Ресейлік «қазақтанушылар» не дейді?
Қазір Ресейдің ақпараттық шабулының пайдасын да, зиянын да көре бастадық. Ресей бұл қадамға ешбір ұлтпен араласпаған ішкі Ресейдегі ұлты орыс азаматтарына арнап қазақ тілін үйренетін қазақ тілі мен мәдениеті факультеттерін көптеп ашып барып отыр.
Себебі, өз ішіндегі 1,5 млн Ресеймен шектестін Моңғолияда 100 мың, Қытайда 2 млн, Өзбекстанда 3 млн және өзге Ресейге қас елдерде тұратын қазақ диаспорасы орыс билігін ойлантты. Егер олар: «Қазақстанға Ресей қысым жасап отыр», деп шу көтеретін болса, онсызда оқушаланған елдің жағдайы мүлдем мәз болмайды. Нәтижесінде Ресейде бұрын не ғылыми, не саяси ортада ешкім керек етпеген «қазақтану» пәні кеңінен оқытыла бастады. Бұның себебі қазақ жеріндегі этникалық орыстардың және славян тектестердің 70 жылдан соң, қайыра ұлттық азшылыққа айналуы себеп болып, енді жоғалған артықшылықты еліміздегі тегі мен түрі бөлек орыс тілділер арқылы толтыру бағытында тамыр басу науқаны басталып кетті. Қазіргі 4 млн тақау славяндардың 50 пайызын алпыс жастан асқандар құрап отырғаны да Ресей саясаттанушыларын қатты алаңдатып отырған жай бар.
Енді осы ресейлік «қазақтанушылар» не дейді? Сауле Исабаеваның ресейлік қазақтанушы тарихшы Николай Осиповтан алған «Қазақстан нені таңдайды...?» атты сұхбатына көз жүгіртіңіз...
«Ашық айтуымыз керек: қазақтарда да, орыстарда да, Қазақстанға жер ауып келген халықтардың өкілдерінің де баршасының басын қосатын, ортақ құндылықтарды игеруге жұдырықтай жұмылдыратын біртұтас тарихи мүдде, ортақ «алтын ғасыр» жоқ. Бары тек қана жекеленген әм бір сәттегі үзікті тарихи мезеттер ғана...», - дейді.
Енді ресейлік «қазақтанушы» тарихшы қазақ қоғамындағы билік әзірше еш шаруасы жоқтай көз жұма қарайтын, сырт көзге бірден танылатын тілдік, діндік, рухани-мәдени қаққа жарылуды қалай түсіндіреді?
«...Қазақстан – шындығында да ерекше ел. Бұны барлығы да, оның ішінде Ресей де, Батыс та мойындайды. Бұдан өзге, ол жер көлемі жағынан түркі мемлекеттері ішіндегі аумағы аса зор ел ғана емес, тұрғындарының біршама басым бөлігі орыс тілін еркін меңгерген, орыс мәдениеті мен рухани жетістіктеріне бет бұрған славяндық емес, әлемдегі жалғыз ел болып табылады. Бұндай мемлекет ешқайда жоқ! Қазақстан – феномен! Бізге тап осы артықшылығымыздан бас тартуды ұсынады? Расында да нақ осы негізде Қазақстан халқын жаңғырту қиысынды әм пайдалы болар еді-ау?
Бірақ біз осының орнына кері құбылысты – қазақ ұлтын құруға ден қойып, басқы орынға этноцентрлік рухани түлеуді бәрінен жоғары қоюға шақыратындар мен Қазақстан халқы деп сөз саптап, соған сай қоғамдық сананы жаңғыртуға үндейтіндер арасындағы күннен-күнге арта түскен қаққа жарылуды байқаймыз», - дейді.
Ресейлік «қазақтанушыларға» ұлттық мемлекет құруға бірте-бірте бет алғанымыз ұнамайды екен. Оларға керегі – біздің елдегі Қазақстан халқының қазақтан үстем түсіп, орыс тілін ұлттық қарым-қатынас тіліне біржолата айналдырып, рухани-мәдени кеңістігіміздегі түбегейлі жеңіске жетуі.
Ресей саясаттанушылары мен тарихшылары орыс тілін ұлттық қарым-қатынас тіліне біржолата айналдырып, рухани-мәдени кеңістігіміздегі түбегейлі жеңіске жеткізуге қарсы бағыттылған кібіртік қадамының басталуы мен себебін әзірше «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» қабылданып отырған үш идеологиялық бағдарламадан көреді. Ондағы «ұлттық» деген барша сөзге шошына қарайды. Енді Николай Осиповтың пікірін одан ары жалғастырайық.
«Олар үшеу: біріншісі – Ұлттық бірлік Доктринасы (2010-шы жыл), онда қазақ жерінде тұрып жатқандар туралы астарлана мәлім етілді. Келесісі – патриоттық акті болып саналатын «Мәңгілік Ел» (2014-шы жыл), онда жалпықазақстандық ұлттық идея мәймөңкелене сөз болды. Ең соңғысы – «Рухани жаңғыру» (2017-шы жыл), онда қоғамдық сананы жаңғырта өзгерту аясында қазақтың рухани жаңғыруына көзді бадырайтып қойып көшу ашық мәлімденді», - депті.
Біздегі үш бірдей ұлттық идея Ресей тарапынан қалай қабылданып, қалай сарапқа салынып жатқанын осыдан-ақ, аңғаруға болады. Оларға Алаштың жеке ұлттық мемлекеті емес, басым бөлігі қазақ тілінде сөйлесе де, орыс тілді тұрғандырының айтқанына көніп, айдауында жүретін қос тілді қазақстандық ұлттың қалыптасқаны керек.
