Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1867 0 пікір 15 Мамыр, 2012 сағат 13:36

Ерлан ҚАРИН: Экономикалық немесе саяси жаңарту рухани жаңғырусыз мүмкін емес

 

Саясаткерлерді бұрын үкімет дәліздері мен парламент залдарында, жиындар мен басқосуларда кездестірсек, қазір интернет желілерінде жолықтыратын болдық. Саясаттанушы Ерлан Қаринмен Facebook арқылы «достасып», Абай мен Twitter, Путин мен ұлт патриоттары, «Жетеудің хаты» мен «Жаужүрек Мың бала» туралы әңгімелесудің реті келген.

- Интернеттегі әлеуметтік желілерді тек байланыс құралы ретінде пайдала­насыз ба? Әлде бұл да виртуалды саяси алаң ба?

- Әлеуметтік желілерді белгілі бір саяси мәселелерді талқылауға, мысалы, «Нұр Отанның» идеяларына үгіттеуге, партияның іс-шараларын насихаттауға ғана емес, сонымен қатар түрлі мә­селелер бойынша пікірлесуге қол­данамын.

- Әлеуметтік желілерде тікелей сұрақтарға жауап бере қоятындай қазақстандық саясаткерлер тіпті аз...

- Саясаткерлер әлеуметтік желілерге ұмтылмайды. Өйткені, олардың бір ерекшелігі - желіде тіркелген адам жаңа «достарымен» тең дәрежеде өзара пікір алмасуға дайын болуы тиіс. Мысалы, егер сұрақ түссе, бәріне бірдей болмаса да, жалпылама бір жауап беруі тиіс. Бұл саясаткерлерді екі жақты байланысқа итермелейді. Ал көп саясаткерлер оған дайын емес. Сондықтан олар аздап сескеніп, қауіптеніп тұратындай кө­рінеді.

- Бұл саясаткерлерімізге ашықтық жетпейтіндіктен шығар?

 

Саясаткерлерді бұрын үкімет дәліздері мен парламент залдарында, жиындар мен басқосуларда кездестірсек, қазір интернет желілерінде жолықтыратын болдық. Саясаттанушы Ерлан Қаринмен Facebook арқылы «достасып», Абай мен Twitter, Путин мен ұлт патриоттары, «Жетеудің хаты» мен «Жаужүрек Мың бала» туралы әңгімелесудің реті келген.

- Интернеттегі әлеуметтік желілерді тек байланыс құралы ретінде пайдала­насыз ба? Әлде бұл да виртуалды саяси алаң ба?

- Әлеуметтік желілерді белгілі бір саяси мәселелерді талқылауға, мысалы, «Нұр Отанның» идеяларына үгіттеуге, партияның іс-шараларын насихаттауға ғана емес, сонымен қатар түрлі мә­селелер бойынша пікірлесуге қол­данамын.

- Әлеуметтік желілерде тікелей сұрақтарға жауап бере қоятындай қазақстандық саясаткерлер тіпті аз...

- Саясаткерлер әлеуметтік желілерге ұмтылмайды. Өйткені, олардың бір ерекшелігі - желіде тіркелген адам жаңа «достарымен» тең дәрежеде өзара пікір алмасуға дайын болуы тиіс. Мысалы, егер сұрақ түссе, бәріне бірдей болмаса да, жалпылама бір жауап беруі тиіс. Бұл саясаткерлерді екі жақты байланысқа итермелейді. Ал көп саясаткерлер оған дайын емес. Сондықтан олар аздап сескеніп, қауіптеніп тұратындай кө­рінеді.

- Бұл саясаткерлерімізге ашықтық жетпейтіндіктен шығар?

- Оппозициялық қайраткерлер арасында да әлеуметтік желіні пай­даланушылар бірен-саран, белсен­діліктері аса жоғары емес. Жалпы, қа­зақстандық саясатқа тән құбылыс: көпшілігі өздерінің аудиториясымен тікелей байланысқа ұмтыла бермейді, ашық пікірталасқа әзір емес.

