Қош бол, қазақ киносының коррифейі!
Есім-сойы күллі қазаққа белгілі режиссер әрі сценарист Сатыбалды Нарымбетов 75 жасына қараған шағында дүниеден өтті.
Сатыбалды (Сакен) Жәлелұлы – кинодраматург, кинорежиссер, жазушы. 1946 жылдың 8 наурызында Шымкент облысының Түркістан ауданы Ащысай ауылында дүниеге келген. Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1984 жылы жоғары режиссерлік курсты бітірген. 1969 жылдан «Қазақфильм» студиясында сценарист әрі кинорежиссер ретінде қызмет етті. 1970 жылдан – «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері болды. Ол ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының иесі, республикаға еңбегі сіңген қайраткер. Француз киноакадемиясы сыйлығының иегері, Ресей, Латвия, Австрия фестивальдерінің жеңімпазы, Еуропа киноқайраткерлерінің арнайы сыйлығының иегері болды.
Фильмдері:
2015 Аманат (Қазақстан)
2008 Мұстафа Шоқай (Россия, Қазақстан)
2005 Дала экспресі (Қазақстан)
2002 Ләйләнің зары (Қазақстан)
1998 Омпа (Қазақстан)
1994 Жас аккордеонистің өмірі (Қазақстан)
1990 Созақтағы Гамлет немесе Мамайя Кэро
1987 Ауылдан келген күйеу
1983 Осенние извилистые дороги (Жоғары режиссерлер курсының диплом жұмысы)
1978 Менің балалық шағымның Дон Кихоты.
Abai.kz ұжымы қазақ киносының коррифейі болған марқұмның туған-туыстарына, әріптестері мен дос-жарандарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Қасым Аманжол:
«Айтып өткен ақында арман бар ма?!» Қазақ режиссерлерінің арасында әр түсірген картинасында көркемдік ізденісі кесек, кейіпкерінің жанына нәзік бойлай алған, тақырыбы да актуал - Сатыбалды аға Нарымбетов еді. «Созақтан шыққан Гамлеті» бір төбе, өзінің тағдыры болса керек... Ал сталиндік-советтік репрессия құрбандарына арналған үштігі: «Қызжылаған» (Семей полигоны кесірінен мүгедек болған қыздың трагедиясы), «Мұстафа Шоқай» (Шоқай мен алаш қайраткерлері бейнеленген), «Аманат» (Тарихшы Бекмахановтың өмір жолы) картиналарының орны бөлек... Сәкең жақсы прозашы да болды. Кино мен драматургия саласында сабақ берген, шәкірт өсіргенін білеміз. Өмірде елгезек пейіл, баладай мінезін сақтаған жақсы, жайсаң адам еді. Мазмұнды, шығармашыл өмір сүрді. Бақұл болыңыз...
Ерлан Төлеутай:
Кешегі Шәкен аға бастаған ұлы кинногерлердің көзіндей болып ортамызда жүруші едіңіз. Аяулы ағамыз, қысылғанда кеңес сұрар ақылшымыз, едіңіз. Арамызда қалқайып жүргеніңізді ес көруші едік. «Қазақфильмде» «мұртымыз көкке шаншылып» кеңес құрған күндеріміз келмеске кеткені ме?! Енді кімді тәлімгер тұтамыз, ағатайым-ау?! Арманыңыз көп еді. Сансыз кедергілер қолыңыз бен жолыңызды қабат байлап, ойға алған фильмдеріңізді түсіре алмай жүргеніңізге қынжылушы едіңіз. Кенесарыны түсіремін деп сегіз жыл сергелдең кешкеніңіз көз алдымда. Ақыры бұл арманыңызға жеттпедіңіз, жеткізбеді... Көз жасым тиылар емес. Қош, Сатыбалды аға! Қош, қазақ киносының коррифейі!
Асқар Наймантаев:
Қайран Сатыбалды Нарымбетов ағам-ай! Мені жазуға, комедия түсіруге итермелеп, шабыт беріп жүруші еді. Кезінде өзі Гогольдің «Жындының жазбаларын» аударған екен. Соны маған ойнатып, кино түсіргісі келетін. Ол аудармасын таппай, мен Сая Қасымбек әпкемізге аудартқанымды оқып, балаша қуанып еді. «Балам оператор болады, совремменный түсіреміз, өзің ғана ойнайсың, қараусыз қалған бір жаман үй тапсақ болды. Күзде қолға алайық. Менің жаңа жобама қаржы бөлінбей тұр, пока осымен айналысамыз» - деп, ақылдасып жүр едік...
Т.Жүргенов академиясында ағамының бір курсына сабақ беріп, бұрқыратып темекімізді шегіп отырып ек талай. «Аманат» фильміне пробасыз полковниктің ролін берді. «Аға, Сізде кастинг деген болмай ма?» - десем, «Молчи в тряпочку, бала, сен қазаққа кастинг өтпейді» - дейтін. Жаңа жобасы да тарихи фильм еді, «Ролің бар, дайын жүр, ысқырғанда жетіп кел» - деген...
Қадырғали Көбентайдың кешінде Қадырғали шығармашылығын Ресей мен Батыс бардтарынан да жоғары бағалап, керемет сөз сөйлеп, «Асқар, маған ұмыттырма, мына жігітке үлкен роль берем жаңа фильмде» - дегенді жиі айтатын... Жаныңыз жанатта болсын!
Роза Мұқанова:
Өмір... Қарлыға Сейсен тіл шалды...
Сәкен дүниеден көшіп кетіпті. Мынау жарық жалғанға жып-жылы мейіріммен соңғы рет үңіліп бір қараған болар. «Монтажда кадрлар керек!» - дейтін әдеті бар еді. Соңғы кадрде кімді, нені көргісі келді екен... Өзі жазып, киноға өзі түсіретін, өзінің талантына өзі күмәнмен қарайтын дарабоз өтті өмірден.
Сағынысып отырып, қақтығысып қалатын дос кетті өмірден. Сәкен - Сатыбалды Нарымбетов!!!
Шығармашылық әлеміңе менің «Қызжылағанымды» («Молитва Лейлы»), Әкім Таразидың «Мұстафа Шоқайын» енгіздің. Сен біздің шығармаларымызға өшпес ғұмыр сыйладың. Жаның-жомарт, талантың ерен еді. Сенің өміріңнің мұңын да, бақытты сәттерін де бірге бөлістік. Сен көпшіл едің. Сол көпті соңыңа тастап озып кеттің. Сенің асығыс кеткеніңді Әкім ағаңа қалай жеткіземін, Сәкен!
Abai.kz