Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3557 0 пікір 8 Мамыр, 2012 сағат 08:09

Жәди Шәкенұлы: «Бірдің мұңын айтпасақ, мыңның жоғын жоқтай алмаймыз»

 

Жәди Шәкенұлы: «Бірдің мұңын айтпасақ, мыңның жоғын жоқтай алмаймыз»

Жәди Шәкенұлы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, жазушы:

- Жәке, екі жиырманы еңсеріп өтіп, қырықтың бесеуіне де келіп қалыпсыз. Бұл жас,  ақыл айтатын жас шамасы болмаса да, ер жігіттің нағыз бойында қаны тасып тұратын шағы. Осы ретте қалам ұстап, қалың бұқараның қамын жегеніңізге  ширек  ғасырға жуықтады. Онымен бірге, сіз арғы беттен атажұртқа оралып, шеттегі қандастарымыздың қамын жеп жүрген санаулы қаламгерлердің бірісіз. Қазақ «көп өмір сүргеннен емес, көпті көргеннен сұра» деп жатады. Арғы бет пен бергі бетті де көрген жансыз ғой. Осы тұста көңілге түйгеніңізді айта отырсаңыз?

 

Жәди Шәкенұлы: «Бірдің мұңын айтпасақ, мыңның жоғын жоқтай алмаймыз»

Жәди Шәкенұлы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, жазушы:

- Жәке, екі жиырманы еңсеріп өтіп, қырықтың бесеуіне де келіп қалыпсыз. Бұл жас,  ақыл айтатын жас шамасы болмаса да, ер жігіттің нағыз бойында қаны тасып тұратын шағы. Осы ретте қалам ұстап, қалың бұқараның қамын жегеніңізге  ширек  ғасырға жуықтады. Онымен бірге, сіз арғы беттен атажұртқа оралып, шеттегі қандастарымыздың қамын жеп жүрген санаулы қаламгерлердің бірісіз. Қазақ «көп өмір сүргеннен емес, көпті көргеннен сұра» деп жатады. Арғы бет пен бергі бетті де көрген жансыз ғой. Осы тұста көңілге түйгеніңізді айта отырсаңыз?

- Дауылды шақтарда алысқа шығып кеткен жұқа қайық кейде тағдырын тәңірге ғана тапсырады. Шет жұртқа шашылған халықтың тағдыры соған ұқсайды. Жел қайдан тұрады, қандай дәу толқындар оны келіп ұрады. Оның алдында жазиралы жасыл жағалау тұр ма, әлде түпсіз толқындардың ажал араны ашылып тұр ма? Мұның бәрі тәңірдің ең ауыр сынағы. Дегенменде жүрегіне Алланы ұялатқан пенде адалдықты ескек, сенімін серік етіп өмірден күдер үзбейді. Бірақ сондай ауыр тағдырлы жандарды кешкен тауқіметі мен жат жұртта өмір сүргеніне бола қалай кінәлайсың. Және де қан жұтып, қасірет кешкен сондай қандастарыңның саны аз емес, 5 миллион ғой. Менде сол көптің бірімін. Әрі әр күні олардың тағдырына алаңдаумен өмір сүріп жатқандай өгей ойларға көп берілемін. Бұл арғы бетте яғни, Қазақстанға алыстан теліміріп отырған ағайын жайында айтарым.

Ал жалпы қазақ мәселесі және егеменді еліміз туралы сөз болғанда Аллаға шүкіршілік білдіреміз. Еңселі еліміз, тұғырлы отанымыз бар. Атасында көрмеген бақытты күнді ботасында көрген тәлейлі ұрпақпыз. Осы даланы, ел егемендігін қалай аялау, оны ұрпаққа ұлттық ар-ожаданмен табыстау әрине барша қазақ қандының парызы ғой.

- Жәке, Қытай қазақтарының тарихы аз жазылып жүрген жоқ. Дегенмен қазақ қауымы үшін әлі де ондағы бауырларымыздың өткен өмірі туралы тарихи деректер жұтаңдау. Есесіне, халық тарихи-әдеби туындылармен кеңінен, таныс. Қытай қазақтары ХХ ғасырдағы зұлматтың талайын басынан кешірді. Кір жуып, кіндік кескен жерден үдере көшіп, Тибет, Үнді асты. Осы тақырыпқа өзіңіз де қалам тарттыңыз. «Қаралы көш» романыңыз қазақ әдебиетінің алтын қорына құйылған қомақты туынды. Осы көркем дүниені жазуға қалай тәуекел еттіңіз. Сондай-ақ, бұл туындыңыз қаламгерлер тарапынан қалай бағаланды?

