Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2568 0 пікір 14 Мамыр, 2012 сағат 10:29

Дулат ИСАБЕКОВ. Қазақ киносы ұлтты қорламаса, қолдаса...

Біртұтас Кеңестер Одағы ыдырап, бұрын бір-бірімен мидай араласып жататын одақтас республикалардың әрқайсысы өзінше дербес мемлекетке айналып, сол дербестікті қалай орнықтырудың жолын әркім өзінше таңдап, өздерінің бағыт-бағдарын айқын анықтап алғанша, қиын-қыстау кезеңнің соқтықпалы-соқпақсыз ондаған жылдарын артқа тастауға тура келді. Дербес мемлекет болған соң дамудың барлық инфрақұрылымдарын өзің таңдап, өзің анықтауға тиіссің. Ол айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде жүзеге асырылуы өте күрделі үдеріс.

Біртұтас Кеңестер Одағы ыдырап, бұрын бір-бірімен мидай араласып жататын одақтас республикалардың әрқайсысы өзінше дербес мемлекетке айналып, сол дербестікті қалай орнықтырудың жолын әркім өзінше таңдап, өздерінің бағыт-бағдарын айқын анықтап алғанша, қиын-қыстау кезеңнің соқтықпалы-соқпақсыз ондаған жылдарын артқа тастауға тура келді. Дербес мемлекет болған соң дамудың барлық инфрақұрылымдарын өзің таңдап, өзің анықтауға тиіссің. Ол айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде жүзеге асырылуы өте күрделі үдеріс.

Бауырлас халықтар болып саналып келген бұрынғы республикалардың бәрі «дербестік деген осы екен» деп тәуелсіздіктерін жариялаған сәттен бастап, есіктерін тарс жауып, өздерімен өздері болып кетті. Ескі жолмен жүргілері келмей, шатқалды жерден жаңа сүрлеуге бірден түсіп кете алмай, шатқаяқтап қалған кездері де болды. Ескі жолға түсуден арланып, баяғы байланысты қайта жалғастырайын десе, «онда тәуелсіздікті неменесіне алдық?» деп өрепкіп, әркім өз білгенінше жол таңдауға көшті. Әркім өзі таңдаған жолды «сара жол» деп дәріптеп, сол жолда жылт еткен жақсылықтарын мақтанышпен жариялап жатты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап әркім кеңес өкіметінің кезінде шашылған, төгілген, жоғалтқан, ұмытқан нәрселерін түгендеп, ұлттық мемлекет құруды алғашқы орынға шығарып, ішкі, сыртқы саясат пен экономиканы да осы мақсатқа бағындыра бастады. Ұлттық сана, ұлттық рух дербестіктің басты атрибутына айналды. Ал ұлттық рух пен ұлттық сана тілмен, әдебиетпен, өнермен, дәстүрмен сіңетіні бесенеден белгілі ұғым. Сана мен сезімге тікелей әсер ететін өнердің тиімді де төте түрі - кино екені баршаға аян. «Өнер атаулыдан бізге ең тиімдісі - кино болып табылады» деген В.Лениннің қанатты сөзі жиырмасыншы жылдары революциялық идеологияның басты құралы ретінде туған қажеттілік болса, бүгінгі таңда ол санаға жаппай әсер ететін, бір ұлттың екінші ұлт өмір салты мен дәстүріне тікелей ықпал ету арқылы мәдени, саяси, рухани үстемдік құруына бағытталған саясаттың басты қаруына айналып отыр. Сондықтан да болар, тәуелсіздік алғаннан бері бүкіл қазақ қауымы өзінің тұрмыстық, әлеуметтік жағдайларының қай деңгейде екеніне қарамастан, қазақ киносының аяқ алысын назардан бір сәтке де тыс қалдырмай, бақылап келеді. Жетістігі болса қуанып, кемшілігі болса «әттеген-ай!» деп қуарып, «мұнысы болмаса, келесісі сәтті болар» деп «Қазақфильм» студиясының келесі туындысына үмітпен қарады. Ол қандай үміт? Қазақ көрермені экраннан нені күтеді? Абай айтқандай, «Қазақ та адам баласы ғой», ол да өзгелер секілді экраннан өз өмірін көргісі келді. Алыс, жақын тарихын танып, бүгінгі тіршіліктеріндегі өздері байқай бермейтін өмірдің ащы-тұщы оқиғаларына куә болғылары келді. Әр ұлт өз ұлтының киногерлерінен өз ұлтының өмірін көрсететін туындылар күтті. Тіпті талап етті де.

