Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3961 0 пікір 21 Мамыр, 2012 сағат 09:57

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным - Алаш!..». Тез (Екінші кітап. Басы)

„ҰРАНЫМ - АЛАШ!.."

(Түрме әфсанасы)

ТЕЗ

(Екінші кітап)

АЛМАТЫ

ЕЛ - ШЕЖІРЕ

2011

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі

Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы „Отырар кітапханасы" ғылыми орталығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің „Көнетүркі және қазақ тарихи-әдеби жазба мұралары - Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі" атты Жобасына сәйкес дайындалып, ғылыми Кеңесте бекітілген.

Сондай-ақ Мемлекет тарихы институтының ғылыми Кеңесінде талқыланып, мақұлданды.

Рецензенттер:

С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Р.Нұрғали

ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

Б.Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Д.Махат, тарих ғылымдарының докторы.

„ҰРАНЫМ - АЛАШ!.."

(Түрме әфсанасы)

ТЕЗ

(Екінші кітап)

АЛМАТЫ

ЕЛ - ШЕЖІРЕ

2011

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі

Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы „Отырар кітапханасы" ғылыми орталығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің „Көнетүркі және қазақ тарихи-әдеби жазба мұралары - Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі" атты Жобасына сәйкес дайындалып, ғылыми Кеңесте бекітілген.

Сондай-ақ Мемлекет тарихы институтының ғылыми Кеңесінде талқыланып, мақұлданды.

Рецензенттер:

С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Р.Нұрғали

ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

Б.Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Д.Махат, тарих ғылымдарының докторы.

Ғылыми редакторлары филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Алпысбаев және Р.Тұрысбек.

Қолжазбаны компьютерге теріп, баспаға дайындаған - Қ.Камзина, М.Ермағанова.

АННОТАЦИЯ

Жазушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың «Ұраным - Алаш!..» атты түрме әфсанасының «Тез» атты екінші кітабы - «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, З.Уалиди, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, М.Есполов, Ғ.Болғамбаев, Ғ.Бірімжанов қатарлы 41 алаш қайраткерлерінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде жазылған «Жегі» бөлімінің заңды жалғасы болып табылады. Екінші кітапта М.Тынышбаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, А.Байтасов, М.Тұрғанбаев, Ә.Байділдин, И.Қашқынбаев, М.Мұрзин сынды 30 тұлға туралы бұрын-соңды белгісіз не қате пайымдалып келген тарихи оқиғалар - тергеу деректерімен, сондай-ақ тінту кезінде тәргіленген хаттармен, құжаттармен салыстырыла отырып, Біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасы жасалған.

Жазушы-ғалымның бұл еңбегі - әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, ізденушілер мен студенттердің, жалпы зиялы оқырман қауымның назарын аударатын, қазақтың ұлттық «Мәңгілік ел» идеясының қалыптасу негізін жүйелеп берген іргелі де толымды зерттеу әфсанасы болып табылады.

 

ІЛЕСПЕ

Жыл өткен сайын алаш қозғалысының дәуірі алыстап, аңсары бәсең тартқандай көрінгенімен де, қазақ елі үшін «Мәңгілік ел» идеясы ешқашанда өлмек емес. Керісінше даму тарихымыздың тұрлаулы-тұрлаусыз, тағдырлы-тағдырсыз, дәуренді-тоқырау тұстарында тағы да сараланып, еліміздің рухани нысанасын анықтауға тұтқа болып табылатыны анық. Ол - күмәнсіз шындық. Сондықтан да Біртұтас алаш идеясын тұжырымдай тәпсірлеуге арналған «Ұраным - Алаш!..» деген жалпылама атқа біріктірілген бұл әфсананың «Жегі» атты бірінші бөлімі мен «Тез», «Талқы» атты екінші-үшінші бөлімінің басылым көруінің арасында біраз үзіліс болғандықтан да қысқаша түсінік беруге тура келіп тұр. Өйткені жиырма жылдан астам уақытты қамтитын зерттеу аясындағы жинақталған деректердегі пікірлерді жүйелеу, салыстыру, түйіндеу, қорытындылау барысы - автордың еркінен тыс Біртұтас Алаш Идеясының тұжырымдамасын жасауға алып келді.

Бұл әфсананың ту бастағы ойластырылған құрылымы мен ішкі түзілім тұрғысына өзгерістер енгізуге, талдаулардың аясын кеңейтуге, дәлелдерді жаңа айғаққа байланысты қайталай дәйектеуге мәжбүр етті. Шығармашылықтың өзіндік ішкі қатал заңдылықтарына орай: жанама деректер алға шығып, басты деректер кейінге ысырылып, бастауыш - баяндауыштың міндетін атқарып кеткен тұстар да кездесті. Ал онсыз «Ұраным - Алаш!..» сияқты көлемді дүниеге оқырманның ықыласын үзбей аударып отырып оқыту да мүмкін емес. Мысалы, жылнамалық жүйе бойынша Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаев, Ә.Байділдин т.б. туралы тараулар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов қатарлы 41 алаш қайраткерінің тергеуі қамтылған «Жегі» бөлімінде, не М.Тынышбаев, Х. және Ж.Досмұхамедовтер, Ә.Ермеков сынды 30 тұлғаның тағдыры сараланатын «Тез» бөлімінің басында тұруы тиіс болатын.

Аса ауқымды 14 томдық тергеу ісін жинақтай жүйелегенде, бұл тәсіл - мазмұндық тұрғыдан бірегей қайталауларға ұрындыратыны байқалды. Сондықтан да тарихи айғақтарды алдыға шығарып, «мәдениет майданына» қатысты айыптауларды шегере бердік. Соның өзінде, өзіміздің шығармашылық басты нысанамыз - рухани тәуелсіздік мәселесі жеріне жете жетеленбегендей көрінгендіктен де, Мұхтар Әуезовтің тергеу ісін жеке бөліп ап, 1917-1991 жылдар арасындағы кеңес өкіметінің зиялы қауымды ұлттық-идеологиялық қысымда ұстап, тұлғаларды үрейден айырмаған арандату саясатын «Талқы» бөлімі арқылы талқыға салғымыз келді. Сонымен қатар, еркін ойлы, көркем саралау болғандықтан да, көз сүріндіретін мұрағаттық сілтемелерді кітаптың ең соңғы бетінде көрсетуді лайық санадық. Ал сілтемеде аттары көрсетілген авторлар тиісті тұстарда пікірін пайдаланғанымызды өздерінің био-библиорафиялық көрсеткіштеріне кіргізуге толық еркі бар.

Сонымен қатар бұған: «Қашан тәуелсіздік алғанша зиялылардың жан аңсарына айналған алаш идеясы 1937 жылдан кейін өшті»,- деген саңлаусыз пікірдің үстемдік алып бара жатқаны да қамшы салды. Сөйтіп, Біртұтас алаш идеясын тұжырымдайтын түйінді құжаттарды тұтастай ұсынуға ықпал етті.

Саналы түрде қырық жыл бойы зерттеген тақырыптың әлі де қамтылмаған бөгенайы мен  әттегенайына қарамастан, оны бұдан әрі тартпада сақтауды қажет деп таппадық.

Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай.