- Қазақтың қанды кешулері жайында жазылған шығармалар аз емес. Өкініштісі соның көбі Кеңес одағы дәуірінде жазылды. Империялардың иегінің астында отырып жазған дүниелер ұлттық тақырыпты қанша қаузадық десе де одан жат жұрттың, құлдықтың иісі аңқып тұрады. Алласын «Аллам», алашын «Алашым», тегін «түркімін» деп айта алмаған бір буын көз жасына тұншығып отырып қаламның еркімен емес, заманының екпінімен сөз қозғады. «Жетейін десем жете алмай» дейтін ғашықтар әніндей, жетер көмбесіне төте жолмен емес, бұраң жолдар арқылы жетуді ойлап, көлігін де, көңілін де, оқырманында шаршатты. Кешегі кеңес қаламгерлерінің сол жыртық кебінін бүгін қытайлық қаламгерлер жамап-жасқап жамылып жүр.

Мен «Қаралы көшті» тәуелсіз, еркін санадағы қазақтың, түркі мұсылманының өр рухы арқылы жазғым келді. Және де өзімді туған халықтың текті, қайсарлығын барынша ашу ойында болдым. Егер оқырмандарым осы ойларымның ұшқынын шығармамнан тауып жатса онда мен бақыттымын.

«Қаралы көш» романым жарық көргенен кейін Алматы, Астана қалаларында арнайы тұсау кесері өтті. Кітабымды оқып шыққан Тұрсынбек Кәкішев, Тоқтар Бейісқұлов, Жанат Ахмади, Темірхан Тебегенов, Рахымжан Отарбай, Нағашыбек Қапалбек, Тұрсын Жұртбай, Қаржаубай Сартқожа, Қабидаш Қалиясқар секілді көптеген ғалым, жазушылар өте жоғары баға берді. «Қаралы көш» жайында жазылған дүниелердің өзі бір кітап болды.

Жекелер осылай таныған, қазақ әдебиетіне қосылған олжа ретінде онымен мақтанғысы келетін ұлтжанды ұлдардың жүрек сөзі құлағына жетсе, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер де сәл қарамас деген ойдамын. Дегенменде 2012 жылдың Мемлекеттік тапсырыспен шыққалы тұрған кітаптарының ішінен «Қаралы көштің» өтпей қалуы ұлт әдебиетіне жасалған қиянат емес пе екен деген де ойда туады. Оның бәрінің жауабын уақыт, болашақ айтады.

- Жәке, Оспан батыр туралы да қалам тартып жүрсіз. Соңғы  он жылдықта Оспан батыр халқымен қауышып, Атажұрттта әжептәуір танылып үлгерді. Десек те, Қытай жағы Ошанды әлі де банды деп келеді. Тіпті, ондағы кейбір қандастарымыз да Ошекеңді банды деуден танбай келеді. Бұған не айтасыз?

Оспан ұлт тарихындағы ұлы тұлғаның бірі. Оның төңкеріс жасаған дәуірі қып-қызыл өртің ортасына дүп келді. Солай бола тұрса да онымен Америка басшысы Розвелт, кеңестік қызыл империяның қанды қылышының иесі Сталин, Моңғолия маршалы Чойбалсан, Гоминдаң қытайының қожасы Жаң Кайшы, қызыл қытай төрағасы Мау Зыдұң  секілді бес елдің патшасы санасты. Оның елім, жерім деген ет-жүрегінің әмірімен оның соңынан 6-7 мың қазақ ілесіп жүріп соғыс жүргізді. Тіпті солардың көзі бары өзі, көзі жоғы ұрпағы күні бүгінге дейін Ошыңға шаң жуытпайды. Оспан өз даласын, елін, жерін, дінін, тілін қорғап күресті. Отарлауға ұмтылған қытайдың шапқыншы армисынан ілгерінді-кейінді 50 мың шамалы жау шерігінің көзін құртты. Мұндай ерлік ежелгі қазақ батырларында да аса сирек кездессе керек.

Қазақтың досы да, жауы да қазақ. Оспанға жау болған немесе оны қаралаған адамдар қазақтық қаны жоқ, ұлтына бүйрегі бұрылмайтын безбүйректер ғана. Ұлтын ұлағаттап жанын қиған баһадүр бабасының қадірін білмейтін қара құрсақ жандардан ештеңе күтуге болмайды. Ақшаны ардан қымбат санағандар ұлтын да анасын да оп-оңай сата салады. Ұлтының ертеңіне керекті ұлттық рухтың ту ұстаушыларын да жоққа шығарудан тайынбайды. Ал қытай үкіметіне келсек, өзі атқан адамды өзі ақтамайтыны да, мақтамайтыын да белгілі. Оспан олардың «әкесін өлтірген» тұрса, қалай ұмыта алады. Десе де Оспанның жер қорғаудан қалыптасқан азаттық идеясын отаншылдыққа балайтын ашық ойлы қытай зиялылары да көптеп табылады. Олардың ішінде «Оспан отаншыл адам» деп мақала жазғандар да болған.

- Жәке, Қытай қазақтарының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы да жиі-жиі мәселе көтеріп, баспасөзде көрініп жүрсіз. Ондағы бауырларымыздың әлеуметтік тұрмысы, мәдени хал-ахуалы жөнінде не айтар едіңіз?