Киноөндірісі біздерге қарағанда оқ бойы озық кеткен, халқының саны да бізден он есе, жүз есе көп елдер ұлттық киносын әлдеқашан жолға салып үлгерген. Қай лентасын алсаң да олар өз ұлтының өмірін ғана көрсетуді мақсат етіп қояды. Әлемдік, жалпыадамзаттық, планетарлық мәселелердің бәрін де олар өз ұлтының болмысы мен дүниетанымы арқылы қабылдап, сол арқылы ғана көркемдік концепциялар ұсынады. Жалпыадамдық күрделі мәселелер ұлттық болмыс тұрғысынан шешімін тауып жатады. Ал біздің қазақ киногерлері шетінен планетарлық, жалпыадамзаттық мәселелерге әуес-ақ. Қолына камера тиген режиссерлеріміз бірден ғарыштық биіктікке көтеріліп алады да, жалпыадамзаттық проблемаларды шешумен айналысады. Жердегі мәселелермен, «ұлттық тар шеңбердегі» ұсақ-түйек проблемалармен орыс, қытай, жапон, кәріс, үнді киногерлері айналыса берсін, ал біздің қазақ киногерлері олардан биік ұшады, олар ағылшынға да, французға да, неміс пен кәріске де, бәріне ортақ проблема тұрғысынан қарайды. Неткен биіктік, неткен жалпыадамшыл ғаламат қасиет десеңізші! Күллі әлем әлгі аталған елдердің киногерлерінен жалпыадамзатқа ортақ тақырыпта татымды дүние жасайды деген үміттерін баяғыда үзген, олар өз ұлтын таныту жолында ғана «тыраштанып» жатады, бар үміт қазақ деген елдің киногерлерінде ғана, әлемдік, «планетарлық мүддені көтерсе, солар ғана көтере алады. Осыны жас пен кәрісіне дейін жаппай түсініп, қанына сіңіре білген қазақтардың аталарына мың да бір рақмет! Олар артына ұрпақ қалдыру сияқты ғаламдық мәселе көтере қалса, бір келіннің төрт еркекпен төсектес болуын ерсі деп санамайды, ол ұрпақ қалдыру жолында төрт еркектің төртеуімен де айғайлап, шыңғырып, нәпсі құшағына берілуі арқылы ұлт сүйегіне мәңгілік таңба түсіргенімен шаруасы жоқ және осындай сайтани-салдақылық жолмен жалғасқан ұрпақтың құны қандай болмақ деген ауыр сауалды есіне де алмайтын және ұлтты ұятқа қалдырып, жерге қаратқанын екі дүниеде де мойындамайтын, тек «өзімдікі дұрыс» деп өзеуреуден таймайтын кино авторлары сөз жоқ, өздерін әлемдік, жалпыадамдық мәселелерді көтеріп отырмын деген «планетарлық» суыққа шалынғандарын өздерінше мақтан етуден таймайтын сияқты. Бүкіл қазақ болып үлкен үміт күткен «Көшпенділер» сол халықты жерге қаратып кетті. Қор болған қайран Абылай, қор болған қайран арулар, желге ұшқан қайран қаражат! Бүкіл халық намыстан жерге қарағанда, жерге қарамақ түгіл, жерге қарағандарды жекіп, ұлы жеңіске жеткендей бастарын жоғары көтеріп, тасыраңдап жүрген азғана адамдар бар. Олар - сол киноны жасаушылар. «Осы фильммен әлемді жаулап аламыз!» деп фильмнің алғашқы кадрлары түсірілмей жатып жер дүниені жаңғырта мақтанып еді, ақырында әлем түгілі, елімізді де елең еткізе алмады. Қысқасы, Президенттің сөзімен айтқанда «Түк те шықпады». Құданың құдіреті, жалпыхалықтық наразылық та, Президенттің әлгіндей үзілді-кесілді берген бағасынан соң да сол киноны жасаушылардың беттерінің бүлк етпейтіндеріне жағаңды ұстап, таңғалудан басқа лаж жоқ. Иә, ұялмайтындардың заманы басталған екен!

