Мәскеу: «Орталық Азияны тәлібтерден қорғаймыз», - дейді
Өткенде (8 шілдеде) тәлібтер Ресейге барып, министр Лавровпен жолыққаны белгілі. 2003 жылы Ресей Жоғары сотының шешімімен лаңкестік ұйым деп табылған «Талибан» қозғалысы Мәскеудің қақ ортасында келіссөздер өткізді. Ресей тарапынан тыйым салынған ұйымға Кремль үлкен зал, жайлы қонақ үй беріп, пресс-конференция өткізуіне рұқсат етті.
«Талибан» лидерлері Ресейге алғаш рет аяқ тіреп отырған жоқ. Осыған дейін 2019 жылдың мамырында дәл осындай жолығулар болған. Арада бір жыл өткенде «Талибан» қозғалысының атынан делегацияны Мавляви Шахабуддин Делавари бастап барды.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров:
«Біз тәлібтермен байланысымызды жоққа шығармаймыз. Біз келіссөз арқылы оларды ауған билігімен үстел басына отырып, мәселені бейбіт реттеуге ықпалдасқымыз келеді», -деп ақталғандай болса да, Мәскеудің тәлібтермен ұзақ уақыт бойы байланыс ұстап келе жатқанын, тіпті оларға ықпал ету тетігі барын анық аңғартты. Бұл туралы өткен жолы егжей-тегжейлі жаздық.
Бүгінгі сөз – жаңағы Сергей Лавров қарамағында қызмет істейтін, «тәлібтермен» жүргізілген келіссөзге қатысқан ресейлік шенеунік Замир Кабуловтың «РИА Новости-ге» берген сұхбаты туралы болмақ...
Замир Кабулов
Ресей президенті Владимир Путиннің Ауғанстан мәселесі жөніндегі арнайы өкілі, РФ Сыртқы істер министрлігінің Азия мәселелері бойынша департаментінің директоры. Ауғанстанда елші болған.
Міне, сол Замир Кабулов тәлібтермен жүргізілген келіссөздер жайын баяндап, сұхбат беріпті. Сұхбат барысында тәлібтер Ресей мен оның көршілеріне шабуыл жасамауға уәде бергенін айтыпты. Бүйдейді:
«Олар Мәскеуге «Талибан» қозғалысының жоғарғы басшылығы атынан Ауғанстан территориясы үшінші бір мемлекеттердің мүддесіне қайшы қолданылмайтынына кепілдік беру үшін келді. Орталық Азияның қауіпсіздігі Ресей үшін қаншалықты маңызды екенін түсінгендіктен де, олар осы мәселеге баса назар аударды.
Біздің Орталық Азиядағы әріптестеріміз дабыл қағып жатыр. Алайда, тәлібтер Тәжікстан территориясына басып кірмегенін ескергеніміз жөн. Тәжікстанға қашып барғандар – Ауғанстан Үкіметінің әскерлері. Олар қашып бара жатып, тәлібтер басып алған территорияларға оқ жаудырған. Бірақ тәлібтер майдан даласындағы барлық командирлерге тәжік территориясын атқыламауға қатаң тапсырма берген.
Бұл жерде мән бере кететін жайт – министр Лавров Ауғанстанның солтүстігіндегі хаосты ДАЙШ содырларының өз мақсаттарына пайдалану қаупі жайлы сөз етті. Бұл біз үшін өте маңызды. Тәлібтер мен ДАЙШ содырлары бір-бірімен бітіспес жау. Тіпті, тәлібтер ДАЙШ содырларын тұтқынға да алмайды, бірден көзін жояды. Біздің есебімізше, солтүстікте 3-4 мыңдай ДАЙШ содырлары қалған.
Осы жерде солтүстікті Ауғанстанның Үкіметі бақылап тұрған уақытта олар ДАЙШ-пен соғыспағанына назар аударған жөн. Сондықтан, солтүстікте тәлібтердің жеңіске жетуі – ДАЙШ үшін қауіпті екені анық», - дейді. «Біз тәлібтердің бұл уәделеріне қаншалықты сенгеніміз жөн?», - деген сұраққа:
«Біз тек өзімізге ғана сенеміз. Жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Тәлібтер біздің одақтастарымыз, көршілерімізге қандай да бір соққы жасауға әрекеттенсе, олар оның жазасы тым ауыр болатынын біледі. Орталық Азияын біз қорғаймыз», - дейді.
Тақырыпқа тұздық:
«Талибан» Ауғанстанда соңғы аптада айтарлықтай үлкен нәтижеге қол жеткізді. Орталық Азиямен шекаралас үш елдің шекарасын толық өзіне қаратты. Олар түркімен-ауған, тәжік-ауған, өзбек-ауған шекаралары. Сонымен бірге Қытаймен шекараласатын жалғыз аймақ Вахан да тәлібтердің қол астына өтті. Иранмен шекаралас Герат ауданының жартысын тәлібтер басып алып, өз туларын іліп қойды. Осылайша олар алдымен шекаралас аймақтарды өзіне қаратып, ауған билігін құрлық арқылы көмек алу мүмкіндігінен айырып жатыр. Елдің ішкі аймағында Құндыз бен Қандағар қалаларына шабуыл бастады. Қандағар Ауғанстанның екінші ірі қаласы. Қалада миллионға жуық халық тұрады. Тәлібтер үлін бұл қала символикалық маңызға ие, себебі 2001 жылға дейін аталмыш қалада Талибанның ресми штаб пәтер орналасқан еді.
Талибанның қозғалысына қарап, Мәскеу барынша әрекет етіп жатыр. «Тәліб басып алады» деу арқылы, Орталық Азияда әскери күшін арттыруға тырысуда. Талибанның әрекеті, Мәскеудің Орталық Азияда күшеюіне себепкер болуда. Осыған қарап, Мәскеу мен Талибан арасындағы байланыс тек қана келіссөз деңгейінде дегенге күмән келтіруге болатындай.
Abai.kz