Мәлімдеме: Ресеймен интеграциядан бас тартуды талап етеміз!
Қазақстан азаматтарына!
Қазақстан Республикасының Президентіне,Үкіметіне және Парламентіне
МӘЛІМДЕМЕ
Соңғы айлары Жаңаөзен оқиғасынан басқа қоғам назарын аударатын маңызды мәселелерер қатары көбейіп келеді. Бұл үндеуде біз Евразиялық одақ мәселесін көтереміз.
Қоғам наразылығына қарамастан Ресей Федерациясымен арадағы мемлекеттік интергация процесі жедел қарқынмен жүріп жатыр. 2010 жылы еліміз экономикалық жағынан тиімсіз Кедендік одаққа енді, ал 2015 жылдан бастап Еуразиялық одақ құрылмақ.
Қазақстан азаматтарына!
Қазақстан Республикасының Президентіне,Үкіметіне және Парламентіне
МӘЛІМДЕМЕ
Соңғы айлары Жаңаөзен оқиғасынан басқа қоғам назарын аударатын маңызды мәселелерер қатары көбейіп келеді. Бұл үндеуде біз Евразиялық одақ мәселесін көтереміз.
Қоғам наразылығына қарамастан Ресей Федерациясымен арадағы мемлекеттік интергация процесі жедел қарқынмен жүріп жатыр. 2010 жылы еліміз экономикалық жағынан тиімсіз Кедендік одаққа енді, ал 2015 жылдан бастап Еуразиялық одақ құрылмақ.
Еуразиялық одақ деген не? Егер бұл федерация болатын болса, онда Қазақстан халықаралық қарым - қатынас пен құқықтық дербес субъектісі ретінде өмір сүруін тоқтатады. Әзірге оның жоғары ұлттық органдары болатыны анық айтылды. Бірақ, осының өзі егемендікке нұқсан келтіру, тәуелсіздікті тәрік ету. Еуроодақтағыдай ортақ президент, парламент және Еуразиялық одақтың валютасы пайда болуын да жоққа шығаруға болмайды. Себебі, осы күнге дейін интеграцияның соңғы аялдамасы жария болмады. Мұның қашан тоқтайтынын және немен тынатынын ашып айтқан ешкім жоқ. Біз қазақ тілінің тағдыры мен ұлттық мемлекеттің болашағын талқылап жүргенде Ресейге қосылып кетіп, бүкіл тірлігіміздің сонымен бітуі ғажап емес.
Кедендік одаққа кіргелі өз бетімізше жүргізетін дербес сыртқы сауда саясатынан айырылдық. Енді, оны Мәскеуде орналасқан Кедендік одақтың комиссиясы қалыптастырып жатыр. Енді, бірыңғай экономикалық кеңістік біздің ішкі экономикалық саясатты реттемек. Еуразиялық одақ бізді саяси тәуелсіздіктен айыра ма деп алаңдаймыз.
Мейлі Кедендік, я болмаса Еуразиялық одақ болсын, кез келген одақтың басты мәні - республикадағы өкілеттіліктің орталыққа берілуі, жоғары ұлттық органдардың құрылуы. Енді, Кедендік одақтың комиссиясы да жаңадан құрылмақ. Бұдан былай Комиссияға үш мемлекеттің әрқайсысынан үш өкілден енбек. Бірақ бұлар шешімді ұлттық үкіметінің нұсқауларынан тәуелсіз, өз бетінше қабылдайды. Алайда олардың экономикалық шешімдері республикаларда міндетті болмақ. Осының өзі одақтық үкімет емей, немене? Оның үстіне Қазақстан шекараларында енді ресейлік кеденшілер де тұратынын айта кету керек. Сондай-ақ, визалық шекаралық бақылау да Кедендік одақтың сыртқы шекараларында іске асырылмақ. Демек, таяуда өз шекараларымыздан ресейлік шекарашыларды көреміз деген сөз. Міне, ел үкіметі осындай шешімдерге қол қойып жатыр!
Біз Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы интеграциясы ұлттық экономикалық мүддемізге қарама- қайшы, бізге залалын тигізер деңгейде іске асып жатқанын мәлімдейміз. Бір жарым жылдан бері жұмыс істеп жатқан Кедендік одақтан Қазақстан не ұтқанын қарастыралық. Біріншіден, Қазақстанның ішіндегі бағалар айтарлықтай өсті. Өйткені, қазір біздің шекарада Бірыңғай кедендік тариф қолданылуда. Ал, оның тоқсан екі пайызы Ресейдің кедендік кодексіне сай әрі ол ресейлік өндірушілердің құқын қорғайды.