Соңғы кездегі телеэкрандарда эфирді бос қалдырмау үшін көрсетіліп жататын анайы сюжеттерге құрылған арзан сериалсымақтардың әлжуаздықтары сондай, оларды көре қалсаң, кейіпкерлерінің ойдан шығарылған жасанды адамдар екеніне, оқиғаларының ұсақтығына, есте қалар бір- де-бір образдың жоқтығына, бәрінің тақылеті мен табиғаты бір-бірінен айнымайтындығына, ең сорақысы - осылардың қай ұлтқа жататынына түсінбей, дал боласың. Аттарында айып жоқ: Аселя, Анеля, Маратик, Саматик болып жаттанды қазақ есімдері тоғытылып-ақ жатады, ал заттары мүлде бөлек. Әлгі, Аселя (Әселя емес) мен Маратиктерді Игорек, Эдиктерге ауыстырсаң, түк те өзгермейді. Жалпыұлттық идеямен сусындап, баршаға ортақ кейіпкер жасау деген осы ғой, шіркін! Аты ғана қазақ, ал заты жалпы адамзатқа тән, ешқандай ұлттық белгісі жоқ балауыз адамдар жасауда қазақ киногерлерінен өткен бірде-бір ұлт өкілі жоқ шығар. Жалпыадамзаттық мәселелерді көтеруде басқа елдің киношылары бізден үйренбей не бітіріп жүр десеңші. Тіпті қандай тақырыпта кино түсірсе де төсек мәселесін ешқашан ұмытпайтын біздің режиссерлерімізден да өзгелердің үйренері мол-ақ! Қазақтың ұлы ханы болғалы жүрген Абылай да жартастың басында отырып сүйісті. Сүйіскенде де анау-мынау емес, Голливуд актерлеріндей, я болмаса, кино түсіріп жатқан бүгінгі режиссерлеріміздің классикалық үрдісінде ес-түссіз сүйісті-ау! «Ойбай-ау, қазақтар да бір-біріне ғашық болған, махаббатты жырламаған бірде-бір ақын жоқ, бірақ олар 18-ғасырда ерінге-ерін жабыстырып сүйіскен жоқ қой, біз «Аврораның» дүмпуінен кейін ғана ашықтан-ашық сүйісе бастадық, бұрын білектен ұстап, шаштан сипап, әрі кетсе, «Сары бидай» әнінде сипатталатындай «ақ тамақтан еміреніп бір иіскеу» сезім шыңы боп саналмаушы ма еді?» десең, әйел мен еркек оңаша қалса, сүйістірмей тынбайтын америкалық киногерлердің мектебін сырттай «үздік» бітірген біздің режиссерлер сүйісуді ең алғаш ойлап тапқан қазақтар екенін, тіпті бүкіл әлемге ортақ «секс» деген сөздің түп-төркіні «пәлен» деген қазақ сөзінен алынған» деп даурыға жөнелгенде дауласудың пайдасыз екенін, олар бұл бетінен бәрібір қайтпайтынын ұғып, шаршап, болдырып барып: «Құрысыншы бәрі! Сендер Мәскеуде кино түсірудің емес, дауласудың академиясын бітірген екенсіңдер, білгендеріңді істеңдерші!» деп титықтап барып тоқтайсың. Ал олар болса, осы сөзді тура қабылдап, «білгендерін» жасай бастайды. С.Апырымов «Аңшы» фильмінде қыз бен жігітті ат үстінде «әлгі мәселемен» айналыстыра бастады, оның алдында А. Әмірқұлов «Отырардың күйреуі» секілді жап-жақсы тарихи кинолентасында Ұнжу мен бір әйелді тұттай жалаңаш күйінде «түп- төркіні қазақ сөзінен шыққан» тірлік үстінде құшырлана көрсетсе, «Қайрат - бейкүнә», «Қарой» сияқты ленталар ұят-аят дегендерді біржола ысырып тастап, тіпті туған анасына тентек сезімі оянатын сәттерді де көрсеткен тұста, енді кеп сол Исабаева деген әйел «Алматыда пәктігінен айырылғандар» атты фильм түсіріп, қазақ халқын әлемге танытуды, екінші сөзбен айтқанда, масқаралауды мақсат етіпті. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ елде» олар білгендерін істеп, елін қорлауға көшті. Және осы қылықтарын олар қызғыштай қорғап, қазақ елі де әлемдік төсек мәселесін экранда көрсетуде Еуропадан асып түспесе, кем түспейтінін паш етіп, жалпыадамдық ортақ қасиеттерде қазақтар да өзгеге үлгі көрсетер дәрежеге жетіп қалғанын танытқан үстіне таныта түспек. Осындай тұста бір кездері «білгендеріңді істеңдерші» деп шарасыз халде қол сілтегеніңді ұмытып, күйінгеннен қайта сөйлей бастайсың. «Сендер айтқандай бұл талғамға тіреліп тұрған күрделі мәселе емес, мұнда түсінбейтін түк те жоқ, екіні екіге қосқанда бес болмайды, ұрпақ қалдыру үшін бір үйдегі төрт еркекпен төсектес болу шарт емес, ондай әйелді келін деп қастерлеудің қажеті бар ма және адамзаттың ұрпағын жалғастыру үміті тау қуысында жатқан ұлты да, нәсілі де белгісіз осы төрт-бес адамға тіреліп қалған жоқ, сәл төмен түссең, тау етегінде қалың ел жатыр, ұрпақты солар-ақ тарата алатын шығар, ендеше, адамзат ұрпағының өсуін осы төрт-бес адамға ғана әкеп тіремей-ақ қойса қайтер еді, мұнда жұрт түсінбейтіндей қандай шытырман сюжет, қандай күрделі стиль жатыр? Кейіпкерлердің бірі «Келін» аз болғандай, ешкімен интимдік байланысқа баруын түсіну үшін де бүгінгі көрерменнің ми құрамында көпшілікке бұйыра бермеген ерекше биологиялық қасиеттер қажет пе? Бүкіл әлемдік тартылыс күші бар екенін мойындау үшін бүгінгі адамдардың бәрінің басына алма құлауы шарт емес қой. Тіпті сол Ньютонның өзі алма ағашының түбінде емес, кокос ағашының түбінде отырған болса, оның басына алма емес, кокос жемісі құлап, сол жерде тіл тартпай кетсе, адамзат осы кезге шейін әлемдік тартылыс күші барын білмей өмір сүрер ме еді? Оңай нәрсені біз неге қолдан күрделендіруге құмармыз? Асқар Сүлейменовтің сөзімен айтқанда, «арықтағы судан акула іздегенді» қашан қоямыз?

