Сенбі, 27 Ақпан 2021
Жаңалықтар 1406 0 пікір 7 Шілде, 2009 сағат 04:00

Қайыржан СҮЛЕЙМЕН. ОСЫ КҮНІ АСТАНАНЫҢ АТАУЫН ӨЗГЕРТІП ЖІБЕРСЕ ДЕ, КЕТӘРІ ЕМЕСПІЗ!

Ел қазір «пыссымыланы» ұмытып, тек «Нұр-аға»-ға көшкен. Әлде, бәрі жағымпаз ба, әлде барлық теле арнадан тек Елбасыны мадақтаған хабарларды үздіксіз көрсетіп кетті ме, әйтеуір, осындай ахуал Алаш даласын буып тұрған сияқты. Содан да шығар, шын Құдайын ұмытқан қазақтың басынан бұлттың үйіріліп кетпей тұрғаны?!.

 

 

 

БИЛІККЕ НАРАЗЫ ЕСІМОВ

 

Ел қазір «пыссымыланы» ұмытып, тек «Нұр-аға»-ға көшкен. Әлде, бәрі жағымпаз ба, әлде барлық теле арнадан тек Елбасыны мадақтаған хабарларды үздіксіз көрсетіп кетті ме, әйтеуір, осындай ахуал Алаш даласын буып тұрған сияқты. Содан да шығар, шын Құдайын ұмытқан қазақтың басынан бұлттың үйіріліп кетпей тұрғаны?!.

 

 

 

БИЛІККЕ НАРАЗЫ ЕСІМОВ

 

Құдайшылығымызды айтайықшы, түкке қатысы жоқ жерге Елбасыны тықпалай бергеннен кім не ұтты? Мына жұрттың миы ағайын деген бе деп ойлайсың кейде. Сосын, ішің қу емес пе, «ә-ә, бұлар әдейі Елбасының абыройын төгу үшін шөпке де, шөңгеге де қасақана араластырады екен-ау?!» деген байлам жасайсың...
Түнеу күні Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов алматылық журналистерді төл мерекесімен құттықтап тұрып, Елбасының қасиетті атына қалай кір келтіріп алғанын өзі де аңғармай қалды. Бәлкім, қасақана жасаған болар, ол жағын шамаламадық...
- Мен өз атыма айтылған сынды дұрыс қабылдаймын. Қала мәселесін қалыңдатып жазғандарыңызды да қолдаймын. Әйтпегенде, біздің үкіметтегілер қаланың ахуалы туралы ойлаудан қалар еді. Айтпақшы, біздің үкіметтің жүйкесі сынды көтермейді. Кеңес дәуірінде партияның «Сын және өзара сынның дамуы туралы» дейтін қаулысы болушы еді. Сондай қаулы шығарту туралы Елбасыға кеңес беремін-ау деймін. Үкіметтегілер сынды дұрыс қабылдауы үшін...
Тап осылай деді Есімов әкім. Тек орыс тілінде айтты. Мейлі, шүршіт тілінде сөйлесе де, ол өз ойын толық жеткізді. Яғни, сөз бостандығын біздің үкіметтің ұнатпайтыны расқа шықты. Елбасы да қаламайды деген сөз! Бір ғана Есімовтен басқа Қазақстанда сынды дұрыс қабылдайтын пенде қалмаған!
Ахметжан көкем сөз бостандығына шын жаны ашығандықтан, баяғы Кеңестік дәуірді көксеп отыр. Бүгінге дейін опат болған оппозиция өкілдеріне зауалдың қайдан келгенін енді білдік. Үкіметтен, шындықты ұнатпайтын, сынды жақтырмайтын үкіметтен келіп отыр бар зобалаң! Бұл бір ойымыз.
Екінші бір ойымыз - Есімов мырзаның түбіне бүгінгі қоғамды жаулап алған жағымпаз әдет жете ме дейміз. «Мынау Елбасыны араластырмай сөйлейді!» деп бір адамды көрсете аласыз ба? Құдай-ау, бірі ма десем, бәрі шалдыққан ғой жағымпаздықтың дертіне!..

