Әкім сайлауы: Қазақстанда кандидаттарды тіркеу аяқталды
Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің 730 әкімін сайлауға түсетін үміткерлерді тіркеу аяқталды.
Кандидаттарды ұсыну 9 шілде сағат 18:00-ге дейін жалғасса, оларды тіркеу 14 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталды және бірден үгіт-насихат жұмыстары басталды. Заңға енгізілген өзгертулер мен түзетулер бойынша, үгіт-насихат 24 шілде сағат 00.00-ге дейін жалғасады.
Науқан басталғалы бері республика бойынша екі мыңнан астам үміткер тіркелген. Сайлау жарияланған округтер санының көптігіне байланысты кандидаттардың ең көбі Ақмола, Қарағанды, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында ұсынылды. Кандидаттардың ең азы Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында.
Айта кетейік, 25 шілдеде еліміздің бірқатар өңірінде әкімдердің сайлауы басталады. Сайлау науқанының жалпы мерзімі – 30 күн. Ал іс басындағы әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда сайлау 40 күн бұрын жарияланады және жұмыс істеп тұрған әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтуі тиіс.
2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Жолдауында тапсырма берілген болатын.
Ресми статистика бойынша, Қазақстан халқының 40%-дан астамы ауылдық елді мекеннің тұрғыны ретінде тіркелген. Яғни ауылдық аумақтарды басқарудың тиімді тетігін қалыптастыру ісіне Қазақстан азаматтарының 40%-дан астамы атсалыспақ.
Abai.kz