Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3661 0 пікір 21 Мамыр, 2012 сағат 11:15

“Қызыл қырғын” іздері

 

31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының нәубет жылдары қынадай қырылғанына биыл 80 жыл толуын айрықша еске алуды тапсырған болатын. Осы орайда редакциямызға зұлмат жылдардың ащы тарихын баяндайтын мақалалар келіп түсуде. Төменде біз «Қызыл қырғын» іздері» атты мақаланы ұсынып отырмыз.
Өткен ғасырдың отызыншы жыл¬да¬рын¬дағы нәубеттен шағын ғана Зайсан ауданының халқы айналдырған екі-үш жылдың ішінде жиырма мыңға азайып кеткен. Күштеп ұжымдастыру кезінде асыра сілтеу асқынғаны сонша жем-шөп қоры болмағандықтан халықтан тартып алынған қора-қора мал бірінің жүнін бірі жеп қырылып жатты. Ашаршылық белең алды. Түрмеге тоғытылғандарда есеп болмады. Сол кезде Текшікұлы Әділхан ақын түрмеден былай деп хат жазған екен:

 

31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының нәубет жылдары қынадай қырылғанына биыл 80 жыл толуын айрықша еске алуды тапсырған болатын. Осы орайда редакциямызға зұлмат жылдардың ащы тарихын баяндайтын мақалалар келіп түсуде. Төменде біз «Қызыл қырғын» іздері» атты мақаланы ұсынып отырмыз.
Өткен ғасырдың отызыншы жыл¬да¬рын¬дағы нәубеттен шағын ғана Зайсан ауданының халқы айналдырған екі-үш жылдың ішінде жиырма мыңға азайып кеткен. Күштеп ұжымдастыру кезінде асыра сілтеу асқынғаны сонша жем-шөп қоры болмағандықтан халықтан тартып алынған қора-қора мал бірінің жүнін бірі жеп қырылып жатты. Ашаршылық белең алды. Түрмеге тоғытылғандарда есеп болмады. Сол кезде Текшікұлы Әділхан ақын түрмеден былай деп хат жазған екен:

Көп сәлем үш қайтара ауыл-аймақ,
Бір кезде сүт бетінде
болдым қаймақ.
Шатылып нақақ іске
жатқаннан соң
Мұңайдым не болады
деп артымды ойлап.
Түрмеде 200-дей кісі жатыр,
Жұмықтан Сапа менен
Қамаш батыр.
Бәрінің сұрастырсақ ісі нақақ,
Бейне бір болғандай-ақ заман ақыр.
Бесжылдық жоспарына тура келіп,
Байлар да болып қалды таза-тақыр,
Сахари, Уәш жатыр заты Керей,
Жігітке, тіршілікте бұл да мерей.
Артық па осылардан менің жаным,
Шәміров қойды жауып нақақ демей.
Орманбет, Шаяхмет, жатыр Иса,
Қағазға жазайын да сөзім сыйса,
Баласы Жарқын,
Көтеш түгел мұнда,
Кетеді сөз ұзаққа бәрін жиса.
Жолдастың бірге
жатқан бәрін атап,
Жазылды еріккен соң осы қисса.
Мысқалдан жатыр бірге
Шәмел ақын,
Білетін жігіт екен сөздің затын.
Айтысып, қалжыңдасып отырамыз,
Бір уақ көтермекке көңіл шатын.
Үстінде қыл көпірдің тұрғандаймыз,
Қорқамыз кете ме деп аяқ тайып.
Сәлем хат ретінде жаздым мұны,
Бекерге отырғанша құр мұңайып.