Үлкен үмітпен күткен қазақ киносының соңғы он шақты жыл көлеміндегі туындыларын бірнеше топқа бөлуге болады екен. 1) Мезгіл мен мекен белгісіздігі; 2) Ұлт белгісіздігі; 3) Тарихи шындықты өрескел бұрмалау; 4) Мінезсіздік; 5) Қазақты мейлінше тұқыртып көрсету; 6) Секс құмарлық; 7) Шындықтан тысқары сюжет; 8) Еліктеу. Осылардың арасында ауық-ауық жылт етіп, көрермен көңілінен шығып қалатын «Отырардың күйреуі», «Сұлтан Бейбарыс», «Сардар», «Мұстафа Шоқай», «Біржан сал», «Сіз кімсіз, К мырза?» сияқты көркем ленталар да кездесіп жатады. Соларды көріп, үзіліп бара жатқан үмітіміз қайта жалғасады.

Қазақ киносынан жоғары сападағы фильм емес, әйтеуір қазақты қорламайтын туынды көрсек, соған да қанағат етуге үйреніп қалған алаң жұрт таяу арада дүр сілкінгендей болды.

Баспасөз беттерінде «Қазақфильм» киностудиясының ең бір сүбелі де күрделі жобасы ретінде жарнамаланып келген бұл туындының аты - «Жаужүрек Мың бала» «Көшпенділердің» кезіндегідей жер дүниені жаңғыртқан жарнамасы болмаса да, айтар ойы мен идеясы айқын, мезгілі мен мақсаты анық бұл фильмнің алғашқы кадрларын үміт пен күдік аралас сезімде көре бастадық.

Алғашқы кадр. Алғашқы көрініс. Кейіпкерлермен алғашқы танысу. Таулы, далалы, орманды алқаптарда бірде ашық, бірде жасырын тіршілік етіп жатқан әртүрлі жастағы адамдар. Міне, негізгі тақырып та басталды. Болашақта көрер мың баланың екі-үшеуімен де таныстық. Бойларында үрей, ыза, ашу, кек.

Қысқаша сюжеті: Жоңғар шапқыншылығында әке-шешесіз жетім қалған балалардың өсе келе жаудан кек алуға бел бууы. Олардың бәрінің басын құрап, жетімдерін қаңғыртпай, өз балаларындай асырап жетілдірген Назардың тұл жетім балалардың күні ертең ел қамын жейтін бір-бір азамат болып ержетуіне сіңірген еңбегі мен ерлігі ұшан-теңіз. Олардың саны мың ба, тоғыз жүз бе, мәселе оның анық санында емес, қазақ тарихына «мың бала» боп еніп, әйгілі батырларымыз бен билеріміздің тасасында ұмыт бола бастаған сол өрімдей жігіттердің тарих бетіне қайта шығып, олардың адам айтса нанғысыз жанқиярлық ерлігі мен өжеттігін бүгінгі ұрпақ алдына жайып салу - «Қазақфильм» киностудиясының ұлт рухын, ұлт намысын ту етіп көтеруде жасаған үлкен де күрделі жобасы екені даусыз.

Бұл тарихты жақсы білетін адамдардың айтуынша, Сартай өмірде болған, фильмдегідей қыршын жасында қаза болмаса да, Жоңғар басқыншыларынан қазақ даласын азат еткен соң ел ішінде батыр атанып, қартайған шағында өз ажалынан көз жұмған екен. Ол туыстық жағынан қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ағайыны, кіші жүз ішінде Жақайым руынан болып келеді екен. Демек, бұл фильмді тарихи шындыққа негізделген туынды деп айта аламыз. «Не өлім, не өмір! Не ел боламыз, не құл боламыз!». Кеуделеріне осындай өжеттік пен ерлік ұялаған мың баланың қазақ халқын жоңғар езгісінен біржола азат ету жолында жанпидалыққа баруы нақты оқиға арқылы өте нанымды, әсерлі берілген. Қаршадайынан кеудесіне намыс ұялаған бала Сартай жоңғар нояндарын құрақ ұшып қонақ етіп жүрген ел ағасы Рақымжанға: «Олар - біздің жауымыз. Ал сіздер жауды қонақ етіп, құл болып жүрсіздер. Өздеріңді-өздерің неге құл етуге дайынсыңдар!» деп кекке толы сөз айтқанда, бала Сартай бойынан намыс кегіне суарылған өжеттік пен көзсіз ерлікті байқап, өзін қазақпын деп санайтын әрбір көрерменнің рухы көтеріліп, бір сәт өздерінің осындай ер ұрпақтан тарағандары үшін көкірегінде мақтаныш сезімі ду етіп көтерілетіні анық.

Бірде тау шатқалында, енді бірде маң далада өтіп жататын ерлік пен қайсарлықтың шыңдалу көрігінде жетіліп келе жатқан өрімдей жас балалардың қайғысы мен мұңы, кей сәтте жылт ете түсетін қуанышты сәттері көрерменді өзіне бірте-бірте үйіріп, еліктіріп, баурап ала береді. Қым-қуыт өтіп жатқан оқиғалардың бірде-бірі көңіліңе «бұл қалай?» деген күдік ұялатпайды. Бәрі нанымды, бәрі сол кезде өтіп жатқан ситуацияның даму логикасына сай өрбіп, шиеленісіп, шешімін тауып жатады. Садақ ату, қылыш сермеу, ат құлағында ойнау, жекпе-жек сайыс, соғыс тактикасы мен стратегиясын меңгеру сияқты жаттығуларды көрсету арқылы да мың баланың азғантай топпен өздерінен әлденеше есе көп жау әскеріне қарсы шығу әрекетінде жеңіске жетіп жататынына күмән келтіре алмайсың. Сценарий авторлары Тимур Жақсылықов, Жайық Сыздықов, Мұхаммед Мамырбековтер мың балаға ғана қатысты тарихты емес, сол кездегі қазақ халқының қыл үстінде тұрған тағдырын, саяси хал-ахуалын, ел тұрмысын жақсы зерттеп, зерттей алмаған тұстарын шығармашылық түйсік арқылы дәлме-дәл түсінгеніне көңілің толады. Режиссер Ақан Сатаев - бұрын да татымды кинотуындыларымен танымал болып қалған кәсіби маман. Оның бұл фильмі жалпы қазақтың асыл қазынасына айналған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа» сияқты киношедеврлардың қасынан ойып орын алатын дүние десек, артық мақтағандық болмас деп ойлаймын. Несі бар, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демеуші ме еді атам қазақ.

Бұл фильм өз шеңберінде ғана сәтті туынды емес, қазақ киносының соңғы кездегі елеулі табысы, жалпы, кинематографтағы жаңа леп, жаңа сөз деген жоғары бағаға лайық.

Барлық сәтті туындылар секілді бұл фильмде де бүкіл оқиға желісі, теориялық тілмен айтқанда, тақырып ішіндегі тақырып - махаббат, достық, сатқындық, жауыздық - бәрі-бәрі де шындық логикасының бұлтартпас заңдылықтары көрерменді өзіне иірімдей тартып отырады. Көп фильмдерде кездесетіндей бұл туындыда артық деталь, артық кейіпкер, артық көрініс жоқ. Бәрі бірін-бірі толықтырып, бәрі де ортақ бір идеяға - «не ел боламыз, не құл боп құримыз» деген идеяға бағындырылған. Осы идея жалаң емес, нанымды оқиғалар құрамы арқылы жоғары көркемдік деңгейде беріліп, фильмнің органикалық тұтастығын қалыптастырған. Фильмде ұмытылмастай болып есте қалатын бүтін бір актерлер галереясы топтастырылыпты. Тілектес Мейрамов, Төлеубек Аралбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов ел басшылары мен ел ағаларының байыпты да ұстамды, сабырлы да төзімді, жігерлі де қайсар мінездерін өздері сомдаған кейіпкерлері арқылы ерлік дастанының жаңа беттерін айшықты әріппен жазып шығыпты. Сценарий авторлары жазған әрбір сурет, әрбір көрініс, әрбір образ фильмнің алғашқы кадрын түсіруден әлдеқашан бұрын режиссердің көңіл экранында пісуі жеткенше қайталанып, июі қанғанша иленгені көрініп тұр. Бұл аталған актерлердің фильмнің жалпы көркемдік сапасын көтеруде шешуші рөл атқарғанына куә болдық. Көптен бері экранда көрінбей келген Назар рөліндегі Тілектес Мейрамов пен Рахымжан бейнесін жасаған Төлеубек Аралбаевтың жаңа бір ипостаста көрінуі баршамыздың мерейімізді көтеріп кетті. Бұл екі актер баршаға өздерінің шебер орындаушылығын ғана танытып қойған жоқ, қолдарына камера тисе, басты кейіпкердің рөліне актерді шеттен іздеушілерге сабақ беріп кеткендей болды. Ұлттың ұлы тұлғалары мен айтулы бейнелеріне лайықты орындаушыларды шеттен емес, өз ішімізден іздеу қажеттілігін тағы да еске салып өтті.

Бұл фильмнің аса жоғары деңгейде қабылдануына жас актерлер - Сартай бейнесін жасаған Асылхан Төлепов, Таймас образын сомдаған Аян Өтепберген, Хорлан бейнесінде көрінген Құралай Анарбекова, Зере рөлін ойнаған Әлия Әнуарбек сияқты жап-жас жігіттер мен қыздар өздерінің жастыққа тән сымбатымен, әдемілігімен қоса, өздері жасап жүрген образдың бар болмысын жанымен түсініп, экранда сол адамдардың дәл өзіндей өмір сүре білулері көңіл толқытпай тұра алмады. Елі үшін, жері үшін, азаттығы үшін қыршынынан қиылып жатқан өндірдей жас жігіттер мен қыздарды көргенде, әсіресе, Сартайдың жоңғарлардың туы желбіреп тұрған бағананы жаралы денесімен жер бауырлап кеп құлатқан сәтінде, құлаған жау туын көрген өзге жігіттердің «Алға, қазақтар!» деп ұрандата жауға шапқанда қай қазақ толқымасын, қай қазақтың көзі суланбасын! Бірнеше жау әскерінің ортасында қалып, олармен шайқасып өлген Хорландай қыздың ерлігіне бүгінгі ұрпақ қалай мақтанбасын?! Кешегі екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Әлия мен Мәншүк сияқты батыр қыздарымыздың әпкелері осы Хорлан екенін, Хорлан рухы өлмегенін, ол ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа батырлық пен өжеттіліктің эстафетасындай жалғаса беретінін осы образ арқылы терең түсіндік.

Ертең - ұзақ дайындалған соңғы шайқас. Қазақтар бас қосып, мың баланың бастары түгел түйісіп, «не өмір, не өлім» деген нар тәуекел айқасқа аттанбақ. Бұл шайқаста кімнің өліп, кімнің тірі қалары белгісіз. Белгілісі сол - осы шайқаста талай боздақ жер жастанбақ.

