Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Саңлақ 8839 1 пікір 23 Шілде, 2021 сағат 13:09

Олимпияда тұтанған Ұлы алау

OLYMPIA, 23 Jul 2010 -- Greek dancer Ino Menegaki, who plays the High Priestess lights up the flame for the Singapore 2010 Youth Olympic Games during the flame lighting ceremony in Ancient Olympia, Greece, July 23, 2010. The flame was lighted up Friday in Olympia. The torch will travel to Berlin, Dakar, Mexico city, Auckland, Seoul and arrive in Singapore prior to the first Youth Olympic Games in Singapore from August 14 to 26.

23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияның астанасы Токиода ХХХІІ Жазғы Олимпиялық ойындар өтеді. Онда Қазақстан олимпияшылары спорттың 27 түрінен сынға түседі.

Сөз төркініне үңілсек...

Байқасаңыз, осы екі сөйлемнің өзінде біз «Олимпиялық», «олимпияшылар» деген сөздерді екі рет қолданып үлгердік. Неге бұлай қолдандық? Неге «Олимпиадалық», «олимпиадашылар» емес? Өйткені бұл – сөз түбірін, термин тегін ұғып алмай айтылып-жазылып кеткен баяғы ескі қателік. Қазақ бұқаралық ақпарат құралдары әлі күнге солай айтып-жазады, былайғы жұрттың аузы да соған әбден үйреніп алған. Оны енді жаппай түзеу мүмкін емес шығар, бірақ өз басым неге үнемі «Олимпиялық» деп айтып-жазатынымды түсіндіре кеткенім, сосын жалпы Олимпиаданың шығу тегін тарқата отырғаным жөн-ау деп шештім.

(Зевс храмының қирандылары)

«Олимпиада» атауының түбірі – Олимп. Ол – көне грек мифологиясындағы Зевс бастаған құдайлар мекен ететін қасиетті тау (қазір де Грекиядағы ең биік тау сілемі саналады). Грек құдайларын кейде «олимптіктер» (орысша «олимпцы»), «олимпиялықтар» («олимпийцы») деп те атай беретіні сондықтан. Осы «Олимп» түбірінен «Олимпия» атауы келіп шығады. Олимпия – ежелгі Грекияның ірі ғибадатханаларының бірі (Пелопоннес аралында орналасқан). Денені шынықтыру, күштіліктен, ептіліктен, жылдамдықтан, тәсілқойлықтан, мергендіктен машық жарыстыру мақсатындағы алғашқы ірі ойындар алғаш осы жерде өткізілген. Ол сайыстарды сол себепті де «Олимпиялық ойындар» («Олимпийские игры») деп атап кеткен.

Ал Олимпиада – осы Олимпиялық ойындардың кейін қалыптасқан қысқаша жиынтық атауы. Студенттер ғана қатысатын университет ойындарын – Универсиада, құрлық спортшылары ғана күш сынасатын Азия ойындарын – Азиада, КСРО және өзге де бұрынғы социалистік елдерде өткізілген, жұмысшы-еңбекші тап өкілдері қатысатын бұқаралық спорт жарыстарын – Спартакиада (баяғы римдік құлдар көтерілісінің көсемі Спартактың есімімен аталған) дейтіні секілді ғой...

Түйін: «Олимпиада» деуге болады, бірақ «Олимпиадалық ойындар» деу – қате («Олимпиадические игры» дегенді естуіңіз бар ма?). Өйткені, «Олимпиада» деген сөздің өзі – «Олимпиялық ойындар» («Олимпийские игры») дегенді білдіреді. «Олимпиадалық ойындар» десек, «Олимпиялық ойындардың ойындары» секілді жаңылтпаш болып шығады.

«Мәжусилердің тірлігі»

(Антика дәуіріндегі жарыс көрінісі бейнеленген құмыра)

Шынын айтқанда, антикалық дәуірдегі Олимпиялық ойындар туралы нақты дерек жоққа тән. Әйтеуір әрі діни, әрі спорт мерекесі болғаны аңыз-әфсаналар арқылы ғана белгілі. Алғашқы жазбаша дерек біздің заманымызға дейінгі 776 жылға тиесілі, бірақ ойындардың одан да бұрын өткізілгені анық. Діни-спорт мерекесі кезінде жауласушылар соғысын тоқтатып, ойындар біткенше бейбіт бітімге келіп отырған.

Грек жерін римдіктер жаулап алғаннан кейін ойындар ұзақ уақытқа үзіліп қалды. Христиан діні бұл өңірге кеңінен қанат жайған соң, шіркеу Олимпиялық ойындарды «мәжусилердің тірлігі» деп санады. Ақыры б.з.д. 394 жылы император І Феодосийдің бұйрығымен аталмыш спорт мерекесін өткізуге тыйым салынды.