Бүкіл Зайсан ауданы бойынша жүзден астам адам бай-кулак табына жатқызылды. Енді көшпенді ауылдарды колхозға ұйыстырып, бір жерге шоғырландырып, малды, өндірістік құрал-саймандарды ортақ меншікке топтастыру науқаны басталды. Қарсы келгендер, келелі кеңес айтқандар жазықты болды. Олардың алды сотталды, сайлау құқығын, діни сенімін аяққа басып, қорлау бір мезгілде жүргізілді.
Ұжымдастыру тізгінін елді илан¬дырар¬лық¬¬тай беделі мен білімі жоқ адамдар ұстаған-дықтан ел ішін наразылық, ертеңгі күндеріне деген сенімсіздік, әрі үрей жайлайды. Шекара аймақтарындағы ауыл¬дарда болған жолсыздықтарды кейін күр¬шімдік еңбек ардагері Ақаш Жүнісов «Ел ішінде «шаш ал десе, бас алатын» әперба¬қан әсіре белсенділер қаптап кетті. Кейбір өкілдер момын шаруа адамы¬ның кеудесіне мініп алып, өкіметке кім қарсы, тыққан малдарың қайда?» деп қинайтын болды.
Кейбір ауылдар шекараның арғы б嬬тіне өтуге жиналды. Қытай асқалы жүргендер¬дің арасынан да «сен неге көшпей отырсың» деп елге зәбір көрсететіндер шықты» деп еске алады. Осындай бетімен кетушілік пен заңсыздықтың салдарынан халық кол¬хоздан қашып, Қытай еліне ауа көшті. Зайсан ауданындағы №3 ауылдың 48 түтіні салық саясаты бұрмаланғандықтан шетелге ауды. Осындай асыра сілтеуге жол берген азық-түлік салығы инспекторы Құлғарин жауапкершілікке тартылды.
Елдің ауа көшуі көбейген кезде Қазақ АССР Халық комиссарлар кеңесі қаулы қабылдады. Онда: «Ауа көшпекші болғандарды шекара шебінен 100 шақырым ары қарай қоныс аударту керек» делінген.
Шекара сызығын қиып өтерде ұсталған барлық бай-кулактарды немесе шекара асып көшпекші болып сөз шығарып, ниет етіп жүргендерге осы шара қолданылған. Ал байдың жеке өзі шекарадан ары өтіп кетсе барлық мүлкі алынып, отбасы 100 шақырым ары көшірілді. Бұл енді әке үшін баласы, туыс үшін ағайын жапа шекті деген сөз.
Асыра сілтеу халықты ашындырмай қой¬мады. Қара Ертіс селолық кеңесінің төрағасы М.Посохов ұжымдастыруға қарсы шығып, астық дайындау өкілдерін «қараңғы шаруаларды езуші» деп айыптады. 1928 жылғы 16 тамызда «Қосшы» одағының төрағасы Наурызбай Дауменов 4-ауылдан 65 түтінді шекарадан асырып әкетті. «Сол сияқты «Қазақстан» колхозын басқарған Самай Сібенов колхоздағы елу үйді көшіріп бара жатқанда шекарада тосқауылға кездесіп, екі жақтан да атыс басталып, бәрін түгел көшіре алмаған. 22 отбасы шекарашылар қолына түсіп, кейін қайтарылды деген суыт хабар елге тарады (ШҚО мемлекеттік мұрағаты, 788-қор, 1-жазба).
Жоғарғы үкімет орындарының қысы¬мы¬¬¬мен болған, жергілікті халықтың мүмкіндіктерімен санаспай жүргізілган науқанды ауылдық жердегі Кеңес өкіметінің кейбір өкілдері де қолдамағанын жоғарыдағы мысалдардан көруге болады. Әр отбасынан алынып, ортаға жиналған мал үшін (көп мөлшердегі) мол жемшөп қоры, соншама мал сыятын қоралар, бір орталыққа шоғырланған халық үшін баспаналар салынбады. Жаз кезінде киіз үй «қалашығы» болып отырған колхоз мүшелері қысқа қарай бұрынғы қыстауларына кетті. Енді қолда мал қалмағаннан кейін халық ашыға бастады. Аштық ежелден егіншілікті кәсіп еткен орыс семьяларын жайлады. Зайсан шекара отрядының жауынгерлері жеті адамды бастап, Қытайға қашып бара жатқан 21 жастағы Иван Шульгин деген азаматты ұстады. Кейін осы жеті жігіт Самар ауданына жер аударылды.
