Қытай тарихындағы ең зұлым саясат һәм адам құқығы...
Бүгіндері Қытайдың әлемдік саясат пен халықаралық байланыстардың қызу да қолайсыз тақырыбына айналып отырғаны жасырын емес. Оның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қуатталған халықаралық ортақ ережелер мен стандарттардан аусай тарта беретін саяси-идеологиялық бағытын айтпағанның өзінде, өзгелердің зияткерлік құқына миземей қол сұға беретіндігі мен кісілік құқыққа пысқырмайтын ұстанымы әлемдік дипломатия мен аралас-құраластықтың бас ауыруына айналып отырғаны бар.
Әлемдік қауымдастықтың пікірі мен ескертпелеріне «қамшысын сүйрете жауап беруді» дағдыға айландырған елдің нақтылы фактілердің өзіне бетбақтырмас позиция білдіріп келе жатқаны әлем халқының шамына тиюде. Алайда, ол елде кісілік құқық үйреншікті жағдайда тапталуда.
БАҚ-тан мысал келтірейік... «АҚШ-қа бақылау» сайты (11 маусымда) видео форматында хабарлайды: Шаан ши прoвинциясында ауыл тұрғынын кент әкімшілігіндегілер күштеп ұстап, 7 айлық баласына мәжбүрлі түсік тастатқан. Әкімшіліктегілер жүкті әйел Feng Jianmei-ге «жоспардан сырт жүкті болдың» деген сылтаумен 40 мың юан төлеуді талап еткен. Әйел мұндай соманы төлей алмаған. Оның айтуынша, 30 мамырдан бастап әкімшілік адамдары мұның соңына түскен. 2 маусым бірқауым адам жиналып келіп, үйінен өзінің сырт киімімен басын орап, күшпен алып кеткен. 3 маусым оған операция алдындағы кеңесу хаттамасына қол қоюды талап еткен. Қол қоюға қарсы болғандықтан, оның бетін жастықпен басып тұрып, екі ер кісінің біреуі оның оң қолымен атын жаздырып, біреуі сол қолымен бармағын қойдырған. Қорғансыз әйел 4 маусым таңғы сағат 3-тер мөлшерінде кент әкімшілігіндегілердің зорлығымен 7 айлық қыз балаға түсік тастайды.
Feng Jianmei-дың қайын атасы Deng Xiaogang да: «кенттен бір топ адам келіп, «не 40 мың юан тапсырасыңдар, не баланы түсіріп тастаймыз» деді. Үйде мұнша сома болмағандықтан, келінімді тартып алып кетті», - дейді.
Oқиғадан кейін Zhen ping аудандық «жан саны және туытты жоспарлау мекемесі» Feng Jianmei-дың жоспардан тыс жүкті болғанын, кент кадрлерінің қайта-қайта нәсихат жұмысын жүргізуімен жүкті әйелді жоспардан тыс тумауға көндіргенін мәлімдеді. Әйелдің қайын сіңілісінің айтысынша, жеңгесінің бес жарым жасар қызы болған. Ағымдағы саясат бойынша араға бес жыл салып екінші бала көтеруге болады. Отбасындағылар іштегі екінші баланың тиісті құжаттарын жинап жатқан екен. Ал мемлекеттің саясаты бойынша 6 айдан асқан баланы алдыруға тиым салынған.
Тағы да осы сайттың хабарлауынша (17 маусымда) Hei longjiang провинциясынң Qinggang ауданында бір қамқорлық үйіндегі 4 қарттың аталық түймесі кесіліп алынған. 2020 жылы 23 шілдеде қамқорлық үйінің директоры 3 қарттың тамаққа келмеуіне байланысты бөлмені тексеруі барысында ондағы кісілердің кереуеттерінен қан іздерін байқаған да, шұғыл жәрдем шақыртқан. Тексеру нәтижесі олардың жұмыртқаларының «қолды болғандығын» анықтайды. Қамқорлық үйінің соңыра шақырылған пресс-конференциясында жаңағы үшеуден сырт аталмыш қамқорлық үйінің тағы бір тұрғынының асылынан айырылғандығы мәлім болды.
Жоғарыдағы екі oқиға да видео-хабар болғандықтан ондағы мекемелер, телевидение, кісі аттары, уақиға қатысушылары түгелдей анық көрініп тұр. Сондықтан оның шындығына күдіктенуге негіз жоқ. Екіншіден, мұны «жергілікті», ішінара фактілерге санауға да болар. Алайда ол көзбен көріп, қолмен ұстарлық факт ретінде туындап отырғанымен қоймай, алдыңғы оқиғадағы кент шенеуніктерінің әрекеті мен тиісті мекемелердің фактіні теріс айналдыра түсіндіруі, соңғысындағы денесінде кемістігі бар адамдарға болған қиянаттың мұншалық ашықтан-ашық жасалуы, мұндай оқиғалардың билік тарапынан бүркемеленіп, қоғам тарапынан тым тіксініс қозғамайтын болғандығынан дерек береді. Осындай жағдаяттардан кейін бұл елдегі кісі құқының қорғалуы жайында сөз қозғаудың өзі бос әуірешілікке жатса керек.
«Jing dian shen du» (баспа-бас:«Классиканы індете оқу») сайты 15 маусымда: «Мемлекет ақырында арамшөпті түгін қалдырмай, түбірімен отауға кірісті» деген тақырыппен мақала жариялады. Онда Қытайдың бірсыпыра провинцияларының Бирманың солтүстігінде жасырынып алып, интернет алдамшылығымен айналысқан топтардың елге келіп, өздерін мәлімдеулеріне бұйрық шығарғандығын баяндайды.