- Қазіргі саясаткерлерді қайдам, жақында ұлы Абайдың есімі интернетті дүр сілкіндірді емес пе?! Twitter арқылы қазақ ақыны әлеуметтік желіде ең бір танымал тұлғаға айналды. Ре­сейліктер оның қарасөздерін қайталаса, ресейлік баспагерлер өлеңдер жинағын шығаруға кірісіпті...

- Бұл бір қызық құбылыс болды. Біз қаншама рет үкіметаралық деңгейде түрлі шешімдер қабылдап, Абайдың, Пушкиннің жылдарын өткіземіз. Бірақ олар шын мәнісінде қоғамды, ең бастысы жастарды селт еткізіп, соншалықты олардың назарын аудартпаған шығар. Twitter бетіндегі бір ауыз сөз, пікірталас қазақстандық және ресейлік әлеуметтік желілер арасында бірден Абайға, қазақ поэзиясына, қазақ дүниетанымына, қазақ философиясына деген қы­зығушылықты оятты. Енді барлығы Википедиядан Абайдың кім екендігі, оның қарасөздерін іздеп, тауып оқи бастады.

- Ия, орыс жастары әлеуметтік же­ліде Абайдың нақыл сөздерін жаппай келтіріпті. Тіпті кейбір ресейлік ақпарат құралдары қазақ ақынына хабар ар­нады...

- Мұның өзі әлеуметтік желілердің күшін, ерекше қасиетін, феномендігін байқатады. Бір сәтте қазақстандық қоғам, жастар - Мәскеуде болып жатқан оқиғаларға, ресейлік қоғамдық топтар - Қазақстандағы процестерге назар аударды. Виртуалды көпір пайда болып, өзара ақпараттық байланыс күшейе түскен тәрізді. Бірақ бар мәселені әлеуметтік желілердің феномендігіне тіреп салу дұрыс емес. Абайға қы­зығушылық біздің қоғамымызда, мейлі ол қазақ, ресей қоғамы болсын, жалпы адамзатты бәрібір рухани мәселелер толғандыратынын, қарапайым құн­дылықтар мазалайтынын көрсетеді. Қалай айтсақ та, кез келген саяси, әлеуметтік құбылыстың өзегі - рухани ізденіс.

- Абай туралы әңгіме Мәскеудегі ақынның ескерткіші маңындағы оп­позицияның жиынынан шықты ғой. Тіпті кейбір ресейлік ақпарат құралдары: «Абай Путинге қарсылықтың символына айналды» деп жазды. Осындай қоғамдық наразылық аясында билікке келген Путиннің үшінші президенттігі қандай болмақ?

- Бес жыл бұрынғы Путин мен Ре­сейдің жағдайын қазіргі ахуалмен тіпті салыстыруға келмейді. 2007 жылы Пу­тин Медведевке билігін тапсырып жат­қан кезде ол ұлттық лидер статусында болатын. Себебі бұл уақытта Путин басқаратын «Единая Россия» партия­сына сайлаушылардың 60 пайыздан астамы дауыс беріп қолдаған болатын. Кремль саяси технологтары осыны пайдаланып: «Путин - Ресей қоғамын біріктірген саясаткер, ұлттық лидер»

деп наси­хаттайтын. Ол ұлттық лидер образын президенттік биліктен кет­кеннен кейін де пайдаланып жүрді. Бірақ осы жолы ол президенттік тақты иеленсе де, ұлттық лидер статусынан айырылып қалды. Себебі Путиннің билікке қайта оралуы Ресей қоғамының жіктелуіне, яғни бір топтың оны қол­дап, екіншісінің қарсы шығуына соқтырды. Соңғы парламент сайлауында «Единая Россияға» сайлаушылардың 50 пайыз­дан төмен дауыс беруінің өзі Ресей қоғамының бөліне бастағанын көр­сетеді. Ол президенттік өкілеттігін алып жатқан тұста қарсылық акциялары да толастамай отыр. Ең бір демократиялы 90-жыл­дардың өзінде Ресейде осындай үзіліссіз, бір апта бойы мыңдаған адамдардың қарсылық акциялары болса да, жиі болмаған шығар. Осының барлығы қазіргі таңда Ресейдегі ішкі саяси жағдайдың күрт өзгергендігін, жаңа саяси факторлар пайда болғанын айғақтайды.