Шекара бойы 1930 жылы да тынышсыз болды. Елдің Кеңес өкіметіне қарсылығы қарулы қақтығыстарға ұласты. Елдің ауа көшуін жергілікті кеңес органдары «шетелдегі қарулы бандалардың әрекеті, солар ауылдарды күштеп көшіруде» деп, барлық кінәні өзгелерге аударды. Мысалы, 1930 жылы 30 шілдеде 200 адам шекара бұзып өтті. Олардың 80-і қарулы еді. Атыс болғанда олардың бірнешеуі өліп, бірнешеуі жаралы болды. 1930 жылғы 28 тамызда Шағынобада Ниязбек Құрбанбаев¬тың «қарулы шайқасы» шекарашылармен қақты¬ғысып қалды деген суыт хабарлар енді ау¬дандық өкімет орындары үшін үйреншікті жайттарға айналды.
Асыра сілтеу кезінде жазықсыз жазаға ұшырағанның бірі, «Қара Ертістің Кәрібайы» атанған - Кәрібай Кенжебаев. Оған елдің ауа көшуін ұйымдастырдың, «бандыларға» пана болдың деген айып тағылады. Бір сұмдығы Кәрібайды күйеу баласы, әсіре белсенді Аяпберген деген ұстап береді. Кәрекең сол күйі хабарсыз кетеді. Еліміз егемендік алған соң Кәрібайдың немересі Жеңісбек жан-жаққа сұрау салады. Сол кезде атасымен бірге қамалған Хамза ақсақалға жолығады. «Бір күні бізге берілген нанның арасынан шиыршықталған қағаз шықты. Онда «Кәрібайдың жігіттері Аяпбергенді өртеп өлтірді» деп жазылыпты. Сол күні-ақ Кәрібайды «сұраққа» әкеткен. Содан бері із-түссіз кетті ғой есіл ер» депті Хамза ақсақал. «Сол жылдары қарулы содырлар шекараға жақын аймақтарды, ауылдарды қорқытып, дамылсыз шапқылап құтырып кетеді. Солардың ішінде Аяпберген дегенге қатты тоқталады. Алашордаға тілектессің деп, кейбір адамдарды мойнына арқан байлап, салт атпен желе жортып жетектеп, сабап Зайсандағы түрмеге жөнелтіп отырыпты» деп осы белсендінің аяусыздығын Қ.Алты¬баев «Сынаптай сырғыған жылдарым» де¬ген кітабында жазыпты.
Зайсан шекара отрядының аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Мұхамедшинге жолдаған хабарламасы бар жайды бүкпесіз баяндайды:
1929 жылғы 30 қарашада Қытайдағы Алтай аймағы жағынан Нұрғали Мұқабаев бастаған 30 адамдық қарулы топ шабуыл жасай отырып, Алқабек өзені маңында 60 отбасын көшіріп әкетті.
Кергантас тұсынан Мұқан Мәсәлімов «бандасы» 40 отбасын көшірді.
1930 жылғы қаңтарда Сауыр арқылы Әлен княздігінің иелігіне 128 шаруашылық (құрамында 582 адам, 4421 мал бар) өтті. Олардың көшуіне Әленнің адамдары көмектесті
Сол жылы 16 қаңтарда, одан кейін 28 қаңтарда Қытай жеріндегі Таңғыт Үкірдайдың адамдары 80 шаруашылықты көшіріп әкетті.
Ақпан айында Қоңырқажы Мәжитов бастаған жақсы қаруланған жүз адам 97 шаруашылықты көшірді.
6-10 ақпанда Шағыноба арқылы 100 шаруашылық арғы бетке асты.
11 ақпанда Алқабек өзенінің жағасында шекарашылармен атысып отырып, 30 отбасы өтті.
17 ақпанда Сауыр тауы арқылы 93 шаруашылық шекарадан өтті. Көшті ұйымдастырушылар ауылдық кеңес өкілін сабап, байлап кетті.
20 ақпанда Ақкезең тұсынан 160 шаруашылық, 24 ақпанда 60 отбасы шекара бұзды. Атыс болып, бір шекарашы өлді.
Қаңтар-ақпанның аязына қарамай, қар жастанып, мұз төсеніп, қиын кезде ел босқындыққа өз бетімен бара ма? Оларды осындай қыста атамекеннен босуға не мәжбүрледі? Шекара отрядындағылар осы¬ның бәріне «бандылар», шекараның арғы жағындағы «қарақшылар тобы» кінәлі деп мәлімдеме жазды. «Қарақшыға» дүние-мүлік қажет емес пе? Ал, олар тұтас ауылдарды аштықтың тырнағынан алып өткен. Қыс мезгіліне қарамай, босқан елге шекараның арғы бетіндегі қандас ағайындар қоныс берген.
Елдің Қытайға көшуі көктемде одан ары жалғасқан. 1930 жылғы 15 наурыз күнгі жағдай бойынша шекара отрядының бастықтары Дарын бекінісінен 300 отбасы 8600 малымен, Жеменей кенті тұсындағы застава аумағынан 1260 отбасы 1840 малымен, Қобық тауына қарай 240 отбасы алты мың малымен, Дөрбелжін уезіне 600 отбасы 14200 малымен өтіп кеткенін хабарлады. Шекараның арғы бетінен және бергі бетінен елдің көшуін басқарды деген Алтай аймағындағы 29 адам¬ның, Жеменей уезінде делініп 48 адам¬ның, Қобық маңында деп 18 адамның, Дөрбелжін уезінде деп 25 адамның аты-жөндерін толық көрсетіп, тізімін жазған (ШҚО мемлекеттік мұрағаты, 788-қор, 1-жазба, 33-іс).