«Zheng shang hei xia zi» сайты да 17 маусымда осы мәселені қаузайды және бұл тақырыптың «Халық газеті» мен «Global Times» сынды беделді ақпараттардың да назарына іліккенін дәріптеп өтеді.
Қос сайттың баянынша, елде интернет ресурстарын пайдаланып, аңқау елдің қалтасын қағатындар терістік Бирманы ұя етіп алғанға ұқсайды. Қитұрқылығы қырық есекке жүк болар топтың саны неше жүз мың адамға жеткен көрінеді. Енді тізгіндемесе елдік беделге салық болатын дәрежеге жетіпті. Сонымен сол жақта жүріп тектеусіз кеткен тұрғындарын жөнге шақыруға әр жерге пәрмен берілген сыңайлы. Оны Қытайдың әр өңірлерінің өз жерлестеріне жіберген үшбухатының сөз саптауларынан аңғаруға болатындай.
Заңдылыққа жүгіну, бас бұзарларды тәртіпке шақыру, қарапайым момын жұрттың мүддесін қамқорлыққа алу, өте-мөте, құптарлық шаралар. Кім де кім тәртіп бұзды ма, жазасын алуы шарт. Біздің назарымызды аударғаны сол әр өңірлердің өз жерлестерін елге қайтарудағы тәсілдері болғалы тұр.
Мысалы, Zhe jiang провинциясы Le qing полициясы жерлестеріне «қайтуға қарсылық білдіргендердің шекара бұзып қашып кеткендер санатында жазаланатынын» айтып сәлем жолдаса, Jiang xi провинциясы Rui chang полициясы тіпті, он адамды атын атап, түсін түстеп отырып «із-түссіз кеткендерге» жатқызып, жерлік тіркеуден шығарып жіберіпті. Өңірлердің бірсыпырасы осы тәсілді құп көретін тәрізді. Межелі уақытта келмегендердің «ендігәрі ел шекарасын аттаудан үміттенбеуін» ескертіп жатқандар бір төбе. Ал Fu jian провинциясы Pu tian қаласының қаулысы тіптен жан түршігерлік. Онда 30 маусымға дейін келіп берілмегендерге 10 тармақтан тұратын мынадай жазалар тағайындалатыны айтылады: 1. Солтүстік Бирмада жасырынғандар (ары қарай «олар» делінеді-авт.) заңсыз тапқан ақшаларына тұрғызған немесе туыстарына тұрғызып берген үйлері сүріліп тасталады. 2. Олардың балалары оқуға қабылданбайды. 3. Олар мен жақын туыстары принципті жақтан партияға, армияға, мемлекеттік қызметке, жұмысқа қабылданбайды. 4. Олар партия мүшесі немесе мемлекеттік қызметкер болса, олардың қызмет жасаған мекемелері ешқандай марапатқа ұсынылмайды. Олардың жақын туыстары 3 жыл бойы марапатқа ұсынылмайды және ҚКП тәртіпті қадағалау комитетіне шақырылып жауап береді. 5. Олардың көлікке міну, мейманханаға жату, балаларының жеке мектептерде оқу құқы шектеледі. 6. Олар мен жақын туыстарының есепшоттары және интернет карталары бұғатталады. 7. Қаладар мен ауылдардың көрнекі жерлерінде, мектептерде, олар мен жақын туыстарының тұратын үйлерінде интернет алдамшылығына соққы беру мазмұнындағы белгілер соғылады. 8. Олар мен жақын туыстарының заңсыз әрекеттері түбегейлі әшкереленіп, ауыр және жедел жаза қоданылып, көзбе-көз атқарылады. 9. Олар мен жақын туыстары орман және ауылшаруашылығы жеңілдіктерінен ажыратылады. 10. Олар тұрған мекендер жоғарыға іскерлік жоба өтінімін жасай алмайды, қазыналық ынталандыру немесе жәрдемақы ала алмайды. Елді мекендерге тиесілі әрқандай ынталандыру-сыйлау шараларына қатыса алмайды. Hai nan провинциясы Zhan zhou полициясының шығарған қаулысы да осы тақылеттес.
«Zheng shang hei xia zi» сайты көрсеткеніндей, мұнда заң бұзушылармен қоса солтүстік Бирмада заңды жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлердің де бизнестерін зиянға сатып, елге қайтуға мәжбүр болып жатқандарын айтпағанда, жоғарыдағы 10 тармақтан қандай әділдік іздеуге болады. Тура, әулеттің бір мүшесінің шалыс басқанына бола тұтас әулет «тұқымымен тұздай құрығалы тұрған» жоқпа?! Олардың және олардың етжақындарының жұмыс орындарының қатыстылығы турасында не айтуға болмақ?.. Осыдан-ақ, жалпыға бірдей қарапайым әділеттілікті былай қойғанда, кісілік құқықтың қорғалуы осыдан төрт ғасыр бұрынғы Миң династиясы (1368-1644жж.) деңгейіне түсіп кеткені көрініп тұрмай ма?.. Өйткені Қытай тариқындағы ең сорақы, ең аяусыз және бейадами жазалардың дені осы Миң дәуірінде өмірге енген-ді.
Кісілік құқық жайлы кінәланса, адамзаттың ортақ тарихындағы және бәріне белгілі құлдық дәуіріндегі жағдаяттармен өзін қорғаштайтын, ел ішіндегі тапталып жатқан азаматтардың құқықтары жайлы бетбақтырмайтын, сөйте тұра, әлемдік қауымдастықтың мойынсұнуға тиісті ортақ ұстанымдары мен ережелерін бекітуне дәмелі, «адамзаттың тағдырластығы қауымдастығын» жасақтағысы келетін Қытай еліндегі кісілік құқықтың бүгінгі сықпыты, міне, осындай.
Мұқаметхан Қонарбай
Abai.kz