Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4028 0 пікір 22 Мамыр, 2012 сағат 06:31

Садық Смағұлов. Әлиханның үш сұрағына Ағыбай батырдың үш жауабы

Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханов Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы Қызыларай тауының бөктерінде туған. (Ата-тегінен таратсақ ұлы Шыңғысхан әулетінің үлкен баласы Жошыханнан тарайтын, атақты Көкжал Барақтан Бөкейхан туады. Бөкейханнан Батыр туса, оның Мырзатайының Нұрмұхаммедінен 1866 жылы Әлихан туады). Әкесі Нұрмұхаммед хандық билікке жетудің жолы білімде екенін түсініп, тоғыз жасар ұлын Қарқаралыға апарып, жеке молланың қолына оқуға береді. Бір жылда ескіше сауатын ашқан Әлихан зеректігімен өз бетінше ізденіп барып, қаладағы үш кластық орыс тіліндегі бастауыш мектепке ауысып алады. "Бастауышты" тәмамдап Қарқаралының төрт жылдық техникалық училищені "өте жақсы" деген бағамен үздік бітірген алғыр шәкіртке училище директоры Санкт-Петербургте оқуын жалғастыруды ұсынады. Дала генерал-губернаторы кеңесінің ұсыныс хатын алып, қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясымен Ресей астанасы Санкт-Петербургте Орман шаруашылығы институтына түседі. Студенттік өмірдің басталуымен саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге қатысып озық ойлы жастармен араласады. Студенттік толқуларға қатысады. 1885 жылы институттың бірінші курсын бітірген Әлихан Сарыарқадағы еліне жазғы демалысқа келеді. Санкт-Петербуртен Ағыбайдың атына қанық танысып, батырлығын естіп, Семейге келгенде Жидебайдағы Абай аулына соғып, Абаймен кездеседі.

Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханов Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы Қызыларай тауының бөктерінде туған. (Ата-тегінен таратсақ ұлы Шыңғысхан әулетінің үлкен баласы Жошыханнан тарайтын, атақты Көкжал Барақтан Бөкейхан туады. Бөкейханнан Батыр туса, оның Мырзатайының Нұрмұхаммедінен 1866 жылы Әлихан туады). Әкесі Нұрмұхаммед хандық билікке жетудің жолы білімде екенін түсініп, тоғыз жасар ұлын Қарқаралыға апарып, жеке молланың қолына оқуға береді. Бір жылда ескіше сауатын ашқан Әлихан зеректігімен өз бетінше ізденіп барып, қаладағы үш кластық орыс тіліндегі бастауыш мектепке ауысып алады. "Бастауышты" тәмамдап Қарқаралының төрт жылдық техникалық училищені "өте жақсы" деген бағамен үздік бітірген алғыр шәкіртке училище директоры Санкт-Петербургте оқуын жалғастыруды ұсынады. Дала генерал-губернаторы кеңесінің ұсыныс хатын алып, қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясымен Ресей астанасы Санкт-Петербургте Орман шаруашылығы институтына түседі. Студенттік өмірдің басталуымен саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге қатысып озық ойлы жастармен араласады. Студенттік толқуларға қатысады. 1885 жылы институттың бірінші курсын бітірген Әлихан Сарыарқадағы еліне жазғы демалысқа келеді. Санкт-Петербуртен Ағыбайдың атына қанық танысып, батырлығын естіп, Семейге келгенде Жидебайдағы Абай аулына соғып, Абаймен кездеседі. Әлиханды болмысынан таныған, көзі ашықтығын ұққан Абай оқу білімге көкірегі ояу, зерделі баланы екі-үш күн қонақ етеді. Мағауиясы мен Абдрахманы аурулы болып көңілі жасып отырған Абайды хал қадірінше жұбатып ұзақ әңгімелескен шақтарында Кенесары-Наурызбайдың, Ағыбай батырдың жүргізген ұлт азаттық соғысына баға беріп, әкесі Құнанбайдың Кенесарыны қолдағанын айтып әсіресе, Ағыбай батырдың аңыздай ерліктерін сүйсіне әңгімелегенін Әлихан жадында сақтап бір көріп, батасын алуға құштарланады. Елге барып Жанқұты биді ертіп Тайатқан-Шұнақ тауын жайлап отырған Ағыбай аулына баруды мақсат тұтады.