Зере мен Сартайдың оңаша киіз үйде соңғы кездесуі. «Ертең - қанды шайқас. Одан тірі қалу-қалмау екіталай,- дейді жас ару Зере. - Бүгін екеуміздің соңғы түніміз. Осы бір түннің өзі менің бүкіл өміріме татиды. Мен екі дүниеде де сені жүрегімде мәңгі сақтаймын». Осыны айтып, екеуі бір-бірінің қолын қысады. Фильмдегі ең бір жан толқытарлық эпизод та осы сәт. Олардың ынтық жүректері, махаббат сезімдерінің шарпуы бір-бірінің алақан түйістірумен ғана бітті. Егер «Көшпенділер» мен «Келінді» түсірушілер, я болмаса «Қарой» мен «Қайрат - бейкүнә» фильмін жасаушылар болса, осы эпизодты айғайларынан қорадағы қой үркетін жалаңаш ләззат құшағына шалындырмай қоймаушы еді. Режиссер А.Сатаев ұлттық менталитет пен ұлттық ұстамдылықты сақтай білген, демек, ол өз ұлтын жанындай сүйеді, оның асыл қасиетін қастерлей біледі, махаббат деген киелі ұғымды төсекте мыжғылап қор қылмайды.

Фильмнің финалы мейлінше әсерлі шыққан. Жоңғарларды өз жерінен біржолата тазартқан Назарлар тобы (қазақтар) ақ отаудың шаңырағын көтеріп жатыр.

- Бұл сенің өз отауың болады. Сартайдың ұрпағын осы шаңырақта өсіресің, бір уығын өзің қада, Зере, - дейді барлық жетім қалған мың баланың ортақ әкесі Назар. Уық қадап жатқан Зеренің екіқабат екенін сонда ғана байқап, жесір қалған Зере тағдырына ортақтасып кеткеніңді өзің де байқамай қаласың. Міне, қазақы рух, міне, қазақы мәдениет! Қазіргі кинопракат жүйесі түгелдей жекеменшіктің қолында. Оларда қазақ тіліндегі фильмдерге көрермен аз жиналады деген сылтаумен қазақ тіліндегі фильмдерге мейлінше селқос қарайтын стереотип қалыптасып қалған. «Мың бала» фильмі де ә дегеннен осындай селқостықпен бетпе-бет келіп отыр. Бірақ қазақ өмірін өз тілінде көргісі келген көпшіліктің қысымы бойынша, кинопрокат фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасынан 6-7 данасын сұратып алыпты. Демек, сіресіп қалған кинопрокатта да сең бұзылды деген сөз. Ол сеңді алғаш бұзған да осы фильм. Қазақтар қазақ тіліндегі сеанстарға келмейді деген қате түсінікті қалыптастырған тек прокатшылар емес, өз туындыларымыздың сапасы екен. Әлжуаз, орта қол, тіпті ұлтты жерге қарататын туындыларға көрермен қалай барсын? «Жаужүрек Мың бала» ұлттық калоритінің байлығы, көркемдік сапасының жоғарылығы арқасында қазақ көрермендерін кинотеатрларға қайта жинай бастады. Әлемдік киноаренаға да осы шығарма арқылы ұялмай шыға алатынымыз ақиқат.

Қорыта айтқанда, «Жаужүрек Мың бала» фильмі - қазақ киносының елеулі табысы. Бұл туындыны қалың көрермен қауым зор құрметпен қарсы алады деп сенеміз. Осы фильмнен кейін «Қазақфильм» киностудиясының да, барша көрермен қауымның да еңсесі көтеріліп, өзгелердің алдында ұлтың үшін ұялмай, салбыраған басты жоғары көтеріп жүретін кез келді деп айтуға толық хақымыз бар.

Осы фильмнің сәтті шығуы біразымызға жаңа ой тастап өткен сияқты. Қазаққа қымбат ұлттық киноны қазақ рухында тәрбиеленіп, қазақ өмірінің қайнаған ортасында өскен, қазақша түс көретін режиссерлердің қолынан ғана келетіні белгілі болды.

Ескерте кетер бір жай: Фильмнің титрынан «Жаужүрек» деген қосарланып жүрген анықтауышты алып тастаған жөн болар еді. Жаужүрек балаларды көрермен онсыз да экраннан көреді ғой. «Мың бала» деген атаудың өзі-ақ жеткілікті сияқты.

Дулат ИСАБЕКОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5508