Қазақ жерін әу баста «мифтік халық - иран тілді тайпалар мекендеген, түркілер басқа жақтан ауып келіп қоныстанған», деген жалған ғылыми болжамды санамызға сіңіртуі, оған орыс тілді өзге ұлттардың имандай сенетіні бізді ойлантуға тиіс. Осы идеяны, «сендер ғана емес, қазақтарда бұл жердің байырғы тұрғындары емес, сондықтан олардың өздері арғы ата-бабалары ауып келген жерге ұлттық мемлекетін құруға еш қақылы емес» деген ұғымды бірте-бірте мысықтабандап, біздің орыс тілді азаматтардың санасында қалыптастырудың тамаша үлгісін мына жолдардан анық аңғарамыз:
«...Оның үстіне маған түсініксіз бір дүние - қоғамдық сананы Қазақстанның Қасиетті жерлерінің картасымен сілкінту, барып тұрған кереғарлық, шектен шыққан архаизм. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында «алтын әйелді» тауып, оған шағын мавзолей тұрғызып үлгерді. Керек десеңіз, ол әйел түркі емес, иран текті. Олар бізге осы қылығымен нені танытпақшы болып отыр? Біз байырғы номадтармен кіндігіміз жабысқан дегенді ме? Иә, номадизм – ешқашан қазақтар бас тарта алмайтын ұлы рухани мұра. Дегенмен бұл қоғамдық сананы жаңғыртуды сөз етпегеннің өзінде, рухани жаңғыру үшін табан тірейтін нәрсе емес.
Тап осы тұрғыдан Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы атойлап шығып, тағы да сайтан атқандай барша қадам түркілік этникалық біргейлікке бағыт-бағдар ұстанды. Санамызда қазақтар – ең ұлы түркілер деген ұғым қалыптасады, бірақ шындығында мүлде олай емес. Айтарымызды айтып қалуымыз керек екен, онда жүзшілдік, трайбализм, номадизм, этноцентризм, қазақбайлық (казачество), советизм сынды тағы да басқа рухани дәстүрлерді тізбектей кетейік.
Жұрттың бәрін разы қалатын қазақстандық қоғам мен мемлекетті құру мүмкін емес. Айналып келгенде, жаға жыртысып, бет тырнасатын боламыз. Ең бастысы өткенді естен біржола шығарып, қазіргі қазақ қоғамының бір бөлігінің де мүддесін ескеріп, жаңа мәдени-үйлестіруші бәрін қанағаттандыратын идеалдар басшылыққа алынған қоғамдық сананың қайта құруларын басшылыққа алу керек-ақ», - дейді.
Сонда олардың сөздерінше қазақты былай қойғанда, түркілік емес, тек қана ирандық болып табылатын 14 ғасырға дейінгі өткен тарихымызды «Рухани жаңғыруымыз» үшін қандай жол ұсынады? Біздің «орыс тілді отанымыздың» мүддесінің қорғаушы өз сұхбатын төмендегідей негізде қорытындылайды:
«Жалпы, тарих сынынан өткен қоғамдық сананы жаңғыртудың үш принципі бар: оның біріншісі – этникалық принцип, дәлірек айтсақ, қандық; екіншісі – туған жерлік, бұл дегеніңіз – азаматтық принцип, үшіншісі – қоғамдық қауымдастық (согражданства, яғни, тілдік-мәдени бірлесім). Қазақстандағы барлық рухани-идеологиялық концепциялар осы үш қағидатты бірлікте алып жүзеге асырылмақ болса да, айналып келгенде қандастық принципі бәрінен үстем түсіп отырды. Яғни, ат айналып қазығын табатын этникалық бастаудың мейманасы асты. Ал, бұл еш күмәнсіз қазақстандық қоғам үшін мәдени әм рухани даму емес, барып тұрған қырғын әкелетін бағыт болып табылады.
Мен қоғамдық сананы жаңғыртуда ұлттық бағытқа сүйенбеуге бағдар ұстану керектігіне бек сенімдімін. Қазақстан қоғамын мүдделестікпен біріктірудің ықтимал бес жолы алдымызды кескестеуде: біріншісі – түркілік немесе пантүркілік; екіншісі – түркі-славяндық немесе еуразиялық; үшіншісі – түркі-еуропалық, біз қиыр шетте жатсақ та Еуропаға қатысымыз бар (міне осыдан «Еуропаға жол», үш тұғырлы тіл, НИМ (НИШ) сынды мембағдарламалық бастамалар туындап отыр. Төртіншісі – түркі-ханзулық (тюрко-китайский) немесе еуразиялықтың қытайлық нұсқасы және бесіншісі – исламистік немесе панисламдық.
Осы нұсқалардың барлығы да белгілі бір деңгейде Қазақстанда жүзеге аса алады. Бірақ, меніңше, соңғы 250 жылдың ауқымындағы (қазақ тілділер үшін) көп жағдайда трагедиялығы мен кемшіндігі басым түсетін түркі-славяндық, еуразиялық интеграция пайдасына бағдар ұстанған оңды дер едім. Тек қана Қазақстанда тұрып жатқан (орыс және ана тілді) барша халықтың қоғамдық санасы қауымдастықтар үйлесімдігі арқылы жаңғыруға тиіс», - деп аяқтайды.
Иә, ана тілді және өзге тілді ұлтымыз өз ішінде беске бөлініп отыр. Бұны бізде мойындаймыз. Ең бастысы ана тілді және өзге тілді қазақты мемлекетшілік туының астына топтастыра аламыз ба? Гәп сонда.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz