Перуашев: Бюджет ұлттық мүддеге жұмсалуы керек!
Өткен аптада А.Мамин басшылық ететін Үкімет пен Н.Годунова ханым тізгінін ұстаған Есеп комитеті былтырғы жылды қорытындылап есеп беріп, бюджет қаражатының қалай һәм қандай мақсаттарға жұмсалғаны жайлы айтқаны белгілі.
Олардың бірсыпырасын Abai.kz ақпараттық порталында жарияладық. Қараңыз: Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова ханым: «Мемлекет 2020 жылы Ұлттық қорға түскен қаржының 96%-ын жұмсады», - деп сөйлеген. Қор қаражатының максималды деңгейде жұмсалуының бір себебі ретінде квазимемлекеттік сектор субьектілерінің бюджетке дер уағында аударым жасамауы деп көрсеткен. Тек қана Қарашығанақ пен Солтүстік Каспий серіктес компанияларының өзі 664 миллиард теңге берешек екендігін мысал еткен. Онан соң, осы квазимемлекеттік секторға жасалған аудит кезінде 60-қа жуық қаржылық заңбұзушылықтар анықталғаны, 340 миллиард теңгенің тиімсіз басқарылғаны жайлы һәм ел қарызының өсіп келе жатқанын айтқан.
Үкіметтегі басшы-қосшының есеп-қисаптарын тыңдаған Мәжіліс біршама ескертулер жасап, атқарушы билік жұмысына баға берген. Спикер Нұрлан Нығматулин: «Бюджет қаражатын игерудің ұтымдылығының, нәтижелілігінің және тиімділігінің жеткіліксіздігі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Осы орайда проблемаларды шешудің жүйелі тәсілі ғана азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша ел басшылығы қойған барлық міндеттерді толыққанды орындауға мүмкіндік береді», - деп сөйлеген.
Осы жиындағы қоғам назарын аударған тағы бір әңгіме – Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының көтерген мәселелері болды. Рас, Үкіметтің есебін тыңдауға Мәжілістің үш фракциясы да қатысты. Үш партияның өкілдері де өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Алайда, олардың дені «бухгалтерлік баяндамаларға» ұқсас естіліп жатқаны және шындық. Сол тұрғыдан, депутат Перуашев бастаған «Ақ жол» фракциясының экономикалық сипаты жағынан нақтылы және мемлекеттік бюджет проблемаларын қарапайым тілмен айтылған пікіріне аз-кем шолу жасамақпыз...
Азат Перуашев бастаған парламенттік партия («Ақ жол» партиясы) «бюджетті толықтырудың көзі ретінде де, қоғамдағы орта таптың әлеуметтік тірегі ретінде де бизнестің мүдделеріне әсер ететін бірқатар мәселелерге» назар аударған екен. Қараңыз:
Салық жинау: Меже – 257 млрд. Орындалғаны – 25 млрд теңге
Бюджет кірістері туралы жазылған баяндама цифрларында кәсіпкерлерге 257 миллиард теңгеге жуық салық салынғанымен, жиналған салық мөлшері 25 миллиард теңгенің төңірегінде болған екен. Яғни межелі соманың 10%-дан аз бөлігі ғана жиналған. Бұл өз кезегінде еліміздегі салық органдарының қағаздағы «жетістіктерінің» шынайы көрсеткіші болмақ.
Депутат Азат Перуашев: «Бұл қосымша есептеулер не ойдан шығарылған деген сөз. Немесе аталған саладағы көлеңкелі схемаларды анықтау мехаинзмінің дұрыс жұмыс жасай алмайтындығының дәлелі. Алайда [салық органдары жұмысының] тиімділік 10%-ға төмен болса да, бизнеске қатысты әкімшілік қысым кері пропорционалды түрде, қосымша есептілік пен хабарламалар енгізу есебінен 100%-ға өсті.
Жақында «Атамекен» ҰКП-да өткен кәсіпкерлер форумында 5 жыл ішінде кәсіпкерлердің жазалану саны екі есеге артқаны, 500 мың ШОБ субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны, яғни әрбір үшінші тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланды. Олай болса кім жұмыс істейді?..», - дейді.
Қазақстанда кедейлер саны 1,5 млн адам
Айтпақшы, «Ақ жолдықтар» Үкімет есебіне дейін кәсіпкерлердің проблемалары туралы айтып, жауапты шенділерге ағымдағы жылға арналған бюджетті нақтылау кезінде «вакцинацияға жауапты адамдардың немқұрайлы әрекетінің нәтижесінде экономикаға және халыққа келтірілген залалды бағалау, сондай-ақ пандемия салдарынан жұмысынан және табыс көзінен айырылған азаматтарға өтемақы мәселесін пысықтауды ұсынған еді.
Парламенттегі демократтар («Ақ жол» демократиялық партиясы) атап өткендей, Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, пандемия кезінде Қазақстанда кедейлер саны 1,5 млн адамға артқан.
Кедейлер көбейгені - бұл фантастика емес шындық!
«Бұл - ең алдымен, жұмысы күйреген кәсіпкерлер мен олардың бұрынғы қызметкерлері. Олар бұл калькуляцияны «Атамекен» палатасының статистикасымен де растап отыр, оған сәйкес пандемия кезінде 430 мың ШОБ нысаны жұмысын тоқтатты немесе толығымен жабылды.
Бұл жағдай елдегі тұрақтылықты шиеленістіреді. Бұл адамдар бүгінде қиын жағдайда, оларда күнкөріс көзі жоқ. Бұл фантастика емес, керісінше шындық. Алайда олар біздің азаматтарымыз және біз мемлекет ретінде оларды қолдауға тиіспіз. Кез-келген мемлекеттің негізгі міндеті байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайту болуы керек. Әзірлеушілер ұсынылған бюджетті нақтылауда [2021 жыл] мұндай тапсырманы мүлдем көрсетпейді, ал іс жүзінде халық пен ШОБ күйреген кезде әлеуметтік алшақтық артып, әр түрлі салалардағы банктер мен монополистер негізсіз баюда», - дейді Азат Перуашев.
Біздің күшіміз – шенеуніктер емес, іскер адамдар!
5 мамырда Мәжілістің пленарлық отырысы өткен. Онда «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев еліміздегі байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайтудың ең тиімді тетігі – жеке кәсіпкерлікті қолдау һәм дамыту екенін айтқан. Үкіметтің есеп беру жиынында да Азат Перуашев осы мәселені және бір мәрте көтерген.
«Біздің күшіміз – шенеуніктер де, ұлттық компаниялар да, бақылаушылар да емес. Біздің күшіміз - бұл мемлекеттен ештеңе сұрамай және бір-бірін қолдай отырып өмір сүретін, іскер және қамқор адамдар. Оларға ақша табуға, өз ісін жүргізуге кедергі жасамай, керісінше өмірін жақсартуға мүмкіндік беру керек. Қол жетімді қаржылай қолдау көрсетіңіз және әр қадамын «аңдымай» еркіндік беріңіз. Болды», - деді депутат Перуашев.
«Ақ жол» партиясының төрағасы мемлекет жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, экономиканы дамытып жүргендерге қолдау көрсетуі тиіс екенін айта отырып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнесті «таза беттен» бастауға көшу туралы ұсынысы, сондай-ақ мыңдаған әріптестеріміздің аман қалуына көмектескен кәсіпкерлерді қолдаудың 8 ұсынымы туралы оң пікір білдірді.
«Бірақ мәселе тек реттеуде ғана емес, оның тұрақтылығында. 28 мамырда «Ақ жол» фракциясы Грузия реформаларының тәжірибесін пайдалану және салық және инвестициялық режимдердің тұрақтылығына, мемлекеттік кәсіпорындар мен бюджеттен тыс қорлардың бюджеттерін қоса алғанда, мемлекеттік бюджеттің біртұтастығына, экономиканы монополиясыздандыруға және кредиттер бойынша пайыздарды төмендетуге кепілдік беретін ұлттық экономикалық еркіндік актісін қабылдау туралы депутаттық сауал жолдады», - дейді Перуашев мырза.
Нәтижелі есеп – дерексіз сандар емес, елдің әл-ауқаты!
Әзірге Асқар Мамин Үкіметі «Ақ жол» фракциясынан жіберілген бұл ұсыныстарға жауап бермеген екен.
Бюджеттің адами өлшеміне баса назар аудару әрқашан маңызды. Ол - дерексіз сандар емес, азаматтардың өмірі мен әл-ауқаты. Демократтар фракциясы 2020 жылғы бюджетті бағалай отырып, өткен жылғы кононавирус індетінен қайтыс болған Қазақстан азаматтарын еске алған. Марқұмдардың отбасыларына көңіл айтып, індетпен күресіп жүрген азаматтарға алғыстарын жеткізген. Ескерту үшін. Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан өзге фракция өкілдері бұл тақырып туралы «ләм-мим» демеген. Тек болғаны, статистикалық баяндамалармен шектелген.
Перуашев бастаған депутаттар өткен жаздың қиындыққа толы айларында шенеуніктердің назарынсыз қалған бос орынды өз еңбегімен толтырған мыңдаған волонтерлерге де алғыс айтты.
«Кәсіпкерлер мен студенттер, үй шаруасындағы әйелдер мен фермерлер, зейнеткерлер мен полиция қызметкерлері чат құрып, бейтаныс адамдарға дәрі-дәрмек іздеді, оттегі аппараттарын сатып алды, мұқтаж адамдарға азық-түлік жеткізді. «Әр қазақ менің жалғызым», «Қанымыз бір» сынды ұрандар сол айларда жалпыға ортақ болды», - дейді Азат Перуашев.
Мемлекеттік органдардың басқару жүйесіне берген елдің бағасы әділ!
Демократтардың лидері денсаулық сақтау, цифрландыру, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз етудегі олқылықтардың орнын толтырған қарапайым адамдардың іс-әрекеттері жайлы: «Қазір жүкті әйелдерден қайтаруды талап етіп жатқан 42500 теңге есептелген бюрократия мен әділетсіздікке төтеп беруге дәл осы бірлік көмектесті. Бұл ынтымақтастық бізге және біздің балаларымызға қашықтықтан оқытуға, ғаламтордың қолжетімсіздігіне және миллиардтаған және миллиардтаған теңге жұмсалған басқа да «цифрландыруға» қатысты елдің көзін ашты. Өз күшіне деген бұл сенім кәсіпкерлерге жұмыс істеуге және жұмысшылардың жалақысын төлеуге жол табуға көмектеседі. ШОБ-тегі көптеген ұжымдар нағыз отбасыларға айналып үлгерген десем қателеспеймін. Өйткені жұмыстың ұзақ уақыт тоқтап қалуына қарамастан, олар өз қызметкерлерін жұмыстан босатқан жоқ. Өмір сүруге деген осы ерік-жігер, ешқашан берілмеу және өзіне сену қабілеті - бізді болашаққа сеніммен қарауға итермелейді», - деді ол.
Бірқатар мемлекеттік органдардың басқару жүйесіне берген елдің бағасымен келіспеу қиын: «Өткен жылы қоғам Денсаулық сақтау жүйесі саласындағы, Әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорының, «СК-Фармация» компаниясының, басқа да көптеген ведомстволардың жұмысындағы құлдыраудың куәсі болды. Коронавирустан және сыбайлас жемқорлық пен шенеуніктердің қателіктері салдарынан жүздеген, мыңдаған қазақстандық зардап шекті, 6,5 мыңнан астам адам қайтыс болды, сонымен қатар тағы 30 мыңға жуық отандасымыздың өмір мен өлім арасындағы адамдардың тізіміне енгізілді. Оның ішінде медициналық бекеттерде өздерінің кәсіби борыштарын өтеу барысында 200-ден астам дәрігер қаза тапты», - деп атап өтті «Ақ жол» лидері.
570 млрд. теңге тиімсіз жұмсалған. Бұл антирекорд!
Ол сондай-ақ атқарушы билік жұмысындағы тиімсіздік пен ашық ұрлықтың басқа да мысалдарын атап көрсетті: «Есеп комитеті 570 млрд. теңгеге жуық бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануда тарихи антирекордты, жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыруда жалғандық пен тікелей ұрлықты және тағы басқаларды анықтады», - деді Перуашев.