Біздің отандық тауарға Ресей мен Беларусь нарықтары айқара есік ашатынын, 153 миллион адам қосымша нарыққа қол жеткізетінімізді айтқан-ды. Алайда, біз үшін бұл нарықтар бұған дейін де жабық болған жоқ қой. Кедендік одақ құрылғанға дейін де нөлдік кедендік ставка қолданылды, елдер арасындағы сауда айналымына ештеңе кедергі келтірмеді.
Сөйте тұра, Ресей мен Беларуське шикізаттан басқа экспорттайтын тауарымыз жоқ. Ресейге ағылатын экспорт көлемінің 75 пайызы тек қана екі тауар түріне тиесілі: оның 56 пайызы - минералды шикізат: бұл мұнай мен Жамбыл облысының минералды тыңайтқыштары, қалған 19 пайыз - металдар мен одан жасалатын өнімдер. Экспорттың осы түрі бойынша Кедендік одақсыз-ақ қажетті сертификатқа қол жеткізіп, емін-еркін сауда жасайтынбыз. Яғни, бұған дейін де 170 миллион адамнан тұратын нарыққа жол ашық болған.
Сол сияқты Ресейден ағылатын импортқа да ештеңе кедергі келтірмейтін. Бірақ Қазақстанға келетін Ресей импортының құрылымында минералды өнімдер 37 пайыз болса, мәшине, құрал-жабдық пен көлік құрылғылары 21 пайызға жетеді, бұдан бөлек азық-түлік тауарлары мен ауылшаруашылық шикізатын тасимыз.
Бізге Ресеймен арадағы тиімсіз интеграция процесін ақтау үшін үнемі Еуропа одағының мысалын алға тартады. Біздіңше, бұл мүлде салыстыруға келмейтін екі бөлек дүние. Еуропада экономикалық интеграцияның арты саяси интеграцияға ұласқаны рас. Қазір Еуропаның ортақ Еуропарламенті, еуропалық үкіметтің нұсқасы - Еурокомиссиясы, ортақ туы, ортақ Конституциясы бар. Еуропаның президенті жұмыс істейді. Олар ортақ христиан құндылықтарының негізінде бірігіп жатқанын жасырмайды.
Алайда, Еуропалық одақта 27 мемлекет бар. Оның ішіндегі ең ірілері - Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия. Демографиялық жағынан ірілері - Испания мен Польша. Басқаша айтсақ, бұл абсолютті үстемі жоқ, қарсы салмақтылар. Сөйте тұра, орта және шағын елдер бір ел үстемдігінің ықпалына түсіп қаламыз деп қорықпайды. Ал, бізде Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікте Ресей экономикасы Қазақстаннан он есе, ал Беларусьтан отыз төрт есе үлкен. Мұндай жағдайда қайдағы теңқұқылы мүдделер балансы туралы сөз қозғауға болады?! Әсіресе, ресейлік саясаткерлердің ашық империялық пиғылын ескерсек! Олар да, біз де осыдан жиырма жыл бұрын ғана ресейлік колония болғанымызды ұмытқан жоқпыз.
Қазақстан қайта колонияға айналуы мүмкін! Себебі экономикалық тұрғыдан базбіреудің жеміне айналып отырмыз, бізді оңды-солды пайдаланып жатыр. Баға неліктен өсті? Ресей өндірушілерінің мүддесі үшін сыртқы әлемнен алшақтап, ресейлік жоғары баж салығына мойынсұндық. Ал, ол ұлттық кедендік кодекстегі салықтардан 2-3, немесе одан да көп есе жоғары. Егемендік құзырымызды да біртіндеп Мәскеуге беріп жатырмыз. Тәуелсіздіктің 21 жылдығын осылайша қарсы алмақпыз!
Ресей Еуразиялық интеграцияның үстем елі ретінде өзінің жеке экономикалық мүддесін біржақты қорғап қалудың әдіс айласын қашанда да тауып отырмақ. Кедендік одаққа мүше болғалы бергі бір жарым жылдық тәжірибе осыны айқын дәлелдейді.
