Рәміздерімізді қорлағандар бас бостандығынан да айырылуы мүмкін
Мемлекеттік рәміздерімізді қорлау әрекеттері соңғы кездері жиілеп барады. Туымыз қоқыс таситын дорбаға айналды. Бір кездері дамбалдың ышқырына және қытайдың дорбасына сурет болып жабысқанын да білеміз. Әнұранымыз Бораттың боқтығына таңылғанын да ұмытқан жоқпыз. Мұның бәрі - мемлекеттік рәміздерімізді қорлағандарға қолданылатын жазаның салғырттарды сабасына түсіретіндей деңгейде еместігінен.
Кеше Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы конституциялық заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Осыған дейін заңда мемлекеттік Ту мен мемлекеттік Елтаңбаны дайындау қызметін лицензиялауды алып тастау туралы Үкіметтің ұсынысы бар болатын. Депутаттар бұл ұсынысты қолдамады. Себебі лицензиялауды алып тастаған жағдайда стандарттар сақталмай, мемлекеттік рәміздерді жасауда салғырттық танытушылар көбейеді. Осының бәрін ескере келіп, халық қалаулылары лицензиялауды жою туралы ұсынысқа келіспей, мемлекеттік рәміздерді дайындау қызметін лицензиялауды шарттауды көздейтін түзетулер енгізілді. «Үкімет бұл түзетулермен келісіп, Мәжіліске тиісті қорытынды енгізді», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Бұған қоса Мәжіліс комитеттері мен депутаттары заң жобасына мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекеттік Әнұранды орындау тәртібіне қатысты да түзетулер енгізген.
Енді, қызығы, бұл рәміздер тек Қазақстанда ғана жасалмауы мүмкін ғой. Мәселен, мұндай дүниелерді жасау жағынан Қытай шебер болып алған. Бүгінде көптеген депутаттың ұстап жүрген оюлы портфелі де, үстелінің үстінде тұрған қазақы өрнектегі қаламсаптар да, мемлекеттік қызметкерлердің келген қонақтарына тарту етіп жүрген қазақы кәдесыйларының бәрі де - қытай қолшеберлерінің туындылары мен еңбектері. Сол секілді мемлекеттік рәміздерді ақша үнемдеп үйреніп қалған ұйымдар Қытайдың арзан қызметін пайдаланып, соларға жасата салуы да бек мүмкін. Ал сондай жағдайда Қытай жұрты стандартымызды сырып қойса, қайтеміз?! Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұловты осы жағы алаңдатады екен. «Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, мемлекеттік рәміздерді дайындайтын өндірістер Қазақстаннан тыс жерлерде де бар. Олардың Қытайда дайындалатыны да жасырын емес. Осындай жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдар шетелде әзірленіп, мемлекетімізге әкелінетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің ұлттық стандартқа келу-келмеуін қалайша бақылайтын болады?!» - дейді Бақытбек Смағұлов.
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, мемлекеттік рәміздердің ұлттық стандартқа сай келуін бақылау Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты комитеттің құзырында екен. Сол комитет қазіргі кезде жергілікті мемлекеттік органдардағы рәміздердің қалай жасалғанын тексермек. «Стандарттарды бұзған мемлекеттік және басқа да органдарға айыппұл салу жөнінде комитет өзінің тарапынан ұсыныстар енгізеді», - дейді Бақытжан Сағынтаев. Оның айтуынша, бүгінде айыппұлдың да көлемі көтеріліп отыр. Айыппұл ақшамен ғана өтелмейді, министрдің сөзіне сенсек, бір жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза да қолданылады. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл мөлшері де ұлғайтылды. «Мемлекеттік рәміздерді, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектілерді дайындау кезінде ұлттық стандарттарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік қатайтылды. Спорт және денешынықтыру жөніндегі уәкілетті органның рөлін күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында және шетелде спорттық іс-шараларды өткізу кезінде «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңнаманы сақтауды қамтамасыз ету жөнінде құзырет енгізілді», - деді Бақытжан Әбдірұлы. Заңға қатысты біраз депутат оң пікірін білдірді.
Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Рәміздер туралы бұл заң жобасы қызу талқыланды. Мәжіліс депутаттары айрықша жауапкершілік пен белсенділік танытты. Негізінде, солай болуға тиіс еді. Себебі мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұран - халықтың ар-намысы. Ал мұндай киені дайындау, пайдалану және қорғау - тұтастай ұлттық мәселе. Сондықтан біз «Ту мен Елтаңба тек лицензия арқылы ғана жасалуы тиіс» деген бапты дұрыс сақтап қалдық. Нарық бәрін бағындырмауы тиіс, нарықты өзіне бағындыратын құндылықтар да бар. Бұлар - Ту, Елтаңба мен Әнұран һәм солардың мәні мен мазмұнына айналған ұлттық сезім, ұлтық мұрат пен ұлттық қадір-қасиет. Сондықтан да заң жобасын бірауыздан мақұлдауымыз керек.
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекеттік рәміздер - қай елдің болса да ең басты қасиетті құндылығы. Сондықтан болар, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар - халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылығымыз», - деп айтқан болатын. Шындығында, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті әрқайсымыз өзіміздің жүрегімізге ұйытып, жастарымыздың құлағына, жүрегіне, сана-сезіміне де сіңірсек қана олар Отанының нағыз патриоты болып өседі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет елге, жерге, Отанға деген құрметті білдіреді. Сол себепті Көк Туымыз көгімізде желбірегенде, Әнұран орындалғанда тік тұрып, оң қолымызды жүрекке ұстап тыңдауды насихаттау саясаттың басым бағыты болуы қажет. Биыл мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына 20 жыл толады. Оны лайықты атап өтуге қатысты іс-шаралар жоспары да бекітілген. Бүгінгі қаралып жатқан заң жобасы мемлекеттік рәміздердің стандарттарын сақтауға, дұрыс пайдалануға тәрбиелейді. Бұл мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына 20 жыл толуына Парламент депутаттарының қосқан үлесі деп білемін.
Автор: Салтан СӘКЕН, Астана
«Алаш айнасы» газеті