6 маусым, 2009 жыл.

 

БІРІНШІ ТАРАУ: ТЕЗТАРТАР

1.

Идеология - байсалды мiнезге, пайымды пiкiрге, тұрақты көзқарасқа ие тұлғаларды да жол айырығында әнтек аттатып, бұрыс бастырып жiбередi. Егерде сол идеология қандай да бiр кек пен өштiктiң, қарымта қайырудың қаруына айналса - қасірет. Ал ХХ ғасырдың отызыншы жылдары таптық тартыстың «жауынгерлiк құралына» айналған кеңестiк идеология мыңның емес, миллионның тағдырын талқыға салды.

Соның ішінде қазақ ұлтының сана мәйегі iрiп тынды. Қазақтың көшпелi экономикалық қарым-қатынасы бұзылып, шаруашылығының шаңырағы ортасына түстi. Ұлттық емес, кәдiмгi мемлекеттiк мүдденiң өзi «жалаң айғайдың» құрбандығына шалынып, талан-таражға салынды. Ақырында бұл жанығу қазақ елiн орыны толмас қасiретке душар еттi. Сөйтiп, қазақ жұртын 1931-1932 жылғы ашаршылыққа алып келдi.

Қазақ мемлекетiнiң апатқа бет алғанын аңғарған Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаев, Нығымет Нұрмақов, Ораз Жандосов iспеттi қайсар қайраткерлер екi-үш жыл қасарыса күрестi. Бiрақ та Қужақ өзiнiң көбiкауыз әккiлігін пайдаланып, қазақ зиялыларының арасына сезік пен секем септi. Оларды тыңшылық әрекет арқылы iштен ыдыратып, ойсырата соққы берілді.

Үш жылдың орайында шын мағынасындағы ұлт көсемдерiнің - «Алашорда» қайраткерлерiнiң бiрi қалмай қамауға алынды. Халық қамын ойлайтын қатардағы зиялылар қудаланды. Сөйтіп, ұлттық діл мен мәдениеттiң тамырына балта шабылды. «Партия құрылымының 10 жылдығы» атты баяндамасында Голощекин «Алашорда» қайраткерлерiнiң қақпанға түскенiн:

«Жолдастар, менiң сiздерге жариялайын деп отырған деректерiм - қазiр көзi жойылған «Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымының» тергеуiнде ұлтшылдардың өзi берген куәлігi. Сондай-ақ, дәл осы күндерi Тынышбаевтің, Ермеков пен Досмұхамедовтердiң, тағы да бiр контрреволюциялық-ұлтшыл ұйымының тамырына балта шабылуда»,- деп ерекше мақтанышпен мәлiмдеді.

Қужақ түрмедегi жауаптарды өзiнiң пайдасына қарай бейiмдеп, күдiксiз нәрседен күдiк тудырды.

Идеологияның басты қаруы - сөз. Өкiнiшке орай, қазақтың өз арасынан шыққан, ұлтының мүддесiнен, жеке басының намысынан, ұрпақ алдындағы парызынан лауазым мен марапатты жоғары қойған можантопай, қолтоқпақ, исалмастардың желiктiруiнiң кесiрiнен «Қуажақтың» жағы сембедi. Ақыл-ой шалығына ұшырағандарға ғана тән, жүйкеңді шүйкелейтін мұндай көпірмелерге «Голощекиннің меншікті националдары» (С.Сәдуақасов) ұйымдастырған «ұзаққа созылған қызу қол шапалақтаулар» реттi-ретсiз дамылсыз соғылып, оны дәмiл-дәмiл шабыттандырып отырды. Даурыға, шаптыға сөйлеген мемлекет басшысы жарты күн мiнбеге мiнiп, бурадай шабынып тұруды әдетке айналдырды. Бұған Смағұл Сәдуақасовтың:

«Голощекин жолдас жеті сағаттан артық сөз сөйлеп, осы уақыттың қақ жартысында мені сөз ғып, мені кінәлап өтті. Маған таққан кінәларының өзін ғана санап шығуға регламент бойынша маған берілген уақыт жететін емес»,-  деген уәжі дәлел.

Голощекиннің де, оның «меншікті националдарының» да бұлай көпірмеске амалы да жоқ болатын. Өйткені Қазақстанға кезекті «волонтёрін» жіберген сайын Сталиннің өзі:

«Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі - ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес»,- деп (Алаш қозғалысы, 4-том, 442-бет) нұсқау беріп отырған.

Осы нұсқаудағы ұлтшылдарды тауып, оны әшкерелеу жолында жан алып, жанын берген Ф.И.Голощекин:

«Тартыстың түп тамыры - интернационалистер мен ұлтшылдардың арасындағы күрес. Қазақ арасындағы топшылдық бөлініс - 1920 жылдан, «алаштықтар» партияға кіре бастаған кезден басталды. Бөліну - қазақ партия ұйымы мен кеңестің алғашқы іргетасын қалаған «кәрі коммунистермен», 1919-1920 жылдары Меңдешевтің маңына топтасқан коммунистерді айтып отырмын, олардың арасына сынаша қағылып кірген Әуезов, С.Сәдуақасов бастатқан интеллигенция өкілдерінің, сондай-ақ Бөкейхановтың арқасында қалқаланып тұрған осы арада отырған жастардың, олардың аттарын атамай-ақ қояйын, арасында басталды»,- деп (сонда, 284-бет) қазақ зиялыларын «щиналарға» бөліп, «іріктеп берді».

Мемлекеттік саясат пен үкімет билігі бір адамның құзырында болды. Кешегі қабылданған қаулы - бүгін, бүгін қабылданған шешім - ертең бұзылып отырды. Ал келешекті ойлаған кемел тұлғалар тұншықтырылды. Көзқарасы - қондырғы насихаттан аспаған, өз сөздерімен айтсақ, «революция үшін қазақ халқын құрбандыққа шалуға даяр» С.Меңдешев, О.Исаев, І.Құрамысов, Ұ.Құлымбетов, Ғ.Тоғжанов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты «солшылдардың социализмдегі балалық ауыруын» «мерзімдік көсемнің» бірі Г.Зиновьев:

«Солшылдар - ұлт мәселесіне терең бара алмайды, оны тым жадағай түсінеді, соның салдарынан ұлт мәселесінің мәнін жоққа шығарып алғанын өздері де түсінбейтіндер. Олар өздерін ұлттық (национал) өкілдерміз деп барынша даурығып жүріп, ұлт мүддесін құрбандыққа шалып жіберетіндер. Олардың қауіптілігі, міне, осында»,- деп дәл басып, атап көрсетті. Ы.Мұстамбаевтің:

«Голщекиннің көпірме сөзімен коммунизм құра алмайсың»,- деген уытты сөзі де сол тұста айтылды.