Қазаққа бірігу үшін ортақ жау керек пе?

- Ресейліктер интернетте қазақ поэзиясына қызыға бастаса, қазақ қоғамында керісінше Ресеймен ин­теграцияға қарсылық байқалады. Жақында бір топ қазақстандық қоғам белсенділері «Еуразиялық Одақ Қазақстанның саяси тәуелсіздігінен айырады» деген қауіп білдіріп, пре­зидентке, үкіметке, парламентке ашық хат жолдады. Қоғамдық са­рапшылардың осындай алаңдау­шылығына негіз бар ма?

- Осындай үндеулер қоғамдық пі­кірдің рөлі күшейіп келе жатқандығын аңғартады. Егер оның авторлары қо­ғамдық пікірдің, ақпарат құралдарының ықпалына сенбесе, мұндай құжаттар қабылдамас еді. Енді үндеудің маз­мұнына келсек, қоғамда Кеңес Одағына қайта оралу мүмкіндігінен қауіптеніп жүргендер аз емес. Сонымен бірге, Ре­сейде де, тіпті өз қоғамымызда да Кеңес Одағына қайта оралсақ, көптеген мә­селелер шешілетін еді деген пікірлер де баршылық. Алайда олардың бар­лығы Кеңес Одағына қайта оралу ешқашан да жүзеге аспайтын утопия екенін анық түсінгендері жөн. Әрине, қазіргі заманда экономикалық қарым-қатынастарды нығайту өте маңызды. Оны мойын­дауымыз керек. Бұл - жаһандық тен­денция. Елдердің өзара экономикалық қарым-қатынастарының күн сайын күшейе беретіні сөзсіз. Яғни эко­но­микалық тұрғыдан қарағанда, қалай болса да байланыстарды одан әрі нығайту қажеттілігі күмән келтірмейді.

Дегенмен, бұл үндеу қоғамның белгілі-бір бөлігінің жүзеге асып жатқан интеграциялық жобаларға байланысты алаңдаушылығын аңғартады. Әрине, бұл үндеуде айтылған әртүрлі дәйектерге қатысты басқа да пікірлер айтып, қарсы аргументтер мен уәждер келтіруге бо­лады. Бірақ үндеудің жалпы мазмұны - бізді барлығымызды - қоғамды да, билікті де, саяси партия өкілдерін де осы секілді сыртқы саяси интеграциялық жобаларды тағы да жан-жақты талқы­лап, оның барлық ұтымды-ұтымсыз жақ­тарын, одан шығатын түрлі қа­терлерді қайта саралап, сараптауға мәжбүр етеді. Мұндай пікірлермен бі­реулер келісіп, енді біреулер келіспесе де, жалпылай келгенде санасу, ескеру қажет.

- Бұған дейін негізінен осы азаматтар «Жетеудің хатын» жазған. Олар мем­лекеттік тіл мәселесін шешпей, сөзбұйдаға сала беру «Қазақстан мүддесіне орны толмас зиян әкелетіндігін» айтып, билік пен қоғам алдына он сұрақ қойған. Оларға не деп жауап берер едіңіз?

- Мемлекеттік тілге қатысты жағдай бойынша соңғы жылдары бірқатар жүйелі қадамдар жасалғанын мойындауымыз керек. Жаңа қазақ телеарналары пайда болып, қазақтілді ақпарат құралдарының таралымы кеңеюде, жыл сайын қазақ мектептері салынып жатыр. Яғни кім қалай десе де, билік мемлекеттік тілді жүйелі түрде дамытуға өзінің мүдделі екендігін тұрақты түрде танытып келеді. Әрине, екінші жағынан әлі де болса, барлық мүмкіндіктер толықтай жүзеге аспай жатқаны да рас. Оған қоса соңғы уақыттары мемлекеттік тіл, ұлттық, рухани мәселелер екінші, үшінші қатарға ысырылып қалғандай әсер қалыптасты. Сондықтан аталған «Жетеудің хаты» қоғам мен биліктің назарын қайта осы мәселелерге аудартуға септігін тигізеді. Бұл жағынан хаттың пайда болуы дұрыс болды - тіл және басқа ұлттық мәселелерді билік пен қоғам назарынан шығармау қажет. Бірақ ұлттық, рухани және әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелерді бөлек емес, барлығын бірге, жүйелі түрде қарастырған жөн.

Жалпы, осы үндеулер ұлттық-патриоттық қозғалыстардың қайтадан белсенді бола түскендігін байқатады. Соңғы жарты жылдықта, әсіресе, сайлау және одан кейінгі кезеңде олардың белсенділіктері бәсеңсігендей көрінді. 2-3 жыл бойы күшейіп, билікті де, оппозицияны да өзімен санасуға мәжбүр еткен қозғалыстар әртүрлі саяси күштермен ымыраласып, өз ішінде ыдырап қалғандай болды. Бірі - «Руханиятпен», екіншісі - «Ақ жолмен», үшіншісі - «Азат» ЖСДП-мен серік­тестікке ұмтылды. Шындығын айтатын болсақ, ұлт патриоттары арасындағы ауызбірліктің жоқтығы өздерін дербес саяси күш ретінде толыққанды танытуға мүмкіндік бермей отыр.

- Оларды біріктірудің бір жолы - Қазақстандағы ондаған ұлттық-пат­риоттық қозғалыстардың басын қосып, бір саяси ұйымға айналдыру емес пе?

- Өткен сайлау ұлттық-патриоттық қозғалыстардың нақты бір институт ретінде рәсімделуіне әкеліп соғады деген болжам болған. Яғни сарапшылар олардың бір партияға айналуын не­ме­се белгілі бір партияның қатарына қосылуын күткен. Бірақ олардың ал­ғашқы саяси науқанға қатысуы сәтсіздеу шықты. Олар ықпалдығын арттыр­ғанымен, дербес саяси күш ретінде өздерін көрсете алмады. Неге? Бұл қозғалыстар әртүрлі кезеңдерде әр­кіммен одақ құруға ұмтылып, түрлі саяси интригаларға араласып, соның құрбаны болып қалды. Бірақ ұлт патриоттары қатарында жаңа толқын - жас қайраткерлердің пайда болуы ұлттық қозғалыстарға серпін берудің ұмтылысы деп есептеймін. Бұл да - оның ықпалдылығын арттыруда маңызды қадам.

- Бірақ, әсіресе, орыстілді баспасөз­де оларды «нацпат» деп келемеждеп, олар­дың қызметіне скептикалық көзқарас басым ғой...

- Ия, соңғы уақытта орыстілді басылымдарда ұлт патриоттарын сынға алу жиі байқалып отыр. Мысалы,

Д.Әшімбаев өзінің соңғы сұхбаттары­ның бірінде ұлттық патриоттардың қызметі бос ұрандатулар мен өз тағдырына деген реніштерін жеткізуге бағытталып отырғанын айтты. Бірақ оның айтқаны рас болса, онда ешкім де олармен ымыраға келуге тырыспайтын еді, олармен есептеспес еді. Ал соңғы кездері ұлттық-патриоттық қозғалыстар көтеріп жатқан мәселелер шынайы қоғамдық резонанс туғызуда. Өткен жылғы 138 адамның хатын мысалға келтірейікші. Осындай қадам арқылы ұлттық-патриоттық қозғалыстар биліктің назарын сол өзекті мәселелерге аударта алды. Бұл да - ұлттық-пат­риоттық қозғалыстардың бірден-бір жетістіктерінің бірі. Керісінше, соңғы уақыттағы осындай түрлі сыни пікір­лердің пайда болуының өзі олардың ықпалдылығының артып бара жатқа­нын көрсетеді.