Мәселен, Ресей Федерациясы қолдан жасалған жасанды кедергілер арқылы қазақстандық алкоголь мен ет өнімдерінің Ресейге экспортын шектеп отыр. Санитарлық талапқа сай емес ет бір ғана Павлодар облысынан анықталса да, Қазақстанның он бір облысынан Ресейге экспортталатын етке тыйым салынды. Ал, біздің алькогольдік өнім ресейлік нарыққа жету үшін Ресей тұтынушылық бақылауының қайсыбір тізіміне ену керек. Оның өзінде бұл өнім арнайы көлікте тасымалдануы қажет. Алайда мұндай кедергілер Кедендік одақта болмауы тиіс болатын.
Осы тәрізді Ресей екі ел де бір жарым жылдан бері ортақ кедендік аумақта болғанына қарамастан, әлі күнге дейін Беларуське тасымалданатын мұнайға салынатын экспорттық баж салығын жоймады.
Біз бәсекеге қабілетті аздаған саланың өзінен Ресей қандай да бір тетіктер тауып, отандық тауардың экспортын шектеп, тұсау салып жатыр. Алдағы уақытта да үнемі осылай бола бермек. Себебі кез келген алпауыт ел ең алдымен өз мүддесін қорғайды.
Енді бір жарым жыл бойы Кедендік одаққа мүшеліктен байыз таппаған соң, жанталасып Бірыңғай экономикалық кеңістікке енгелі тұрмыз. Кедендік одақта дербес сыртқы сауда саясатынан айырылсақ, бірыңғай экономикалық кеңістікте дербес ішкі экономикалық саясаттан айырылмақпыз.
Бірыңғай экономикалық кеңістік деген не? Бұл мемлекеттік қаржы саясатын жасақтаудың ортақ ережесі болады деген сөз. Яғни, мемлекеттік бюджет тапшылығы, инфляция деңгейі, мұнайдың болжамды бағасының деңгейі, басқа да негізгі экспорт өнімдері, энергетикалық, теміржол, газ, өзге де тарифтер деңгейі ортақ ереже бойынша жасақталады. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау әдістері мен ауыл шаруашылығын субсидиялау, монополияға қарсы саясатты реттеудің тәсілдері, тіпті, сот тәрізді жаңа жоғарғы ұлттық органдарды қалыптастыру да ортақ дүниеге айналмақ. Мұның барлығы Қазақстанның экономикалық дербестігінен айырылуына әкеп соқтырады. Сөйтіп, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оны әртараптандыратын тетіктер азаяды.
Интеграция - бұл әртүрлі бөліктердің бір бүтінге айналу процесі. Міне, егер Ресеймен арадағы интеграция процесін доғармаса, біз Ресеймен ортақ мемлекетке айналамыз. Тәуелсіздік - бұл кез келген ұлт, кез келген елдің жойылып кетпей, аман қалуының жалғыз жолы. Ал, саяси тәуелсіздік ең алдымен экономикалық егемендікке, бәсекеге қабілетті, әртараптандырылған мықты экономикаға негізделеді. Әлемдегі ірі не шағын елдердің ешқайсысы да өзінің тәуелсіз экономикалық өкілеттіліктерін өз еркімен өзге елдің уысына ұстатпайды.
Біз неге көрші елдердің бірімен, кешегі отарлаушымызбен ықпалдасып жатырмыз? Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруді тежеуіміздің сыры неде? Біздіңше, ДСҰ-ға кіру ұлттық экономикалық мүддемізге қарама-қайшы емес, толығымен сай келеді. Бірақ, ДСҰ-ға ресейлік мүдде негізінде емес, қазақ мүддесін ескере отырып енуіміз керек. Бүгінде бұл ұйымға 153 мемлекет, яғни, бүкіл әлем елдерінің барлығы дерлік мүше. Бұл ұйымда Қазақстан экономикасынан да, демографиясынан да анағұрлым кіші мемелекеттер бар. ДСҰ - бұл еркін сауданың әлемдік аймағы. Онда экономика дамуының бірден-бір кепілі саналатын еркін сауда қозғалысына кедергі келтіретін тарифтік немесе тарифтік емес тосқауылдар жоқ. Ұлттық өндірушінің табыстылығын, тиімділігі мен сапасын арттыратын, бағаны төмендетіп, ақыр аяғы бәсекеге қабілетті ететін жалғыз жол - бәсекелестік.
Қазақстан ДСҰ-ға мүше болса, өз өнімін әлемнің кез келген түкпіріне тасымалдай алатын болады. Бірақ, біз ДСҰ-ға Кедендік одақ принциптерінің негізінде, яғни, Ресейдің экономикалық мүддесі негізінде енетін болсақ, оңбай ұтыларымыз анық.
Ресей Федерациясының құрамына енуді ақтап алу үшін қайсыбіреулер Қытайды аждаһа етіп көрсетіп, бізді қорқытып жүр. Біз мұны популистік айла деп бағалаймыз. Қытай - саудагер. Ол еліміз ашықтан-ашық саудалап жатқан байлықты сатып алып жатыр. Одан өзге алпауыт көршіге қосылу арқылы құтыламыз деу - ақымақтық. Бұл суға батып өлгеннен гөрі өртке оранып өлгеніміз дұрыс дегендей нәрсе. Тіпті, халқының саны екі миллионға жетер-жетпес Моңғолияның өзі Ресей мен Қытайдың ортасында орналасса да, біз үшін егеменділікті сақтап өмір сүрудің айқын мысалы бола алады.
Ресей империясының, артынша Кеңес одағының құрамында өмір сүру қазақтарды ашаршылық пен қуғын-сүргінге ұшыратқанын, ұлтымыздың тең жарымы қырылғанын естен шығармайық. Халқымыздың патриоттарын, ұлттық интеллигенцияны «ұлтшыл» деп айыптап, ГУЛАГ-та қырып-жойғанын ұмытпайық. Ал, қолымыз жеткен, бізді ұшпаққа шығарған дүние қайсы? Қазір шикізатты сыртқа сатуға ғана бейімделген біржақты экономикаға, уланған экологияға қол жеткіздік. Ал, ядролық сынақтардың зардаптарын әлі күнге дейін тартып жатырмыз. Бұл әсіресе жас аналар мен жаңа туған сәбилерге кесірін тигізуде. Біздің жеріміздің орасан бөліктерін Ресей әлі күнге дейін әскери полигондарына айналдырып, емін-еркін пайдаланып жатыр. Мұны да доғаратын кез жетті!
Бұғауда болған жылдары өз мәдениетімізді, рухымызды, туған қазақ тілімізден айырылып қала жаздағанымыз жасырын емес. Ұлттық тілдің халық өмірінде алатын орнын, мәнін асыра бағалау қиын.
Қазақстан мен Ресейдің әріптестігін, сауда-саттығын, ортақ жобаларын, екіжақты инвестицияларын құптайтынымызға ерекше мән бергіміз келеді. Ірі алпауыт мемлекетпен көрші болған соң, бұлай болмау мүмкін де емес. Алайда, біз Ресей Федерациясымен арадағы интеграцияға түбегейлі қарсымыз. Өйткені бұл Ресеймен бір мемлекет құру деген сөз. Кезінде Ресеймен бір мемлекет болдық. Соның нәтижесінде мәдениетімізді, тілімізді, ұлттық сана-сезімімізді, тіпті өзімізді өзіміз жоғалтып ала жаздадық.
Ресей Федерациясымен арадағы интеграция процесі мемлекетіміз негізделіп құрылған принциптерді өзгертеді. 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Декларацияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасы - тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізеді», - делінген.
11-бапта: «Қазақстан Респубикасының тәуелсіз мемлекет мәртебесіне сай келетін және меншіктің алуан түрлілігіне, барлық формаларының теңдігіне негізделетін дербес экономикалық жүйесі бар», - деп анық жазылған.
12-бап. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ұлттық банкісі бар, ол өзінің қаржы-кредит, ақша жүйелерін жасауға қақылы, республикалық салық және кеден жүйесін ұйымдастырады».
14-бап. «Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық қызмет мәселелерін дербес шешеді».
15-бап. «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін қорғау және ұлттық мемлекеттігін нығайту жөнінде шаралар қолданады. Республиканың ажырағысыз құқы болып табылатын мәселелерді шешуге араласудың қандайы болса да оның мемлекеттік тәуелсіздігіне қол сұғушылық деп бағаланады».
Осы орайда барлық лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының тәуелсіздік туралы декларациясының негізгі баптарын мүлтіксіз сақтауды тиіс! Біз еліміздің тәуелсіздігін, мемлекеттілігін сақтап, Ресеймен интеграциядан бас тартуды талап етеміз!
Мұхтар Тайжан
Касым Аманжолұлы
Мұхит Асанбаев
Серік Белгібаев
Расул Жұмалы
Жанболат Мамай
Серікжан Мәмбеталин
Талғат Мамыраимов
Асқар Нұрша
Айдос Сарым