 

ЖАҒЫМПАЗДЫҚТЫҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ

 

Бұрынғы жағыну жағыну ма, күн ілгерілеген сайын, шілденің алтысы жақындаған сайын жағымпаздар мекер қатындай құтырып, қозып барады. Шілденің алтысын өзімізше «Астананың туған күні» деп бүркемелейміз. Шынында да ол күні Елбасының туған күні екені шүлдірлеген балаға аян.
Бір жағымпаздар түк қалмағандай, тіміскілеп жүріп Елбасының диплом алған оқу орнына барып телехабар түсіріп келіпті. Сонау Қарағандыға! Студент күнінде қандай пәтерде тұрғанына шейін тәптіштегенде жағаңызды ұстайсыз. Өздерімен қоймай, тып-тыныш жатқан елді де бүлдіріп жүр ғой солар. Теміртау қаласының бір тұрғыны баяғыда Елбасы тұрып кеткен үйде тұрады екен. Сол кісі беті бүлк етпестен «Жоба бойынша үйдің есігі мына жаққа қарайды екен, Нұрекең оны бітеп, мына жағынан шығарған. Өте керемет! Маған да осы жақтан есіктің шыққаны ұнайды!» дейді. Қайтсін-ай, Елбасы туралы жақсы сөз айтыңыз деп тықақтағаннан кейін не дерін білмей сандырақтағаны да...
Оны айтасыз, енді бір жағымпаздар Елбасының алғашқы отырған партасын іздеп Шамалғанға шейін ат шаптырыпты. Сөйтсе, баяғы бір қабатты тоқал там - ескі мектеп жоқ дейді. Орнында жеті жүз орындық зәулім оқу ордасы тұр екен. Амал жоқ, қалай да жағынып қалу керек болғаннан соң, Елбасымен бірге оқыған кісілерді іздеп тапқан. Шіркін, Шамалғандықтар мақтауын жеткізе біледі ғой! Тура, іші түсіп кеткен қауынын өткізіп жіберетін шымкенттіктер сияқты...
«Менің есімде, мектепте біз «Не істеу керек?» деген тақырыпқа шығарма жаздық. Бәріміз екі-бір деген баға алдық та, Нұрекең ғана төрт алды» дейді Елбасының бір кластасы. Ғажап, иә?! Сол кезде беске жазғанда не болар едік?..
Егер Қарағандыға оқуға түсуге бара жатып, Балқаштың үстінен өткенде Нұрекемнің бір түймесі түсіп қалыпты десе, суға сүңгіп соны іздеуге бар. Бүйте берсе, әлі-ақ бұлар сәби күнгі сылдырмақты, шүмекті, тұсауын кескен жіпті тауып алулары мүмкін...

 

ҚҰРТТАҒАН АЛМА ЖӘНЕ «ҚАЗСАТ»

 

«Шымкенттіктер мен іші түскен қауын» демекші, біздің оңтүстіктегі ағайын Елбасыға жағынудан алдына жан салмай келеді. Ескерткіш орнатамыз деп есімізді алды, «Елбасы сенің үйіңнен емес, менің үйімнен шәй ішеді!» деп өзара бақталас қылып қырып кете жаздады, экс-күйеу Әлиевтің үрім-бұтағына шейін анықтап «залалсыздандырды», несін айтасыз, енді міне, Елбасы туралы мультфильм түсіріп қалтылдаған кәріден еңбектеген балаға шейін аңыратып отыр.
Аталған мультикке тапсырысты бір кездері Оңтүстік Қазақстанда әкім болған Нұрғали Әшімов берген деседі. Қойылымның қысқаша мазмұны - билік өкілдері адам кейіпінде де, ал қара халық жеміс-жидек, көкөніс, азық-түлік бейнесінде берілген. Яғни, халықаралық олимпиядаға біздің елден құрттаған алма, жуылмаған жұмыртқа секілді ішім-жемдер барады да, химиялық қоспасы жоқ деген желеумен тексеруден мүдірмей өтіп кетеді. Сосын, әрине, спортшыларымыз салмай жүрген жүлдені салып, елге жеңіспен оралады. Арман-ай десеңізші!..
Егер біздің «базар көрген» санамыз өзімізді алдамайтын болса, онда бұл мултьфильмде бір емес, бірнеше қыр, терең мағына бар! Мәселен, қазақстандықтарды ас-ауқатқа теңеуінің өзінде терең ой жатыр. Құрттамақ түгілі, шіріп кетсе де сол баяғы әдетпен пара берсек те адам тұрмақ, жынның алдынан өтіп кетеміз. Бейжіңде өтіп жатқан «Сапа олимпиядасын» жанкүйерлердің жоғалып кеткен «ҚазСат» арқылы тамашалауының өзі не тұрады?! Бәрінен де кереметі, күні ертең мына билік тағынан тайғаннан кейін осы мультфильмді түсірген топ «Біз сол кезде-ақ ақиқатты айта білгенбіз!» деп төсін соғып шыға келмесе, не дейсіз?!.
Мультфильмді түсірген топ бұл күнде біздің өнімімізді қарақшылық жолмен таратып жатқандар пайдаға кенелуде деп дабыл қағуда. Әр минуты миллион теңге тұратын мультфильмнің ұзақтығы 12 минут. «Болашақта осындай мультиктер түсіруге дайынбыз!» деп білегін сыбанып отыр авторлар. Сірә, өздерінің Қазақстандағы ең ақылды аниматор екендіктеріне көздері анық жетсе керек!..