Ұжымдастыру науқанының ауыр зардаптарына, аштыққа шыдамаған бүкіл Арқа жері мен Шығыс Қазақстанның өзге аудандарының халқы да күйзелді, аштан өлді, Қытайға қашты. Зайсан шекара отряды осы босқындарды да тосқауылға алып, қырғынға ұшыратты. «1931 жылы шілде айында бес жүз үйлі Ақнайман (аудан орталығына жақын болғандықтан есепке алынғаны) елі Қытай жеріне өтпекші болып, Бөкенбай тауы, Қалғұты жеріндегі Егіндібұлақ ауылынан он екі шақырым аралықтағы Бестерек деген жер¬ге шоғырланды. Бұл шекараға Былғарытабыты тұсымен бір күндік жер... Ауған елдің дүрбелеңі басталғаннан-ақ белсенділер де қарап қалмай, аудан орталығына, шекара бекінісіне хабар берісті... Шекарашылар мен оларға қосылған жиынтық күштер Қалжыр өзенінің бойынан тосқауыл жасап, пулеметін құрып, биіктен бақылау жасап отырды.
Қалың нөпір қозғалатын күні түс мезгі¬лінде Жұматай деген молда елді түрегелтіп қойып, биікте тұрып сөз сөйледі. «Заманымыз қалай болады, кім білсін, тек бір Алла сапарымызды оңғарғай, қара қазан, сары баланың қамы үшін еркіндіктің жолында өліп кетсек шейітпіз», - дегенді айтып, баршасына арнап тірідей жаназа оқыды.
Сонымен қалың ел қозғалды... Биіктен пулемет сайрап қоя береді... Ауған елдің алғы легі шекарадан өтіп үлгереді... Аласапыранмен жүргенде таң атып, күн шығады... Біраз адам әлі атыс үстінде. Атысып жатқан адамдардың арасынан еңгезердей біреу орнынан көтеріліп, «Мұхаммед! Мұхаммед!» деп алға ұмтылды. Бұл Қожамбет руынан Сақа¬ри деген ұста екен... Амал не, есіл ер қарсы жақтың атқан оғынан мерт болды... Аласапыраннан кейін белсенділер мен шекарашылар қолға түскен, тығылған адамдарды жинап, сапқа тұрғызады. Жұматай молда мен бес адамды көп алдында атып тастайды. Қалғандарын бала-шағасымен айдап, Қара Ертіс бойындағы Боран ауылына апарып тергеуге алады. Босқан малды жинап, Зайсан көлі жағасынан жаңадан құрылып жатқан шаруашылықтың Шеңгелді иелігіне өткізеді» деп жазады еңбек ардагері Ақаш Жүнісұлы өз естелігінде.
Енді соғыс ардагері, бірнеше кітаптың авторы Меңғали Мусиннің «Түнекте тұншық-қандар» кітабындағы мына бір жантүршігерлік оқиғаға назар аударайық. Шекара аспақшы болған тағы бір көш Қойтүбекке ілікті. Босқын бейшаралар сорларына қарай шекарашыларға көмек¬тесіп, босқан елді қудалап жүрген Успенка селосындағы болыстық военком Яков Кондауров басқаратын қарулы топқа тап болды. «Ұзын сөздің қысқасы, қалған жұртқа оралудан басқа лажы қалмаған көш енді сол жұртына жетпей тұтқынға түсті. Оларды жаяулатып таудағы Тополевка селосына атқа қонған Кондауров өзі айдап әкетті. Жиынып, буынғандарынша сор болған арттағы кәрі-құртаң, бала-шаға, араға едәуір уақыт салып аттанады. Шытырман арасындағы бұл тар соқпақ тозаққа апаратын жол іспеттес болып шықты: көш жарты шақырым ұзады ма, жоқ па, өліп жатқан адамның үстінен түсті. Оқтан өлген. Көштегілер «әкетайым-ау» деп шулады да қалды. Жиырма-отыз адымнан кейін тағы осындай өлік, тағы у-шу. Алысқа ұзап не керек, әне бұта ішінде үшіншісі қансырап жатыр. Одан әріректегі төртіншісінде шала жаны бар екен, ыңырсыды.
Тополевкаға жеткенге дейін талай адам осылай қаза тапқан. Ал көшті айдап жеткізген отрядын қарсы алған Кондауров жолдастарына қарап:
- Адаспадыңдар ма? Мен сендер адаспасын деп жол бойы белгі қалдырып отырдым, - деп ыржия мәз болды.
