Сенбі, 23 Қараша 2024
Жөн-ақ 3877 12 пікір 15 Маусым, 2021 сағат 10:08

Қазақтану негізінде ұлттық педагогика жасалуы керек

Ұлтты сақтап қалу үшін кешегі қиын заманда қызыл үкімтке бастарын берген Алаш көсемдері,   ұлт зиялылары не істеді, не жазды, бүгінгі зиялылар бейбіт күнде не жазып, не істеп жүр?..  

«КТК», «31» телеарналарын жаңалық көруге ашсаң, біздің қоғамның күннен-күнге іріп-шіріп бара жатқанын көріп, көкірегің қарыс айырылады. Көреуге жаның шыдамайды.

Кешегі жеті жарғыны жасаған Тәуке хан орыс пен жоңғар қысып тұрса да айналасына жалтақтамай, бір Аллаға тәуекел деп, іс бастап, Құран мен Пайғамбар жолын мықты ұстап, әдет-салтты ұмытпай, қазақтың ішкі жағдайына, жан әлеміне, рухани болмысына, дәстүр құндылықтарына негіздей заң жазды емес пе?.. Біз олардан сауаттымыз, мықтымыз деп, ұрандаймыз. Біз өзімізді-өзіміз қарап тұрып, құрдымға жіберетін харекетті жасап жатқан жоқпыз ба?

Біз қазақтар өзімізден адасып қалғанымызға ғасырдан асты, қызыл үкіметтің «дін апиын, дін жоқ, шайтан жоқ» деген сөзіне алданып, өткенге тас атып, ата-бабаларымыздың бетіне топырақ шаштық. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақтың діни-ағартушылары Абай Құнабайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жсіп Көпеев, Ғұмар Қараш, Шәді Жәңгіров, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Нұржан Наушабаев, Тұрмағмбет Ізтілеуов, Ақмола Мұхаммедияров, Әбубәкір Кердері, Мақаш Қалтаев,  Нұржан Надшабаев, Мұсабек Байзақұлы, Әріп Тәңірбергенов,  Иманжүсіп  Құтпанұлы өз шығармаларында мұсылмандық мәдениет пен әдебиеттің негізін қалыптастырды. Онда Жаратушы мен адам қарым-қатынасы, дүниенің жаратылуы, мұсылмандық әдеп пен ахлақ мәселелерін көтерді. (Б.Қ Бейсенов. Қазақ ойшылдары дін туралы: оқу-құралы-Алматы, 2012.-192б 161бет). Алайда біздер аталмыш зиялылардың Ұлы Жаратушының атын алып тастаған шығармаларын оқып, мықтап адастық.

Тәуелсіз 30 жылда қазақ тіпті, көрінгеннің қаңсығына таңсық болып, тарам-тарам топқа бөлінді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аналар ала қап арқалап, нан іздеп базарға кетті, үйдегі бала қараусыз, тәрбиесіз қалды, отбасы институты түбірінен жойылды. Сол кездегі балалар бүгінде өздері отана, отағасы... Сол ұрпақ бүгінде билікке келе бастады, келіп жатыр... (Ескі таныс апайыммен көшеде кездесіп қалып,  хал-жағдайын сұрадым. Несін сұрайсың, қазіргі жастардың қол астында, жанында бірге жұмыс істеу қиын болып кетті, амал жоқ жүрміз, тез зейнетке шықсақ-қой деп, күмілжіді...ащы шындық).

Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы. Мектептер әлі күнге тәрбиесіз. Әдеп-иба (ұят) пәні және дін мен дәстүрді негіз еткен қазақтану пәнін оқытуды қолға алатын уақыт әлде қашан жетті. Біз баяғы жұртта отырып алып, маймылдан өзгерген адамды іздеп жүрміз. Бүгінде адам маймылға айналып кеткен жоқ па?!

30  жылда әлі күнге бізде мойындалған оқыту жүйесі жоқ. Бір ізді ұлттық тәрбие балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында тіпті, барлық қоғамда жоқ. Балапан басына тұрымтай тұсына, әр кім өз алдына қалған оқулықпен сабақ жүргізеді. Білім беруде ең әуелі өзгермейтін ел бойынша бір тұтас оқулық болу керек, бұл аксиома, (тек әр 3 жылда саясат пәнін өзгертсе болды).

