағылатыны сөзсіз. Тұрып жатқан еліміздегі тұнған байлығымыздың бағасын әлі бағамдай алмай келеміз. Дегенмен, «қу шөппен ауыз сүртуден» аулақпыз. Өйткені, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімінің қолдауымен, «Жетісу медиа» орталығының ұйымдастыруымен кейінгі жылдары пресс-турлар өте жиі өтіп жатыр. «Халықтың құлағы, көзі һәм тілі» саналған БАҚ өкілдерімен бірге киелі жерлерге, тарихи нысандарға саяхат жасау дәстүрге айналған. Айтулы экотур сапары – соның нақты көрінісі. Айта кетерлігі, бұл жолы журналистер қауымы табиғаттың сұлулығын тамашалап, ғаламат ғажайыптарымен танысумен қатар, арнайы киімдер киіп, шашылып қалған қоқыс-қалдықтан тазалады. «Жүз рет халі қалай екен деп сұрағанша, бір рет амандасып қайт» деп айтып отырушы еді менің марқұм әкем. Елден естіп, деректерден оқып, теледидардан көрген де жақсы. Алайда, өз көзіңмен көріп, қолыңмен ұстағанға ештеңе тең келмейді. Жүрегіңмен сезіну – бақыт құшағындағы сәт. Жүзеге асырылған мәдени іс-шара «Гүлдене бер, менің Жетісуым» атты эко-фестивальде ұтқан және ұққан тұсымыз тым көп болды.

Арай Жұмашқызы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354