Расында да, Голощекиннiң «көсем сөздерiнің» пәтуасы болмады. Бұрын тұрақты түрде «жасасындатып!» жүргендердің өзі бірде «жасасындатып», бірде «жасасындата» алмай, бағдардан айырылып қалды. Мысалы, 1925 жылдың аяғында өткен Ү Қазақ өлкелік партия конференциясында: жерге ең алдымен байырғы халықты орналастыру туралы қаулы қабылдады. Алайда араға екі ай өткізбей, 1926 жылы 26 ақпанда сол қаулыны жоққа шығарған тағы да бір арнаулы қаулы қабылдады. ҮІ өлкелік партконференцияда Голощекин жерді таптық тұрғыдан бөлу саясатын ұсынды. Сөйтіп, «Ұлттардың өзін өзі билеу туралы декларацияда» жария етілген Ресейдегі аз ұлттардың жері, нақтырақ айтсақ, қазақ жері - қазаққа қайтпай қалды.

Біртұтас алаш идеясының ең талмауытты нысанасының ұйытқысы: «Жер, жер және жер. Жер - Отан. Ал отанды сатуға да, меншіктеуге де, жатқа жалдауға да болмайды»,- деген ұлы мақсат (бірінші кітаптың «Жер жегісі» атты тарауында қазымырлана талданғанын ескерте кетеміз) алаш ұранды азаматтардың өзегін өртеген күйінді мәселе күйінде қалды. Күйінетін жөндері бар еді. Оларды күйіндірген С.Сәдуақасовтың пайымдауынша:

«Патша өкіметінің соңғы кезеңінің құдіретті бюрократы Столыпиннің өзі Қазақстан туралы: «Қырғыздарды (қазақтарды - Т.Ж.) жерге орналастыруды емес, қырғыз даласы (қазақ даласы - Т.Ж.) туралы ойлау керек, тұтастың мүддесі бөлшектердің мүдделерінен маңыздырақ (Столыпин мен Кривошейннің жазбалары. «По ту сторону Урала», СПБ, 1911 жыл)»,- деген «Ұлттар мен националдар туралы» сөзі еді.

Уақытша үкіметтің премьер-министрі Керенский де «қас дұшпанының сөзінен» алыс кеткен жоқ, ол өзінің мемлекеттік Думада сөйлеген сөзінде:

«Түркістан мен дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға солай қарауымыз керек»,- деп мәлімдеме жасады.

С.Сәдуақасовтың пікірінше, «ең әділетті, езілген ұлттарға қамқоршы» өкіметтің ең озық интернационалисі, ең үздік экономисі, Троцкий мен Бухариннен кейінгі Сталиннің ең басты қауіптенген қайраткері «...Рыков жолдастың өзі партияның ХҮ съезіндегі баяндамасында:

«Қоныс аудару жөніндегі жұмыстарды одан әрі күшейту қажет, ол ауыл шаруашылығының өндіргіш күштерін көтеруге көмектеседі, шаруалардың кедей және табысы аз топтарының жағдайын түзетеді, сөйтіп «аграрлық жағынан артық қоныстануды» азайтуға ықпал етеді»,- деп Столыпиннің реакциялық жоспарын «тірілтті».

Рыков та бұл мақсатына жете алмай желкесі қиылды. Қытай компартиясының саяси бюросының мүшесі, ОК-тің төрағасы Лю Шаоци 1949 жылы маусым айынан тамыз айына дейін құпия түрде Мәскеуде болды. Сол кездесуде Сталин:

«Синьцзянды басып алуда жайбасарлыққа салынуға болмайды. Өйткені жайбасарлық ағылшындардың Синьцзянға сіңе кіруіне жағдай жасауы мүмкін. Олар коммунистерге қарсы азамат соғысын әрі қарай жалғастыра беру мақсатында мұсылмандарды, тіпті, үндістерді де қозғауы мүмкін. Оны былай қойғанда, Синьцзянда Қытайға шұғыл қажетті мұнай мен мақтаның мол қоры бар. Қытайлар Синьцзянда жан санының әрең 5%-тін иелейді екен. Синьцзянды алғаннан кейін, ондағы қытай тұрғындарының санын 30%-ке дейін арттыру ләзім. Қытай тұрғындарын көшіріп келу - осынау кең-байтақ қазыналы өлкеге жан-жақтылы иелік ету және Қытай шекарасын өнімді қорғау үшін керек... Өздеріңіз Ма Буфанның күшін мөлшерлеп көрдіңіздер ме, онда артиллериямен жабдықталған атты әскерлер (кавалерия) баршылық. Егер сіздер қаласаңыздар, біз оның осы атты әскерлерін тез арада талқандап, тоз-тоз ғып жіберетін 40 истребитель (қуа соққылаушы ұшақ) берейік»,- деп (С.Рахметұлы. Шығыс Түркістан және Монғолиядағы ұлт-азаттық қозғалысы. А. 2009) ұсыныс жасады.

Ол ұсыныс орындалды да. Шығыс Түркістанның байлығын өстіп шотқа қағып отырған Сталин Қазақстанды қалай уыстан шығарсын. Оның мақсаты Қазақстандағы орыстардың санын:

«1912 жылы қасиетті Синодтың жоспары бойынша, әрбір қазаққа екі қоныстанушыдан келсін»,- деген (Алаш қозғалысы, 2-том, 223-бет) межеге жеткізу.

Яғни, екі қарашекпенге бір қазақтан келтіріп, шоқындыруға дайындау болатын. Сталиннің бұл ойы көзі тірісінде емес, оның көзі солғанда Хрушев жүзеге асырды.

Осындай қастаншықпағыр саясатқа келіспеген Смағұл Сәдуақасовтың қызметтен босату туралы өтініші талқыланғанда, жаңадан сайланған екінші хатшы І.Құрамысов:

«Біз Ильичсіз өмір сүріп келеміз, Сәдуақасовсыз да өмір сүре аламыз»,- деді.

Ал Голощекин әдеттегідей көбікауызданып кетіп, С.Сейфуллиннің «Төбет» туралы өлеңіндегі теңеуге жүгініп:

«...біздің байларымыз бен буржуазиялық интеллигенцияның ұлтшылдығы қандай момын. Шетінен мүттайым. Қараңыздаршы, қазан төңкерісінің алдындағы ұлтшыл күшік қазан төңкерісінен соң қандай төбет боп жетілді десеңші!»,- деп лепірді.

Өкінішке орай оның өзі жаңадан тағайындаған «голощекиндік националдарды» таныстырып тұрып:

«...Мен, біз - бәріміз бұл мәселеде қателессек, онда Қазақстанның бақытсыздыққа ұшырағаны»,- деген сандырағы дәл келді.

Олар - Ильичсіз, Сәдуақасовсыз және «төбеттерсіз» елді басқара алмады, ақыры қазақ халқын бақытсыздыққа ұрындырып тынды. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев іріктеген бұл сілтемелер олардың саяси сүлдерін, портретін емес, сүлдері мен сықпытын анық танытады. С.Сәдуақасовтың Ғ.Тоғжановқа:

«Тек қана ленинизмге сүйеніп қазақ халқын басқаруға болмайды»,- деген пікірі өмірлік шындықтың тарихи заңдылығын дәлелдеді.

Иә, пайғамбардың ақ жолы мен Ильичтің сара жолы еш қабыспайтын. Тіпті «Ленин жолының» өзі тұйыққа тіреліп, ақыры «грузиннің сүзеген князі» (С.Қожанов) олардың барлығын Кремльден мүйіздеп шығарды.