Қызыларай тауындағы ауылына келіп біраз күн сағынышын басып, ел адамдарымен амандасып болған соң көлік дайындатып жол серіктер іздейді. Жанқұты би қажылыққа - Меккеге кетіп жуғарақта оралмайтын көрінеді. Елден сұрастыра келе Кернейдің бас ақыны Балтадан тарайтын Қазгелдінің Жуасбай (1854-1918ж.ж.) ақынын жолбасшылықа алу керектігін жөн санайды. Ауылдан атқосшылыққа төрт-бес жігіт алып  «Аяқшиде» отырған Жуасбай аулына келіп түстенеді. Әлихан жол сапардың жөнін айтқан соң  көктен іздегенін жерден тапқандай қуана қоштап Байсейіт бидің тоқсанға жасы жетіп салт атты сапарды көтере алмайтынын білсе де барып сәлем беріп Ағыбай аулына баратындықтарын айтып батасын алады. Әнші Ақтентек серіні ала кетуді ұйғарысып  ауылына барса ол да қартайып жол жүруге жарамайтынын айтқан соң қобызшы әрі әнші інісін қалап ертіп алады.

Тайатқан тауының Есентай өзегінде отырған Ағыбай аулына келсе батырдың жүргенінен жатқаны көп, кәрілікті мойындап келімді-кетімді кісілермен әңгіме дүкен құрып өсиет батасын беріп кісілерді талғап қабылдап жатыр екен. Көптен атын білетін, ақындығына қанық «Жуасбай келді» дегенді есітіп өзі жатқан ақ боз үйге кіргізеді. Ағаш төсекте қазанның қара күйесіндей қасқырдың терісінен тігілген мол ішікті аяғына жауып жатқан Ағыбай батыр төсектен аяғын түсіріп келген қонақтардың сәлемін қабыл алады. Қонақтарды қолын нұсқап төр көрпеге оздырып жайғастырып ел амандығын сұрастырып, танитын қатарларының атын атап атақты Байсейіт бидің сырқат екенін, Жанғұты бидің қажылыққа кеткенін естігенде «Жылдан асып қалды, екеуі де хабарласқан жоқ еді, арыстарым аман болсын»  деп мұңайған қалып танытты. Ағаш төсекте жантайып жатып ішетіндей биікше кең столға шәй дастарханы жасалып жатқанда Ағыбайдың емеурінімен есік алдына әкелінген жабағыға Жуасбай ақын бата жасады. Шәй іше отырып Ағыбай батырдың жұмсақ мінезіне қаныққан Әлихан өзін таныстыра келе:

- Батыр ата, - деді Әлихан салмақпен сөзін бастап - жол жөнекей Сізден үш сұраққа жауап іздеп, батаңызды алуға ниет етіп келдім.

- Сұра, балам, - деді Ағыбай батыр орнынан қозғалақтап, оңтайланып жатып бетін Әлиханға қарай бұрып көтеріле отырды.

-     Сұрасам. Ердің әруақтысын көрдіңіз бе?

-     Аттың тұлпарын көрдіңіз бе?

-     Әйелдің сұлуын қайдан көрдіңіз? Осыларды білгім келеді, - деді Әлихан.

- Айтайын, балам. Оны неге сұрадың? - деді Ағыбай батыр.

- Нағыз батырлар осының үшеуінен шет болмаса керекті еді, - деді Әлихан.

- Тыңда, Балам! Осы өзің қатарлы жас кезім еді, Қасым төренің қоластына барып Саржан батырмен танысып, жасағына еріп жүрген адуынды шағым. Ертеңгісін Саржан батыр жатқан жерінен ұшып тұрып: «Ағыбайжан, қайдасың? Жау келіп қалды ғой. Тез, атқа мініңдер. Мына тауды бұрын алмасақ, жау бізді алады. Тауды бұрын алайық!» - деді. Жанталасып Ақбастауға келіп шықсақ, арғы жағында дала толған кісі, қаптап келеді екен. Саржан: «Шыққыр көзім, шықпасаң, дұрыс болжа, - деп бір шола қарап:

- Апыр-ай! Ағыбайжан-ай, 600 кісі екен ғой! - дегенде: Қайда жүріп болжап қойды? - деп қарасам, бұрынғы көзіме тым қораш көрініп жүрген батырым өзімнен анағұрлым өсіп кеткен екен. Сол жерде «Ердің әруақтысы Саржан батыр» - екен деп мойындадым.

Екінші сұрағыңа - Атамекен Бұғылы-Тағылыда найза ұстап, қынабынан қылыш суырып қырықтағы қамал  бұзар шағым, - деп, Ағыбай сөзін жалғастырды. Астымда Көкбесті деген атым бар. Осы кезде «менен артық жігіт, Көкбестіден артық ат жоқ» - деп жүргенде бір күні ауыл сыртына көп адам келіп: «Сөйлес-ау!» деген соң өзім шығып сөйлестім. «Мен Саржан батырмын» - деп дыбыстады. 60 қаралы адам екен, үй тігіп, түсіріп қонақ еттім. Саржан батыр аты шыққан ер болғанмен, көзіме өзі де, аты да  атағына сай емес қораш көрінді.

Ертеңгісін «Ағыбайжан келсін» деген соң барып едім, «Ағыбайжан, «Арқада жолдас болуға жарайтын сен» деп іздеп келдім. Ақбастауды орыс алып, қазақтарды күнде шабатын көрінеді. Мен 60 адам, сен 40 жігіт қасыңа ерт, 100 кісі болып соған барайық» - деді. «Жарайды» - деп, жүз кісі аттандық.

Жер шамасына барған соң: «Ағыбайжан, жау тақау, бүгін ат терін алайық», - деді. Содан соң шабатын аттарды қалдырып, өзіміз алға оздық. Ол кісінің астында тайдай ғана Аққасқа аты бар. Ілгері ұзап шыққан соң, мінген аттарымыздың қарымын байқау үшін бір жүгіртіп алуды ойладық. Атқа шабатын жігіттерді сайлап, керме тартып, ат қостық. Мен ойладым: «Аман болса, Көкбесті атым келер», - деп. Әлден уақытта бағанағы тайдай ғана ат Саржаның Аққасқасы келді. «Апыр - ай! Көкбесті ат жығылды ма, қалай болды, неге қалып қалды?» - деп мазаландым. Бір мезгілде аман-сау менің атым да келді. Кермеге байлап: «Неліктен болды екен», - деп кермеге барсам, Саржанның тайдай Аққасқасы Көкбесті аттан анағұрлым өсіп, шоқтығы биіктеп кетіпті. «Аттың тұлпары екен ғой, бойын жасырып тұратын», - деп бағалап сабама түстім.

Үшінші сұрағыңа айтарым: Қазақ пен өзбек көп шабысқан ел ғой. Ұлдары - құл, қыздары - күң болып екі ара теңдіксіз болып тұрды емес пе?

Найман руына берген қарындасым бір шапқыншылықта өзбекке қолды болып кетті. «Бұл болмайды екен», - деп қырық кісі алып бітімге бардым. Өзбектің Әлімқұл деген ханы бар екен. «Қазақтың Ағыбай батыры бітімге келе жатыр екен» дегенді естіп, «оған кім теңлік береді, мені сейілге кетті» деген сылтаумен қайырып жіберіңдер! - деп үйінен кетіп қалыпты.