Ел алдында, кір жуып, кіндік кескен жер алдында, жаратқан тәңірісі алдында, ақыры өкімет алдында жазығы жоқ жандар болса да, айуандықпен өлтірілгендер есімін біз білмейміз. Сірә, адам құны қотыр тоқтыға татымайтын сол есімдер бір қағазға жазылып қалды ма екен? Әй, қайдам... Тополевкаға баратын сай ішіндегі сүрлеу бойында төмпешіктер осыдан 15-20 жыл бұрын ап-анық көрініп жататын. Уақыт шіркін, оларды да тегістеп-ақ тастапты.
Көктемде бұл өңір де жасыл кілем жамылғанымен көз тартардай құбылған масаттылығы жоқ. Бірақ бұта арасынан қылтиып өскен мүләйім шешектер маған құрбандарға үнсіз жоқтау айтқан Қойтүбектің қоңыраулары болып көрінеді де тұрады. (1991 жыл, мамыр. (Меңғали Мусин. «Түнекте тұншыққандар», 1998 жыл).
Елдің ауа көшуі қанды оқиғалармен ұштасып жатты. Қарсылық болғаннан кейін екі жаққа да оңай тимейді ғой. Зайсанның бір кездегі мерекелік жиын өткізетін орталық алаңында жастарға «революция құрбандары» деп түсіндірілетін бауырластар зираты бар. Осы арада жиын өтеді, балалар пионерлікке қабылданады, жастар гүл шоқтарын қояды. Бұл қаза болған қызыл әскерлер шекара аспақшы болып көшіп бара жаткан Әлібай мергеннің ауылын әлдебір белсендінің хабарлауымен қуа шыққан екен. Арттарынан қуғын келе жатқанын көріп, Әлібай ауылын ары қарай қоя беріп, өзі жақсылап бекініп алып, атыс бастаған. Осы атыста қуғыншы қызыл әскерлер түгелдей оққа ұшып, Әлібай құтылып кетеді. Осы құрбан болған жауынгерлердің Әлібайда ұзында өші, қыс¬қада кегі жоқ. Бастықтарының бұйрығын орындау кезінде көз жұмды. Олар да солақай саясаттың құрбандары.
1931 жылғы 15 наурызда аудандық атқару комитеті президиумының мәжілісінде ресми түрде аудандағы жағдай өте нашар деп баға беріліп, ұжымдастырудың дұрыс өтпеуі және бірқатар дайындау науқандарының күйреуі, аудандағы жағдайдың төзгісіз болуы бай-кулактардың үгіті салдарынан деген қорытынды жасалды. Колхоздардың құлауы, тұтас колхоздар мен халықтың шекарадан ары асуы байлар мен атқамінерлердің кеңес өкіметінің саясатына қарсы үгітінен болды деп, осыған кінәлі деген 47 адамның тізімі берілген (ШҚО мемлекеттік мұрағаты, 788-қор, 1-жазба). Өкінішке орай, шетке кеткен қандастар сол кеткеннен мол кетті. Ішінара әр жылдарда қайта оралғандар орасан адам шығынының орынын толтыра алмады. «Алтайдан Сауырға дейін Қытай шекарасы бойында созылып жатқан ұлан-байтақ аумақтың халқы босып кеткенде, олардың жеріне көршілес Тарбағатайдан 3000 үйді айдап әкеліп, 1931 жылы «Қазақстан» колхозын құрыпты» деп жазады С. Базаров («Сауыр-Сайқан саясында» кітабы).
Отызыншы жылдардағы алапат аштық Зайсан жерінде де болды. «...Жол-жөнекей қырылған мал, аштан өлген адам күні бүгінге дейін көз алдымнан кеткен емес. Үдере көшкен халық арам өлген малдың ішін жарып, бауырын суырып алып, отқа қақтап жеп отырады. Омыраудағы сәбиін құшақтап отырып өліп кеткен аналардың беті жабылмай қалған жағдайлар да кездесіп отырды. Ер адам, әйелдердің аш ұсқын келбеті өте аянышты еді...» деп еске алады алапат аштық жөнінде еңбек ардагері Қабдірахым Әбейұлы. («Достық» газеті. 7 қазан 1992 жыл).
Құрбан болғандар саны ешқашан ресми түрде айтылмады. Бәрін «ауа көштіге» қосты, шын құрбандық фактілері бүркемеленді. Ашаршылық туралы естеліктерде, мұрағат¬тарда мәліметтер кездеседі.
Қорыта айтқанда, ел басына түскен нәубет ұмытылмауы тиіс. Ол бүгінгі егемендіктің қадірін білу үшін де, болашақта сабақ алу үшін де керек.

Ғалым БАЙБАТЫРОВ
Шығыс Қазақстан облысы

«Ана тілі» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435