1928 жылы 27 қаңтарда Алматыға «мырзақамаққа» жер аударылып келген Троцкий, қашан 1929 жылы ақпанда жасырын түрде Одесса арқылы шетелге жөнелтілгенше ерекше бөлімнің қызметкерлерін де, қазақ зиялыларын да біраз әбігерге түсірді. Кейбіреулерінің өмір жолын ажал камерасына бастады. Л.Троцкийдің 1927 жылы 11 наурыз күні бұрынғы Түркістан майданының қолбасшысы, «Түрккомиссиясының», РСФСР халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, СССР мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасының орынбасары Г.Я.Сокольниковке жазған «Қазақстандағы саясаттың ұлттық тұстары» атты хаты сол кездегі республикада өтіп жатқан саяси тартыстан нақты хабар береді. «Алашорда» қайраткерлерінің тергеуі де соған орайластырылып, қыр көрсету мақсатында жүргізілгені күмән туғызбайды. Сондықтан да автономияның ішіндегі оппозициялық көзқарастан толық мағлұмат беру үшін бұл хатты қысқартпай назарға ұсынамыз:

«ж. Сокольниковке. Григорий Яковлевич! Мынау екі қазақ коммунисімен әңгімелескеннен кейін түртіп қойған жазбаларым еді. Қазақстандағылардың арасындағы қатынастар жайлы Сіз не білесіз? Қайткен күнде де Сіз түркістандық үлгі бойынша белгілі бір қорытындылар жасай аласыз ғой деп ойлаймын. 1 наурыз, 1927 ж. Л.Троцкий»,- деген тілшеден кейін өзінің 15 баптан тұратын ескертпесін жолдаған.

Мұндағы Троцкийге жолыққан екі оппозиционер туралы тарихшылар: коммунист Смағұл Сәдуақасов пен Жалау Мыңбаев, не Смағұл Сәдуақасов пен Ыдырыс Мұстамбаев (Т.Омарбеков пен І.Қозыбаев), Смағұл Сәдуақасов пен М.Сұлтанбеков (М.Қойгедиев) деген жорамалдар ұсынылып жүр.Мұның ішінде М.Қойгелдиевтің пікірі нақты дерекке негізделген. Сонымен, Л.Троцкийдің жазбасына жүгінейік:

«Қазақстандағы саясаттың ұлттық тұстары: өз істеріне байланысты әңгімеде қазақ жолдастар төмендегідей ой-пікірлерін білдірді.

1. Шет аймақтар мешеу күйде. Олардың даму екпінін Москвадағы өмір дәрежесінен барған сайын кейін қалатындай емес, қайта сонымен теңелуге мүмкіндік беретіндей деңгейге көтеру керек. Біз бұл жерде жалпы даму мәселесінің осы аймақтағы ерекшелігін ескеріп отырмыз.

2. Одақтың нашар дамыған аймақтарына бөлінетін күрделі қаржы жуық арада өзін-өзі ақтай алмайды. Орталық мекемелердің мұндай қаржы бөлуге іштей немесе ашықтан-ашық қарсы болып отырғаны сондықтан.

3. РСФСР-дің басқарушы мекемелерінің жұмысына Қазақстан өкілдерінің араласуы «мүлде сезілмей» отыр. Сірә, дербес республика болып бөлінуге деген ниет бар болса керек.

4. Орталықтың қоныс аудару саясатына наразылық байқалады: қазақ жұртшылығы кеңес өкіметіне жер-су революциясы арқылы қатынастырылыпты; қазақ жеріне «көз аларта беру» қобалжу туғызатын болады. «Біз қоныс аудару саясатына қарсы емеспіз, бірақ, ең алдымен бұратана халықты жермен қамтамасыз ету керек қой», - дейді.

5. «Біз Қазақстанның жерге, басқа да мәселелерге мүдделілігі жайлы мәселе көтерейік десек: сендер патша саясатында кеткен кектеріңді қайтарғыларың келеді - деп кінәлайды. Біздің коммунист ретінде кез-келген мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарай алатынымызға мүлде сенбейді», - дейді олар.

6. Мекемелерде аймақтардың барлық шаруашылық және мәдени мәселелерін ескі дәстүрмен шешуге үйреніп қалған көне мамандардың салмағы басым.

7. Ұлт коммунистері әбден жетілген, бірақ орталықтан жіберілген басшылар олардың адымын аштырмайды. «Бізді әлі пісіп-жетілген жоқ деп есептейді», - дейді олар.

8. Европалықтар мен қазақ коммунистерінің арасында меңіреу қабырға тұрғандай. Мүлде бөлектеніп өмір сүреді. Тіпті бірлесіп шахмат ойнағылары да жоқ.

9. Еуропалық коммунистер орталықтың жалпы бағытын ұстанып отыр. Олар принципті түрде сөз жарыстыруға да, пікір таластыруға да бармайды, мұның себебі - соңғылардың «шеттетілетігінде».

10. Ұлт өкілдерінің арасы жанығып-ақ тұр. Олар бірнеше топтарға бөлінген. Мұндай топшылдықты орталықтан жіберілген басшылар қолдап, тіпті, әдейі қоздырып отырады. Мақсаты не деймісіз? «Біріншіден, өз қожалығын нығайта түсу үшін; екіншіден, ішкі қайшылықтарды қоздыру арқылы орталық жүргізіп отырған саясаттың мәселелерін олардың назарынан тыс қалдыру үшін».

11. Қазақ коммунистерінің арасында үш топ бар: біріншісі - Голощекиннің маңындағылар, яғни, жоғарының нұсқауын орындау үшін неге де болса, қашан да даяр тұратындар, екіншісі - «солшылдар», олар да Голощекинді қолдайды, бірақ аз-кем тәуелсіздігі бар топ, үшіншісі - «оңшылдар», менімен сөйлескендер солардың өкілдері, айтпақшы «солшылдардың» өкілдері де «оңшылдарға» қосылып кететін көрінеді.

12. Келіспеушіліктің, жікшілдіктің сыры неде? «Бізді: байға қамқор болып, кедейді шөмішпен қағып отырсыңдар - деп кінәлайды, ақылға сиярлықтай кез-келген шараны айқын да дәл етіп түсіндіріп берсе, байларға қарсы өзіміз де қимылдар едік қой», - дейді бұлар.

13. Голощекин сөйлеген сөздерінің бірінде: «Қазақстанды кіші октябрьмен бір сүзіп шығу керек»,- депті. Бұл не сөз? Ол мұны түсіндірмеді де, нақты шараларын да айтпады. Қазақстандағы ішкі саясатта принципті түрде де, іс жүзінде де айта қаларлықтай алауыздықты аңғара алмадық. Мұның бәрі де РСФСР-ге қатысты мәселені көлегейлеп, ұмыттыру үшін қолдан жасалып отыр ма?

14. Менімен әңгімелескендердің екіншісі былай дейді: «Мәселенің құйтұрқы тұсы - Голощекин тобының ауыл мен деревняға деген көзқарасының бірдей еместігінде. Голощекиннің ойынша, орыс кулагын әжептәуір әлсіретіп және қорлап қойдық та, байды әлі қозғаған жоқпыз. Сондықтан, ауылдарды «октябрьмен бір шарпып өтпесе болмайды». Қысқасы, Голощекин орыс деревнясына азаматтық тыныштық орнатып, қазақ аулына азамат соғысын жариялағысы келеді.