Мәжіліс тарапынан Министрлер кабинетіне келіп түскен басқа да шағымдардың арасында ҚХР-мен сауда деректеріндегі сәйкессіздіктер туралы кеденнің шешілмеген проблемасы көрсетілген, соның салдарынан бюджет шығындары шамамен 380 млрд. теңгені құрапты.
Азат Перуашев аталған мәселеге қатысты: «Бұл проблеманың контрабандалық өлшемі ғана емес. Заңды айналып өтіп әкелінген тауарлар отандық өнімнің жосықсыз және қауіпті бәсекелестігін құрайды. Қазақстандық өндірушілердің экономикасына нұқсан келтіреді», - дейді.
Ол индустрияландыру бағдарламасының (ИИДМБ) жіберіп алған мүмкіндіктері туралы айтып, іске асырылған 72 жоба нәтижесіз болғандығын, тіпті 20-ға жуық жоба экономикалық тиімділігін толық жоғалтқанын айтты.
«Ақжолдықтар» осы уақытқа дейін толық іске қосылмаған тағы бір резерв ретінде квазимемлекеттік секторды атаған. Жоғарыда айтқанымыздай, Есеп комитетінің деректері бойынша, ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік кәсіпорындар өткен жылы бюджетке өз табысының тек 7%-ын жіберген. Бұл ретте сол деректер бойынша квазимемлекеттік сектордағы заңбұзушылықтардың сомасы – 340-380 млрд теңгеден асады. «Ақ жол» фракциясы, егер мемлекеттік кәсіпорын құрылғаннан кейін 3-5 жылдан кейін рентабельділікке шықпаса, мемлекетке пайда әкелмесе, онда мұндай кәсіпорынның қызметі туралы мәселені майшаммен қарау керектігін айтыпты.
Үкімет «элиталық» ғимараттардың емес, 3 ауысымды мектептердің мәселесін шешу керек
Сондай-ақ, мәжілісмендердің өткен жылғы бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты наразылықтары да көп екен.
«Ауруханаларды, стадиондарды, мектептерді, қоқыс полигондарын салуға арналған әкімдіктердің фантастикалық шығындары типтік жобалардан 5-6 есе қымбат екені қоғамның түсінбеушілігін туындатуда. Осылайша, «Ақ жол» партиясының депутаттары елорда мәслихатында әрқайсысы 7,5 млрд теңге болатын мектептерді салу жөніндегі ұсыныстарға қарсы дауыс берген жалғыз фракция болды. Бұл жоба дағдарыс жағдайында жұртшылықтың сынына ұшырап отыр. Қазіргі жағдайда «элиталық» мекемелерді салып, әлеуметтік теңсіздікті күшейтуден гөрі, іргелес ауылдарда үш ауысымды мектептердің өзекті мәселелерін шешу орынды болар еді. МЖӘ жобалары бюджеттен шығыстарға әкеп соқпайды деген сілтемелер орынсыз, өйткені мұндай жобалар кез келген жағдайда мемлекеттік міндеттемелермен іске асырылады және жергілікті органдардың борышына әсер етеді. Есеп комитетінің төрағасы өз баяндамасында оның сыни өсуін атап өтті», - дейді Азат Перуашев мырза.
Мәжіліс депутаты өз сөзін қорытындылай келе, ел дамуын жалғастыруы керек екенін, пандемияның салдарын жеңу, анықталған қателіктерді жою, қажетсіз шығындар мен түпсіз тесіктерді ақшамен толтыру әрекеттерінен бас тарту, басымдықтарды қайта қарау, біреудің амбициясы мен тәбетіне емес, ұлттық мүдделерге қызмет ететін, тек нәтиже мен пайда әкелетін нәрсені қаржыландыру маңызды екенін атап өтті.
Түйін. Алдымызда тұрақты экономиканы қалпына келтіру міндеті бар. Оған қоса, алыс-жақын көрші елдерде кононавирустың үшінші толқыны басталып кеткені және рас. Осындай алағай да, бұлағай уақытта Асқар Мамин тізгінін ұстаған елдің министрлер кабинеті не істемек? Шамасы, осы сұрақтың жауабына Үкіметтің тағдыры ғана емес, елдің алдағы жылдардағы болашағы да байланысты…
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz