Путиннің тәлібтері: лаңкестер Мәскеуге неге келді?
«Талибан» қозғалысының Ауғанстандағы жорығы өткен аптада да жалғасын тапты. Қарқынды негізде. Тәлібтер бірнеше аймақты басып алып, Орталық Азиямен шекараласатын барлық елді-мекенді өзіне қаратты. Өткен аптада тәлібтер Ресейге келді. 2003 жылы Ресей Жоғары сотының шешімімен лаңкестік ұйым деп табылған «Талибан» қозғалысы Мәскеудің қақ ортасында келіссөздер өткізді. Ресей тарапынан тыйым салынған ұйымға Кремль үлкен зал, жайлы қонақ үй беріп, пресс-конференция өткізуіне рұқсат етті. «Лаңкестермен келіссөз жүргізбейміз» деген Мәскеу осылайша лаңкестерді төріне шығарып, «құрметті қонақ» сынды қабыл алды.
8 шілде күні Мәскеуге «Талибан» қозғалысының атынан Мавляви Шахабуддин Делавари бастаған бір топ тәлібтер келді. Олардың офисі Катардың Доха қаласында орналасқан. Бұлар 1996-2001 жылдары Ауғанстанда билікті қолына ұстаған «Талибан» қозғалысының ресми өкілдері. 2001 жылы Батыстық коалиция тәлібтердің билігін құлатқаннан кейін, олар араб елдеріне кетуге мәжбүр болған еді. Талибанның Мәскеу сапарына келген құрамында БҰҰ тарапынан санкция салынған лаңкестер де жетерлік. Делегацияны бастап келген Мавляви Шахабуддин Делавардың өзі қара тізімде жатыр. Оған адам өлтірді, адамзатқа қарсы қылмыс жасады, қару сату, лаңкестік баптары бойынша санкция салынған. Соған қарамастан Мәскеу оларды өз төріне шығаруды жөн көрген.
«Талибан» Ресейге бірінші мәрте келген жоқ. 2019 жылдың мамырында келген тәлібтер араға бір жыл салып, Путиннің қаласына тағы ат басын бұрып отыр. Ресми Мәскеу тәлібтерді лаңкестер деп атаса да, олармен келіссөз жүргізуге қарсы еместігін мойындайды. «Біз тәлібтермен байланысымызды жоққа шығармаймыз. Біз келіссөз арқылы оларды ауған билігімен үстел басына отырып, мәселені бейбіт реттеуге ықпалдасқымыз келеді», - дейді Лавров. Осының өзінен-ақ Мәскеудің тәлібтермен ұзақ уақыт бойы байланыс ұстап келе жатқанын, тіпті оларға ықпал ету тетігі барын байқау қиын емес. Яғни Мәскеу лаңкестермен байланыста деген сөз.
Тәлібтер кез келген алаңда келіссөз өткізуге дайын екенін аңғартты. Себебі келіссөздер өздерін таныту және көрсету үшін мүмкіндік алаңы. Олар осы арқылы өздерін халықаралық қауымдастыққа, жекелеген елдер мен державаларға легитимизациялауды ойлап отыр. Әрине ол екіталай, алайда пропагандалық тұрғыдан ішкі аудитория үшін маңызды. «Біз Ресейде келіссөз өткіздік, біз Ташкентте кездестік, біз Дохада Батыспен келіссөз жүргіздік, бізді әлемдік қауымдастық Ауғанстанның билігі деп мойындап отыр», - деген месседж жіберу арқылы, ішкі аудиторияның қарсылығын азайтуды, тіпті мүлде жоюды, олардың «Талибанға» мойынсұнуын жеделдетуді ойлайды. Ол ойы іске асып жатыр. Себебі ауған жасақтары арасында қарсылықсыз лаңкестер жағына өтіп жатқандар жетерлік, ал жергілікті халық кей аймақта тәлібтерге қарсы шығуға ниетті емес.
«Талибан» Ауғанстанда соңғы аптада айтарлықтай үлкен нәтижеге қол жеткізді. Орталық Азиямен шекаралас үш елдің шекарасын толық өзіне қаратты. Олар түркімен-ауған, тәжік-ауған, өзбек-ауған шекаралары. Сонымен бірге Қытаймен шекараласатын жалғыз аймақ Вахан да тәлібтердің қол астына өтті. Иранмен шекаралас Герат ауданының жартысын тәлібтер басып алып, өз туларын іліп қойды. Осылайша олар алдымен шекаралас аймақтарды өзіне қаратып, ауған билігін құрлық арқылы көмек алу мүмкіндігінен айырып жатыр. Елдің ішкі аймағында Құндыз бен Қандағар қалаларына шабуыл бастады. Қандағар Ауғанстанның екінші ірі қаласы. Қалада миллионға жуық халық тұрады. Тәлібтер үлін бұл қала символикалық маңызға ие, себебі 2001 жылға дейін аталмыш қалада Талибанның ресми штаб пәтер орналасқан еді. Сондықтан қаланы өзіне қарату оларға маңызды. Қаланы басып алу арқылы тәлібтер ауған халқына күшін, ал жақтастарына бұрынғы дәуірдің қайтып оралғанын көрсеткісі келеді.
Талибанның қозғалысына қарап, Мәскеу барынша әрекет етіп жатыр. «Тәліб басып алады» деу арқылы, Орталық Азияда әскери күшін арттыруға тырысуда. Талибанның әрекеті, Мәскеудің Орталық Азияда күшеюіне себепкер болуда. Осыған қарап, Мәскеу мен Талибан арасындағы байланыс тек қана келіссөз деңгейінде дегенге күмән келтіруге болатындай.
Ка мырза
Abai.kz