15. Күннен-күнге кеудеден кері итеретін әдетке бой ұрып бара жатқан бюрократизм бізді тұншықтырып отыр, еуропалық және қазақ коммунистерінің арасында үнсіз араздық бар. Қорқыныш, екіжүзділік, бір-бірінің ізін аңду белең алып барады.

Жалпы жағдай туралы осы пікірлерде түсініксіз тұстар көп. Әсіресе, орыс деревнясы мен қазақ ауылына байланысты нұсқаудың маңызы ерекше. Мәселенің мәні неде? «Оңшылдарға»: кулактарға ыңғай беріп отыр - деген кінә тағылатын секілді. Шындығында солай ма? Кейбір әкімдер: кулактарға болысып отырған ешкім де жоқ - дегенді желеу етіп, дамымай қалған облыстарда кулактарға болысып, өздерінің солшылдық беделін арттыруға, билік жүргізуді жеңілдетуге тырысып отырмаса неғылсын?

Владимир Ильич: шалғай шеттердегі орыс коммунистері көмекші, жөн сілтеуші болуға тиіс - дейтін. Ал, мұндағы «көмекшілердің» бірсыпырасы «қамқорлығына алғандардың» дыбысын шығаруға мұршасын келтірмей отыр. Жалпы алғанда, бұл ортадағылардың ой-пікірлері бір-бірінен мойны озып тұрмағандықтан, топ-топқа бөлінген коммунистердің де көзқарастарында нақтылық, тұрақтылық жоқ, ауытқу көп. Сондықтан оларды «оңшылдар» қатарына да, «солшылдар» қатарына да қоса салу оңай. Дегенмен Орталықтың бюрократизммен күресінің нәтижесінде жергілікті жерде ұлтшыл-байшыл идеологияның элементтері қалыптасуы да ғажап емес.

Неғұрлым мешеулеу дамыған халықтардың ұлт өкілдерінің ішінен жас, қабілеті барларын шетелге жіберіп, таптық күреспен жақынырақ таныстырып алса жақсы болар еді. Бізде олар бірден мемлекеттік-әкімшілік болмысқа тәрбиеленіп, қасаңсып кетіп жүр. Л. Троцкий».

Жоқты - идеяға, барды - тәргіге айналдыру большевиктердің ең қуақы саясаты болатын. Қазақ зиялыларына «троцкишіл» деген айдар таққызып, қасірет әкелген Троцкийдің осы сапарына қатысты мына бір оқиғаны да назарға іле кеткенді жөн санадық.

Өжет те батыл, өткір тілді «орыс пен татардың қолбасшылығындағы қазақ полкінің» (өз сөзі) командирі Байкен Тыштыбаев бірде газет тігінделерін көлікке тиеп жүріп: «Кеңес мәдениеті жеңіл келеді, сондықтан да көтіңмен басып отырмасаң, аспанға ұшып кетеді»; сондай-ақ: «Қазақ полкін басқаратын қазақ туған жоқ», «1929 жылға дейінгі мал санын қалпына келтіру үшін үш немесе одан да көп бесжылдық керек», - деген сөздері үшін жауапқа тартылыпты. Оның үстінен кейін «намысты полковник» атанған Ә.Баймолдин көрсетінді жазған екен. Байкен Тыштыбаев 1937 жылы тергеушілерге:

«1928 жылдың аяғында, не 1929 жылдың басында (бұрынғы командирі - Т.Ж.) Бейсенбаев: «Троцкий қызыл армияның қолбасшысы әрі көсем, еңбегі сіңген адам, сәлем беріп шығайық», - деп ұсыныс жасады. Троцкий бізге: «Сендер жас бала емессіңдер, сондықтан да мені контрреволюционер деп жариялағанын білесіңдер. Енді сендерді жауапқа тартуы мүмкін»,- деп ескертті»,- деп жауап беріпті.

Оның айтқаны расқа айналып, іле Байкен Тыштыбаев бажасы Т.Рысқұловпен және Н.Нұрмақовпен, Ұ.Құлымбетовпен, С.Қожановпен, О.Жандосовпен бірге «троцкишіл, герман - жапон барлау қызметінің агенті» ретінде қосақталып, бәрі де атылып кетті. Айдаудан тірі оралған А.Байтұрсыновқа да, М.Тынышбаевқа да, Х. және Ж.Досмұхамедовтерге де, М.Жұмабаевқа да кейіннен тура сондай айып тағылды.

Сөйтіп, Троцкийге берілген сәлемнің құны бір емес, ондаған адамның және оның ішінде ең тұздықты қазақ қайраткерлерінің өмірімен өлшенді. Ол да болса заман үкімі.

Ал бұл үкімнің алғышарттары «Алашорда» көсемдерінің тергеу ісі тұсында қалыптанып, баптары анықталып, айыптау қорытындылары дайындалды. Көңiлде күдiк қалмас үшiн ОГПУ-дiң Қазақстандағы төтенше өкiлi Мироновтың тікелей М.Тынышбаевтің ісіне қарата бекiткен «Айыптау қорытындысын» барынша толық келтiрудi жөн көрдiк.

«АЙЫПТАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Бұрын «Алашорданың» құрамында болған және ұлтшыл контрреволюциялық ұйымға кiрген, сонымен қатар олармен байланысы бар ұлтшылдардың үстiнен қозғалған № 2370-iске

1. Тарихи анықтама

Ақпан төңкерiсiнен кейiн ұлтшыл «Алаш» партиясының құрамына кiрген, «Алашорда» үкiметiнiң мүшесi болған, сондай-ақ орыстың ақгвардияшыл казактарымен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескен, кейiннен контрреволюциялық армия мен үкiметке кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болған қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясының өкiлдерi кеңеске қарсы қылмысты әрекеттерiн жалғастырып келдi.

Қылмысты iс бойынша айыпқа тартылып отырған бұрынғы алашордашыл Әлiмхан Ермеков 1921 жылдың басында, Мәскеу қаласында әйгiлi ұлтшыл Байтұрсыновпен (қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымына қатысқаны үшiн ОГПУ-дiң коллегиясының шешiмi бойынша 1930 жылы сотталған) бiрге башқұрт ұлтшылы Валидовпен кездесiп, контрреволюциялық ұйым ашуға келiскен, оның орталығына Орынбор қаласын таңдап алды (№ 541784-iс, 1 т., 10-парақ).

Мұның артынан iле-шала айыпқа тартылып отырған Досмұхамедов Халел мен М.Дулатов (ОГПУ коллегиясының шешiмiмен сотталған) Ташкент қаласында осы астыртын контрреволюциялық ұйымның бөлiмшесiн құрған, оның құрамына айып тағылып отырған: Досмұхамедов Халел мен Жаhанша, Тынышбаев Мұхамеджан, Үмбетбаев Алдаберген, Мұңайтпасов Әбдiрахман және басқалар кiрген, Орынбормен тiкелей байланыстары болған және айыпкер Досмұхамедов Халел мен Жаhанша және Тынышбаев Мұхамеджан дайындаған бағдарламаны қабылдаған, оның негiзiне «Алаш» партиясының бұрынғы бағдарламасының талаптары өзек етiп алынған, яғни, олардың түпкi мақсаты - кеңес өкiметiн құлату, құрылтай жиналысын өткiзу арқылы қазақтың ұлттық-демократиялық республикасын құру, бұл мақсаттарына жеткенше ұлтшылдарға сықап тұрған кеңес өкiметiнiң мекемелерiн пайдаланып, мәдениет майданын қолына алып, жастарды көтерiлiске дайындап, кеңестiк саясатты «Алаштың» бағыт-бағдарына сай бұрмалап отыруды көздедi (№ 2370-iс, 1 т., 106, 1126, 123 және 179-парақтар, № 541784-iс, 4 т., 21, 80, 90 және 92-парақтар).

Семей және Петропавл қалаларында осы ұйымның бөлiмшелерi құрылды, оларға жауапқа тартылып отырған Ермеков Әлiмхан мен Тiлеулин Жұмағали жетекшiлiк еттi. Өзiнiң iс-әрекетiн кеңейту мақсатымен Ташкент бөлiмi Алматы, Әулие-Ата, Шымкент, Түркiстан, Қазалы және басқа да қалалардағы ұлтшылдарды бауырына тартып, ұйымның құрамына енгiздi, жергiлiктi жерлерде өзiнiң бөлiмшелерiн ашуға тырысты.

Қазақстанның аштыққа ұшыраған тұрғындарына көмек көрсету үшiн 1922 жылы құрылған „Аштарға көмек көрсету" комиссиясын астыртын ұйымға жаңа мүшелер тартуға пайдаланды, айыпқа тартылған Әуезов Мұхтар мен А.Байтұрсыновтың ұсынысы бойынша Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолданды, Орынбор қаласында тұрған аштарға көмек көрсету комиссиясының құрамындағы астыртын ұйымның мүшелерi ұйымға адам тартумен айналысты, мысалы, айыпкер Досмұхамедов Жаhанша бұрынғы Жетiсу облысындағы аштарға көмек көрсету комиссиясының өкiлi, Алматы қаласының тұрғыны айыпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-iс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-iс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар).

Ташкент қаласындағы Қазақтың ағарту институтының жанынан құрылған студенттердiң контрреволюциялық ұйымы студенттердің әскери жасағын ұйымдастырды, бұл «Қазақ халқының сатқындарына» қастандық ұйымдастыратын жауынгер жасақтың мiндетiн атқарды. Соның iшiнде, Оқу-ағарту комиссары С.Қожановты өлтiру туралы шешiм қабылдады, оны айыпқа тартылған Мұңайтпасов Әбдірахман өлтiруге тиiстi болды. Бұл жасақтың құрамына айыпқа тартылған Қожамқұлов Нәшiр мен тағы басқалар кiрдi (№ 2370-iс, 1 т., 383-парақ, 2 т., 659, 660 және 701-парақ. Соңғы парақтар өшiрiлiп тасталған. Зады айтылған айыпты дәлелдеуге еш қатысы болмаса керек - Т.Ж.).

Кеңес өкiметiн құлату мақсатына орай контрреволюциялық ұйым Орта Азиядағы басмашылар тобын әскери күш ретiнде пайдаланбақ болған, сөйтiп Ферғана басмашыларының басшысы Жанұзақовқа және басмашылардың жетекшiсi - Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымның көсемi Заки Валидовке өкiлдер жiберген, сонымен соңғы адамға (Валидовке - Т.Ж.) барған Үмбетбаев Алдаберген оны ұйымның мүшелерiмен жолықтыру үшiн Ташкентке жасырын алып келген, оны айыпқа тартылған Қожамқұлов Нәшiрдiң үйiне жасырып ұстаған (№ 2370-iс, 1 т., 23, 42, III және 259-парақтар, 2 т., 678-парақ).

Тура сол мақсатпен 1922 жылы қиыр шетте жатқан Адай, Сарысу және Қызылқұм аудандарында әскери күш жасақтау үшiн жетекшi әскери мамандарды даярлауды ойластырған. Соның нәтижесiнде, ұйымның мүшесi Әдiлев Дiнмұхамед (ОГПУ-дiң коллегиясының шешiмiмен сотталған) Сарысу ауданында бандылардың тобын құрып, жетекшiлiк еттi, iшiнде оның туысы Әдiлев Байсейiт те бар, ал жауапқа тартылған Үмбетбаев Алдаберген ұйымының тапсырмасы бойынша Қазақ ағарту институтындағы студенттерге әскери жаттығу сабағын жүргiзген, мұндағы мақсат - ұлттық командирлердi дайындау едi.

Қазақстанның партия ұйымдарындағы оңшыл элементтермен тығыз байланыс жасай отырып, оларға жасайтын ерекше ықпалын ескере келiп, астыртын ұйымның мүшелерi оңшыл оппозициялық элементтердi партияның 12-съезiнде өз мүдделерiн жүзеге асыруға пайдалану үшiн арнайы дайындық жүргiздi, сол үшiн ұлттық мәселе жөнiнде тиiстi ұсыныстар жасады, оның басты мақсаты - «ұлттық-мәдени автономияны» талап ету болды. Үндеуге - Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов және айыпкер Омаров Әшiм қол қойды.

Осы үндеудегi бағыт-бағдарды қолдай отырып, айыпталушы Әуезов Мұхтар Қазақстанның партия және кеңес мекемелерiндегi отарлаушылық пиғылдармен күрес дегендi желеу етiп, астыртын ұйымның мiндеттерiне сай келетiн шараларды жүзеге асыруда аса белсендiлiк танытты. Орынбор қаласында өткен Қазақстан кеңес қызметкерлерiнiң 2-съезi кезінде ол съезге қатысқан уәкiлдердiң iшiнен тек қана қазақтарды - ұлтшыл коммунистер мен партияда жоқ ұлтшылдарды жеке жиып алып, мәжiлiс өткiздi, онда «Отарлаушылардың шабуылы және онымен күресудiң әдiс тәсiлдерi» туралы мәселе қаралды. «Отарлаушылықпен» күрес жөнiндегi Әуезовтiң ең жақын қолдаушылары астыртын ұйымның мүшесi Сәдуақасов пен айыпталушы Омаров Әшiм болды. Сәдуақасовтың мақсаты сәтсiздiкке ұшырап, партиядан шығып қалу қаупi төнгенде, Әуезов оған Ташкентке баруды ұсынды, содан әрi қарай Ферғанадағы басмашыларға жетiп аласың деп кеңес бердi, ал Ташкенттегi қазақтың астыртын ұйымы олармен байланыс жасап тұратын (№ 541784-iс, 1 т., 251, 255, 398-405-парақтар).