Біз әуелі адам тәрбиелеп отырмыз, сосын маман, ғалым екінші шаруа. Елдің бәрі ғалым болмайды, алайда қоғамға пайдалы жақсы жұмыскер, жақсы жүргізуші, жақсы әке, жақсы ана, жақсы күзетші, жақсы арбакеш шығады емес пе?..

Не бір ізді ұлттық тәрбиесі жоқ, не біртұтас оқулығы жоқ, не мойындалған базалық оқыту жүйесі жоқ мемлекет әлемде осы жалғыз бір шығармыз-ау. Мектеп директоры мен декан, зафкафедралардың мұғалімді өзі алатын жаман үрдісті тоқтатын да кез жетті. Облыстық білім басқармасы біртұтас дипломға қарап, маман білмін байқап, бетпе-бет сөйлесіп, жұмысқа бөлу үрдісін жасап, бұйрықпен жіберсе, сонда ғана мұғалімде сапа қалыптасады. Біз бұның бәрін директор мен декан, зафкафедраға беріп, қолдан жемқорлыққа жол ашып отырмыз.

Ауылда кешегі сауыншы әйел бүгін еден жуғыш, ертең мұғалім.  Одан оқыған оқушыда не үміт, не қайыр?.. Міне, осындай қоғамды өзіміз қолдан жасап, енді қоғамымыздағы түрлі жамандықты аспаннан түскендей байбалам саламыз.

Өзі іріп-шіріп біткен, ешқандай ішкі руханияты қалмаған, отбасы тәрбиесі жоқ, сырты жылтыраған, іші қалтыраған, еркек еркекке артылған, әйел әйелге секірген, жалаңаштықта жарысқан, қатыны мен баласы отағасын «сақшыға берем» деп қорқатын, қылмыс жасауға итермелейтін, жазықтыны жанын салып қорғайтын, нәпсілерін жақтайтын «шимақтарын» заң деп, жазып алған қауымға еліктейміз бе?.. Демек әбден бүлінген жұртың бүлдіргісімен әлі жүрміз?  Солардың педагогикасымен баламызды оқытамыз. Бізге қазақтану негізінде ұлттық педагогика жазатын уақыт әлде қашан жетті.

Үйімізде сайрап тұрған теле жәшік, қолымыздағы сырғымалы қолфонның ішін былыққа толтырып, баламызды бізден жұлып алды... Ұрпағымызды кім тәрбиелеп жатыр? Бір үйде тұрғанымызбен бала-шағамыздың жаны қай жақта, жүрегі не деп соғып тұр? Біз тек сыртқы тәніне қарап мәз болып жүрміз, адам тек ішкі әлемімен ғана адам болмақ. Барлық бұзықшылықты ғылыми түрде бала кезден сыналап қағуда...

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне тікелей бағынатын құзіретті Қазақтану академиясы мен ұлттық педагогика институтын құрып, сапалы мамандармен жұмыс бастап, ұлтты құтқару керек шығар. БҒМ-да қазақ ұлтын көзге ұстай отырып, барлық мектеп оқулықтарын қайтадан біртұтас жаздыруды қолға алса, шіркін. Нәпсісін жеңген тәрбиелі адам, Яссауйдың хәл ілімі, Абайдың толық адам ілімі, қазақтың ұлттық болмысы, дүние-танымы, жаны мектепте оқылуы керек.

Түйін: Бір қауымды өзгерткің келсе, оның бүлдіршінін тәрбиеле деген бар.  Өкініштісі сол, бүгінде отбасылық тәрбиенің қатты ақсауы, жұрттың жаппай қазақтықтан безінуі, мектепте тәрбие, әдеп сабағының болмауы, тележәшіктің арбауы, қолфонның қоздыруы ең алдымен жастарды жүгенсіз аттай, басқа жаққа бұрып алып кетті. Біз кімге еліктеп жүрміз, қазақ өзін толық танымаса бәрі тұл.

Ашық күнде өзімізден-өзіміз адасып жүрміз. Ұлт болам десең, тамырыңды ізде. Алланың арқанына жабыс, ата-бабаңды ұлықта. Бұдан саған зәредей зиян жоқ. Ертеңгі ұрпаққа дұрыс тәрбиеден басқа ештеңе қалдыра алмайсың. Иман тұнған отбасында ұрпақ азбайды, ұрыс-керіс болмайды. Бір ұлттың, елдің мәңгілік болуы да, құрдымға кетуі де бүгінгі ұрпаққа беріліп жатқан тәрбие мен білімге тікелей байланысты.

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5452