Мен барған соң шатыр тігіп, «Сонда түсесіз?» - деп еді, «Хан ордасынан басқа жерге түспеймін» - деп Әлімқұлдың ордасына түстім. Үйге кіріп келгенде есікті ашқан бір әппақ әйел маған жалт қарады. Сол күнде менің сан кісіден бетім қайтпайтын уақытым еді, әйелдің көзіне көзім тұрақтамай тайықсып кетті. Бұл Әлімқұлдың ақ тоқалы екен. Оның да назары маған ауған сияқты. Әйел де мені ұнатқан сыңайлы болған соң елге ақ тоқалды да алып кетпекші болған жеңілтек ой басымда шыңылдап тұрып алды. Сол жерде  ойлана келіп: «Қой, келген жұмысымды тастап, бір ұрғашыға қызыққаным болмас» деп өзімді өзім тоқтаттым да, асығыс Әлімқұлды шақырттым. Әлімқұл да келіп: «Бұл маңқа қазақ не іздеп жүр, сонау Арқадан?» - деп үйге кіре берді.

Сол сәт: «Мә, саған маңқа қазақ» деп Әлімқұлдың басын шаппаққа қылышымды суырып алып тұра ұмтылдым.

- Дат, Ағыбай батыр! «Ер шекіспей бекіспес, достыққа - төсім» - деп құшағын жая ұмтылды. Өз кінәсін мойындап кішірейген ханға кешіріммен қарап қылышымды қынабына салдым. Сонымен, Қазақ - өзбек мал шабысса да адамды тұтқынға алмауға, ұлын - құл, қызын - күң етуді тоқтатуға  уағдаластық. Содан бері қолға түскен адам болса, өзбек - қазаққа, қазақ - өзбекке қайтаратын болды. Мына қазақ ішіндегі өзбектер бұл бітімнен бұрынғылар екен. Әйелдің сұлуын сонда көріп Әлімқұлмен достасып қайттым. Нәтижесінде, 1864 жылы Түркістанды қорғауға, Генерал Берепкин (Веревкин) дегеннің әскеріне тойтарыс беруге батыр деп жүрген Спатай қашып кеткенде Әлімқұл ханның әскері қол ұшын беріп көммекке келді.

Міне, балам үш сұрағыңның жауабы.

- Рақымет, ата! Үш жауабыңызда да батырлықтың, ерліктің салтанаты биік тұр. Енді біздерге айтар өсиетіңізді айтыңыз, батаңызды беріңіз? Бар бүйімтаймыз осы - деп орынынан тұрып барып қос қолдап құшақтап, қос жауырынан қағып-қағып «нағыз батыр сіз екенсіз» деп екі үш қайталап орынына отырды.

Тершіген маңдайын сүртіп, денесі бусанып Жуасбайдың домбырасын қолына алып бірер қағып жіберді де, қарлыққан қоңыр даусыменен сөздерін анық естіртіп ұзақ термелеп іштегі шерін шығара аңда-саңда бір демалғандай кең тыныстанады.

Көңіл сұрай келдіңдер,

Жан тапсырарда Аллаға.

Естігің келсе Өсиет,

Ризамын адал қазаға.

 

Тілім сайрап жатқанда,

Басымды көтерт, жастық қой.

Көсемім болып хан Кене,

Асудан талай астық қой.

Айналайын, Науаным,

Қолдан шығып кетті ғой.

Бірге өлем деп Ағаммен,

Өлімге басын тікті ғой.

 

Серік боп бірге ермеді,

Қол жинап қайта келуге.

Әуселесін қырғыздың,

Спатаймен қосып көруге.

Науан қолға түспесе,

Кенекем ажал таппас ед.

Қазақтар қайта шабад деп,

Ханның басын шаппас ед.

Аңғалдығы батырдың,

Себеп болды ажалға.

Найза боққа қадалды,

Кенекем ажал тапқанда.

 

«Акке, көке» деуші еді,

Жас баладай еркелеп.

Туар ма, шіркін, Науандай,

Қыздарымыз енді еркек.

Осы өкініш жүректе,

Кетіп барады өртеніп.

Азаттық үшін хан Кенем,

Күрескен еді серт етіп.

 

«Ақжолтай» деп ардақтап,

Қол бастатқан қамалға.

