Бейсенбі, 24 Маусым 2021
3154 2 пікір 10 Маусым, 2021 сағат 19:20

Қымбатшылық қысқан Қазақстан

Қазақстанда азық-түлік бағасы тағы аспандап кетті. Халықты қымбатшылық қысып тұр. Мысалы ресми мәлімет бойынша 2020 жылдан бері сұйық май - 33,7%, қант - 32,8%, дәнді-дақылдар - 28,7%, картоп - 16,8%, жемістер - 14,9%, макарон өнімдері - 14,7%, жұмыртқа – 10% өскен. Бұл ресми мәлімет, ал бейресми мәлімет бойынша бағаның өсімі кей жерде бірге бір, ал кей жерде тіпті екі есеге дейін жеткен. 

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қымбатшылық туралы: "Ағымдағы жылдың бес айында тауар бағасының өсуі бойынша Түркістан облысында жоғары болып отыр. Онда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы  — 9,4 пайызға өскен, Нұр Сұлтан қаласында — 8,5 пайыз, Алматыда — 6 пайыз. Баға өсімі аз өңірлер ретінде БҚО — 5,7 пайыз,  Ақмола обласы — 5,6 пайыз, Қарағанды облысы — 5,2 пайыз болып тұр", - дейді.

Бұл пайыздар тек пайыз күніндегі құрғақ статистика іспеттес. Себебі кей өңірде картоптың келісі 500 теңгеден, ал Семейде сәбіз бағасы келісіне 550 теңгеге дейін жеткен. Бұны сарапшылар көкөніс қорының қоймада азаюымен және оңтүстік диқандарының бағаны өсіріп жіберуімен байланысты дейді. Бағаны көтерудің басты себебі жанармай бағасының күрт өсуінен дейді диқандар. Себебі тасымалдау құны артып кеткен.

Ал министрдің мәліметінше картоп бағасының өсіп кетуіне жергілікті әкімдіктер кінәлі. Олар ішкі нарықты қамтамасыз етпей, картоптың басым бөлігін сыртқа саудалап жіберген. Сондықтан ішкі нарықта тапшылық пайда болған. Бұл басқа да көкөніс түрлеріне байланысты.

Қымбатшылық басқа да салада асқақтап тұр. Мысалы Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларында бастапқы тұрғын үй бағасы 8%-ға, екінші қайталама тұрғын үй бағасы 13%-ға өскен. Отандық құрылыс материалдары бағасының өсімі биылғы қаңтар-сәуірде 16% құраған. Құрылыс материалдары да қымбаттап кеткен.

ҮКімет бағаны тұрақтандыру үшін 50 млрд теңге қаржы бөлмек. Алайда бұл себеппен емес, салдарымен күрес екенін ескерсек, ұзақ уақытқа тиісті нәтиже беруі екіталай.

Abai.kz

2 пікір