(Ежелгі замандағы күрес)

Дегенмен, игі дәстүр халық жадынан мәңгі өшіп кетпеген екен, кейінгі орта ғасырларда Еуропаның бірнеше елінде түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Әйтсе де, олардың бәрі әншейін аймақтық деңгейде қалып жатты. 1766 жылы Олимпияда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі ғибадатхана қалдықтары, спорт жарыстары өткен стадион іспетті құрылыс орындарының сұлбалары табылды. 1875 жылы неміс археологтары жаңа зерттеу жүргізіп, алдыңғы болжамдардың дұрыстығына көз жеткізді. Бұл уақытта Еуропада жалпы антикалық дәуірге деген сағыныш күшейіп, ол заманды романтикалық-идеалистік тұрғыдан сипаттау сәнге айнала бастаған-ды. Олимпия мәдениеті мен дүниетанымын қайта түлетуге деген ынтызарлық күллі Еуропаны кезіп кетті. Бүгінгі Олимпиялық ойындардың шын мәніндегі ізашары – 1859-1888 жылдар аралығында грек жерінде тұрақты өткізілген «Олимпиялар» болатын. Ол ойындарды өткізу идеясын ұсынған – ақын Панайотис Суцос болса, жүзеге асырған – қоғам қайраткері Евангелис Заппас еді.

Париждегі тарихи шешім

(Кубертен)

Француз бароны Пьер де Кубертен: «Германия көне Олимпияның қалдығын тінткілей қазып, тарихты аршып берді. Неге енді Франция бағзы ұлық дүниені қайтадан қалпына келтіре алмайды?» – деді. Сөйтті де, іске кірісті. 1894 жылдың маусымында Сорбоннада (Париждегі университет) өткен конгресте ол өзінің ежелгі Олимпиялық ойындарды қайта жандандыру туралы ой-тұжырымдарын халықаралық мінберден мәлімдеп жіберді. Конгрестің соңғы күні (23 маусым) тарихи шешім қабылданды: Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) құрылды, ал тұңғыш заманауи Олимпиялық ойындар 1896 жылы Афинада – осы ғажайып мерекені ойлап тапқан ежелгі грек елінің астанасында өткізілетін болды.

(Афина - 1896)

14 елден 241 спортшы қатысқан алғашқы Олимпиада салыстырмалы түрде алғанда сәтті өтті. Бұған қуанған грек елінің басшылары ойындарды тек қана Афинада өткізу туралы ұсыныс түсірді. Алайда ХОК бұған келіскен жоқ, сөйтіп, Олимпиада әр төрт жыл сайын әр елде ұйымдастырылатын болып шешілді.

1924 жылдан бастап Қысқы Олимпиялық ойындар өткізіле бастады. Олардың рет-кезегі де, жөн-жобасы да бұдан бөлектеу. Бұрын екі Олимпиада бір жылда өткізіле беретін (бірі – қыста, екіншісі – жазда). ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап екеуінің арасы – екі жыл.

(Олимпиада туы)

ХОК қабылдаған олимпиялық хартия талабына сай Жазғы Олимпиада ары кеткенде 16 күннің ішінде, Қысқы Олимпиада 10-11 күнде өткізіліп бітуге тиіс.

(Олимпиада символы)

Олимпиаданың туы – олимпиялық дөңгелектер бейнеленген ақ жалау. Олимпиада символы – өзара бекітілген бес дөңгелек – Олимпия қозғалысындағы бес құрлықты білдіреді. Үстіңгі үш дөңгелектің көгі – Еуропаны, қарасы – Африканы, қызылы – Американы, астыңғы қос дөңгелектің сарысы – Азияны, жасылы – Австралияны меңзейді.

Сәкен Сыбанбай

ОЛИМПИАДАНЫҢ БАСТЫ ДӘСТҮРЛЕРІ:

1. Ашылу салтанатында Олимп оты жағылады. Бұл от Олимпиядағы күн сәулесінен тұтандырылып, спортшылардың кезектескен алау эстафетасы арқылы Ойындар өтетін қала жеткізіледі.

2. Олимпиаданы ұйымдастырып жатқан елдің ең көрнекті спортшысы Ойындардың барша қатысушыларының атынан олимпиялық ант береді.

3. Ойындарға қазылық ететін төрешілердің өкілі де жарыста қара қалды қақ жарар әділдік танытуға ант береді.

4. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медаль беріледі.

5. Жеңімпаздар құрметіне сол елдің мемлекеттік туы көкке көтеріліп, ұлттық әнұран шырқалады.

Abai.kz

1 пікір