Сатқындықтан сан соғып,

Хан Кенем кетті арманда.

 

Мың жігітпен аттандым,

Ақ найзамды қолға ұстап.

Қасиетті Түркістанды,

Азат еттім қол бастап.

 

Сол алпыс бес жасымда,

Жолбарыстай қайратты ем.

Кәрілік жеңді қайтейін,

Арыстандай айбатты ем.

Ал енді бата берейін,

Қарсыласпаңдар орыспен.

Күшті ел болды қарулы,

Жеңе алмайсыңдар соғыспен.

Әлихан балам Абайды,

Қастерлейді - Хақім деп.

Өлеңдері жыр емес,

Тұнып тұрған ақыл деп.

Даналар туса Абайдай,

Батырлар туса Науандай.

Арта берер бақтарың,

Азаттық таңы атқандай.

Пірәдірім Мамытқа,

Айшықтап күмбез соққыздым.

Ұмытпаңдар мені де,

Жақындай түсті соңғы күн.

Өніп өссін, қазағым,

Жауын жеңген қалмақтай.

Үш жүздің басын қосатын,

Хан туар ма, Абылайдай.

Құл-құтан болып тозбаңдар,

Ерліктер жолы жалғассын.

Әлихандай ұлың бар,

Басқарар қазақ Ордасын.

Қазақтың жерін қазаққа,

Сатты орыстың Госпорты.

Шұбыртпалының жері деп,

Алынды құжат-Паспырты.

Соғысқа салды хан Кенем,

Барша қазақ жері үшін.

Қартайғанда алыстым,

Өлгенде жатар жер үшін.

Қой үстіне бозторғай,

Жұмыртқалар ма, даламда.

Оқыған елдей қазағым,

Қоныстанар ма, қаламда.

Сәлемде барша қазаққа,

Зейнетін тапсын еңбектен.

Мен салдырған қос тоған,

Зая кетпесін тер төккен.

Найза, қылыш заманы,

Өтті білем біздермен.

Оқу, білім заманы,

Басталады сіздермен.

Кенекем мені ардақтап,

Ақжолтай батыр атады.

Қайратыма шыдамай,

Сөгілді жаудың қатары.

Елім үшін қан кештім,

Ерлігімді асырып.

Мадақтады ақындар,

Шашуына жыр шашып.

Қара жер суық екен деп,

Қашамыз ба, ажалдан.

Туған соң өлмек бар екен,

Тіршілік еткен заманнан.

Біріңді бірің силаңдар,

Жұдырықтай жұмылып.

Ынтымақ, бірлік сақтаңдар,

Ел қатарлы ұмтылып.

Қазақ деген нар халық,

Мың өліп мың тірілген.

Жауына есе жібермей,

Өз орнын алған өмірден.

Кенекем маған салмақ сап,

Ақыл, кеңес сұрады.

Батырлар құптап қол бастап,

Орындалды мұраты.

Ертекке қосты ел мені,

Тірісінде көзімнің.

Үлгі етті ұрпаққа,

Мәйегін алып сөзімнің.

Соғыстырды қалмақпен,

Абылай туы астында.

Ақауыз атым астымда,

Уатып өтер тасты да.

Жекпе жекте өлтіртті,

Қолба деген батырын.

Аузына қақпақ қоям ба?

Айналайын халқымның.

Бағымды бастан асырды,

Азаттық үшін соғыста.

Бұғыбай, Иман, Жанайдар,

Серік боп жүрді қасымда.

Бұқарбай, Жәуке, Төлебай,

Ұмытам қалай Шәкірді.

Найза, қылыш, сойылмен,

Жауына салған зікірді.

Жау емес маған Үйсінім,

Сүйінбай, Жамбыл шыққан ел.

Жырларын сусап тыңдадым,

Ерлікке үлес қосқан ел.

Спатайды батыр деп,

Жырына Жамбыл қоспаған.

Қатағанды жеңген Сүйінбай,

Арқа сүйерім деп айтпаған.

Жекпе жекте Бөлтірік,

Ағыбайды жеңді деп -

Айтылып жүрген қауесет,

Спатайдың сөзі тек.

Үш рет аттан түсіріп,

Шыбын жанын сауға еттім.

Ер кезегі - үш рет,

Енді өлерін ескерттім.

Бөлтірікті өлтірсем,

Белі сынар Үйсіннің.

Табасына қалармын,

Қалған көзі тірісінің.

Спатайды шақырттым,

Түркістанды қорғауға.

Бас сауғалап қаштты ол,

Қарсы  шықпай қас жауға.

Шаппақшы болдым ауылын,

Қайта қозып ескі кек.

Баласын алдым кепілге,

Өзі іздеп келер деп.

Өзі іздеп келмеді,

Ажал тауып жат жерде.

Үйлендіріп баласын,

Қайтардым малмен еліне.

Озық туған бала екен,

Қасыңдағы Әлихан.

Көңіл сұрай келіпті,

Бата алам деп атамнан.

Үш сұрағы бойдағы,

Бар сырымды ақтарды.

Көп болса екен осындай,

Қазағымның жастары.

 

Кернейдің бас ақыны,

Тасболатұлы Жуасбай.

Жауап қатты жыр толғап,

Таудан аққан бұлақтай.

Тарқатып шерін Батырдың,

Тілегін айтты халқының.

Ағыбай қайта  тумас деп,

Шыңына шыққан ғасырдың.

Хан Кененің ақыны,

Дауылпаз жырды жырлаған.

Нысанбайдың мақамы,

Ұранға қосқан отты ұран.

Көтеріп рухын сарбаздың,

Алдыңғы саптан табылған.

Хан Кененің аманатын,

Жеткізіп елге толғаған.

Сол мақамды Жуасбай,

Есіне салды батырдың.

Елестетіп бейнесін

Талай-талай асылдың.

 

А-ей, Сарыарқадай ел қайда,

Ағыбайдай ер қайда?

Демей ме халқым ертең-ақ,

Ағыбай айтқан сөз қайда?

Қаза болған хан Кене,

Кекілік деген жер қайда?

Жасындай болған жауына,

Құрыш білек, нар кеуде,

Найзасын қанға боятқан,

Наурызбайдай ер қайда?

Торқа болсын топырағы,

Пейіш болып қабыры,

Жаны болсын Жәннәтта.

А - ей, Кенесары - Наурызбай,

Деп жырлайды бұл күнде.

Жанардан көз жас төгіліп,

Қосылып қобыз үніне.

Құлақ тосып тыңдаймыз,

Көз ілмей ұзақ түндерде.

Ағакем менің - Ақжолтай,

Батыр деп арқа тұтамыз.

Ән мен күй арнап өзіңе,

Етеміз әлі Сізді аңыз.

Бұл аурудан айығып,

Сауықсын ләйім жаныңыз.

Бізді бастап келіп тұр,

Әлихандай балаңыз.

Ел тарихын зеріттеп -

Дейді кітап жазамыз.

Азаттық үшін алысып,

Петерборда оқып жүр.

Қонамын деп күн болып,

Қараңғы қазақ көгіне.

Абайменен сырласып,

Қанат қағып білімге.

Ел боламыз деп ерікті,

Артынан ерлер еріпті.

Батырлар төккен ыстық қан,

Бостандық үшін төгілгей.

Хан Кененің аманаты,

Жеңістерге жеткізгей.

Өзіңіз айтқан өсиет,

Ұран болсын біздерге.

Өзіңіз берген Ақ бата,

Нысана болсын біздерге.

Бар баласы Алаштың,

Алдыңа келер әлі де.

Өсиетіңді естіп бата алып,

Таратар қазақ жеріне.

Баталы күн, бақ күндер,

Орнар әлі-ақ төріме.

Сол күндерге жеткізер,

Ерлігіңіз Сіздердің.