- Ұлттық қозғалыстардың үлкен саяси алаңға шығатындай әлеуеттері жете ме?!

- Ия. Дербес саяси күш ретінде өзін таныту үшін бірден құрылтай съезін өткізіп, өздерін партия ретінде жариялау міндетті емес. Көптеген құрылымдардың қайталап жататын қателіктері де - осында. Ең алдымен көтеріп жатқан ортақ мәселелері жөнінде бірліктерін көрсету, белсенділіктерін сақтау маңыздырақ. Себебі олар «маусымдық» қайраткерлік танытып алып, бір кезде көрінбей кететіні рас.

Ұлттық-патриоттық қозғалыстардың басқа саяси күштерден артықшылығы бар: олар саяси ағартушылық мә­селелермен де айналысуы қажет. Неге? Бізде қазақ қоғамы әрқашан саяси құбылыстарды дүниетанымдық ка­тегориялар бойынша бағалайды. Мысалы, «әділетті», «әділетті емес», «отаншыл», «отаншыл емес» деген сияқты категорияларды қолданады.

- Саясаткерлерді «мемлекетшіл» немесе «мемлекетшіл емес», «ұлтжанды» немесе «ұлтшыл емес» деп жиі баға­лайтынымыз рас...

- Қазақ қоғамына белгілі бір саясаткерлердің ұрандарынан гөрі Абайдың және басқа рухани көсемдердің айтып жүрген мәселелері жақынырақ әрі түсінікті. Қазақ қоғамы алдында де­мократиялық құндылықтарды орнату міндетімен қатар ұлттық сипатымыз­ды сақтап, оны күшейту, ұлттық құн­ды­лықтарды жүзеге асыру мен оларды қорғау сияқты мақсаттар тұр. Саяси ағартушылық мәселесін де ұмытпауы­мыз керек. Мысалы, «қазақ тәуелсіздік үшін күреспеген» деген сияқты мәсе­лелерді айтып та, оны жариялап та отырған орыс ағайындар емес, өзіміздің қазақтар ғой. Осындай пікірлерден

кейін «біз бос­тандыққа, тәуелсіздікке лайықты емеспіз, қазақ ұсақ-түйек мәселелерден аса алмайды» деген ой туындайды.

- Мұндай пікірлер баспасөзде бірінші рет айтылып тұрған жоқ. Неліктен қазақтардың өздерін, қазақ тілін түкке тұрғысыз қылатын осындай пікірлер қоғамға жиі таңылады?

- Міне, осындай мәселе көтерілген кезде ондаған, жүздеген ұлттық-пат­риоттық ұйымдарымыздың қандай

да бір пікірін естідіңіз бе? Қарсы реак­ция байқалмағандықтан, оларға тыйым да болмайды. Мысалы, Абай туралы интернетте пікірталас қайдан шықты? Twitter бетінде Алексей Навальный: «Түсініксіз бір қазақтың ескерткішіне бара жатырмын» деді, оны тағы бір блоггер іліп әкетіп: «Абай деген кім өзі? Оған ескерткіш неге орнатылған?» деп жазғаннан кейін бүкіл қазақ - «шаласы» да, «нағызы» да дүрлігіп кетті. Сонда біреу былай жазыпты: «Ресей қай­раткерлері де кімге тиісетінін біліп алған. Кавказдың, тәжіктің немесе өзбектің бір тұлғасына тіл тигізіп көрсінші, жай қалдырмайтынын іштері сезеді». Кейде «осы сөздің жаны бар ма?» деп қаламын. Борат бізді қаншама

жыл сынап, әжуа етіп келді, ал біз оған алғыс айтқандай болдық. Басқалар­дың бұлай елді танығаны құрысын. Барған жерімізде: «Біздің ел ондай емес!» деп ақталатын жағдайға жеттік емес пе?! Қазақ қоғамында ұлттық мүддеге кел­генде табандылық таныта алмаймыз, намыс жетпей қалып жатады. Әрине, Абай ескерткішіне қатысты жағдайда

бір сәт қуандым: әлеуметтік желіде қазақтың барлығы бірдей үн қатты. Сонда бірігу үшін бізге ортақ жау керек пе? Сонда ғана «аттандап» шығамыз.

Ұлт патриоттары тұрақты, белсенді әрі жүйелі түрде жұмыс істеп, ағарту­шылық жұмысты кейінге ысырмауы керек. Кезінде Алаш қайраткерлері ұлттың, елдің тәуелсіздігі үшін күнделікті күресе жүріп, ағартушылық ісін ұмыт қалдырған жоқ. Біреуі әдеби шығарма жазса, екіншісі газет шығарды, үшіншісі ғылыммен айналысты. Саяси қызметті рухани жұмыспен қатар алып жүрді. Шынайы ұлттық мемлекет құру үшін қоғам қайраткерлері де осы екі бағытты тең ұстануы тиіс.

Қазақ қоғамының ықпалы күшейе түсуде

- Сіз жаңа Әшімбаевтың мақаласын еске түсірдіңіз. Жалпы, қазір орыстілді баспасөзде қоғамда «қазақ артта қалған» деген стереотипті қалыптастыруға күш салынып жатқандай әсер қалдырады...

- Бұл керісінше қарсылық сияқты. Қазақ қоғамы күшейіп келеді. Мысалы, жақында телеарналар рейтингісін қарасам, соңғы уақытта телеарналар қазақтілді бағдарламалар арқасында алға шыққан екен. Яғни қазіргі таңда тұтынушылардың басым бөлігі - қазақ қоғамы. Осыдан 5-6 жыл бұрын «қа­зақтілді бағдарлама неге аз?» деген мәселе көтерілгенде телеарна бас­шылары: «Орыстілді тұтынушылар жарнаманы тек орыс тілінде береді, жарнамасыз даму жоқ» деп уәж айтатын. Егер телеарналар рейтингісі қазақтілді көрермендер есебінен өссе, онда жарнаманы, пайданы да солардан көріп отыр. Осыдан кейін, әрине, кішкентай топ азшылыққа айнала бастағанын, жаңа жағдайда бәсекеге қабілетті бола алмайтындығын түсінеді. Бұл қарсылық реакциясын тудырады.

Кезінде саяси алаңда қостілділік артықшылық саналатын. Жұрттың ал­ды­на шыққанда: «Қазақша таза сөйлейді екен!» деп тамсанатын. Ал шындығында бұл абсурд болатын: қа­зақ елінде жүрген қазақ қайраткерлерін қазақ тілін біл­ге­ні үшін мақтайтынбыз! Қазір бұл - қа­лыптасқан жағдай. Бүгін кейбір сая­саткерлерді әлі де қазақша білгендігі үшін іш тартсақ, негізі бұл ар­тықшылық емес, факт, нормаға айналуы керек. Бұрын 10-20 министрдің ішінде 3-4 адам қазақша сөйлесе, бүгін­гі уақытта саяси элитада қазақша сөй­лейтіндерден қазақша сөй­лемейтіндер аз. Жағдай қанша дегенмен өзгеріп келеді.

- Ұлт, тіл туралы мәселе қозғайтын көп сарапшылардың бір ерекшелігі: олар қазақ және орыс тілдерін қатар меңгерген. Ал оған қарсы пікір білдірушілер көбіне тек орыстілді болып келетіні қызық...

- Қазақ тілін білмейтін, қазақ баспасөзін оқымайтын сарапшылардың біліктілігіне күмәндануға тура келеді. Себебі қоғамның жартысынан көбін құрайтын топтың мұңын, ойын, пікірін білмей, сезбей, естімей, елдегі саяси оқиғаларды қалай болжап, түсінуге болады? Яғни бұл қазақша сөйлемей, қазақша ойламайтын сарапшылар қазіргі шынайы жағдайды білмейді дегенді білдіреді. Ондай сарапшы, қайраткерлердің пікіріне өзім бірден күмәнмен қараймын.

