Жұма, 29 Наурыз 2024
Кәсіпкерлер наразылығы: 6523 5 пікір 9 Маусым, 2021 сағат 15:30

Зейнеткер әкім Даниал Ахметов отставкаға кете ме?..

Семей мен Өскемендегі кәсіпкерлер Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың отставкасын талап етіп жатыр екен. Бұл туралы «31 арна» хабарлады.

Жуырда аймақтың әр жерінен жиналған кәсіпкерлер өңір басшылығының іс-әрекеттерінен зардап шеккендерін айтып, баспасөз жиынын өткізіпті. Олар негізінен тендер ойнатудағы заңсыздықтар жайлы сөз етіп, тендер ойнату кезінде Ахметов әкімдігі өздеріне жақын адамдардың пайда-мүддесін қорғап шығатынын айтыпты.

«Біз ШҚО әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің лауазымын босату туралы мәселені қарастыруды сұраймыз. Ол мемлекеттік биліктің абыройына айтарлықтай нұқсан келтіруде. Біз өз шындығымызға сенімдіміз және алдағы уақытта өзіміздің азаматтық ұстанымызды сақтап қаламыз», – дейді «Металлист» ЖШС-ның жетекшісі Серік Айдос.

Бұған қоса, наразы кәсіпкерлер пандемия кезінде әкімдік тек бір мердігерден қажетті заттар сатып алғанын алға тартады. Сөздерінше, бұл жерде де іс таза емес. Дегенмен, әкімдік өкілдері мұның барлығын жоққа шығарып, айғақпен дәлелдеуді сұрады.

«Айтылған дүниелердің барлығы да құр сөз, ешқандай дәлел келтірілген жоқ. Менің ойымша, айыптаулардың ақ-қарасын заңгерлер анықтауы қажет. Бекерге әуре болып, сөз құртудың қажеті жоқ», – деді ШҚО әкімінің кеңесшісі Ермак Салимов.

;list=PLn2OyECVOtB_x5s5odgaCUy_YSCzRKTVF&index=12

АХМЕТОВТЫҢ ҚЫЗМЕТТІК КАРЬЕРАСЫ ҚАЛАЙ ӨСТІ?

Айта кетейік, Даниал Кенжетайұлы Ахметов қазір 66 жаста. Ол 2014 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысының әкімі. Оннан аса орден-медальдермен марапатталған Даниал Кенжетайұлының қызметіне қатысты ел пікірі екіұшты.

Даниял Ахметов тәуелсіздік алғалы бері саяси элитаның бел ортасында жүрген айтулы тұлға.  Бір кездері Үкіметтің тізгінін ұстап та көрген. Артынша Қорғаныс министрі болып жүріп, саясаттан бірнеше жылға шеттетілгені ел есінде.

Қазақстанның саяси элитасының ішіндегі «жартылай жұмбақ адам» атанып кеткен Ахметовтың қызметтік карьерасы тоқтаусыз өсті, рас. Оның бағын ашқан Екібастұздың көмірі еді. Олай дейтініміз, Даниал Кенжетайұлы ескі одақта апалаң-топалаң басталып, мемлекеттің мүлкі талан-таражға түсіп жатқан шақ – 1992-1993 жылдары Екібастұз басшылығына келіп жайғасты.  Қолында билігі бар жан үшін қор жинап, қомданып қалудың тапсырмас сәті де сол шақ еді. Даниал Ахметов бір жылдың ішінде Павлодар облысының әкімі болды. «Дәл осы қызметте жүргенде Даниал Ахметов еврейлермен етене араласып, Александр Машкеевичтің «майлыкөйлек» досына айналды», дейді сарапшылар.

Олай деп топшылауға себеп те жоқ емес. Осы кезеңнен бастап Даниал Кенжетайұлының саяси карьерасы ұдайы өсіп отырған сияқты. Солтүстік өңірдің екі облысын басқарды, Үкіметтің екі тізгін, бір шылбырын да қолға алды.

Ахметовты нақақ айыптап, аттан аударып түсіру мақсатымыз емес, десе де сол кісі осы қызметтерде жүргенде елінің игілігі үшін не істеді дегенде бәріміз күмілжіп қаламыз. Өйткені ойға оралатын, еске түсіретін ештеңе жоқ секілді. Тек «жас түркілерге» қарсы майданда «жарқылдап» көзге түскені ғана есімізде.

Даниал Ахметовтың және бір қызметі Қорғаныс министрі. Ахметов Қазақстанда әскери шені жоқ алғашқы қорғаныс министрі болды. Ол бұл қызметке 2007 жылы қаңтарда премьер-министр қызметінен босатылғаннан кейін тағайындалған еді.

Ол келген соң бұрыннан басы даудан арылмаған қорғаныс саласы былыққа белшеден батып, әскерде тәртіп әлсіреді. Оның басты себебін жоғарыда айттық. Ахметов әскери қызметке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын саланың маманы еді.

Даниал Кенжетайұлы бұл креслода көп бөгеле қойған жоқ, екі жыл. Оның қызметіннен алынуының басты себебі – аталған салада жемқорлық гүлденіп сала берді. Әскерилер «бармақ басты, көз қыстыны» әдетке айналдырғаны соншама, түйені түгімен, биені бүгімен жұтты. Әрине, айғай-шудың арты осы іске қатысы бар лауазымды шенеуніктерді тұтқындауға жалғасты. Ахметовты емес, әрине. Дегенмен, өз еркімен қызметінен кетті. Жай кеткен жоқ, мая шөпке түскен инедей ізім-ғайым «жоқ» болды. Ешбір саяси жиындардан, мінберлерден бой көрсеткен жоқ. Саяси сарапшылар «оның бұрынғы беделі жоқ, әупіріммен тұтқыннан аман қалды, саяси карьерасына балта шабылды, жүні жығылды», - деген ауандағы әртүрлі болжамдар айтып жатты.

Ал 2010 жылы Ахметов Владимир Ни дейтін кәріс кәсіпкердің жерлігінде жүрген жерінен көзге ілікті. Онан соң, іле-шала Ахметовтың экологиялық энергетика саласы бойынша компания басшығына жайғасқанын БАҚ жазды. Ал 2011 жылы оны Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым саласы бойынша мүшелігіне тағайындағаны туралы ақпарат шықты. Тіпті, бір жылдары «қызметтік карьерасындағы құлдырауды «көтере алмаған» Ахметов өз-өзіне қол жұмсамақ» деген де ақпарат ел ішінден қызу талқы болған. Абырой болғанда бұл дақпырт болып шықты.

Сөйтіп, 2014 жылы Даниал Кенжетайұлы Шығыс Қазақстан облысының әкімі дейтін дәу лауазымға тағайындалды. Содан бері Ахметов Шығыста жүр.

2017 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Даниал Ахметовтың зейнет жасына толуына байланысты арнайы Жарлық шығарып, Ахметовке 2022 жылға дейіен жұмыс істеуге рұқсат берген.

Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын (2017 жыл) Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметов 145 млн. доллар дәулетімен Forbes.kz сайты түзіп шыққан қазақстандық қалталы 50 бизнесменнің қатарына қосылған. Бұл да қазақ қоғамында әжептәуір талқы болған.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565