Кенесары - Наурызбай,

Бұғыбай, Иман, Жанайдар,

Бұқарбай, Жәуке, Төлебай,

Шәкір, Дулат, Меңдібай,

Асып туған ерлерді,

Ардақ тұтып еске алып,

Атап бата жасармыз,

Айқара ашып тәуелсіз,

Егемендіктің есігін, - деп тоқтаған Жуасбай ақынның иығына зерлі шапан жапты. Әлиханның елім деп соққан жүрегінің дүрсілін сезгендей Ағыбай батыр төсегінің тұсында ілулі тұрған күміс  қынды, күміс сапты қылышын өз қолымен «өркенің өссін балам» деп сыйға тартқан Ағыбай батыр жол серіктерін де риза етіп бір-бір жылқы жетектеттіріп шығарып салғызды.

Ағыбай батырдың «Өсиет-батасы», Жуасбай ақынның өлеңі 1923 жылы жазылып алынғанға ұқсайды. Қайда сақталса да тозығы жетіп сарғайған араб әрпімен жазылған қағаздан жеті-сегіз шумақтың нобайын шығаруға мүмкіндік болды. Соның негізінде осы өлең-жыр қағазға түсті.

Ағыбай батырдың туғанына 200 жыл толғанда туған немеремнің атын Ағыбай қойып, қос тойды бірге атап, шілдеханасын өткізіп бесікке салдырдым. Тұңғыш немеремді өзім тербетіп, өзім әлдиледім. Сондағы әлдилеген өлең-жырды немеремнің өзі оқысын деген ниетпен ақ қағазға түсіріп, кітапқа кіргіздім.

Әлди де, әлди, Ағыбай,

Әлдилесем мен сені,

Жыр келеді ағындап,

Ашқандай асыл көмбені.

Тыңда, Ағыбай әлдиді,

Әжелер салған сазбенен.

Жылаған саған жараспас,

Тербетейін жәйменен.

«Ағыбай келеді тауменен,

Кездесуге жауменен.

Ақ найзасын ойнатып,

Шағылысып күнменен.

Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді де мінерсің.

Сыңғырлатып күлкісін,

Сұлуды да сүйерсің.

Алты қырдан естілер,

Тұлпарының шабысы.

Күндік жерден естілер,

Ағыбайдың дауысы.

Қыздар ғашық болады,

Ағыбай деген атыңа.

Олжа салар батыр бол,

Қазақ деген халқыңа.

Біздің бала Ағыбай,

Құйып қойған алтындай.

Ақылы қонсын Абайдың,

Суалмайтын бұлақтай.

Айдай біздің - Ағыбай,

Күндей біздің - Ағыбай.

Күндей болып күлімдеп,

Гүлдей берші, Ағыбай.

Ағыбайдың қыстауы,

Алатаудың саласы.

Ағыбайдың жайлауы,

Сарыарқаның даласы.

«Ағыбай» деп ән салар,

Жетісудың бұлбұлы.

«Ағыбай» деп күй тартар,

Атыраудың күйшісі.»

Туғаныңды мақтан ет,

Ұлы болып қазақтың.

Қазыбек туған топырақ,

Елің сенің, Ағыбай.

Ағыбай өскен топырақ,

Жерің сенің, Ағыбай.

Осындай елдің қаны бар,

Ағыбай сенің бойыңда.

Атадан қалған үлгі бар,

Ағыбай сенің жолыңда.

Жарты өмірін қан кешіп,

Соғыспенен өткерді,

Бабаң сенің, Ағыбай.

Ардақ тұтып хан Кене,

Атады сыйлап Ақжолтай.

Бұл соғысқа қатысты,

Ұлы бабаң Бағыс та.

Бейіті жатыр күмбезді,

«Қараоба» ата қоныста.

Селтей, Толағай, Ақсеңгір,

Қайрақтының өзенін,

Бойлай қонған жарасып,

Қалың керней өз елің.

Ағыбай бабаң аңсаған,

Азат елдің төрінде,

Тәй-тәй басып келесің,

Тірегі болар ұл боп өс,

Қазақ деген еліңе!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5419