 

ЖЫРТЫЛ ҚАЗАҚ, ЖЫРТЫЛ!..

 

Астананың һәм Ақ патшаның туған күні бас қалада басты айналдыратындай мереке түрінде өтпекші. Бұл күнгі шығынға Астананың қоржынынан «небәрі» 120 миллион теңге шығатын болса, кәсіпкерлеріміз бір миллиардтың үстіндегі қаражатты әлдеқашан аударып үлгеріпті!
Қазақ басқара алмайтын «Қазақмыс» корпорациясы, мысалға, осы күнгі той үшін деп 300 миллион теңгені тастай салса, басшыларын ұстап бере беретін «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы да одан қалыспаған. Енді ше, бұл күні аспаннан бауырсақ жаумаса да, әйтеуір, бір кісілердің көңіл-күйін көкке көтеру керек! Тойға қатысып өнер көрсететін әнші-бишілерде есеп жоқ. Бір ғана әйгілі тенор Пласидо Домингоның концертіне кіру үшін билет құны 70 мыңнан 150 мың теңгеге дейін тұрады. Шетелдіктер ғой, шемішке шағып келіп бір өлең айтады да біздің бір жылғы нәпақамызды қағып кетеді. Ертеңіне елдеріне барған соң «Қазақстан деген дарақы ел» деп ауыздары қисайып отырып сұхбат береді сосын. Неге біз әуелі өзімізді жарылқамаймыз?!.
Тойдан бірер күн бұрын Астанадағы Орталық стадионның ашылу салтанаты өтеді. Оған әйгілі футбол төрешісі Пьер-Луиджи Коллинаны шақырып отырмыз. Әлгі көзі аларған тақырбас төреші ше, соның дәп өзін! Осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен бір кісінің мерейтойына осы Коллинаға 50 мың еуро беріп шақыртқанымызда келмей қойған. Енді дағдарыс қыспаққа алса керек, зейнетке шығып «спортты мүлдем қойдым!» деп отырған адамның антын бұзып, Астанаға әкелгелі отырмыз. Жер тепкен футболшыларымыз үшін болмаса да, жұрт осы Коллинаны көреміз деп келеді. Оның да кіру билеті шарықтайтын-ақ шығар?..

 

БАҚ ПЕН СОР ЖАЙЛЫ 20 ЖЫЛДАН СОҢ СӨЙЛЕСЕЙІК...

 

«Нұрекеңнің 20 жыл бұрын билік басына келгенінің өзі қазақстандықтар үшін шексіз бақыт!» деп салды түнеукүні сенатор Ғани ҚАСЫМОВ. Қайтеді енді, елдің бәрі етекті түріп тастап Елбасыға жалбаңдап жатса?! Ол да бір жерден бірдеңе жеп қалу керек қой!
Бүгінгі таңда Қазақстанды басқаруға лайықты тұлға жоқ деп есептейтін сенатордың көзін шел, бүйрегін май басайын деген екен. Онда баяғыда неге президенттікке тас салып жүр өзі? Дағдарыс пен жанбағыстың арқасында, байқадыңыз ба, талайдың бір жері ашылып, талай ақиқат өз-өзінен жария болып жатқан жоқ па?!.
Бәсе, бұл не сүрлігіс десек, осы күніміз үшін алтыншы шілдеде туған бір кісіге қанымызбен де, жанымызбен де қарыздар екенбіз ғой?!
Сталин жайлы бір анекдот бар. Қатыгез билеушінің қабылдауында шетелдік дипломаттар болғаннан кейін Сталиннің шылым шегетін мүштегі жоғалыпты. Оны табу НКВД қызметкерлеріне жүктеледі. Бірер сағаттан кейін НКВД-дан «Үш дипломаттың екеуі мүштекті ұрлағандарын мойындады, үшіншісін кешке дейін мойындатамыз!» деген ақпар келіп түседі. Сонда Сталин «Әуре болмаңыздар! Мен мүштегімді төсектің астынан тауып алдым!» деп уәж айтыпты. Сол сияқты, бүгінгі жәй-күйіміз де күні ертең анекдотқа айналуға сұранып тұрғандай.
Несі бар, Астананың тойынан кейін де көңіліміз көтеріңкі болсын!..

 

 

«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №25-26 (265-266), 2-шілде, 2009

0 пікір