Валидов пен ұлтшыл Мұстафа Шоқай шет елге қашып кеткен соң, ұйым олармен астыртын байланыс орнатты, ол үшiн шет елге оқуға барған ұйымның мүшелерi Бiрiмжановты, Битiлеуовті және айыпталушы Мұңайтпасовты пайдаланды. Басымашылар талқандалған соң, ұйым өзiнiң өмiр сүруiн тоқтатты, бiрақ та бұрынғы мүшелер бiрiн-бiрi тез тапты, олар өзара тығыз байланыста болды, ұйымның ортақ мүшесi ретiнде бір-бiрiмен тез тiл табысты. Ұйымның бұрынғы мүшелерi - алашордашылар кеңес өкiметiмен ашық күресу туралы әрекет қимылын өзгертiп, ендi кеңес мекемелерiне (әсiресе, Жер жөнiндегi халық комиссариаты мен Оқу-ағарту комиссариатының мекемелерiне) және партия ұйымдарына кiрiп алуды ойластырды, ондағы ойы - өздерiнiң мақсаттарына сәйкес партия мен кеңес өкiметiнiң саясатын өздерiнiң мақсаттарына қарай бұрмалап, өзгертiп отыру болды. «Әнуар паша мен Валидов бастаған көтерiлiс жеңiлiс тапқан соң бiздiң ұйым мұндай бағыттан бас тартты да, қазақ халқының тағдырына қатысты мәселелердi мүмкiндiгiнше: «Алашорданың» идеологиялық рухына сәйкестендiрiп жүргiзу үшiн кеңес мекемелерiн пайдалануды көздедiк, оған өз адамдарымызды орналастыру, сөйтiп сол адам арқылы мекемелерге және жекелеген жауапты партия қызметкерлерiне - қазақтарға ықпал жасау жөнiнде шешiм қабылдадық» (Тынышбаевтің 1930 ж. 7.08. күнгi жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 275-парақ)».

«Бiздiң басты мақсатымыз - кеңес өкiметiнiң саясатына өзiмiздiң ықпалымызды жүргiзу үшiн және оны бiз ойлаған бағытта жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк басқару аппаратына өз адамдарымызды барынша көп кiргiзуге ұмтылдық. Бұған қызметкерлердiң (қазақ - Т.Ж.) жетiспеушiлiгі де септiгiн тигiздi, соның нәтижесiнде аппаратқа өз адамдарымызды өткiзудiң сәтi түстi. Содан кейiн бiз өзiмiз жақсы танитын аппарат қызметкерлерiне тiкелей ықпал жасадық. Сөйтiп, мақсатымызға жеттiк. Тынышбаев, Қожықов пен Есполов - Жер жөнiндегi комиссариатқа, Қашқынбаев - Денсаулық сақтау комиссариатына, Бiрiмжанов - газет редакциясына, мен - ғылым жөнiндегi комиссияның құрамына, Ж.Досмұхамедов те соның құрамына кiрдi. Бiз өзiмiз идеологиямызды осындай жолмен жүзеге асырдық. Сонымен қатар бiз әр түрлi жиналыстар мен мәжiлiстердi де пайдаландық, оларға өз адамдарымызды қатынастырып отырдық» (Досмұхамедов Халелдiң жауабынан. 22.IХ.1930. № 2370-iс, 1 т., 220-парақ).

1928-1929 жылдары ОГПУ мекемелерi астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерi Байтұрсыновты, Дулатовты, тағы да басқаларын тұтқындаған болатын. Бостандықта қалған ұйым мүшелерi уақытша бұға тұруды көздеп, ешқандай әрекет етпеуге тырысты, сол уақытта Байтұрсыновтардың ұсталу себебiне байланысты айыпталушылар - Ермеков пен Досмұхамедовтің арасында өзара талас туды. Олардың ұсталуына Ташкенттегi ұйым мен оның жетекшiсi Досмұхамедов кiнәлi деп айып тақты, ал екiншiсі құрамына Ермековтің өзi жүрген Орынбордағы ұйым мен Семейдегi бөлiмше кiнәлi деп жауап бердi. Бұл жөнiнде Ермековтің пiкiрiн Қадырбаев Сеидазым қолдап сөйледi (№ 370-iс, 1 т., 262 және 263-парақ, 2 т., 702, 703, 721-727, 733-735 және 736-740-парақтар).

Халел Досмұхамедов 1929-1930 жылдардың қысында Жаhанша Досмұхамедовтің кеңесi бойынша Мәскеудегi Ә.Бөкейхановқа барып, Ермеков пен арадағы таласты қалай шешудiң жолын және Байтұрсыновтың тобының тұтқындалуына байланысты әрi қарай не iстеу керек екендiгiн ақылдасты. Ол (Бөкейханов - Т.Ж.) ұйымның өзге мүшелерi де тұтқындалуы мүмкiн екендiгiн ескере келiп Халел Досмұхамедовке: «Тұтқындала қалған жағдайда өздерiңдi өздерiң мықты ұстаңдар, ешнәрсенi де мойындарыңа алмаңдар, ал кейбiр құжаттар сақталып қалса, оны Ә.Ермековке сақтауға берiңдер, Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң мүшесi ретiнде қазақстандық үкiмет оған сенедi»,- деп нұсқау бередi. Алматыға келе салысымен Досмұхамедов бұл жайды Ермеков пен Тынышбаевқа, кейiннен Ж.Досмұхамедовке айтты, олардың барлығы да Бөкейхановтың нұсқауын мақұлдады және алда-жалда тұтқындала қалған жағдайда ештеңенi де мойындамауға келiстi (№2370-iс, 1 т., 208, 222-парақтар, 2 т, 702 және 703-парақтар).

Өзара байланыстары мен iс-қимылдарын құпия ұстау үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi тек қана екi-екiден екеуара ғана кездесiп, мүдделi мәселелердi талқылады, оған айыпталушы Тынышбаевтің: «Соңғы уақытта бiздiң ұйымымыз ешқандай да жиналыс пен кеңес өткiзген жоқ, екi-екiден екеуара ғана жолығып, мүдделi мәселелердi талқыладық. Сондай-ақ, Ермековпен де, Досмұхамедовпен де жеке-жеке кездесiп, олармен болған әңгiмеде... кеңес өкiметiнiң саясатын айыптадық» (Тынышбаевтің жауабынан. 3.IХ.1930.№ 2370, 1 т., 125-парақ),- деп жауап бердi».

М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов жетекшiлiк еткен «Алашорданың» Ташкенттегi астыртын контрреволюциялық ұйымының кеңес өкiметiне қарсы iс-қимылдарына» Мәскеу мен Алматының жазалау саясатын жүзеге асыратын заң және тергеу, сот орындарының берген «Тарихи анықтамасы» осындай.

«Айыптау қорытындысындағы» мәселелердің ақиқаты бірінші томда барынша толық талданғандықтан да, оған тоқталып жатпаймыз. Тек әр сұраққа әрбір «айыпкер» қалай жауап берді, олардың қай тұста пікірлері тоғысты, қай тұста көрсетінділері алшақ кетті, түрме мен қысым жағдайында әр кім өзін қалай ұстады? - деген көкейтесті сұрақтарға жауап іздейміз. Өйткені қиыннан қиыстырылған қисынсыз баптардың тек қана айыптау бағытында құрылғандығын дәлелдеп жатудың өзi артық. Екiұшты ой туғызбас үшiн осында көрсетiлген «қылмыстардың» кейбiреулерiне қысқаша ғана түсiнiк бере кетемiз. Олар мыналар:

Бірінші: «1922 жылы астыртын контрреволюциялық ұйым құрылды», - деген айғақты осының алдында ғана тергеуi аяқталған Ахмет Байтұрсынов бастаған «Алашорда» қайраткерлерi жоққа шығарған болатын. Ал Әлихан Бөкейханов мұндай сұраққа жауап беруден мүлдем бас тартты. Ол:

«Алашорда» үкiметiнiң мүшелерiне кешiрiм жасаған - кеңес өкiметi. Ол үкiмет әлi құлаған жоқ. Демек, оның шешiмi де күшiнде. Оның үстiне бiзге кешiрiм жасаған Лениннiң өзi. Сендер сол Лениннiң жолымен жүрiп келемiз деп ұрандатып жүрген жоқсыңдар ма. Ендеше, әңгiме осымен бiттi»,- деп тергеушiлердiң меселiн қайтарып тастаған болатын.