- Егер саяси ұлттық ұйымдар кү­шеймеген жағдайда оның орнын діни экстремистік ұйымдар басуы мүмкін деген пікірге қалай қарайсыз?

- Мұндай пікірмен толық келіспесем де, оның негізі бар. Ұлттық-патриоттық қозғалыстардың мақсаты - ұлттық мемлекет құрып, ұлттың жаңғыруы. Кейбір дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиясы ұлттық құндылықтарды мойындап, оларды қабылдай бермейді. Ұлттық-патриоттық ұйымдардың әл­сіреуі - екінші бір басқа ұйымдардың ықпалының күшеюіне пропорционал­ды. Біздің негізгі мақсатымыз - ел­дігімізді сақтау, ұлтымыздың жаңғыруы болса, ұлттық-патриоттық қозғалыс­тардың қоғамдық-саяси сахнадағы рөлі артып, ықпалға ие болуы қоғамымыздың мүддесіне сай келеді.

Ел-жұрт тарихи фильмдерге «шөліркеп» қалған

- Қазақ қоғамында пікір тудырып жатқан «Жаужүрек Мың бала» фильмін көрдіңіз бе?

- Жақсы, тамаша фильм. Балала­рыммен бірге тамашаладым. Тек бір қынжылтқаны: кино қазақ тілінде көрсетіледі деп ойлаған едім, бірақ орыс тілінде көрдік. Астанадағы 5-6 кино­театрда негізінен орыс тілінде жүріп жатыр. Қазақ тіліндегі нұсқасы аз көрсетілуде, әркез ыңғайлы уақытқа қойылмаған. Мен тарихи фильмнен қазақы диалогтарды естігім келген. Ал мына киноның сөздері жасанды көрінді. Бірақ осыған бола оны жамандауға асықпас едім. Бұрын кино мәселесін көтерсек, енді кино прокат мәселесіне назар аударған жөн. Қазақ киносын жасау - бір мәселе, оны қазақша көрсету - екінші мәселе. Осыны талқыға сал­ғымыз келіп отыр. Жалпы, фильм жақсы әсер қалдырды. Оның үстіне, патриоттық бағыттағы кинолар же­тіспейді.

- Тарихи фильмнің тақырыбы жөнінде не айтасыз?

- Кейбіреулер: «Әлі күнге дейін сол жоңғарлармен алыса береміз бе?» деп жатыр ғой. Бірақ сол жоңғарлар соғысының өзін де толық көрсетіп бол­ған жоқпыз. Мысалы, Аңырақай, Бұ­ланты, Орбұлақ шайқастарының әр­қайсысы бөлек тақырып емес пе?! Әри­не қазақ тарихында қаншама мықты тақырыптар бар?! Кенесары, Алаш қозғалысы, ашаршылық, 86-жылғы оқиға... Шіркін, осы сияқты тақы­рыптарға кіріссе деп армандаймыз. Тәуелсіздігімізді алғанға жиырма жылдан асса да, өз тарихымыздағы кейбір оқиғаларды естіп, әлі күнге дейін: «Солай ма?» деп таңдай қағамыз. Қазақтар ұзақ жыл ес-түссіз жатып, комадан оянған адам сияқтымыз. Өткеніміздің кейбір сәтін еске түсіре алсақ, кейбір шақтар ұмытылған. Ал өткенді бағалай алмағандықтан, бүгінгі күннің жемісін де қадірлей білмейміз.

Қазақ қоғамы тарихи туындыларға «шөліркеп» қалған, құмары әлі қанбай отыр. Мұндай фильмдер ең алдымен балалар үшін маңызды. Соңғы уақытта бір нәрсені үнемі айтамын: нені қолға алсақ та, балаларымызға жарайтындай істеуіміз керек. Оларды балалар пайдаланып, содан кейін ой түймесе, оның бәрі - бекер. Ұлттық саясаттың түпкі мақсаты - жас ұрпақ.

- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Айжан КӨШКЕНОВА

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522