Қытайдағы қазақтардың заттық жағдайы жақсы болмағанмен рухани әлемі барынша әлсіреп барады. Кеңестер одағы дәуірінде ұлттық болмысын жоғалтқан қазақтар орыстың құшағына қалай құласа қытайдағы қазақтар да отарлаушы ұлттың телегейіне дәл сондай жұтылу қаупінде тұр. Ол үшін қытай үкіметін кінәлаудың да негізі аз. Қазақ мемлекетінен басқа өзге ұлттың бәрін жарылқаймыз дейтін жалпақшешейлік өзге әлемде күн сайын азайып бара жатыр. Өзін озық, шоқтықты көретін елдердегі басым ұлт қашанда өз басымдылығын көрсетіп, өзге ұлт мектептерінің бәрін жауып, өз тілінде ғана білім беріп келеді. Қытай мемлекеті де сол үрдіспен өз өктемдігін көрсетіп, ұсақ ұлттарды ерікті жіне еріксіз түрде өзіне бас идірсе, тілін үйренуге мәжбүрлесе оған таңғалудың еш реті жоқ.

Қытай түгілі «өзімізді еркелетті» деп моңғол ұлтына құрмет етіп келген монғолия қазақтары да сондай ауыр сынаққа дөп келді. Моңғол мемлекеті де бұдан кейін мемлекеттік оқу жүйесін бір ғана - моңғол тілінде жүргізеді. Және де оқулықтары да бір тұтас жарық көретін болып жатыр.

Еуропадағы қазақтар болса, өздері жасаған ортаның телегейінде малтығып, көздері анда-мұнда әзер жылтырайды.

Бірдің мұңын айтпасақ, мыңның жоғын қалай жоқтаймыз. Қытай қазақтары сөз болғанда әрине әлемде тарыдай шашылған қазақтар тағдыры да жан қинайды. Ендігі олардың үміті, жан ашыры, Алладан кейінгі сенері жалғыз Қазақстан. Олар отанының көк туына қарап: «құтқарсаң құтқардың, құтқармасаң өлемін» деген ауыр күйде отыр. Оларды түп қотарып көшіріп әкелмеген күннің өзінде рухани, мәдени байланыстарды күн сайын тереңдетіп, табиғи ассмилациясын барынша тежеу керек. Сонда ғана қара шаңырақ атанған қазақ елі тарих алдындағы өз міндетін адалдықпен атқарған болады.

- Жұрттың бәрі көш тоқырады деген пікірді айтып жүр. Бұған не себеп болып отыр?

- Көші-қон төңірегіндегі құзыретті органдардың қырық рет құбылғанына қарап, біздегі көші-қон үрдісінң әлі де ретке түсе алмай келе жатқанын байқаймыз. Сыртқы көші-қонды қойып, ішкі көші-қон мәселелерінде де ішекше шұбатылған ішкі түйіншектер  аз емес. Бұл өзі ауы мен дауы көп, «пайдасынан шығын көп» дегендей іс болғандықтан көп адамның тісі батпайды. Президентке немесе үкіметке жалтақтап жұмыс істеушілер бұл істің жеңісі мен жемісі болса өзіне жазып, аяғы ақсаған кемістігі көрінсе оны оралманның өзіне итере салатын «жақсы әдіс» тауып алды. Сондықтан да оралман мен билік арасындағы түсінбеушіліктен олардың көшіне алаңдаушылардан көрі көңіліне сызат салатын қаңқуға барушылар көбейді.

Қазақстанды бағып отырған шеттегі 5 миллион қазақ теледидарға телміріп ертеңгі аурайын аңдып отырған малшы мен егінші сияқты. Олар «ауарайы мәліметінен» сәл қалыпсыздық байқалса болды, атының басын іркеді. Әсіресе кешегі қан кешкен батыр бабалар рухына шөлдей бастаған «жаңа буданның» қатты жел мен ызғардан үркетіндігіне таңдануға болмас.

Қазір Қазақстандағы қазақтың жан санақтық пайызының өсуіне байланысты алыстағы ағайынды аса керексініп кетпейтін де идея қалыптасты. Осындай өлара шақтан өз ұпайын іздеген кейбір мансаптылар халықты «жерлік», «оралман» деп екі жікке бөлуден қалса, оралманның өз ішіне де ірткі тастап іштен іріту саясатын жүргізіп отыр. Төменде халық пен халық қырқысса жоғарыдағылар алаңсыз ойын көріп, отты көсеп қояды. Сөйтіп ішкі бірлігінен айрылған халықты іріту оңай болады. Іріген сүт не айранға қосылып божыма болады, не итаяққа құйылып, күшіктердің еншісіне бұйырады.

Жоғарыдағы көп түрлі себеп, жүйеден көңілдегі көктемнің азаюы қазақ көшінің қаңтарылуына себеп болып отыр.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Мұхан Исахан

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404