Алаш көсемдерiнен «тiстерi сынған» тергеушiлер екiншi топты, өздерi «Ташкент тобы» деп атаған адамдарға қасақана осы сұрақты қайталап қойған. Шындығында да, ресми түрде астыртын ұйым құрылған жоқ. Бiрақ кеңес өкiметiнiң «коммунистiк - отаршылдық» саясаты мен елдi күйзелтуге әкелiп соқтыратын экономикалық шараларына, ұлттық рухани тәуелсiздiгiн сақтап қалуға қарсы бағытталған «таптық мәдениеттiң жiктелушiлiгiне» сын көзбен қарады, оны қатерлi бағыт деп санап, ашық түрде мәлiмдедi. Тарих - «Алашорда» үкiметiнiң ұлттық экономика мен мәдениет туралы бағдарының дұрыстығын дәлелдеп бердi.

Екінші: 1920-1922 жылдары Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Әлiмхан Ермековтiң, башқұрт ұлтының көсемi Заки Валидовпен Мәскеу қаласында кездескені, әңгiмелескенi рас. Тiптi бiр рет көгалға шығып, көңiлдi серуен де жасаған. Әрине, олардың «бұл серуенде» ұлт тағдыры жөнiнде пiкiр алысқандары аян.

Үшінші: «Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов 1921-1922 жылдары Аштықпен күрес жөнiндегi комиссияның мүшесі ретінде астыртын ұйымға кiру туралы үндеу таратты», - деген айып - айып емес, кәдiмгi сандырақ. Мұнда олар, қырдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақ аудандарына көмектесу үшiн оқыған азаматтарға салауат жариялап, оларды азық-түлiк жинау науқанына ат салысуға шақырған болатын. Ол үндеудi Өлкелiк комитет ресми түрде бекiткен. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың қазақ қызметкелерiнiң арнайы Кеңесiн шақыруы да осы ашаршылыққа байланысты. Онда, расында да, «коммунистiк колонизаторлықтың» зардаптары туралы да нақты мәселелер қаралды.

Төртінші: Ташкентегi, Сарысудағы, Адай жұртындағы, Қызылқұмдағы әскери жасақтардың бүлiншiлiгi хақында баяндалған «Тарихи анықтамадағы» айғақ та шындыққа жанаспайды. Бұл аудандардағы көтерiлiстiң басты себебi - аштық пен тәркiлеу науқанының әдiлетсiз жүргiзiлуiнен едi. Жалпы көзқарас тұрғысынан ықпалы болғанымен де, көтеріліске «Алашорда» үкiметi мен «Алаш» партиясының тікелей қатысы жоқ болатын. Өйткені патша үкіметі мен шет елдік армияның көмегіне сүйенген адмиралдар мен генералдар, атамандар басқарған тұрақты армия жеңе алмаған қызыл әскердің бетін бесатар мен сойылға жүгінген «дала жасақтары» тойтарып, кеңес өкіметін құлата алмайтынын, мұның қызыл қырғынға әкеп соғатынын олар жақсы білетін. Ал: «Сұлтанбек Қожановқа қастандық жасау әрекетi жоспарланды», - деген айып мүлдем қисынсыз. Мұны ешқандай дерек растай алмайды. «Алашорда» үкiметiнiң «қылмысын» неғұрлым ауырлатып, террорист етіп көрсету үшiн жасалған кезекті бір құйтұрқы амал.

Бесінші: Бiрiмжановтың, Битілеуовтің, Мұңайтпасовтың Алманияға барып оқығаны, онда Заки Валидовпен кездескенi, Валидовтiң бұларға көмектескенi шындық. Бiрақ олардың әр қайсысы әр қандай жағдаймен әр мезгiлде елге қайтып оралды. Әрине, Валидовтiң «Алашорда» үкiметiнiң қайраткерлерiнiң хал-ахуалын сұрауы, сәлем айтуы табиғи. Ал астыртын бiрiгiп iс-әрекет жасау туралы уағдаласуының анық-қанығы әлі де дәлелді дәйектерді қажет етеді. Екi жақ та қалыптасқан жағдайда ондай әрекетке бару мүмкiн емес екендiгiн жақсы бiлді. Ал Валидовтiң жасырын түрде Ташкентке келгенi, Қожанов пен Рысқұловқа хабарласуға ниет қылғаны шындық. Мұны түрмедегi айыпқа тартылушылардың жауаптары да, сыртқы деректер де растайды.

«Тарихи анықтамадағы» тарихи шындықтар осылар. Ал өзге-өзге, ОГПУ-дiң тергеушiлерi «әдеби өңдеудi» өте жақсы меңгерген болатын. Сондықтан да берілген жауаптың тонын айналдырып баяндау оларға пәлендей қиындыққа түскен жоқ. Мысалы тергеу хаттамасындағы:

«Мен - Халел Досмұхамедов, Түркістан республикасының Оқу-ағарту халық комиссариятына қарасты ғылыми комиссияның төрағасы болып қызмет атқардым. Жаһаншаның қайда істегенін білмеймін, ол жалпы заңгер ғой. Тынышбаев пен Есполов Жер жөніндегі комиссариатта істеді. Жәленов - Түркістан университетінің студенті, Қашқынбаев - ординатор-ұйымдастырушы болды. Әділевтің не істегені маған белгісіз», - деген жауабы «Айыптау қорытындысында» тергеушілердің өңдеуімен:

«Нәтижесiнде аппаратқа өз адамдарымызды өткiзудiң сәтi түстi. Содан кейiн бiз өзiмiз жақсы танитын аппарат қызметкерлерiне тiкелей ықпал жасадық. Сөйтiп, мақсатымызға жеттiк. Тынышбаев, Қожықов пен Есполов - Жер жөнiндегi комиссариатқа, Қашқынбаев - Денсаулық сақтау комиссариатына, Бiрiмжанов - газет редакциясына, мен - ғылым жөнiндегi комиссияның құрамына, сондай-ақ Ж. Досмұхамедов те соның құрамына кiрдi. Бiз өзiмiздің идеялогиямызды осындай жолмен жүзеге асырдық»,- деп түзетіліп берілген.

Сырттай бұл мәтіндер мағыналық жағынан бір-біріне ұқсас болғанымен де, саяси және заңдық тұрғыдан келгенде үлкен кілтипан бар. Бұл тәсілді тергеушілер өздерінің «кеңселік жазу стилі» ретінде емін-еркін пайдаланған.

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458